Мазмұнға өту

Ноғай-Қазақ

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Ноғай-Қазақ — Кіші жүз, қазақ руы.

1740 жылдары патша өкіметі өзара алауыздықтың кесірінен онсыз да ыдырай түскен ноғайларға қатты қысым көрсеткен. Тіпті Г.А. Потемкин мен А.В. Суворовтың бастауымен қанды қырғындар ұйымдастырылған. Патшадан қысым көрген Ноғайлының бір бөлігі Орынбор губерниясына қарасты Жайық өзенінің саласы — Самардың бойын паналайды.

Бірақ олар мұнда да тыныштық көрмейді. Ұлт ретінде жойылу, шоқыну қаупі туғаннан кейін Ноғайлы батырлары Кіші жүз ханы Нұралымен келіссөз жүргізеді. Нұралы хан ноғайлардың Кіші жүзге көшіп келуіне қарсы болмайды. Сөйтіп 18 ғасырдың орта шенінде (1750 жылы) 25 үй ұрлана көшіп, Кіші жүзге жетеді (Орынборда қалған ноғайлар татарға сіңіп немесе орыстанып кеткен). Нұралы Себекберіштің Саржала батырын шақырып алып, қандас бауырларға жер беріп, үй тігуін тапсырады. Саржала ноғайларды Ақтөбе облысының Темір ауданындағы Айдархан қолтығы деген жерге орналастырады. Ақтөбе облысында Оймауыт деген жер аты бар.

Ноғайдың бір тайпасы — Оймауыт он рудан тұрған: Шәйзада, Шаймардан, Қазбек, Дулат, Үйсін, Құлақ, Қияс, Қосын, Қапқай, Тама. Қазақ арасына көшіп келген төрт рудың Үйсіннен басқасының аты өзгерген. Қойды көбірек ұстап, ауқатты тұрған қиястар «қояс» аталған. Жиын-тойларда алғырлығымен, ұтымды сөзімен көзге түскен құлақтарға «қазанқұлақ» аты танылған. Жылқы өсіріп, қара санынан қабырғалығына асырып айқырта қос таңба салатын қосындарға «қостаңбалы» аты берілген. Бұл руды «төрт таңбалы ноғай» деп те атайды.

Ноғай-Қазақтар 1801 жылы Бөкей сұлтанмен бірге түгелдей Еділ мен Жайық аралығына көшкен. Ноғай-Қазақтар күрт өсіп, 1829 жылы 500, 1889 жылы 2 000 түтінге жеткен. Ал 1926 жылы Кеңес өкіметінің санағы бойынша Орал округінде (Талов, Жәнібек, Орда, Азғыр болыстарында) ноғайлар басқаратын 5 696 шаруашылық отбасы болған.

Ноғайлардан ел басқарған, өнерімен топты жарған көптеген адамдар шыққан. Қоястың Оразақайынан туған Нияздың ұлы Шомбал Жәңгір ханның он екі биінің бірі болса, оның ұрпағы Ы.Шомбалов қазақтың алғашқы жоғарғы білімді дәрігерлерінің санатынан орын алды. Оразақайдан өрбігендердің бірі атақты ақын Ғұмар Қараш болса, онымен аталас М.Ықсанов Орал облысын 11 жыл басқарып, өлке тарихына елеулі із қалдырды. Бұлардың арғы аталары — белгілі жырау Шәлгез (Шалкиіз) Тіленшіұлы. Сол сияқты қостаңбалыдан тармақты күйлердің шебері Жұрымбай және Ш.Бөкеевтің жанында болған күйші Ж.Асанов шыққан.

Ноғай-Қазақтар қазіргі кезде негізінен Жәнібек, Казталов, Бөкей ордасы ауданында мекендейді.[1]

  1. Ғұмар Қараш – 20 ғасырдағы қазақ ағартушысы, дін және қоғам қайраткері. Алаш Орданың рухани көшбасшысы. Ақын, жазушы, журналист. Ноғай-қазақтың Қояс тармағынан.
  2. Ғабдолғазиз Мұсағалиев – қазақтың қоғам және дін қайраткері, заңгер, ағартушы, журналист, тарихшы, педагог. Алаш Орда қозғалысының мүшесі. Мысырдағы әл-Әзһар университетінде жоғары білім алған тұңғыш қазақ. Ноғай-қазақтың Қостаңбалы тармағынан.
  3. Зәкәрия Ерғалиев – ағартушы, халық ұстазы, қазақ әліпбиін тұңғыш жасағандардың бірі. Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Мұстафа Көкебаев және Халел Есенбаев секілді белгілі қоғам қайраткерлерімен бірге «Дұрыстық жолы», «Хабар-Известия» және «Киргизская правда» газеттерінде еңбек етті. Ноғай-қазақтың Үйсін тармағынан.
  4. Мұстақым Біләлұлы Ықсанов – қазақтың мемлекет және партия қайраткері. Ноғай-қазақтың Қояс тармағынан.
  5. Гүлнар Мұстақымқызы Ықсанова
  6. Михаил Иванович Есеналиев (азан шақырып қойған аты Есенов Хәким Тілекенұлы) – Қазақстанның мемлекет және партия қайраткері, дипломат. Қазақ КСР сыртқы істер министрі (1981–1989). Ноғай-қазақтың Үйсін тармағынан.
  7. Қапан Әубәкірұлы Мусин – қазақ кеңес сазгері және дирижері, музыка педагогі. Қазақ КСР өнер саласына еңбек сіңірген қайраткері (1968).
  8. Мәжит Мұхамеджанұлы Шомбалов – қазақ дәрігері, оба індетімен күресуші, заманауи Қазақстан медицинасының негізін қалаушылардың бірі, Қазақ КСР дәріхана жүйесінің негізін салушы, Қазақ КСР денсаулық сақтау халық комиссарының орынбасары, Қазақ КСР-ның тұңғыш бас мемлекеттік санитарлық инспекторы. Ноғай-қазақтың Қояс тармағынан.
  9. Гүлжауһар Айыпқызы Шомбалова – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби пионист, өнертану ғылымдарының кандидаты.
  10. Ғақаш Зәкиұлы Бияшев – генетик және өсімдік селекционері, Қазақ КСР ҒА академигі (1967–1987). Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы. Ноғай-қазақтың Қояс тармағынан.
  11. Сәбит Сәуменұлы Тауланов – әскери қайраткер, генерал-майор, ҚР Қорғаныс министрлігі кадр қызметінің басшысы (1992–1996). Ноғай-қазақтың Қояс тармағынан.
  12. Вячеслав Қаменұлы Ғиззатов – Қазақстанның мемлекет қайраткері, дипломат. Әр жылдары Қазақстанның Ирандағы, Германиядағы және Түрікменстандағы елшісі болды. Ноғай-қазақтың Қазанқұлақ тармағынан.
  13. Бірғаным Сарықызы Әйтімова – ҚР білім және ғылым министрі (2004–2007). Жастар, туризм және спорт министрі (1992–1996). Әр жылдары Қазақстанның Израильдегі, Италиядағы, Кубадағы елшісі болды. Ноғай-қазақтың Қояс тармағынан.
  14. Оразов Самиғолла Хамзаұлы – қазақтың мемлекет қайраткері, Орал қаласының әкімі (2008–2012), ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты (2012–2016).
  15. Төлеш Әбдірахманов – Социалистік Еңбек Ері (1948). Ноғай-қазақтың Қостаңбалы тармағынан.
  16. Ғұсман Абдуллин – Социалистік Еңбек Ері (1948). Ноғай-қазақтың Қояс тармағынан.
  17. Жақия Асанов – қазақ сазгері, күйші. Ноғай-қазақтың Қостаңбалы тармағынан.
  18. Макар Жапаров – қазақ сазгері, күйші. Ноғай-қазақтың Қостаңбалы тармағынан.
  19. Ақсерік Сарыұлы Әйтімов – педагог, ғалым, профессор, қоғам қайраткері, «ҚР білім саласының құрметті қызметкері», ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі. Қазақ инновация және телекоммуникация жүйелері университетінің президенті. Ноғай-қазақтың Қояс тармағынан.
  20. Айжарық Айтілеуұлы – белгілі дін қайраткері, имам. Бұқарада білім алған. Орта Азия дін ғалымдары «хазрет», «дамолла», «Қамараддин» (Діннің айы) атақтарын берген. Абайдың рухани ұстазы.
  21. Шомбал Ниязов – мемлекет қайраткері, би, Жәңгір-Керей ханның жақын кеңесшісі. Ноғай-қазақтың Қояс тармағынан.
  22. Геннадий Федорович Оспанов (Ғафу Оспанов) – дәрігер, КСРО денсаулық сақтау министрлігінде еңбек етті, Леонид Брежневтің жеке терапевт-дәрігері.
  23. Айжан Ақбурақызы – белгілі қазақ батыры Исатай Тайманұлының анасы.
  24. Батырқайыр Ниязов – заңгер, Алаш Орда қозғалысының мүшесі, Петербор императорлық университетінің түлегі. Бөкей Ордасының уақытша комиссары. Ноғай-қазақтың Қояс тармағынан.
  25. Мирахмет Ниязов – дәрігер, оба індетімен күресуші, Алматы тері-венерология диспансерін құрушылардың бірі. Ноғай-қазақтың Қояс тармағынан.
  26. Жұмаев Иманғали – Социалистік Еңбек Ері (1947). Ноғай-қазақтың Қояс тармағынан.
  27. Александр Тасболатов Зұлқарнайұлы – журналист, публицист, жазушы. «Қазақстанның мәдениет қайраткері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2016). Ноғай-қазақтың Қостаңбалы тармағынан.
  28. Ғайса-Ғали Сейтақ – қазақ ақыны, журналист, баспагер. Ноғай-қазақтың Қазанқұлақ тармағынан.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2002 жыл. ISBN 9965-607-02-8