Күләш Жасынқызы Бәйсейітова
Күләш Жасынқызы Бәйсейітова | |||||||
Негізгі ақпарат | |||||||
---|---|---|---|---|---|---|---|
Туған кездегі есімі |
Гүлбаһрам | ||||||
Туған күні | |||||||
Туған жері |
Нарманбет, Ақтоғай ауданы, Қарағанды облысы, Ресей империясы | ||||||
Қайтыс болған күні | |||||||
Қайтыс болған жері | |||||||
Мемлекет | |||||||
Мамандықтары | |||||||
Дауыс түрі |
лирика-колоратуралық сопрано | ||||||
Аспаптары | |||||||
Ұжымдары | |||||||
Марапаттары |
|
Күләш Жасынқызы Бәйсейітова (1912-1957) — қазақтың әйгілі әншісі (лирика-колоратуралық сопрано), қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері. КСРО халық әртісі (1936). КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1948-1949).
Өмірбаяны
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Арғын тайпасы Тобықты руының Дадан бұтағынан шыққан.[1][2]
Туып-өскен жері – Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы. Топырақ бұйырған жері – Алматы қаласы. Алайда, тарихшы-өлкетанушы Күләш Сардарбаек «Күләштің туған жері бүгіндері Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданына қарасты Нарманбет ауылы аталады. Бұл өлке ХХ ғасырдың басында Қотанбұлақ болысы, Қарқара уезі, Семей губерниясы атанған» - дейді. Күләш Байсейітованың туған күні жайлы да мынандай деректер бар. Ұлы әншінің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қыздары Қарлығаш және Раушан Байсейітовалар баспасөзге берген сұхбатында ресми құжаттардағы көрсетілген деректерді жоққа шығарады. Олар: «Негізгі туған күні қаңтардың 12-сі. Ол кезде құжатты бірден алмаған. Әрі сол күні Димаш Ахметұлы Қонаевтың туған күні болғандықтан, анамыз туған күнін 2 мамырға ауыстырған еді» - дейді.
Өнерге келу жолы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Гүлбаһрамның әншілікке бейімдігі, музыкалық табиғи таланты кішкене күнінен-ақ байқалған. Бұлай болуға әкесі Жасын кезінде жап-жақсы әнші болғаны, ел аралап ән салғаны да елеулі себеп болса керек. Бұл жайлы Қанабек Байсейітов өзінің кітабында: «Әкесі Жасын – әжептеуір әнші болған, сері адам. Кезінде әйгілі Әсетпен, Балуан Шолақпен бірге жүріпті. Бір ағасы Манарбектің (Ержанов М.А. анықтауы) әншілігі – анау, өзге ағалары да өнерсіз болмаған, тек кәсіп етпеген. Айтбек те (ағасы) әнді әдемі салатын, сырнайға қосылып айтқанда айызыңды қандыратын. Осындай ортада өскен, тәрбие алған Күләш өнерге жақын жүрмей қайтсін», - дейді. Әкесі айтқан әндерге ынтыға құлақ түріп, ол жырлаған қиссаларды қызыға тыңдай зердесіне тоқып өскен зерек қыз тамаша музыкалық есте сақтау қабілетімен, қиялдай білер әсерлі ой-өрісімен өсіп жетіледі. Күләш бала күнінде асқан әншілігімен суырыла шығып ел аузына аса ілікпесе де, жеті жылдық мектепте, кейін Қазақтың педагогика институтына түскеннен кейін оқи жүріп, жаңадан бой көтеріп келе жатқан көркемөнерпаздар үйірмесіне үзбей қатысады. Алғашында спектакльдерде көпшілік сахналарда кішігірім қосалқы рольдермен сахнаға шығып жүрген Күләш не бары бір-екі жылдың ішінде әнші-әртістік шеберлігімен көрініп, театрдың белді өнерпаздарының қатарынан орын алады. Театрда жылдам шығармашылық жетістікке жетуіне, сөйтіп репертуарда бар және жаңадан қойылған шығармаларда орталық рольдерді орындауға қол жеткізуіне өнер атты құдіреттің шеңберіне бар болмысымен беріле енген Күләш бойындағы құштарлық болатын. Театрдың сол кездегі барлық жұмысынан бас тартпай, «театрдың отымен кіріп, күлімен шығып» беріле жан-тәнімен еңбектенуі арқылы ол жаңа кәсіптің қыр-сырын меңгеруге күш салды. Алдыңғы буын ағалар С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, Қ.Жандарбеков секілді т.б. сахналық өнер тәжірибесінен үйренуден жалықпайды. Сонымен бірге реті келгенде өз бетінше де сахнада суырыпсалмалық, шығармашылық ізденістен де жалықпаған. Күләш туралы өзінің естелігінде Қ.Байсейітов оның сахнаға деген ерекше құштарлық қырларына тоқталады. «Сахнаға шығуды жаны сүйетіні соншалық – егер өз рөлі бітіп қолы сәл босай қалса, көпшілік ішіне ілесіп сахнаға шығуға өзі сұранатын... Күләш көпшілік сахналарына араласқан кезде де басқалардан ерекшелене білетін, спектакльдің мазмұнына сай киіне қоятын. Көбінесе ұл баланың кейпін жасап, солай киінетін. Бірде жалқау баланың кейпін жасап, бірде кепкасын баса киіп ұры балаша шығатын, кейде бұзақылау балалар құсап көзін сығырайтып алатын. Әдейі сүрініп-жығылып жататын кездері де болушы еді, аз сәттің өзінде көрермен жұртқа әсерлі етіп көрсетуге тырысатын», - дейді. Содан 1930 жылы Қазақтың тұңғыш драма театрының труппасына қабылданады. Күләш сахна өнерінің қыр-сырына қызыға ден қойып, кешікпей-ақ театрдың белді әртістерінің қатарынан көріне бастайды. Сахнада жүріп орындаған ролдері:
- Ж.Шаниннің «Шахта» спектакліндегі – Зейнеп;
- І.Жансүгіровтың «Кек» драмасында байдың қатыны – Қарыс;
- Б.Майлиннің «Майдан» пьесасында - Пүліш; «Шұғасында» - Шұға образы;
- «Исатай-Махамбет» пьесасындағы хан қыздарының бірі:
- «Арқалық батырда» Қалмақ қызы;
- М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек» трагедиясының бас кейіпкері – Еңлік;
- А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы – Ажар бейнесі;
- М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсы – Сара бейнесі.
Сонымен қатар, орыс және Батыс Еуропа классиктерінің операларын қазақтың ұлттық театрының сахнасына шығаруда – К.Байсейітова – өзінің орындаушылық шеберлігімен де, қайраткерлік ісімен де бұл салаға үлкен ұлес қосқан өнер шеберлерінің бірі. Ол Дж.Пуччинидің «Чио-Чио-сан» операсында Баттерфлайдың, П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегинінде» Татьянаның партияларын тұңғыш рет қазақ тілінде айтты.
Күләш 1933 жылы жаңадан ашылған музыка студиясына қабылданады. Алғаш рет Қазақ музыка театрының шымылдығы 1934 жылы «Айман-Шолпан» (М.[Әуезов, И.В.Коцых) музыкалық комедиясымен ашылғанда, Күләш басты рөлді үлкен шеберлікпен ойнап, Айман бейнесі арқылы Қазақ қыздарының ар-намыстан жаралғандай парасатты болмысын шабытпен тұлғалайды. Мұнан әрі Күләштің ғажайып қабілеті мен дарыны Б.Майлин мен И.В.Коцыхтың «Шұғасындағы» - Шұға, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы – Жібек образдарын сомдау барысында одан әрі жарқырап ашыла түседі. Бұл рөлдер арқылы оның бойындағы әншілік-әртістік қабілеттің ғажайып мүмкіндіктері барша болмысымен көрініс тауып, қазақ сахна өнерінің соны табысы ретінде жұртшылықтың ықылас-ілтипатына бөленеді. Ол жаңа қаз басқан қазақ сахна өнерінің шын мәнінде тірек тұлғасына, ұйтқысына айналды. Аз уақыт аясында Е.Брусиловскийдің «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Алтын астық», «Гвардия алға», А.А. Зильбердің «Бекет», И.Н. Надировтың «Терең көл», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М. Төлебаевтың «Біржан-Сара», Д.Ж.Пуччинидің «Чио-Чио-Сан», П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин», А.Рубинштейннің «Демон» сияқты операларында басты рөлдерде ойнап, басты вокалдық партияларды орындап, қайталанбас хас шеберлігімен танылды. Бір-біріне ұқсамайтын кереғар образдар, иірім-қайырымы әр алуан вокалдық партиялар Күләштің көп қырлы, алуан сырлы дарынының арқасында алмастай жарқырап ашылып, эстетикалық эмоциялық қуаты мейлінше тегеурінді образдар галереясы жасалды.
Әншілік өнері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Күләш Байсейітова – концерттік әнші ретіндегі де кең танылған шебер орындаушы. Әр түрлі ресми делегациялар құрамында, Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі сүйемелдеуімен жеке концерттік бағдарламада, бригадалармен сан алуан сахналардан орындаушылық қырымен танылады. Ол шырқаған әндері тыңдармандарды өзіндік қарапайымдылығымен, анықтығымен, жүректен шыққан жылылығымен баурайды. Оның репертуарында көптеген халық әндері, өзге халықтардың, замандас композиторлардың әр алуан шығармалары молынан болды. Әнші концерттік бағдарламасына халықтың сүйіп тыңдайтын қазақ халық әндерінен бастап, ән-романстар, белгілі опералардан ариялар т.б. молынан енгізген. Театрдағы негізгі репертуардан бөлек концерттік сахналарда камералық пландағы бағдарлама жасау ісіне әнші ерекше мән берген. Сонымен бірге ол Кеңестер Одағы халықтарының әндерін, Қазақстан композиторларының әндерін орындаған тамаша әншілердің бірі.
Әндері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Әншінің тұрақты репертуарында 30-40-тай ән-романстар болып, талай көрермен тыңдаушыларының ыстық ықыласына бөленген. Күләштің орындауындағы «Сараның ариясы», «Ажардың ариясы», «Шіркін-ай», «Гәкку», «Қос қарлығаш», «Бұлбұл», «Қазақ вальсі», «Ласточка», «Шла девица», «Колокольчик», «Тонкая рябина», т.б. көптеген халықтардың әндері ерекше сезіммен, жүрек қылын тарта отырып тыңдармандарына жеткен. Зор жауапкершілік жүгін арқалаған халық әншісі өзінің міндеттерін халықтың көңілінен шыға білетіндей деңгейде атқарып, қалың бұқара халықтың бұлбұл әуезді әншісі атына сай болып, ылғи халық арасынан табыла білген.
Күләш Бәйсейітова концерттік әнші ретінде де дүниежүзіне танылған қайталанбас дарын иесі бола білді.[3]
Дер��ккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ https://abai.kz/post/13083
- ↑ https://e-history.kz/kz/publications/view/4981 Мұрағатталған 23 наурыздың 2020 жылы.
- ↑ Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ISBN 978-601-01-0268-2
Пайдаланылған әдебиеттер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Асафьев Б. Три статьи о казахской музыке. //Музыкальная культура Казахстана. – Алма-Ата, 1955, Казгосиздат, с. 5-10.
- Ахметова М., Ерзакович Б.Г., Жубанова А. Советтік қазақ музыкасы. – Алматы: Ғылым. 1975, 318 с.
- Ахметова М.М. Ән өнері және уақыт. – Алматы: Өнер, 1993, 110 с.
- Ауэзова М.О. Мысли разных лет. – Алма-Ата.: Казгосхудлит, 1961, 544 с.
- Байсейітов Қ. Құштар көңіл. – Алматы: Жазушы, 1977. – 224
- Брусиловский Е.Г. Дүйім дүлдүлдер. – Алматы: Ана тілі, 1995.
- Мұқан А., Ләтиева С., бегімбетова Ғ. КҮЛӘШ: - Алматы: «Әдебиет Әлемі», 2014, - 364+16бет. ISBN 978-601-7414-49-8
Сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- [https://web.archive.org/web/20160305082007/http://www.zhasalash.kz/ruhaniyat/6779.html Мұрағатталған 5 наурыздың 2016 жылы. “1912 жылдың қаңтарында екi алып дүниеге келдi: оның бiрi – Күләш, екiншiсi – Димаш”]
Бұл — тұлға туралы мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |
- 2 мамырда туғандар
- 1912 жылы туғандар
- Алфавит бойынша тұлғалар
- Ақтоғай ауданында (Қарағанды облысы) туғандар
- 6 маусымда қайтыс болғандар
- 1957 жылы қайтыс болғандар
- Мәскеуде қайтыс болғандар
- Алфавит бойынша әншілер
- КСРО әншілері
- Қазақстан әншілері
- XX ғасыр әншілері
- Алфавит бойынша актрисалар
- КСРО актрисалары
- Қазақстан актрисалары
- XX ғасыр актрисалары
- Ленин орденінің иегерлері
- Еңбек Қызыл Туы орденінің иегерлері
- 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін медалінің иегерлері
- КСРО халық әртістері
- Сталиндік сыйлықтың иегерлері
- Алфавит бойынша музыканттар
- КСРО мемлекеттік сыйлығының иегерлері
- Қазақстан академиялық музыканттары
- КСРО академиялық музыканттары
- Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры тұлғалары
- Сопрано
- КОКП мүшелері
- Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері
- Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаттары
- Қазақстан опера әншілері
- КСРО опера әншілері
- Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры әртістері