Мазмұнға өту

Қазақтардың Ортаазиялық хандықтар мен патша үкіметіне қарсы көтерілістері

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Ресей әскерлерінің қазіргі Қазақстанның Оңтүстігі мен Оңтүстік-шығыс аумақтары арқылы ілгері жылжи түсуі, Хиуа мен Қоқан хандықтары тарапынан үнемі шабуылдардың жасалып тұруы, олардың шектен тыс озбырлықтары мен шұрайлы жерлерді тартып алуы жергілікті қазақ халқының көтеріліске шығуына себеп болды. Ол көтерілістер кезінде халықтың қалың бұқарасын атақты батырлар Жанқожа Нұрмұхамедұлы мен Есет Көтібарұлы басқарды.

1783-1797 жылдары Сырым Датұлы Кіші жүзде ұлт-азаттық қозғалысын бастады. Көтерілістің негізгі себептері: жер мәселесінің шиеленісуі, патша үкіметінің малшылардың Жайықтан әрі қарай «ішкі жаққа» көшуіне тыйым салуы, ру старшындарының құқықтарына қол сұғу, ашық тонау, халыққа зорлық көрсету. хан, сұлтандар, Орал казак әскері және патша әкімшілігі тарапынан адамдардын дәрежесін көтеруі.

1822-1824 жылдары Жоламан Тіленшіұлы батыр бастаған көтеріліс болды.

1822-1825 жылдары Орта жүздің соңғы ханы Ғұбайдолланың басшылығымен көтеріліс болды.

1826-1838 жылдары Қайыпғали Есімұлы сұлтан бастаған көтеріліс болды.

18261836 жылдары Қасым Абылайұлы мен Саржан Қасымұлының ұлт-азаттық көтерілістері болды.

1836-1838 жылдары. – Бөкей Ордасы мен Кіші жүздегі Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының көтерілісі.

Сыр өңірі қазақтарының Орта Азия мемлекеттеріне қарсы күреске шығуының себептері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Арал теңізі маңындағы қазақтарға қарсы шабуылды күшейте түскен мемлекеттердің бірі Қоқан хандығы болды. 1808 жылы қоқандықтар Ташкентті, 1814 жылы Түркістанды басып алды. 1818 жылы қоқандықтардың Ақмешіт бекінісі Сырдарияның оң жағалауына көшірілді. Ақмешіт бірте-бірте сауда керуен жолдары үстіндегі аса ірі әскери бекіністердің біріне айналды. Ол Ташкент, Бұхара және Хиуадан Троицк, Атбасарға, Батыс Сібір қалаларына өтетін көпестердің керуендерін бақылап отырды.

Қоқандықтар Ақмешіт пен басқа да бекіністер аймағында көшіп-қонып жүрген қазақтардан жиналатын алым-салық түрлерін ауырлатып жіберді. Мәселен, әр отбасы жыл сайын салық ретінде Қоқан үкіметіне 6 қой, 4 арба сексеуіл, 1000 бау қамыс төлеп тұруға тиіс болды. Мұның өзі жергілікті тұрғындардың материалдық жағдайын нашарлата түсті. Бұл мәселені қоқандықтармен бейбіт жолмен келісім жасасу арқылы шешу әрекеттерінің сәті түспеді. Сыр бойы қашқтарына қарсы бағытталған Қоқан өктемдігін тоқтату үшін Қасым сұлтан мен оның ұлы Саржан сұлтан күш салып бақты. Бірақ ол екеуі де қоқандықтардың қолынан сатқындық зұлымдықпен қаза тапты.

Қоқандықтардың қазақ даласына зұлымдықпен шабуыл жасап тұруын тоқтату мақсатымен атақты хан Кенесары Қасымұлы Қоқан хаңдығының аумағына бірнеше рет жорық жасады.

Қазақ даласына тереңдеп ену әрекеттерін Хиуа хандығы да жасады. Мәселен, 1835 жылы ол Қуаңдария өзені бойында Құртөбе әскери бекінісін салды. Ондағы әскери гарнизонда 200 солдат болды. Ал Сырдария өзенінің сол жағалауында Қожанияз және Жаңақала әскери бекіністері бой көтерді. Шекара шебіне таяу тұратын қазақтардан зекет, ұшыр және басқа да алым-салық түрлерін жинап алу үшін Хиуа хандығы оларға мезгіл-мезгіл әскери жасақтар жіберіп отырды. Салық төлеуден бас тартқан жағдайда жазалаушы жасақтар қазақ ауылдарын қырып-жойып, тонап кетіп жүрді. Қазақтардың әйелдері мен балаларын күң және құл ету үшін айдап әкетті. Хиуаның ірі шапқыншылықтарының бірі 1847 жылы болды. Ол жолы Хиуаның 1500 сарбазы бар әскери қолы жергілікті қазақтардың 1000-нан астам шаруашылығын тас-талқан етіп, ойрандап кетті. Ал келесі жылы қазақтардың 2500-ден астам отбасы тап осылай ойрандалып, тонауға ұшырады. 500-ге тарта қазақ қаза тапты. Көптеген адам тұтқын болып, құлдыққа сатылып кетті.

Хиуалықтардың қорлығы мен қысымына шыдамаған қазақтардың бір бөлігі Қарақұм мен Ырғыз өзені жаққа көшіп кетті. Хиуалықтар мен қоқандықтардың езгісіне төзгісі келмеген Сыр бойының қазақтары өздерінің бостандығы жолындағы күреске шықты. Арал маңындағы қазақтардың хиуалықтар мен қоқандықтарға қарсы, одан сәл кейінірек Ресейдің әскери күштерінің орналаса бастауына қарсы ұлт-азаттық күресін халық арасынан шыққан белгілі батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы (17801860) басқарды.

Жанқожа батырдың Хиуа мен Қоқанға қарсы күресі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жанқожа Нұрмұхамедұлы өзінің бүкіл өмірін Арал маңы қазақтарының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнады. Жанқожа Кішкене шекті руының басшысы еді. Рулас туыстары оны жеке басының батылдығы, ерлігі және қаһармандығы үшін құрмет тұтты. Оның дүлей қара күші де, ат құлағында ойнайтын шебер шабандоздығы да бар еді. Сыр бойының қазақтары оны ақылды әрі әділетті би ретінде таныды. Батырдың өзгелерден бір ерекшелігі ол дінге берілген иманды кісі еді. Белгілі ғалым әрі қоғам қайраткері М. Тынышбаев ол туралы былай деп жазды: «Барлық үш жүзге ортақ батыр әрі би, қазақтардың бостандығы жолындағы атақты күрескер Жанқожа батыр орыстарды да, хиуалықтарды да, қоқандықтарды да мойындамады».

Атап айтқанда, батыр хиуалықтарға бағынбады. Көп шайқастардың бірінде ол өзінің соңына түсіп, қуып келе жатқан хиуа жасақтарын жалғыз өзі тас-талқан етіп жеңіп шығады. Сол жолы өзі де 8 жерінен жаралы болады. Осы бір жүрек жұтқан ерлігі үшін халық оны қадір тұтып, сый-құрметке бөледі. 1835 жылы ол Хиуаның Бабажан бекінісін шауып алды. Жанқожа қол астындағы адамдарға әділ басшылық етті, оларға қатаң талаптар қоя білді. Парақорлар мен ұрыларды өлім жазасына кесті. Ол қарапайым дене еңбегінен ешқашан бас тартып көрген емес. Жанқожа батыр егін даласында, тоған құрылысында, арық-атыз, канал қазуда да өз руластарымен бірге аянбай еңбек етті. Оның атақ-даңқы бүкіл қазақ даласына жайылды. Жанқожа Кенесары Қасымұлымен туыстық қарым-қатынас орнатты. Хан оның қызына үйленді. Атақты батыр XIX ғасырдың бірінші жартысында Хиуаның қатаң тепкісіне қарсы күрескен хан Арынғазы Әбілғазыұлының ісін жалғастырып, алға алып барушы болды.

1836 жылы Жанқожа жауынгерлерімен бірге Хиуа әскерлеріне қарсы күреске шығып, олардың ірі бекініс-қамалы Бесқаланы тас-талқан етіп қиратты. 1843 жылы Жанқожаның жасағы Хиуаның Қуаңдариядағы бекінісінің де тас-талқанын шығарды, ал 1845 жылы Хиуаның құрамында екі мың сарбазы бар ірі жасағын ойсырата жеңді.

Жанқожа Қоқан хандығының Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы Жаңақорған, Күмісқорған, Шымқорған және Қосқорған сияқты әскери бекіністеріне де шабуыл жасады. Ол Кенесары Қасымұлының әскери жасақтарымен белсенді байланыс жасап тұрды. 1845 жылы Жанқожа батыр Кенесары ханның өтініші бойынша Созақ әскери бекінісін басып алуға қатысты.

1847 жылы көтерілісшілер Сырдарияның сол жақ бетіне өтіп, Хиуаның және бір бекінісін — Жаңақаланы басып алып қиратты. Батыр мен оның жақын серіктері хиуалықтар бұрын қазақтардан тартып алып кеткен 3 мың түйені, 500 жылқыны, 2 мың мүйізді ірі қараны және 52 мың қойды қайтарып алды.

Кейінірек Жанқожа батырдың Қоқан хандығымен көп жылға созылған тартысты оқиғалары басталды. Қоқандықтар 1851 жылы қазақтардың көп малын күшпен айдап алып кетті. Жанқожа батыр Ақмешітке дейін жорық жасады, қоқандықтардың әскери жасағын талқандады, Қосқорған бекініс-қамалын басып алды. Жергілікті қазақтар Қоқан езгісінен азат етілді.

Батыр Хиуа мен Қоқанға қарсы күресіп жүрген кезде Орынбор жақтан Маңғыстауды басып өтіп, Сырдарияны бойлап, Ресей империясының әскери жасақтары ілгері жылжып келе жатты.

Сыр бойы қазақтарының патша үкіметіне қарсы күреске шығуының себептері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Патша үкіметінің әкімшілігі барлық жаулап алынған аумақтардағы сияқты Сырдарияның төменгі ағысы бойында да әскери бекіністер сала бастады. Жаңа салынған әскери бекіністерге Орынбор мен Жайық шөбінен қазақтарды, сондай-ақ башқұрттардың отбасыларын көшіріп әкеліп, орналастыра бастады.

1848 жылы Райым бекінісі төңірегінде Орынбор қазақтарының 26 отбасы тұрып жатты. Қоныс аударып, көшіп келушілердің қатары жыл санап арта түсті. Көшіп келгендердің бәрі де Сырдарияның жағасындағы ең құнарлы әрі жақсы суарылатын жерлерге орналастырылды, жергілікті халық өздерінің ежелгі ата-бабасының жерлерінен біртіндеп ығыстырыла бастады. Соның салдарынан Сыр бойындағы диқан қазақтар енді жаңадан тың және тыңайған жерлерді игеруге мәжбүр болды. Олардың бірқатары қоныс аударып келгендердің және шенеуніктердің шаруашылықтарына жалданып жұмыс істей бастады.

Райым бекінісі таратылғаннан кейін қоныс аударып келген қазақтар 1855 жылы Қазалы қамалына көшірілді. Олар мұнда келгеннен кейін де ең жақсы, құнарлы, суармалы жерлерге ие болды. Оларға бұрынғысынша үлкен артықшылықтар мен жеңілдіктер берілді. Қарапайым қазақтардың арасындағы наразылық жыл өткен сайын күшейе түсті де, ақырында ол Ресейдің әскери әкімшілігінің озбырлық іс-әрекеттеріне қарсы ашық күреске ұласты.

Ресейдің Арал маңындағы аймақтарды Орта Азия хандықтарының езгісінен азат етуі халықтың жағдайын жақсарта алған жок. Патша үкіметі қазақтың әрбір отбасына 1,5 сомнан салық салды. Қазақтардың суармалы жақсы жерлерін қоныс аударушылар мен шенеуніктерге тартып алып беру одан әрі жалғастырыла түсті. Міне, бұл жағдайлардың бәрі де қазақтарды Ресейдің отаршыл өкімет билігіне қарсы барған сайын белсендірек күресуге мәжбүр етті.

Жанқожа Нұрмұхамедұлының патша үкіметіне қарсы күресі (1856-1857 жылдар)

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Хиуалықтарға және қоқандықтарға қарсы күресте Жанқожа батыр ресейліктермен уақытша одақ құруға мәжбүр болған еді. Жанқожа батырдың 1847 жылы Хиуаға қарсы күресін майдаланып қалуға тырысқан патша үкіметі оны өз жағына тартуға күш салып бақты. Осы мақсатпен оған Шекара комиссиясының есебінен жыл сайын 200 сом мөлшерінде жалақы төлеп тұру белгіленді. Оған Қарақұм мен Сырдария жағасындағы Борсыққұм қазақтарының басқарушысы деген лауазымды қызмет те ұсынылды. Ресей жоғарғы өкімет билігінің атынан батырға жасауыл деген атақ та берілді. Бірақ Жанқожа батыр патша үкіметі ұсынған барлық атақ, жалақы, қымбат бағалы сыйлықтардан да біржолата үзілді-кесілді бас тартты.

Патша үкіметі Жанқожа батырды Кіші жүздің билеуші-сұлтандарына бағынышты етуге де тырысып көрді. Бұл қитұрқы әрекеттер батырдың патша үкіметінен іргені аулақ салуына себеп болды. Өйткені оның патшаның қолшоқпар шенеуніктеріне айналған сұлтандарға бағынуы тіпті түсіне де кірмейтін жиіркенішті нәрсе болатын.

1856 жылдың желтоқсан айында Сыр бойы қазақтарының Ресейге қарсы қарулы көтерілісі басталды. Бұған түрткі болған себеп ресейлік солдаттардың жергілікті үш қазақты кірпіш зауытының пешіне тірідей жағың жіберуі еді. Көтеріліске шыққандардың жалпы саны 3 мың адамға дейін жетті. Көтерілістің орталығы бұрынғы хан ордасы орналасқан Жаңақала болды. Көтерілісшілердің басым көпшілік бөлігі жаяу адамдар еді. Олардың қару-жарағы жер өңдейтін кетпен мен ұзын сапты шот, сойыл, садақ, найзалардан құралды. Оқ ататын аз ғана мылтықтары бар еді. Жанқожа батыр жедел қимыл жасай алатын бірнеше топ құрды. Олардың әрқайсысының қатары 150— 200 адамнан тұрды. Көтерілісшілер жасағы Қазалы маңына, Перовск бекінісіне таяу жерлерге орналастырылды да, белгі берілген кезде күтпеген жерден бірден лап қойып, шекара шебіне шабуылға шықты. Дұшпанның адам күші елеулі шығынға ұшырады.

1856 жылғы желтоқсан айының аяқ кезінде Қазалы қамалы қоршауға алынды. Жергілікті тұрғындар барлық бәленің басы осы қамалда жатыр деп ойлайтын. 1857 жылғы қаңтарда көтерілісшілердің саны 5 мың адамға жетті. Бұларға қарсы Фитингофтың отряды қарсы шабуылға шықты. 300 қазақ, 320 жаяу солдаттан құралған жазалаушылар отряды зеңбіректер және ракеталы станоктармен қаруланған болатын. Жазалаушы әскер мен көтерілісшілер арасындағы шешуші шайқас 1857 жылғы 9 қаңтарда Арықбалық шатқалында өтті. Көтерілісшілерді жігерлендіру үшін олардың алдында желбірете ақ ту ұстаған Жанқожа батыр келе жатты. Бірақ батырдың нашар қаруланған жасағы от шашқаң зеңбіректің снарядына және мылтықтың калың оғына төтеп бере алмады. Көтерілісшілер қосыны басып алынды, мал-мүлкі талан-таражға түсті. 20 мың бастан астам малы айдап әкетілді. Көтерілісшілердің бытыраңқы топтары Қуаңдарияға қарай шегініп кетті, одан әрі Бұхара мен Хиуа асуға мәжбүр болды.

Көтерілістің жеңілуі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Көтерілістің негізгі күштері жеңілгеннен кейін Жанқожа батыр Хиуа ханына өтініш жасап, хандықта тұратын қазақтардан, қарақалпақтардан және түрікмендерден әскери жасақ құрап беруді сұрады. Ондағы ойы Қазалы қамалына қайтадан шабуыл жасау еді. Бірақ Хиуа ханы оның өтінішін қабыл алмады, Жанқожа батырдың күшейіп кетуінен қорықты.

Патша үкіметінің әскери әкімшілігі Жанқожа Нұрмұхамедұлының көзін жою үшін арнаулы жазалаушы әскер жіберді. 1860 жылы жазалаушы әскер Қызылқұмның ішіндегі Жанқара көлінің басында отырған Жанқожа батырдың ауылын қоршауға алды. Қанды шайқастың барысында 80-нен асқан Жанқожа батыр жазалаушылардың оғынан қаза тапты. Батырдың өмірден өтер кездегі соңғы сәтін Л. Мейер былай деп суреттейді: «Қарт батыр оқ өтпейтін сауытын киіп, қару-жарағын асынып, үйінен шығып үлгерді. Бірақ аты жоқ екен. Ажалымның жеткен жері осы екен деп, ол бір төмпешіктің үстіне аспай-саспай шығып алды да, өз иманын өзі үйіріп, дұға оқи бастады... зулаған оқтар... көпке дейін оның сауытынан өтпей, тайқып ұшып, кері түсіп жатты. Ақырында бір оқ оның мойнына дәл тиіп, қарт батырдың өмірін қиып кетті».

Кузьмин бастаған жазалаушы отряд көтерілісшілердің 164 ауылын ойран сала шауып, аяусыз тонады, үйлерді өртеп, малдың бәрін айдап әкетті. Көтеріліске белсене қатысқандар жазалау шаралары кезінде қаза тапты. Мал-мүлкі түгел тоналған шектілер ашаршылыққа ұшырады. Олардың бір бөлігі Хиуа хандығы жағына өтіп кетті, енді бір бөлігі әскери бекіністерге қайта оралып, аштан қырылып қалмаудың қамын жасады. Жанқожа батырды оның парасаттылығы мен ер жүрек батырлығы үшін орыс әскерилерінің өздері де қатты сыйлайтын. Сыр бойының қазақтары оны қасиетті адам деп санайтын. Халықтың сүйікті ұлы болған оны зор құрметпен жерледі.

Есет Көтібарұлы бастаған көтеріліс

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сыр бойындағы қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысын басқарған батырлардың бірі Есет Көтібарұлы (1807-1888) болды. Ол өзінің батырлығымен, орасан зор дене күшімен, парасатты ақыл-ойымен, қызыл тілге шешендігімен, сондай-ақ ат құлағында ойнайтын шабандоздығымен халыққа ерекше танылған еді. Оның әскери қолбасшылық өнерге шеберлігі, бір орыннан екінші орынға жедел ауысып кете алатын тактикалық тапқырлығы жақсы қаруланған, күші басым орыс әскерлерін қапыда қалдырып, талай рет жеңіске жеткізді.

Есет Көтібарұлы ғажайып шешен адам болатын, өз тындаушыларын үйіріп әкетіп, ерлік күреске жігерлендіре білетін. Ағылшын зерттеушісі Бульжер Демитриус Чарлз Есет батырдың өз руластарын патша үкіметіне қарсы күреске жігерлендіре шақырғаны туралы жазды: «Рас, олардың аттары мен қаруы бар. Aт пен қару бізде жоқ деп кім айта алады? Біздің мұхит түбіндегі құмның қиыршығы сияқты көп екеніміз өтірік пе? Өздерің мойын бұрып қараңдаршы: шығыс пен батыста, солтүстік пен оңтүстікте де қаптаған қалың қазақтардыды көретіндерің анық. Сөйте тұра неге біз aт төбеліндей өзге жатжерліктерге бағынуға тиістіміз?!»

1838 жылы Есет батыр Ресейдің Елек бекінісіне шабуыл жасауға қатысты. Ол 1847-1848 жылдары Жанқожа Нұрмұхамедұлымен бірге Хиуа және Қоқан басқыншыларына қарсы белсене күресті.

1847 жылдың жазында Жем өзенінің бойында Есет батыр патша үкіметінің жазалаушы әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасады. Батырдың Ресей әскеріне шабуылдары кейін де жалғаса түсті. Патша әкімшілігі Есет батырға қарсы бірнеше рет жазалаушы әскер жіберді. Алайда туып-өскен елінің жер жағдайын жақсы білетін ол жазалаушы отрядты адастырып, оларға таптырмай кетіп жүрді. Оның үстіне, өз жігіттерін екі топқа бөліп, дұшпанды қапыда қалдырумен болды. Есет батырдың жігіттері Ресейдің сауда керуендері мен жазалушы әскерлеріңе батыл да сәтті шабуылдар жасап отырды.

1855 жылы ол отаршыл әкімшіліктің жергілікті қолшоқпары билеуші-сұлтан Арслан Жантөреұлын өлтірді. Патша үкіметінің сауда керуендері мен бекініс-қамалдарына шабуыл жасауын үдете түседі. Есет Көтібарұлының тарапынан Хиуамен әскери одақ құру жөнінде жасаған ұсынысы сәтсіз аяқталды.

Ресеймен жиырма жыл бойы жанқиярлықпен күрес жүргізген Есет батыр 1858 жылы өз еркімен Ресей империясының бейбіт келісім жасасу жөніндегі шартын қабылдады. Өйткені ол Ресейдің аса қуатты әскери машинасына қарсы бұдан әрі күрес жүргізудің пайдасы жоқ бос әурешілік болып шығатынын түсінді. Патша үкіметі оның бұған дейін Ресей империясына қарсы жүргізген күресіне кешірім жасады. Батыр үй басынан алынатын түтін салығынан босатылды. Кейінірек ол тіпті Торғай облысындағы Ырғыз уездік бастығының көмекшісі қызметіне тағайындалды. 1873 жылы Хиуаға қарсы жасалған жорыққа Ресей әскерлерінің құрамында белсене қатысты.

Оңтүстік Қазақстандағы халық көтерілістерінің жеңілу себептері мен салдарлары және тарихи маңызы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Көтерілісшілердің жеңіліс табуының басты себебі — олардың қару-жарағы нашар, күрес тактикасы ескі болатын. Арал маңындағы қазақтардың көтерілісі жергілікті сипат алды. Патша үкіметі бұл кезге дейін көптеген әскери бекіністер салып үлгерді, сондай-ақ Қоқан хандығының бекіністерін де жаулап алған болатын. Бұл аймаққа патша үкіметі қыруар қару-жарақ, соның ішінде зеңбіректер де жеткізген еді. Аймақтағы Ресей әскерлерінің саны жыл сайын арта түсті. Көтерілісшілердің бір мезгілде Ресейге, Қоқан мен Хиуаға қарсы күрес жүргізуі олардың күшін әлсіретті. Оның үстіне, Ресей әскері Жетісу жағына да келіп, патша үкіметінің бұл аймақтағы күш-қуатын арттыра түсті.

Жанқожа Нұрмұхамедұлы мен Есет Көтібарұлы бастаған көтерілістердің тарихи маңызы зор болды. Ол көтерілістер Орта Азия хандықтары мен Ресей империясының отаршылдық езгісіне қарсы бағытталды. Халық көтерілістері қазақ халқының бойында бостандықты аңсаған рухтың өшпегенін, тәуелсіздік пен азаттыққа деген ұмтылысының зор екенін көрсетіп берді. Қазақ батырлары, өз бастарын қатерге тіге отырып, XIX ғасырдың 60-жылдарындағы әкімшілік реформа басталар қарсаңында отаршыларға қарсы күрес әрекеттерін жүзеге асырды. Бұл көтерілістер патша үкіметінің Орта Азия мемлекеттерінің аумағын жаулап алу үрдісін біраз уақытқа тоқтатты.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақстан тарихы (XVIII ғасыр — 1914 жыл). Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Қабылдинов З.Е., Қайыпбаева А.Т.Алматы: Атамұра, 2008. — 352 бет, суретті, карталы. ISBN 9965-34-816-2