Фоторецептор
Фоторецептор (фото… және лат. receptor — қабылдаушы) — тірі ағзалардың ішкі және сыртқы орта тітіркендіргіштерінің әсерін қабылдап, оларды ерекше электрхимиялық сигналдарға айналдыратын арнаулы сезімтал жүйке ұштары; жарық қабылдаушы және жарыққа сезімтал құрылымдар.
Фоторецепторға бір клеткалы организм стигмалары және құрттар мен ланцетник денелеріндегі шашыраңқы орналасқан жарыққа сезімтал клеткалардан бастап, адам мен жануарлар көзіндегі көру аппаратына дейін жатады. Көздің торлы қабығында орналасқан көру клеткалары — таяқшалар мен сауытшалардың сәулеге сезімтал фоторецептор мембранасы құрамында көру пигменттері (родопсин) және фосфолипидтер болады. Омыртқалылардың фоторецепторлар мембранасында таяқшалар мен сауытшалар, ал омыртқасыздардың көру клеткаларында рабдомерлер (шашақ сияқты тармақтар) сыртқы сегментті құрайды. Фоторецепторлар сыртқы (жарыққа сезімтал көру пигменті болады) және ішкі (клеткадағы қуат алмасуды қамтамасыз ететін ядро мен митохондрия орналасады) буындардан тұрады. Фоторецепторлардың буындары бір-бірімен мембранамен бөлінеді. Бұл мембрана арқылы 16 — 18 жіңішке жіпшелерден (фибриллалардан) құралған шоғыр өтеді. Ішкі буыннан өсінділер басталады. Олар арқылы қозу фоторецепторлардан қос өрісті клеткаларға беріледі. Омыртқалылар фоторецепторларының сыртқы сегментінің қалыңд. 160Е, диам. 1 — 2 не 6 — 8 мкм болатын жалпақ қапшықтардан не дискілерден тұрады. Бұл дискілер сезімтал клетканың бойлама осіне перпендикуляр орналасады. Таяқшаларда олар сыртқы мембранаға бекімей, цитоплазмада еркін жүзіп жүреді, ал сауытшаларда — мембранамен байланыста болады;
Өсімдіктердің фоторецепторлары — биологиялық мембраналарда орналасқан ақуызды-пигментті мүшелер. Олар сырттан не ішкі ортадан бағытталған сәулені қабылдап, оған бейімделуді қалыптастырады. Өсімдіктерде қызыл және көк сәулені қабылдайтын фитохром және флавопротеидтер анықталған. Фитохромның белогы екі суббөліктен және хромофордан тұрады. Хромофор тұйықталмаған тетрапирроль сақиналарынан (фикобилин) құралған. Фоторецепторлар қабылдаған жарықтың көмегімен биол. мембраналардың өткізгіштігін, гендердің қызметі мен ферменттердің белсенділігін өзгерту арқылы өсімдіктердің өсуі мен дамуын реттеуге қатысады. Өсімдіктердің күн мен түннің ұзақтығына байланысты өсіп дамуын фотопериодтылық деп атайды. Осыған байланысты өсімдіктерді шартты түрде үш топқа бөледі. Ұзақ күндік, қысқа күндік және бейтарап фотопериодты өсімдіктер. Қысқа күндік өсімдіктерді (мысалы, тары) ұзақ күндік жағдайда өсіргенде, олар вегетативті күйден шыға алмай, генеративті күйге өте алмайды, соның нәтижесінде өсімдіктен мол өнім алынбайды. Бұл құбылыс фоторецепторлардың белгілі бір толқын ұзындықты жарықты қабылдап, оған жауап беру қабілетіне тікелей байланысты. Өсімдікте фитохром 660 нанометрлік жарықты қабылдайтын түрінде (фоторецепторлар) түзіліп, ұзын толқынды қызыл сәуленің әсерімен (фоторецепторлар) белсенді түріне ауысады. Фитохром өсімдіктегі басқа фитогормондардың мөлшері мен қатынасына ықпал ету арқылы өзінің реттегіш қызметін атқарады.[1]
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |
|