Исатай ауданы

Исатай ауданыАтырау облысының солтүстік-батысындағы әкімшілік бөлініс.

Қазақстан ауданы
Исатай ауданы
Елтаңбасы
Елтаңбасы
Әкімшілігі
Облысы

Атырау облысы

Аудан орталығы

Аққыстау

Ауылдық округтер саны

7

Ауыл саны

16

Әкімі

Нұрым Бекежанұлы Мусин

Аудан әкімдігінің мекенжайы

Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, №11

Тарихы мен географиясы
Құрылған уақыты

1928-1930, 1939-1957, 1977-1988, 1990

Жер аумағы

14,7 мың км² (4-ші орын)

Уақыт белдеуі

UTC+5:00

Тұрғындары
Тұрғыны

26 545[1] адам (2023)(7-ші орын)

Тығыздығы

1,8 адам/км²

Ұлттық құрамы

қазақтар 99,72 %
орыстар 0,07 %
басқалары 0,21 %[2]

Сандық идентификаторлары
Телефон коды

+7 71231

Пошта индексі

0603XX

Автомобиль коды

06

Исатай ауданының әкімдігі

Қазақстан картасындағы Исатай ауданы

Облыс картасындағы Исатай ауданы

Жалпы сипаттама

өңдеу
 
Исатай ауданының стелласы

Аудан 1928 жылы құрылды. 1990 жылы облыстың Құрманғазы және Махамбет аудандары жерлерін қосу негізінде қайта құрылды. Жер аумағы 14,7 мың км². Тұрғыны 26,4 мың адам, орташа тығыздығы 1 км²-ге 1,6 адамнан келеді (2008). Аудан орталығы – Аққыстау ауылы. Солтүстігінде Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданымен, батысында Атырау облысының Құрманғазы, солтүстік-шығысында Индер, шығысында Махамбет аудандарымен, оңтүстігінде Каспий теңізімен шектеседі. Исатай ауданының жері түгелімен Каспий маңы ойпатының орталық бөлігінде, шөлдік белдемде орналасқан. Батысының басым бөлігін төбешікті Нарын, Бозанай және Ментеке кұмдары, шығыс бөлігін Жайық алабы және Каспий жазығы алып жатыр. Жер аумағы солтүстіктен оңтүстікке қарай 165 шақырым, ал батыстан шығысқа қарай 130 шақырым.

Исатай ауданының эмблемасы

өңдеу
 

Аудандық мәслихаттың 2004 жылғы 9-шілдедегі VIII-сессиясында бекітілді. Суретшісі Махамбет Оспан. Эмблема үлгісінде ауданның сан-салалы даму бағыттары, мұнай өндірісі, мал, балық шаруашылығы, Нарын құмы, теңіз бейнесі біртұтас көрініспен бейнеленген. Жер шары тәрізді дөңгелекте елдің тыныштығы, бейбіт күннің шапағы белгіленіп шаңырақтың бейнесі келтірілген. Шеңбердің жиегі еліміздің көк байрағы түстес - көгілдір түске боялған.

Тарихы

өңдеу

Аудан ең алғаш 20-жылдары құрылғанымен, өз тарихында көрші аудандарға қосылу мен қайта бөліну ауыртпалығын бірнеше рет көруіне тура келді. 1928 ж. бұрынғы Орал облысы Гурьев округі Сарытөбе болысының аумағында орталығы Новобогат аулы болып Новобогат ауданы шаңырақ көтерді. Аудан екі жылдан кейін таратылып, іріленген Гурьев ауданына қарады. 1939 ж. құрамына 33 ұжымшар, бірнеше ауылдық кеңестерді біріктіріп аудан қайта құрылды. 1957 ж. қайта таратылды. 1977 ж. орталығы Аққыстау жұмысшы кенті болып 3- рет құрылған Новобогат ауданының қадамы көп әріге бармай, 11 жылдан соң тағы таратылуы жөнінде жоғарыдан шешім алынды, 1990 ж. аудан қайта қалпына келтіріліп, ауданға Исатай атын беру жөніндегі жергілікті халықтың талап-тілегі ескерілді.[3]

 

1900 жылдардың басында аудан аумағында Бегайдар ауылында ауыл балаларын орысша оқыту, сауаттандыру ісі басталып, кейін мектеп салынды. Бұл ауданның білім берудің алғашқы қадамы еді. Бұл білім ұясын бітірген жергілікті қазақ жастары кеңес өкіметі орнағаннан кейін елді ұжымдастыру, ауылшаруашылығын құрысу жұмыстарының ұйымдастырушылары мен басшылары бола білді.

 
Аудандық партия комитетінің 1957 жылға дейін пайдаланған кеңсесі

1913 жылы Манаштағы балық кәсіпшілігінде Ганюшкинодағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесінің бөлімшесі ашылып, қазақ балаларын да қабылдады. Забурында «Үлгі» мектебі салынды.

Ауданда теңіз жағалауынан балық аулануы жергілікті қазақтардың балық өндірісіне жалданып жұмыс істеп, күнелтіс жасауына әсер етумен қатар, өңірде оқу-білімге, мәдениетке жол ашты. Балық батағаларына Астраханнан кемелердің келуі сауда-саттыққа да ықпалы тиді. 20-шы ғасырдың басында осында Ащықұлақ деп аталатын жерден мұнай көзінің табылуы ауданның ертеңгі болашаққа бастаған қадамдары болды. 1930-жылдары ауданда ұжымдастару жылдары басталды. Жер өңдеушілер серіктестігі, артельдер, ұжымшарлар құрылып, ұжымдық шаруашылықтарға бірікті. 1939 жылы ауданда 26 ауыл-шаруашылық ұжымшарлары, 4 балық артельдері болды. Соғыс жылдарында аудан орталығы Новобогат селосында «Ағайында Нобельдер» серіктестігі тапқан мұнай кен орнынан май алынып, бензин, керосин айыру зауыты ашылды. Бұл өндіріс орындары соғыстан кейін ауданның мүддесіне қызмет етті. 1953 жылдан бастап жабық жөндеу шеберханасы, үлкен алаң, ондаған екі пәтерлік тұрғын үйлер салынып, онда білікті мамандар еңбек етті.[4]

Географиясы

өңдеу

Аймақ жері - жазық, Каспий жағалауына орналасқан, шөлейтті, жазық, топырақтың қабаты тұзды, сортаң, құрғақ. Оның қиыр солтүстік-шығыс жағымен Жайық өзені ағып өтеді. Исатай ауданының жері құмдақ және сортаң сұр топырақты болып келеді.

Аудан аумағының Еуразия құрлығына ішкерлей еніп жатуы ауа райының тым континенталдығын калыптастырды: қысы салқын, жазы ұзак та ыстық болып келеді. Өсімдіктердің өсіп-өнетін кезеңінде жауын-шашын аз түседі 70-115 мм, ал бүкіл жыл бойында 150-205 мм. Мұның өзі бұл аймақтың ылғалға аса тапшы келетінін көрсетеді. Сондықтан да гидротермикалық коэффициент 0,2—0,3-тен аспайды. Топырақта ылғалдың жетіспеуі, ауаның кұрғақтығы, аумақтың бір бөлігін сортанды-тұзды аймақ алып жатқандықтан, өсімдік жамылғысының қалың өсуіне мүмкіндік бермейді.

Климаты мен экологиялық жағдайы

өңдеу

Аудан табиғаты мен климаты жер бедеріне, оның рельефіне байланысты. Ауданның жер бедері жазықтық болғанымен, геоморфологиялық тұрғыдан жер бетінің биіктігі барлық аудандарда теңізге қарай көлбеулене ылдилай түседі. Сондықтан да теңіз үстінен бөлінген ылғалдылық жел сол бағыттан соққанда ғана әсерлі байқалады.

Атмосфералық жауын-шашын мөлшерінің мардымсыздығы салдарынан жыл бойына аңызақ желімен, шаңға толы дауылымен, ылғалдың ауаға бостан-бос тарайтын пайдасыз булануымен, кейде тіпті қысқы қардың өз мөлшерінен аз түсуімен жайсыз ауа райы қалыптасып келеді. Ауа райының ең ыстық айы шілдеде Аққыстаудағы ыстық мөлшері 40-43°С көрсетеді.

Исатай ауданы экология қаупі төнген аумаққа ресми тіркелмеген. Облыс бойынша арнайы экологиялық бағдарламалардың жасақталуы, Үкімет тарапынан экологиялық таза дүниені қалыптастыру үшін қомақты қаржылардың бөлінуі алғашқы нәтижелерін көрсетуде. 1970 жылдардан бастап Каспий теңізін бойлай бірнеше кен орындарының жиі ашылуы, жерасты газдарының ауаға еркін жіберілуі, мұнайлы ортадағы май қалдықтарының орынсыз төгіліп-шашылуы аудан көлеміндегі экологиялық ахуалды күрт ушықтырып жіберген болатын. Бұл келеңсіздіктерге орай жергілікті тұрғындар Үкімет алдына дейін ұсыныстар түсірген еді. Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің және «Міндетті экологиялық сақтандыру» заңдылықтары жарық көргеннен кейін, «Жайықмұнайгаз» мұнай өндіру басқармасының негізгі бағыттарының бірі - мұнай өндірумен қатар, өндіріс нысандарында экологиялық ахуалды сауықтыруға бағыт алды. 2017 жылы басқарма бойынша қоршаған ортаны қорғау шараларына 100 млн теңге қаржы қаралса, 2018 жылдың жоспары бойынша қоршаған ортаны қорғау шараларына 200 млн теңге бөлінді. Соңғы жылдарда зияны мол жерасты алау газын арнайы зауыттар салу арқылы жергілікті шикізат ретінде тұтыну рыногына пайдалану экологиялық жүйедегі үлкен қадам саналып отыр.[5]

Әкімшілік бөлінісі

өңдеу
 

Аудандағы 16 елді мекен 7 ауылдық округке біріктірілген:

Әкімшілік бірлік Орталығы Елді мекендері Халқы (2021)
Аққыстау ауылдық округі Аққыстау ауылы 3 10267
Жанбай ауылдық округі Жанбай ауылы 1 3231
Зинеден ауылдық округі Зинеден ауылы 2 1278
Исатай ауылдық округі Исатай ауылы 1 1466
Қамысқала ауылдық округі Хамит Ерғалиев ауылы 3 3897
Нарын ауылдық округі Нарын ауылы 3 1145
Тұщықұдық ауылдық округі Тұщықұдық ауылы 3 5156

Ірі елді мекендері

өңдеу
Атауы Статусы Халқы (2021)
Аққыстау ауыл 8880
Тұщықұдық (Чапаево) ауыл 4683
Х. Ерғалиев (Новобогат) ауыл 3719
Жанбай ауыл 3231
Исатай ауыл 1466
Зинеден (Забурын) ауыл 1242
Өркен (Гран) ауыл 1050
Нарын ауыл 812

Халқы

өңдеу
1979 1999 2009 2023
21482 21711 24643 26545

2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша 26440 адамды (13550 ер адам және 12890 әйел адам) құрады.[6]

Исатай ауданының әкімдері

өңдеу

Негізгі кен байлықтары

өңдеу
 
Забұрын мұнай кен орны

Негізгі кен байлығы мұнай мен газ. Ауданда негізінен мұнай өндірумен айналысатын «Жайықмұнайгаз» басқармасы бүкіл Ембі мұнай бірлестігі бойынша өндірілетін «қара алтынның» төрттен үшін береді. Олардың кен орындары ауданның оңтүстік-шығыс жағында, Каспий теңізінің жағалауына таяу орналасқан. Барланғандары: Забурунье, Сазанкұрақ, Октябрь, Мартыши, Ровное, Камышитовое, Батыс және Оңтүстік-шығыс Новобогат кен орындары. Жер беті сулары ауданның тек оңтүстік-шығыс жағында кездеседі.

Ауданның оңтүстік жағымен АтырауАстрахан т. ж. мен автомобиль жолы, Қиғаш – Атырау өзен су құбыры өтеді.

Өсімдіктері мен жануарлар дүниесі

өңдеу

Өсімдіктер алабының құрамы қатқыл жерлерде бір бөлек, Нарын құмында одан өзгеше шөптермен ерекшеленеді. Теңіз жағалауы қара жусанды, құм жиегі боз жусанды, бұйырғын мен сораң сияқты ащылыққа бейім өсімдіктермен ерекшеленеді. Көктем кездерінде мортық, ақшиін, шытыр, ебелек, бидайық өседі. Құм жазықтығында ақ жусан, алабота, ебелек, майқаңбақ, қарақаңбақ, қияқ, шырмауық, сүттіген, желкен, шағыр, түйежапырақ, құланқұйрық, ақ селеу, қияқ, құртқашаш, жуа, қой жуа, сіңбірік, сәлбен сияқты өсімдіктер өседі. Теңіз жағалауларында қара жусан, сарғалдақ, шытыр, изен, қарабарақ, қамыс, жантақ, өсімдіктері кездеседі. Аудан аймағында жылдың қай кезеңінде де талғамайтын жыңғыл, жүзгін, ақтікен, адыраспан, итсигек, сексеуіл, балықкөз, сораңшөп сияқты өсімдіктер көптеп кездеседі.

Жануарлар дүниесінде бауырымен жорғалаушылар және кеміргіштер үлесі басым. Шөлейт климатқа шыдамды қоян, қосаяқ, қасқыр, құмтышқан, сарышұнақ т.б. сүтқоректілер, жылан, кесіртке, батпан сияқты бауырымен жорғалаушылар, бақа, құрбақа тәрізді қосмекенділер көптеп кездеседі. Құстардан қара қарға, торғайлар, көгершін, жапалақ, қарақұс, қарлығаштар жергілікті мекен етушілер болып табылады. Қазба каналдары мен өзекшелерде торман, алабұға, шортан, қызылқанат, қаракөз балықтары кездеседі.[7]

Өзендері мен көлдері

өңдеу

Аудан шөлейт аймаққа орналасқандықтан су көздері өте тапшы, су мөлшері мардымсыз. Негізгі су көзі – Жайық және Еділ өзендерінен бастау алатын суару және суландыру жүйелері. Нарын және Бақсай каналдары арқылы елді мекендер мен шабындықты жерлерге су жеткізіледі. “Кобяково-Забурын” каналымен ауданның оңтүстік-батыс шекарасына Еділ өзенінің суы келеді. Көкарна — Каспий теңізінен су шығатын канал, ол арқылы теңіздің суы “Атырау-Астрахань” автомобиль жолын кесіп өтіп, құмайт дала қойнауына жетеді. Жайықтың жоғары сағасында сәуір айының ортасынан басталатын көктемгі су тасқыны кезінде су арналары толғанмен жаздың аптап ыстығы кезінде тайыздап, тіпті шет жерлердегі тарамдары кеуіп қалады. Аудан аумағының жер бедері мен топырақ қабатының ерекшеліктеріне байланысты каналдар ирелеңкі келеді.

Ежелгі Жалтыр көлі жөне басқа табиғи айдындар бұл күнде тартылып, құрғап қалған. Өткен ғасырларда теңіз суы құйған бірнеше көл тұзды сорға айналған.[8]

Шаруашылығы

өңдеу

Айналысатын негізгі - мал шаруашылығы, малдың етін өндіру. 2009 жылы (қаңтар-қазан) өндірілген ет 4,4 мың тонна (тірі салмақта), сиыр сүті - 3,4 мың тонна, жұмыртқа - 154 мың дана өндірілді. 2009 жылдың 1 қарашасына аудандағы мүйізді ірі қара саны - 11,6 мың бас, қой мен ешкі - 50,9 мың бас, жылқы - 8,8 мың бас, түйе - 7,4 мың бас болды.[9]

Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында Исатай ауданы көлемінде көптеген игілікті істер атқарылған. Ауданда 2018 жылдың 1 маусымдағы мәліметі бойынша, 2042 шағын кәсіпкерлік субъектілері (оның ішінде заңды тұлғалар 133, дара кәсіпкерлер 1693, шаруа қожалықтары 216) тіркелген. Күні бүгін нақты жұмыс жасап тұрғаны 1446 (заңды тұлға 71, дара кәсіпкерлер 1164 және шаруа қожалықтары 211) кәсіпкерлік субъектілері болып отыр. Шағын және орта бизнес субъектілерінде жұмыс жасайтын адамдардың саны 2182 адамды құрап отыр. Тіркелген кәсіпкерлердің басым бөлігі, яғни 55%-ы сауда-саттық саласында, 21%-ы жолаушы және жүк тасымалымен айналысатындар, 7%-ы ауыл-шаруашылығы, ал қалған 17%-ы қызмет көрсету түрлерінің үлесіне тиіп отыр. 2018 жылдың 1 қаңтарына алынған есеп бойынша, 4 қонақ үй, 16 мейрамхана, 27 шайхана, кафе-бар, 102 азық-түлік дүкені, 6 наубайхана, 2 жылыжай, 7 сауда орталығы, 10 кеңсе, құрылыс және шаруашылық дүкені, 16 шаштараз, тұрмыстық қызмет көрсету орталығы, 12 техникалық қызмет көрсету орны, 4 жанар-жағармай стансасы, 1 тіс салу емхана, 1 жекеменшік дәріхана қызмет көрсетеді.

Кәсіпорындары

өңдеу

«Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы — 1973 жылы құрылды. Басқармада 17 кен алаңы игерілуде. Мұнай мен газды өндіру және өңдеумен айналысады.[10]

«Сазанқұрақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі — Исатай ауданында мұнай өндіруші тұңғыш шетелдік компания.[11] Жылына 70 мың тонна мұнай мен 750 мың текше метрден астам газ өндіреді.

Прикаспиан Петролеум компани жауапкершілігі шектеулі серіктестігі — көмірсутек шикізатын барлаумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Мұнай көздерін іздестіру жұмыстарын жүргізеді.

«Светланд-Ойл» ЖШС — 1991 жылдың маусым айында жеке кәсіпорын ретінде құрылған. Негізгі қызметі Исатай ауданындағы Октябрьское мұнай кен орнын игеру. Кәсіпорын бұрғылаған ұңғымалардан алғашқы мұнай 1993 жылдың мамыр айында алынды.

«НБК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі — Көмірсутек шикізатын барлаумен және өндірумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 2002 жылы қайта тіркелген. Исатай аумағында орналасқан Батыс Новобогат мұнай кен орнында геологиялық жұмыстарын жүргізіп, мұнай өндіреді.

«Жамбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі — 1999 жылдың 7 сәуірінде Каспий теңізі қазақстандық секторы қайраңының Оңтүстік Жамбай - Оңтүстік Забурунье бөлікшесінен 100%-дық үлеспен көмірсутектерді барлау, игеру және өндіру мақсатында құрылған.

«Потенциал Ойл» ЖШС — көмірсутек шикізатын барлаумен, өндірумен және бөлісімдеумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Құрылтайшылары - "Bekstar International Limited" және "Firsk International Oil Corporation" компаниялары. Серіктестіктің негізгі қызметі Атырау облысы Исатай ауданының аумағында орналасқан Бегайдар бөлікшесінің көмірсутектерін барлау, өндіру, сақтау, тасымалдау және өткізу.

Құрылыс, транспорт саласы

өңдеу

Құрылыс саласы. Ауданның құрылыс саласының негізгі өркендеу кезеңдері 1977 жылдардан бастау алады. Ауданда құрылған СУ-1 құрылыс мекемесі, ДСУ-89 - жол құрылысы мекемесі, ПМК-909 мекемелері мұнай кеніштері мен аудан орталығының, ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік-тұрмыстық ғимараттарды салуда айтарлықтай із қалдырды. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін аудан орталығы мен ауылардан қазіргі заман талабына сай ғимараттар бой түзеп, ауылдар сәулеті келбеттенген. Құрылыс жұмыстарын жүргізуші кәсіпорындар арасында жергілікті «Болат-Д» ЖШС, «Арайстройсервис» ЖШС, кәсіпорындары бар.

Транспорт саласы. Аққыстау автотранспорт кәсіпорны, Гурьев автоколоннасының №2553 базасынан Новобогат селосына 1977 жылы 10 шілдеде ескі жөндеу зауытының орнына шаңырақ көтерді. Жаңа филиалға бұрынғы МТС орны беріліп, филиалдың құрамында 35 жүк машинасы, 4 автобус транспорты ғана болып, оларға 1 колонна бастығы, 1 механик, 2 диспетчер, 60 жүргізуші, 8 жөндеуші жұмыс жасады. 1980 жылдың 1 қаңтарынан филиал Аққыстау автотранспорт кәсіпорны болып ұйымдастырылып, аудан орталығына көшірілді. Аққыстау автотранспорт кәсіпорны алғаш ұйымдасқанында 72 адам еңбек етсе, кейін құрам саны 217 адамға дейін өсті. Мекемеішілік автобустар паркі аудан орталығынан Атырау қаласына, селолық округтерге қатынайтын жолаушыларға тоқтаусыз қызмет жасады.

Теміржол саласы өркендеуі Атырау- Астрахан теміржол құрылысының басталуымен тығыз байланысты. УС-99 тресінің СМП мекемелерінің құрылыс отрядтары аудан аумағының Исатай, Аққыстау ауылдарынан станса, Бақсай, Томан, №12, №13, №14, №15, №16 разъездері құрылысын бастады. 1968 жылы қазан айында Атырау-Астрахан теміржолы уақытша іске қосылып, Волгоград мұнай айыру зауытына Атыраудан мұнай тиелген эшалондар жіберілуі аудан аумағынан өткен алғашқы тасымал жүгі болатын. 1969 жылы 1 желтоқсан айында Атырау стансасынан алғаш рет жолаушылар таситын Атырау-Астрахан пойызы сапарға шықты. Аққыстау стансасы 1969 жылы құрылып, 1971 жылы толық эксплуатацияға берілді. 1969 жылы 3 санатты станса ашылған кезде 5 кезекші, 5 пойыз құрастырушы, 4 пойыз құрастырушы көмекшісі, 4 жүк қабылдап тапсырушы, 2 жүк кассирі, 4 билет кассирі, 5 станция кезекшісінің көмекшісі, 4 вокзал кезекшісі қызмет атқарған. Халық шаруашылығына, оның ішінде кеңшарларға шөп, ағаш, пішен, көмір, басқалай ауылшаруашылық заттары, жеміс жидек барлығы вагондармен Аққыстау стансасы арқылы жеткізілді. Ауданда құрылыс объектілерінің көптеп салынуына орай және жеке сектордың сұранысы көбеюі нәтижесінде стансаның жүк тасу жоспары жылдан-жылға көбейіп, жоспар артығымен орындалуда. Станса басында жол дистанциясының жолшылары, ШЧ-8 дистанциясының байланысшылары, ВЧД-1 стансасының вагон бақылаушылары, ЭЧ-4 дистанциясының электромонтерлері өз қызметтерін атқаруда.

Байланыс, энергетика және газ жүйесі салалары

өңдеу

Аудандық пошта байланыс торабының негізі 1930-шы жылдары қаланған деп есептеледі. 1977 жылы байланыс торабы қайта құрылды. Ол кезде байланыс торабының қызмет міндетіне екі сала - телефон-телеграф байланысы және пошта қызметі кірді. Ал 1993 жылы телефон байланысы жүйесі жаңадан құрылған телекоммуникация торабына берілді.

Бүгінде пошта байланыс торабының халыққа көрсететін қызмет ауқымы кеңейген. Халық тұтынатын заттар, газет-журналдар, марка, конверт сату, пошталық хабарлама жөнелтімдерін, хат-хабар, жеделхат, посылка қабылдау мен жіберу, мерзімді баспасөзге жазу мен жеткізіп беру, коммунальдық қызмет түрлері төлемдерін және жергілікті салықтар мен алымдарды қабылдау, еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақы төлеу мен жеткізу, несие беру мен несие қайтарымын қабылдау, бағалы қағаздар нарқы қызметін көрсету және тағы да басқа қызмет түрлерін көрсетеді.

Қазіргі уақытта аудандық пошта торабы құрамында алты пошта байланыс бөлімшесі, бір пошта байланыс тірегі және бір жылжымалы пошта байланыс бөлімшесі қызмет көрсететін құрылым және екінші дәрежелі банк деңгейінде несие берумен айналысады. Пошта торабының қызметі толықтай компьютерлік жүйеге көшірілген.

Аудандық телекоммуникация торабы — 1977-82 жылдары Гурьев-Аққыстау әуелік желілік байланысы болып аталса, 1988-90 жылдары ауданның таралуына байланысты Махамбет аудандық байланыс торабына қосылды. 1983 жылы қазан айында аудандық байланыс торабының ғимараты пайдалануға берілді. 1993 жылы Исатай аудандық байланыс торабы екіге бөлініп, «Қазақтелеком» ААҚ-ның Исатай аудандық телекоммуникация торабы құрылды. 1985 жылы аудан орталығында автоматтандырылған қалааралық байланыс, 2002 жылы Аққыстау селосында сыйымдылығы 1500 номерлік сандық 812000 стансасы іске қосылып, селоішілік кабель сыйымдылығы өсірілді. 2003-2005 жылдары Новобогат, Чапаев, Жанбай, Нарын, Исатай, Забурын ауылдарында сандық М200 стансасы орнатылып, кабель сыйымдылықтары өсірілді. Аудан орталығында 2004-2005 жылдары 550 номерге телефон кеңейтілді. 2006 жылы Гран, Қызылүй елді мекендеріне телефон байланысы жеткізіліп, 2008 жылы аудан орталығынан 200 шақырымдай қашықтықтағы Үштаған, Мыңтөбе, Айбас елді мекендеріне спутниктік жүйе арқылы телефон байланысы орнатылды.

 
Исатай ауданындағы жел электр қондырғылары

Ауданның электр жүйесі бастауын 1972 жылы қуаты 10 000 кВА екі трансформаторы бар 110/35 (10 кВ Аққыстау қосалқы стансасының (подстанция) іске қосылуынан алады. 1972 жылы Аққыстау ауылынан 110/35 (10 кВ-тік Аққыстау қосалқы стансасы салынып, оған 10 кВ-тік 70 километрге жуық жоғарғы кернеулі әуе желілері жалғанып, Новобогат ауылы, одан кешікпей қараша айында Чапаев ауылы, Қызыл үй елді мекені, 1973 жылдың жазында Жанбай ауылы жоғарғы кернеулі электр желісіне қосылды. 1974 жылы желтоқсан айында Х.Ерғалиев ауылынан қуаты 2500 кВА №83-ші Новобогат қосалқы стансасының салынуы, оған Бақсай өзегінің бойынан 14-16 электр сораптары (насос) жалғанып, кеңшардың жем-шөп дайындауына мол үлесін қос��ы. Ауданда Забурын кен орнының ашылуына байланысты Зинеден ауылынан №95-ші Октябрьская қосалқы стансасы 1991 жылы іске қосылып, оған кен алаңынан басқа Зинеден ауылы мен Амангелді ауылының тұрғын үйлері және бірнеше малшы қыстақтары қосылды. Аудан территориясынан газ құбырының өтуіне байланысты осы жылы №94-ші Тайман қосалқы стансасы да, іске қосылып, аудандағы қосалқы стансалар саны 4-ке жетті. 1998 жылы шілде айында Аққыстау учаскесі «Исатай аудандық электр жүйесі» деген атпен іріленіп қайтадан құрылды.

Манаштағы қуаты 52 МВт болатын станция «Ветроэнерготехнологии» ЖШС қаражатымен 12,3 млрд теңгеге салынған. Станция желдің күшімен ғана энергия беретіндіктен, оның ай сайынғы жіберетін қуаты желге тәуелді. Мердігер компания аудандағы үнемі күшті жел болатын жерді таңдауға екі жылдай уақыт жұмсап, Исатай ауданындағы Манаш ауылына жақын жердегі учаскені лайық деп тапқан. Осы жерде жоғарыдағы  желдің орташа жылдамдығы жыл бойына секундына 8-10 метр болады. «Жел қағарлардың» қалыпты жұмыс істеуі үшін желдің жылдамдығы 4-тен 25 м/с-қа дейін болу қажет. Жел күшейген жағдайда қондырғы автоматты түрде өшіп, қолайлы ауа райын күту режиміне ауысады. Жел электр қондырғыларының жалпы биіктігі 100 метрден асады, 4 секциядан тұратын тіреу салмағы 148 тоннаны, генератор 58 тоннаны, ал «винт» қалағының салмағы 21 тоннаны құрайды. Бір қалақтың ұзындығы 32 метр, ал ротормен бірге осы алып «пропеллердің» диаметрі 65 метр.[12]

Аудандағы газ жүйесі тарихы Исатай ауданы Аққыстау селосында салынған кірпіш зауытын іске қосу мақсатында алғаш рет 1996 жылы Тұщықұдық ауылында «Ташкент-2» АГТС-і (Автоматты газ тарату стансасы) құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуінен бастау алады. Аудан жалпы табиғи газды тұрмыста пайдалануға алғаш рет 2001 жылы қол жеткізіліп, аудан орталығы тұрғындарын табиғи газбен қамту жұмыстары басталды. 2002-2004 жылдары Х.Ерғалиев, Тұщықұдық және Исатай елді мекендеріне табиғи газ пайдалануға берілді. Осыған орай «Атырауоблгаз» ААҚ-ның Аққыстаудағы бөлімшесі ашылып, жұмыс жасай бастады. 2006 жылдың қаңтар айынан «ОблТрансГаз» КМК, 2012 жылдың тамыз айынан «Атырауоблгазжелілері» АҚ, 2012 жылдың қараша айынан «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ы, Атырау өндірістік филиалдары болып өзгертілген мекемелердің аудандық Исатай газ шаруашылығы филиалы қалыпты жұмыс жасап келеді. Сонымен қатар Жанбай, Жаңа Жанбай, Нарын елді мекендерін табиғи газбен қамту мақсатында «ГАЗПРОММАШ-10» АГТС-ы 2008 жылы қолданысқа берілді. Ауданның 96% толықтай газбен қамтылған.

Дін және өркениет

өңдеу

Аудандағы діннің қалыптасуы Бөкей ордасынан бастау алады. Нарындық қазақтар арасында алғаш сауат ашып, бар мүмкіндігінше діни білім алғандардың бір бөлігінің мешіттер ашуы құм қазақтарының еңсесін тіктеді. Исатай ауданы аумағында болған Обалы мен Орпадағы Байғазы мен баласы Мақаш, Қорықтағы Дәулетияр, Бегайдардағы Ахмет, Сүйектідегі Лұқпан, Забұрындағы Меңетай, Кетешағылдағы Елеш, Тұщықұдықтағы Құрманбек, Дуабергендегі Нұртаза, Жанбайдағы (Қызылжар), Төлеміс, Забурындағы Құрманбай т.б. кұдай үйлері діни сауат ашу жолындағы істің бастамашылары бола білді. Білімдерін жетілдіріп, дінге деген сенімдері артқан діни тұлғалардың бір легі Меккеге жол салып, қажылық парыздарын өтеді. Олардың арасында үш рет барған Алдоңғар Қарақұлұлы, Нұрпейіс қажы Әлішұлы, Әйіп қажы Бекенұлы сынды азаматтар болды. Халық арасында емшілігімен танылған Ақмаңдай әже Мырзағұлқызы, Жабас, Сәт-Ата, Толыбай әулиелердің жолын Қайыр Жақияұлы, Дәрісқали Иманғалиұлы, Тәни Есалыұлы, Мүтіш Серғазыұлы, Әжен Батырбекұлы, Ғизат Аяшев, Зейнеден Құрасұлы, оның ұлдары Уалитхан мен Рыспайлар жалғастырып, халықтың жан шипасы үшін аянбай қызмет жасады.

 
"Қамысқала" мешіті

Қазақ елі тәуелсіздік алған жылдардан бастап, дінге деген көзқарас жаңарып, жастар имандылыққа бетбұрыс жасады. Аудан көлемінде Х.Ерғалиев ауылынан «Қамысқала», Аққыстау селосынан «Зинеден Ата» мешіттері салынды.

Зинеден Ата мешіті — аудан орталығындағы мұсылмандар құлшылық ететін ғимарат. Мешіт жобасы классикалық ислам үлгісінде күмбезді, қос мұнаралы болып салынған. Аудан тұрғындарының рухани орталығына айналған үйде жастарды имандылыққа тәрбиелеуде көптеген игілікті шаралар атқарылып келеді. Мешіттің негізін қалаушы Исатай ауданының Құрметті азаматы, Сәт баба ұрпағы - Рыспай Зинеденұлы. Мешіттің ашылуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысты.

Қамысқала мешіті — Х.Ерғалиев ауылында орналасқан діни ғимарат. Мешіт үйінің құрылысы Исатай ауданының Құрметті азаматы, Нұрпейіс Мақашевтың бастамасымен салынды. Құрылысты жүргізген мердігер «Ғимарат» ЖШС. 2004 жылы салынған. Жалпы аумағы 0,36 га. Мешіт ерлер залы (80,7 шаршы метр), әйелдер залы (42 шаршы метр) және имам бөлмесінен тұрады. Оның 14 метрлік 1 мұнарасы және екі бүйірінде 10 метрлік екі мұнарасы бар. Үлкен күмбезі негізгі зал үстіне салынған. Алла үйі дала түстес кірпіштен қаланған. Қасбеті Орта Азиялық мешіттер сәулетін еске салады. Ғибадатхана михрабына шаһадат калимасы, ал екі жағына «Алла» және «Мұхаммед» деп жазылған. Күмбез астына «Аятул курси» аяттары өрнектелген.[13]

Тарихи және мәдени ескерткіштер

өңдеу

Исатай ауданы - көне тарихты өлке болғанымен, аймақтың негізгі құрамы Нарын құмы тарихи тұрғыдан әлі де зерттелмей келеді. Аудан көлемінде археологиялық зерттеулерді айтпағанда, жай ізденістегі экспедициялар жұмыс жасамаған. Сондықтан да бұл аймақта тарих, сәулет және монументальды өнер ескерткіштері сирек кездеседі. Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекцияның есебінде Исатай ауданы бойынша 10 ескерткіш ғана тіркелінген (2017).

Аққыстау селолық округінің аумағында үш жерде орналасқан ескі қорымдардағы құлпытастар есепке алынған. XIX ғасыр мәдениетінің азаматтық сәулет өнерінің көне үлгісі болып табылатын бұл сағанатамдар мен құлпытастар қатты тасқа ойып өрнектер салу, араб әріптерімен жазу арқылы жасалған.

Тарихи және мәдени ескерткіштердің бір тобы 1836-38 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы И.Таймановқа арналған. Нарын ауылдық округі аумағында 1991 ж. Исатайдың 200 жылдығына арналған шаралар өткен жерде, батырдың әкесі Тайман жерленген жерге ескерткіш белгілер қойылды.

 
Таскран шекаралық белгісі

ТАСКРАН шекаралық белгісіАққыстау ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 2 шақырым қашықтықта орналасқан Таскран белгісі кезінде шекаралық белгі ретінде орнатылған. Биіктігі 10,5 м, жалпы көлемі 7,8x7,0 м. Мұнараның үштен екі бөлігі шикі кірпіштен қаланып, жоғарғы жағы қамыс пен саз балшықтан жасалған. «Атырау-Астрахан» автомобиль жолының бойында орналасқан. Орал өңірі өз алдына облыс болып, Орынбор губерниясынан бөлініп, Астрахан губерниясына берілгенде Астрахан губерниясымен екі аралық мың шақырым қашықтықты тең бөлетін шекара сызығы жыртылып белгіленген. Теңізге тірелетін жерге жеткенде тастан биік етіп осы белгіні орнатқан. Бұл белгі теңіздегі балықшыларға бағдар болған, ол үшін суға қара ала таяулар қағылған.. Қанша уақыт өтсе де сол қалпында сақтаулы.[14]

БӨКЕЙ сұлтан көне жұртыТұщықұдық ауылдық округінен 20 шақырым қашықтықта Жалтыр көлінің жиегінде орналасқан тарихи мекен. Бөкей хан 1901 жылы орыс патшасынан рұхсат алып, Еділ-Жайық арасына қоныс тепкендегі алғашқы орналасқан мекені. Осы қонысқа көшіп келген жылы қайтыс болған Бөкей шешесінің мәйіті де осы жерде. Төре тұқымының әдет-ғұрпы бойынша құпия жерленген, ескерткіш-зират тұрғызылмаған. Сұлтанның көне жұртындағы ескерткіш белгі - 2016 жылы аудандық әкімшілік бастамасымен қойылды.

ИСАТАЙДЫҢ көк татыры — атанған жер Айбас елді мекенінен батысқа қарай, 25 шақырым жерде, Құсқонбас пен Үштағанның Құрманғазы ауданымен шектесетін жерінде орналасқан. Исатай бастаған көтерілісшілер осы жерден оқ-дәрі дайындап, ұсталар найза, сүңгі, айбалта, қылыш, мылтық т.б. қару-жарақ соққан. Ені 10-15 метр, ұзыны 25-30 метр болатын тегістіктің бетін темір тотығы мен күкірт араласқан көкшіл құм басып жатыр. Жер астынан күңгірлеген, жаңғырыққан үн шығуына қарағанда, татыр астында бос кеңістік бар деген тұжырым бар.[15]

ИСАТАЙДЫҢ қол жинаған орны — Азаттық көтерілісінің басшысы Исатай Тайманұлы 1836 ж. Манаш ауылының арқа бетіндегі Дүзентөбе деген жерде 200-дей көтерілісшінің басын біріктіріп, қол жинаған. 1991 ж. Исатай Тайманұлының 200 жылдық мерейтойына орай осы жерде республикалық мереке өткізілді.

ҚҰСҚОНБАСТАҒЫ тас төбелер — тарихи мекен. Құсқонбастан батысқа қарай 80 шақырым қашықтықта Құрманғазының Керей-Ашық қыстағына жақын жерде Исатай батыр сарбаздары Геке әскерлерімен шешуші шайқасқа түскені белгілі. Тарихшылардың пайымдауынша, Нарынның шығысындағы Бекетай құмындағы Тастөбе шайқасы өтті деген жерлер осы аймақ болуы мүмкін деген жорамалдар бар. Биік қыраттың биіктігі 5-6 метр шамасында, аумағы қазақтың он екі қанатты киіз үйінің аумағындай жердегі құмдар арасынан жұдырықтай-жұдырықтай көк тастар көрініп жатыр. Бұл тастар жаудан қорғану үшін 100 шақырым қашықтықтағы Бесшоқы тауынан тасып әкелініп, қолдан тұрғызылған шығар деген болжамдар көптеп айтылады.

Аудан мәдениеті

өңдеу

Ауданның мәдениет мекемелерінің тарихы 1930-шы жылдардағы қызыл отаулардан басталады. Қызыл отаулар үгіт-насихат шараларының ұйтқысы, көркемөнерпаздықпен айналысатын, білім деңгейін көтеретін орын болды. Ұсақ ұжымшарлар ірілендіріліп, олардың экономикасы нығайған кезде ұжымшар орталықтарында клубтар ашылды. Ауданның елді мекендерінде өнерлі жандардың басын біріктіретін драма үйірмелері, оркестрлер, хор ұжымдары құрылып жұмыс істей бастады.

 
Аққыстау халық театры

Аудандық мәдениет бөлімін 1945-57 жылдар аралығында басқарған Жұмабай Қуанышев, Ғабит Ідіркенов, Боқан Ержанов, Бисен Жұмағалиевтер мәдениет мекемелерінің жұмысын жетілдіруге, көркемөнерпаздықты дамытуға көп еңбек сіңірді. Облыс бойынша алғашқы халық аспаптар оркестрі ұйымдастырылды. 1957 жылы Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалі шеңберінде өткен облыстық байқауда аудан оркестрі жүлделі орынды иеленді. Ауданда өнердің үлгісі Чапаев (қазіргі Тұщықұдық) селосы болды. Драма ұжымы 1967 жылы халық театры атағын алды. Басқа ауыл-селоларда да көркемөнерпаздық кең өріс алды. Өнер топтары, жанұялық ансамбльдер көбейді.

1990 жылы Исатай ауданы қайта құрылғаннан бері аудандық мәдениет бөліміне Мирас Қибашев, Манарбек Дәулетов, Ақылбек Рысқалиев, Света Жарылғасова жетекшілік етті.

Тәуелсіздік жылдарында ауданда айтыс өнері дамып келеді. Шынарбек Қабиев, Саадат Нұрманов республикалық ақындар айтыстарында жүлдегер атанса, олардың соңынан бір топ жас ақындар өсіп келеді.

Қазір ауданда 3 мәдениет үйі, 6 селолық клуб, 3 жылжымалы клуб, 1 халық театры, И.Тайманұлы мұражайы, 18 кітапхана қызмет көрсетеді. Соңғы бес жылда Нарын, Қызылүй, Забурын селолық клубтары ашылды. Аудандық орталық кітапхана 1911 жылы 480 дана кітаппен Аққыстау селосында ашылса, қазір кітап қоры 141184 данаға жетті. 2006 жылы кітапхана республикалық автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттык жүйе (РАБИС) бағдарламасына қосылып, электрондық каталог жасақталды.[4]

Халық ағарту ісі

өңдеу

Қазан революциясына дейін құм өңіріндегі ауылдарға М.Шектібаев, М.Ахсартов деген мұғалімдер келіп, сауаттандыру жұмыстарын жүргізген. 1939 жылы ауданда 35 бастауыш, 2 орта, 9 орталау мектеп болды. Жалпы елдегі сауатсыздықты жоюмен қатар халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге ауыл мұғалімдері белсене араласты. Ұлы Отан соғысынан бұрын Нарын құмының әрбір ауылдық кеңесінің қарауында бір мектептен болды.

1957 жылдан кеңшарлар құрылған соң құмдағы мектептер кеңшарлар орталықтарына көшіріле бастады. 1963 жылдан бастап балалар бақшалары ашылды. 1977 жылы ауданда 7 орта, 3 сегіз жылдық мектеп, 9 интернат болды. 1976-1977 оқу жылының қортындысында 5613 бала, 1977-1978 оқу жылында 5782 бала оқыды. Оған 357 мұғалім ұстаздық етті. 2008 жылы ауданда 9 орта, 1 орталау, 4 бастауыш мектеп, 1 спорт мектебі, 3 саз мектебі, 8 балабақша, 1 оқушылар үйі жұмыс жасайды.

Аудандық білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жақсарды. Типтік үлгіде алғаш 1965 жылы Амангелді атындағы (Мәсәлімов) орта мектебінің құрылысы салынса, 1986-87 жылдары Аққыстау, Чапаев, Жанбай ауылдарында типтік орта мектептер салынды. Шалғайдағы Қызылүй, Жасқайрат және Жаңа Жанбай елді мекендерінде бастауыш мектептер, Абай (2001), Новобогат (2004), Гагарин атындағы (2005), Исатай (2007) орта мектептеріне жаңадан типтік мектеп ғимараттары салынды.

Денсаулық сақтау ісі

өңдеу

Емханалардың алғаш негізі 1928 жылы Новобогат ауданы құрылған кезде жұмыс жасаған екі фельдшерлік пункт негізінде қаланған. Аудандық аурухананың негізі 1944 жылы Новобогат кентінде ашылған 10 төсектік аурухана негізінде қаланды. 1950-ші

 
Исатай аудандық орталық ауруханасы

жылдары Айбас, Мыңтөбе, Забурын ауылдық Кеңестерінде 5 төсектік, Чапаев ауылында 10 төсектік ауылдық ауруханалар болған. Новобогат учаскелік ауруханасына 1967 жылы республика бойынша алғашқылардың қатарында типтік үлгідегі аурухана салынып, күні бүгінге дейін сақталуда. Аудандық орталық аурухананың 50 төсектік типтік үлгідегі ғимараты 2004 жылы салынып пайдалануға берілді. Чапаев, Жанбай ауылдарындағы учаскелік ауруханалар 1983 жылы селолық емханаға айналдырылды.

Денсаулық сақтау саласындағы реформалар талабына сәйкес 2000 жылы аудандық денсаулық сақтау бөлімі кұрылып, 2005 жылға дейін жұмыс жасады. Ауданда 2008 жылы аудандық орталық аурухана, Новобогат учаскелік ауруханасы және аудандық туберкулез ауруханасы халыққа медициналық қызмет көрсетсе, бір аудандық және екі селолық (Чапаев, Жанбай) отбасылық емханасы жұмыс істейді.

2007 жылы Нарын, Забурын, Исатай селолық округтерінде фельдшерлік- акушерлік пункттер базасында дәрігерлік амбулатория ашылып, тұрғындарға қызмет көрсете бастады. 1984 жылы аурухана Аққыстау селосына жаңа ғимаратқа көшірілді.

Баспасөзі

өңдеу

Қазіргі Исатай аудандық «Нарын таңы» газетінің тұңғыш саны 1953 жылы ақпанның 18-і күні «Малшылар үні» деген атпен жарық көрді. Газет өткен ауыл тұрмысының, аудан ел-жұртының еңбек және күрес жолын, қуаныш-мерейін, бастан өткерген қиын-қыстау шақтарын баяндады. «Малшылар үнінің» 5 жылда шыққан №561 санынан алғашқы редакторлар Төлеген Сатқанбаев пен Мүтәліп Шәріпов, жауапты хатшы Ғалымжан Үбенов болды. Соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру жылдары мен оған ілісе аудан өңірінде атқарылған үлан-асыр өзгерістер, әсіресе ауыл-шаруашылығын өрге бастыру бағытында жасалған қадамдар газет беттерінде кеңінен көрсетіліп отырды.

 

20 жылдай үзілістен соң, 1977 жылғы қазанның бірінде «Нарын таңы» деген атпен қайта шыққан аудандық басылымның екінші өмірі сол уақытта өрлеу, кейінірек келе тоқырау аталған кезеңдегі ауданның өндірісі, транспорты мен құрылысы, ауыл-шаруашылығы салаларында қол жеткен табыстар, олардағы социалистік жарыс пен озаттар өнегесі, мәдениеттегі, білім беру мен денсаулық сақтаудағы істердің кеңінен жариялануы қамтамасыз етілді.

Газет жылнамасындағы үшінші кезең аудан Исатай атын алып, қайтадан құрылуына байланысты 1991 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Заман мен қоғамдағы өзгерістерге орай газеттің беталыс бағдары мүлдем жаңа сипатқа ие болды, тақырып мазмұны, материалдар стилі өзгерді. Көкейтесті мәселелерді қозғайтын, өзіндік көзқарастарын білдіретін жарияланымдар көбірек беріле бастады. Ұлттық қадір-қасиетімізді кұрметтеп, салт-дәстүріміз бен халықтық әдет-ғұрыптарымызды, имандылықты өмірге орнықтыру мәселесіне кең орын берілетін болды. Экономика, саясат, әділет, сот, заң, әлеуметтік тұрмыс, тазалық, нашақорлық, темекі шегу, СПИД, қоршаған орта, көші-қон, индустриялық-инновациялық жобалар, агроөнеркәсіп және мұнай өндірісі, шаруагерлер тіршілігі, ауыл өмірі, жеке кәсіпкерлік, басқа да тақырыптағы мақалалар сараптамалық тұрғыда көбірек жарияланып келеді.

Сондай-ақ қазіргі кезде басылымның мазмұны мен сапасына, көркемдік безендірілуіне көбірек мән беріліп, «Қоғам», «Өңір өмірі», «Кәсіп пен нәсіп», «Газет ішіндегі газет», «Бұқара», «Шаңырақ», «Әлеумет», «Сырғалым», «Газет және оқырман», «Спорт», «Керуен», «Алдар көсе», т.б. жаңа форматта арнаулы беттері ашылды.[5]

Аудан спорты

өңдеу

1977 жылы маусым айында Новобогат аудандық кеңесі атқару комитетінің жанындағы денешынықтыру және спорт комитеті болып кұрылды. 1990 жылы аудандық жастар ісі, туризм және спорт бөлімі, 2000 жылы туризм және спорт бөлімі, 2006 жылдан бастап аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі болды.

Аудан көлемінде ұлттық спорт түрлерін дамыту кеңінен іске асырылып келеді. Көкпар, аламан бәйге, жорға, тай, атан жарыстарын өткізу дағдыға айналдырылды. Нарын өлкесінде ат баптау дәстүрі - ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өнер. 2007 жылы ауданның көкпар командасы жасақталып, алғаш рет облыстық жарыстарға қатынасты. Спорт пен денешынықтыруға жергілікті халыққа орталық стадион, 2 мәдени спорт кешені, аулаішілік спорт алаңдары қызмет көрсетуде. Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, олардың филиалдары өз саңлақтарын әлемдік додаға дейін тәрбиелеген жеңімпаздар дайындайтын білім ордасы ретінде танылуда.

Ауданның танымал тұлғалары

өңдеу

Дереккөздер

өңдеу
  1. Қазақстан Республикасы халқының жынысы және жергілікті жердің типіне қарай саны (2023 жылғы 1 қаңтарға)
  2. Қазақстан Республикасы халқының жекелеген этностары бойынша саны (2022 жыл басына)
  3. Атырау: Энциклопедия. -Алматы: Атамұра, 2000 ISBN 5-7667-9129-1
  4. a b Исатай ауданы 2-кітап Шежіре "Арыс" баспасы 2008
  5. a b Исатай ауданы, Алматы "Сардар", 2018 ISBN 978-601-80678-6-0
  6. 2021 жылғы ұлттық халық санағының қорытындылары
  7. Атамекен Географиялық энцикопедия. Алматы 2011
  8. Исатай ауданы, «Арыс» баспасы, Алматы 2003 ISBN 9965-17-1165
  9. “Қазақстан”: Ұлттық энциклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
  10. https://emba.kz/kaz/strukturnye_podrazdeleniya/ngdu_zhaiykmunaigaz/
  11. https://atr.kz/zhanalyqtar/atyirauda-yi-t-yish-m-nay-ndirushi-shet/
  12. https://azh.kz/kz/news/view/41462
  13. https://www.muftyat.kz/ru/mosque/3167/
  14. https://atpress.kz/kz/11423-taskran-tarikhy
  15. https://articlekz.com/kk/article/32625 Жергілікті жер-су атауларының тарихы (Исатай ауданы мысалында)

Сыртқы сілтеме

өңдеу