Мазмұнға өту

Қазақстан — Кувейт қатынастары

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Қазақстан — Кувейт қатынастарыҚазақстан Республикасы мен Кувейт Мемлекеті арасындағы екіжақты қатынастар

Негізгі ақпарат

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақстан Республикасы мен Кувейт Мемлекеті арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылғы 11 қаңтарда орнатылды.

2014 жылғы желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының Кувейттегі Елшілігі қызмет атқарады.

2015 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда Кувейт Елшілігі жұмыс істейді.

2019 жылдың маусымынан бастап Д.Ембердиев Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.

2020 жылдың қазаннан бастап А.Бердібай Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.

2015 жылғы қаңтардан бастап Кувейт Мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі Тарек Абдулла Аль-Фараж қызметін атқарады.

Саяси қатынастар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1997 жылғы 31 тамыз - 1 қыркүйек аралығында Кувейт Мемлекетіне жасаған ресми сапары кезінде қаланды. Сапар барысында Қазақстан Президенті Кувейт Әмірі шейх Джабер аль-Ахмад әл-Джабер Ас-Сабах және Премьер-министр Шейх Сабах Аль-Ахмад Аль-Джабер Ас-Сабахпен (2006 ж. 29 қаңтардан бастап Кувейт Әмірі) келіссөздер өткізді. Сонымен қатар Кувейттің жетекші кәсіпкерлерімен және Кувейт Сауда-өнеркәсіп палаталары кеңесінің бірқатар мүшелерімен кездесті.

ҚР Президенті Қ-Ж.Тоқаев Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясының шеңберінде (14-16.02.2020) Кувейт Мемлекетінің Премьер-министрі шейх Сабах Халид әл-Хамад Ас-Сабахпен кездесті.

1997 жылғы 25-30 мамырда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаевтың Кувейтке ресми сапары болды. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Кувейт Әмірі Шейх Джабер Аль-Ахмад Аль-Джабер ас-Сабахпен кездесті, оған Қазақстан басшысының жеке жолдауы тапсырылды.

2008 жылғы қазанда Кувейт Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхаммед Ас-Сабах Астана қаласында өткен «Ортақ әлем: әртүрлілік арқылы ілгерілеу» халықаралық конференциясына, сондай-ақ Азиядағы ынтымақтастық диалогына қатысушы елдердің министрлерінің 7-отырысына қатысты.

2015 жылғы 25 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының 70-сессиясы аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов Кувейт Сыртқы істер министрі Шейх Сабах Ас-Сабахпен кездесті.

2017 жылғы 24-25 сәуірде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов аймақ елдеріне жасаған сапары аясында Кувейт мемлекетіне іссапармен келді.

Кувейт басшысымен кездесу барысында министр Қ.Әбдірахманов оған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың ғылым және технологиялар саласындағы Ислам ынтымақтастығының бірінші саммитіне (2017 жылғы 10-11 қыркүйек) қатысуға шақыруын тапсырды.

Тараптар Сирия мен Йемендегі жағдай төңірегінде пікір алмасты. Әмір Қазақстанның Астана процесінде жасаған күш-жігерін жоғары бағалап, сәттілік тіледі. Кувейт Әмірі Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа Кувейт Қазақстанның барлық халықаралық бастамаларын қолдайтындығын жеткізуді сұрады.

Министр Қ.Әбдірахманов Сирияға гуманитарлық көмек көрсету саласындағы Кувейт пен Кувейт Әмірінің рөлін атап өтіп, Әмірге «Заманымыздың ең адамгершілік көсемі» атағын беру оның гуманитарлық саладағы жоғары жетістіктерін көрсетуін атап өтті.

Министр Қ.Әбдірахманов Кувейт парламентіне Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының жарғысын ратификациялағаны үшін алғыс айтты. Бұл ұйым қазақстандық ауылшаруашылық өнімдерін аймақтағы елдерге, соның ішінде Кувейт нарықтарына экспорттау үшін үлкен мүмкіндіктер ұсынатынын атап өтті.

2019 жылдың 1-2 наурызында Абу-Дабиде өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) Министрлер Кеңесінің 46-сессиясы аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Б.Атамқұлов Кувейт Мемлекетінің Премьер-министрінің орынбасары-Сыртқы істер министрі Шейх Сабах Аль-Халед Ас-Сабахпен келіссөздер өткізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, атап айтқанда, сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарды жандандыру мәселелерін талқылады.

2019 жылдың 8 сәуірінде Иорданияда екіжақты экономикалық ынтымақтастық аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Б.Атамқұловтың Қаржы министрі - Кувейт Инвестициялар жөніндегі Басқарма Төрағасы Наиф Аль-Хадржафпен кездесуі өтті. Тараптар екіжақты экономикалық ынтымақтастық мәселелерін және оларды дамыту перспективаларын талқылады.

Парламентаралық қатынастар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

2002 жылғы қазанда Орталық Азия елдеріне жасаған сапарының аясында Кувейт Ұлттық Ассамблеясының делегациясы Қазақстанға іссапар жасады. Парламенттік делегация Қазақстан Парламенті Сенатында екіжақты кездесулер өткізді.

2010 жылғы 25-26 маусымда Ұлттық Ассамблеясының парламентаралық ынтымақтастық тобының мүшесі, депутат Уалид Мусаид Аль-Табтабаги бастаған Кувейт парламенттік делегациясы Қазақстанға ресми сапармен келді. Осы сапар барысында Кувейт делегациясының мүшелерін Сенат Төрағасының орынбасары М.Копей қабылдады, Қазақстан Республикасы Парламентінің екі палатасының депутаттарымен екіжақты кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында парламентаралық байланысты нығайту жолдары талқыланды.

2019 жылдың қыркүйегінде Кувейт Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы Марзук Али Аль-Ганимнің Еуразия парламенттері спикерлерінің кездесуіне қатысу үшін Қазақстанға барды. Сапар барысында ҚР Сенат және Мәжіліс Спикерлерімен екіжақты кездесулер болды.

Қазақстан мен Кувейт арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығы саласында тұрақты дамып келеді.

Өзара сауда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2019 жылы Қазақстан мен Кувейт арасындағы тауар айналымы 1,5 миллион АҚШ долларын құрады (экспорт - 1 миллион 421,2 мың АҚШ доллары, импорт - 30,6 мың АҚШ доллары).

Сонымен қатар, соңғы 2 жылда тауар айналымы 2016 жылмен салыстырғанда шамамен 10 есе өсті, бұл кезде бұл көрсеткіш 150,2 мың АҚШ долларын құрады (экспорт - 122,1 мың АҚШ доллары, импорт - 28,1 мың АҚШ доллары) . Негізгі экспорттық топтар мал шаруашылығы өнімдері, дайын тамақ өнімдері, сондай-ақ химия және соған байланысты өнеркәсіп өнімдері болды.

Екіжақты қатынастардың маңызды кезеңі 2008 жылдың қарашасында Астанада өткен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Кувейт бірлескен үкіметаралық комиссиясының бірінші отырысының өткізілуі болды, оның барысында жан-жақты ынтымақтастықты кеңейту бойынша практикалық шаралар қабылданды және тиісті Хаттамаға қол қойылды.

Қазақстан-Кувейт үкіметаралық комиссиясының екінші отырысы 2010 жылдың қаңтарында Кувейт қаласында өтті. Комиссия жұмысы барысында Комиссияның 1-ші отырысында қол жеткізілген келісімдердің орындалуы талқыланып, алдағы кезеңге арналған жаңа басымдықтардың тізімі анықталды.

2013 жылғы 23-24 қыркүйекте Астана қаласында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Кувейт үкіметаралық комиссиясының 3-ші отырысы өтті, онда энергетика, мұнай және мұнай-химия салалары мен жоғары білім, мәдениет, денсаулық сақтау, туризм, экология және спорт саласындағы екіжақты қарым-қатынастарды нығайту жолдары талқыланды.

Инвестицияларды тарту бағытында 2004 жылғы 21 желтоқсанда Кувейт инвестициялары ($ 10 млн) есебінен Астана қаласы әкімдігі (қазіргі Ауыл шаруашылығы министрлігі) ғимаратының ресми ашылу салтанаты өтті.

Кувейттің инвестицияларының арқасында Қызылорда облысының Арал және Қазалы аудандарында сумен жабдықтау, санитария және денсаулық сақтауды жақсарту жобасы да іске асырылды. Сонымен қатар, Астананың сол жағалауы инфрақұрылымының техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау Кувейт гранты ($ 1 млн) көмегімен жүзеге асырылды.

2016 жылғы 21 қаңтарда «Қазақстан инжиниринг» ҰК АҚ және All Directions Gulf компаниясы (Кувейт мемлекеті) арасында Астана қаласында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа «Қазақстан инжиниринг» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Ыдырысов және All Directions Gulf компаниясының бас менеджері М. Эль-Хадж қол қойды.

Меморандум аясында тараптар «Қазақстан инжиниринг» АҚ-ның еншілес және тәуелді ұйымдары шығарған әскери өнімдерді экспорттау мүмкіндіктерін зерделеу туралы келісті. Сонымен қатар, екі компанияның өкілдері басқа да бірқатар маңызды бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытуға келісті.

«Техноэкспорт» компаниясының директоры Б.Күзібаев бастаған қазақстандық компанияның делегациясы 2017 жылдың 9 мен 12 маусымы аралығында Кувейтте All Direction Gulf компаниясымен әскери техниканы жеткізуге 50 миллион доллар көлемінде келісімшартқа қол қойды. Сондай-ақ Кувейтте жалпы құны 40 миллион доллар тұратын оқ-дәрілер шығаратын зауыт салу бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы меморандумға қол қою мәселесін пысықтады.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Астана қаласында қол қойылған Қазақстан-Кувейт үкіметаралық комиссиясының бірінші отырысының Хаттамасын іске асыру аясында 2008 жылдың 15-16 желтоқсан аралығында Кувейтте екіжақты дипломатиялық қатынастардың 15 жылдығына арналған Қазақстанның Мәдениет күндері өтті.

2018 жылғы 12-15 қаңтар «Астана Опера» опера және балет театрының камералық оркестрі А.Мұхитдинованың жетекшілігімен Кувейттегі Гарин фестиваліне қатысты.

2008 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің студенттері Кувейт мемлекеттік университетінің тіл орталығында жыл сайын екіжылдық араб тілі курстарында білім алуда. [1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. ҚР СІМ Қазақстан мен Кувейт арасындағы екіжақты қатынастар  (қаз.). Тексерілді, 17 қыркүйек 2023.