Мазмұнға өту

Қазақстан — Ирак қатынастары

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Қазақстан — Ирак қатынастарыҚазақстан Республикасы мен Ирак Республикасының арасындағы қатынастар.

Дипломатия

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дипломатиялық қатынастар 1995 жылдың 14 қыркүйегінде Хаттамаға қол қою арқылы орнатылған. 2020 жылғы 22 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасының Ирак Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы Айдарбек Тұматов болып табылады.

Ирактың Қазақстандағы Елшілігі 2008 ж. 12 қазанынан бастап жұмыс істейді. 2015 жылғы 20 тамыздан бастап Юнис Салим Сархан Қазақстандағы Ирактың Уақытша сенімді өкілі болып тағайындалды.

Мемлекетаралық қатынастардың тарихы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақстан мен Ирак арасындағы саяси қатынастарды нығайтудың кең перспективаларына қарамастан географиялық тұрғыдан алғанда араб елдерінің ішінде біздің елімізге ең жақын орналасқан мемлекет болып табылатын Ирактағы соңғы жылдары тұрақсыз саяси жағдайдың салдарынан екіжақты қатынастар тиісті деңгейде дамымаған.

Қиындықтарға қарамастан, Ирак басшылығы Қазақстанмен көпжақты ынтымақтастық орнатуға ерекше мән беретіндігін атап өткен жөн. Олар бұл тұрғыда еліміздің халықаралық аренадағы бастамаларына қолдау танытып келеді. Атап айтқанда, 2019 жылғы 23-24 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өткен Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-ші конференциясында Ирак делегациясын Парламент спикерінің бірінші орынбасары Хасан Карим әл-Кааби басқарды.

Ирак Ислам Ынтымақтастығы ұйымы шеңберінде де еліміздің бастамасымен өткізілген іс-шаралар мен бастамаларға жоғарғы деңгейде атсалысуда. Атап айтсақ, 2011 жылғы 28-30 маусым аралығында Астанада өткен Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің 38-ші сессиясына Ирактың Сыртқы істер министрі Х.Зибари бастаған делегация қатысты. 2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Астанада өткен «Ислам әлеміндегі ғылым, технология, инновция және модернизация» атты Ғылым және технологиялар жөніндегі Ислам ынтымақтастығы ұйымының бірінші Саммитіне Ирак Президенті атынан Жоғары білім, ғылыми зерттеу, ғылым және технология министрі профессор Абдураззақ әл-Иса қатысты.

Сонымен қатар, 2010 жылғы 8 мамырда Ыстанбұлда Вице-президенті Тареқ әл-Хашимидің қатысуымен өткен Азиядағы өзара сенім шаралары кеңесінің Үшінші саммитінде Ирак аталған ұйымға толыққанды мүше мәртебесін алғанын атап өткен жөн.

2013 ж. 22-24 мамыр аралығында өткен VI Астана Экономикалық Форумы және «Дағдарысқа қарсы Бүкіләлемдік 1 конференция» жұмыстарына ирак тарапынан Премьер-министрдің орынбасары Роуш Нұри Шауис бастаған 24 адамнан тұратын делегация қатысты. Оның құрамында Сауда министрі Хайрұлла Хасан Бабакр, Индустрия және табиғи қазбалар министрі Ахмед Насер Дели Әл-Карболи сияқты жоғары лауазымды тұлғалар болды.

Сонымен қатар, Ирак билігі 2019 жылы 14 қазақстандық баланы Ирактан Қазақстанға қайтару бойынша гуманитарлық операцияны сәтті жүзеге асыруға айтарлықтай қолдау көрсетті. Оған қоса, Сирия бойынша Астана процесіне бақылаушы ел ретінде қатысатын Ирактың рөлін ерекше рөлін атап өту маңызды.

Сонымен бірге Ирактағы күрделі ішкі жағдай сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуына да кедергі болып отыр. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2019 жылы ішінде Қазақстан мен Ирак арасындағы тауар айналымы 3 млн. доллардан аспады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 3,1 млн. долл. құрады (тек экспорт).

Ирактағы жағдайы тұрақтанатын жағдайда осы елге тұтыну астығын, құрылыс материалдарын, металл және дайын конструкцияларды, электр су насостарын, мұнай және энергетика жабдықтарының бірқатар түрлерін жеткізу мүмкіндіктері бар. Сонымен бірге Ирак билігі қазақстандық компаниялар мен инвестицияларды Ирак нарығына тартуға мүдделі. Олар осы тұрғыда, соғыстан кейінгі қираған инфрақұрылымдарды қайта қалпына келтіруде қазақстандық компанияларға қолдау танытуға әзір екендіктерін білдіруде.

Елдеріміздің арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық даму үстінде. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау, сондай-ақ Қазақстан тарапының Иракты бейбіт қалпына келтіру ынтымақтастығы аясында халықаралық міндеттеменлерді орындау мақсатында 2003-2008 жылдары Иракта коалицияның Тұрақтандыру күштері құрамында Қазақстан ҚК Инженерлік-саперлік жасағы (Казбат құрамынан) қызмет етті. Қазақстан контингенті Ирактағы соғыстан кейінгі қалған миналар мен снарядтарды залалсыздандыру міндетін атқарды. Қазақстан әскерилері Иракта болған мерзімде 4 млн. астам жарылғыш құралдарды жойып, Ирактың Армия Академиясының курсында 500-ден астам ирактық мамандарды оқытты және 2500 бейбіт тұрғын мен коалицияның әскери қызметкерлеріне медициналық көмек көрсетті.

Иракпен мәдени-гуманитарлық қатынастар да тиісті деңгейде дамымауда. Алайда, екі елдің білім, дін, спорт, мәдениет және тағы басқа салаларындағы ықпалдастықты дамытуға мүдделілік жоғары. Атап айтсақ, тараптар арасындағы ынтымақтастықты ілгерілету ғылыми тәжірибелермен алмасуға және ирактық студенттерді екі жақты келісімге сәйкес, еліміздің жоғарғы оқу орындарында оқытуға жол ашар еді.

2015 жылғы 10-11 маусымда Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V-съезі отырысына ирак тарапынан Бағдад қаласындағы Әбу-Ханифа мешітінің имамы, Мұсылман құқығы бойынша Ирак ғұламалар тобының Төрағасы А.Таха бастаған делегация қатысты.

2017 жылы екі ел арасындағы спорт саласында ынтымақтастық белгілі мөлшерде белсенділігімен ерекшеленді. 2017 жылғы 7-19 шілде аралығында Қазақстан Каратэ федерациясы одағының ұйымдастырумен өткен Азия жарысына Ирак үкіметінен 35 спортшы қатысты.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақстанның Иорданиядағы Елшілігі  (қаз.). Тексерілді, 28 тамыз 2023.