Мазмұнға өту

Иса Мәсих

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Иса (ивр. ישוע‎; Библияда – Иисус Христос (гр. Iησοũς Χριστός); ҚұрандаИса Мәриямұлы Мәсіх (араб.: المسيح عيسى ابن مريم‎)) — христиан діні бойынша, құдай-адам, қасиетті үштіктегі құдайдың ұлы, ал ислам діні бойынша, Мұхаммедтің алдында Израиль ұрпақтарына жіберілген Құдайдың елшісі, пайғамбар. Оның пайғамбарлық дәрежесі христиандықта, исламда, баһаиде және бабиде мойындалады.

Айя София мешітіндегі Құтқарушымыз Иса пантократтың мозаикасы, Константинополь, XII ғ.
«Иса ибн Мәриям әл-Мәсих», араб каллиграфиялық стильде

Иса — Құранда аты аталған 25 пайғамбардың бірі. Оның есімі Құранда 25 рет аталады. Иса пайғамбардың жарық дүниеге келуінің өзі керемет болған, яғни Алла Тағала оны керемет ретінде әкесіз, яғни ер адамның қатысынсыз әйел затынан ғана жаратты.

Анасы – хазіреті Мәриям. Ол күллі жаһанды билеген, аң-құстардың тілін білген патша-пайғамбар хазіреті Сүлейменнің тікелей ұрпағы. Ол сондай пәк, таза әрі өте тақуа жан еді. Анасы Мәриямды дүниеге әкелмей тұрып-ақ: «Уа, Раббым! Шынын-да мен құрсағымдағы баламды дүниелік істерден толық босатып, басыбайлы етіп бір Өзіңнің жолыңа атадым. (Осы нәзірімді) менен қабыл еткейсің! Расында Сен бәрін естуші, шексіз ілім Иесісің», – деп нәзір етіп, Алланың жолына атаған болатын. Сөйтіп хазреті Мәриям бала күнінен қасиетті ғибадатханада қызмет етіп, онда Зәкәрия пайғамбардан жақсы тағылым, өнегелі тәлім-тәрбие алып, иләһи ілімнің қайнарынан сусындап өсті. Бой жеткен шағында ел-жұрттан оқшауланып ғибадатхананың бір бұрышында күні-түні Раббысына құлшылық етуді әдетке айналдырды. Күндердің күнінде Алла Тағала оған Жәбірейіл періштені өте келісті де, нұрлы адам бейнесінде: «Ұл табасың», – деген сүйінші хабармен жіберді. Сөйтіп хазіреті Мәриям Алланың қалауымен және құдіретімен Иса пайғамбарға жүкті болды.

Міне, осынау ғибратты оқиға қасиетті Құранның Мәриям сүресінде былай баяндалады[1]:

« 16. (Мұхаммед,) Құрандағы Мәриямды айтып бер. Сол уақытта ол, тұрған үйінің шығыс жағындағы бір орынға жекеленіп барды.
17. Сонда олардың бер жағынан шымылдық ұстап қойған еді. Сондай-ақ оған рухымызды (Жебірейілді) жібердік те ол, оған толық адам бейнесінде көрінді.
18. (Мәриям): “Егер сен тақуа болсаң да сенен Аллаға сиынамын” деді.
19. (Рух): “Мен саған бір таза бала беруге жіберілген Раббыңның елшісімін” деді.
20. Мәриям: “Маған бір адам жұғыспаса, маған қалайша бала болады? Сондай-ақ суық жолда болмасам” деді.
21. (Жебірейіл): “Ол, солайша” деді. Өйткені, Раббың: “Бұл Маған оңай. Мен тараптан адам баласына бір үлгі әрі бір мәрхамет. Бұл біткен бір іс еді” деді.
22. Мәриям; ол балаға жүкті болып, соныменен ұзақ бір жерге кетті.
23. Сонда оны толғақ қысып, құрма ағашының түбіне барды да: “Әттең-ай! Мен бұдан бұрын өліп қана мүлде ұмытылып кеткен болсам еді” деді.
24. (Періште) оның астыңғы жағынан: “Кейіме, Раббың астыңнан бір бұлақ жаратты” деп дабыстады.
25. “Құрманың бұтағын өзіңе қарай сілк. Саған жас құрма түседі” (деген үн келді).
26. Ал енді же де, іш. Көз айым бол! Егер адамдардан біреу көрсең: “Аса қамқор Алла үшін ораза атадым. Сондықтан бүгін еш адаммен сөйлеспеймін” де.
27. Сонда баланы көтеріп еліне келді. Олар: “Әй, Мәриям! Расында сен өрескел бір нәрсе келтірдің” деді.
28. “Әй, һарұнның қарындасы! Әкең де жаман кісі емес, шешең де жаман жолда емес еді.”
29. Мәриям баланы көрсетті. Олар: “Бесіктегі бір бөбекпен қайтып сөйлесеміз?”,- деді.
30. (Бала): “Рас мен Алланың құлымын. Маған кітап беріп, пайғамбар қылды” деді.
31. “Сондай-ақ мені қайда болсам да құтты етті де, тіршілігім бойынша намазды, зекетті орындауға бұйырды.”
32. “(Мені) шешеме мейірімді етіп, бір зоракер және қиқар қылмады.”
33. “Маған туылған күнімде, өлер күнімде және тірілтіліп, тұрғызылатын күнім де амандық болады.”
34. Міне осы: Олар шүбәланған Мәриямұлы Иса жайындағы Алланың хақ сөзі.
35. Алланың баласы болуы мүмкін емес. Алла одан мүлде пәк. Ол, бір істің болуын қаласа, тек қана оған “бол” дейді. Сонда ол, бола қалады.
36. “Күдіксіз Алла, менің де Раббым әрі сендердің де Раббыларың. Онда Оған ғана құлшылық қылыңдар. Тура жол осы.”
37. Алайда, (яһуди, христиан) топтары өзара таласты. Қарсы болғандарға, ұлы бір күннің келуінде нендей өкініш.
»

Христиандықта

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сондай-ақ Болмыс кітабында. 3:15 жыланды жеңетін әйелдің ұрпағы туралы айтылады; бұл пәк туылу арқылы туылатын Мәсіхтің келуі туралы айтатын бірінші орын деп саналады.

« Жаратқан Ие жыланға былай деді: ... мен сені мен әйелдің арасына, сенің ұрпағың мен оның ұрпағы арасына дұшпандық қоямын. ол сенің басыңды, ал сен оның өкшесін шағасың. »

Иса Мәсіхтің туылуы туралы егжей-тегжейлі мәліметті евангелист Матай (Матай 1:18-25) мен Лұқа ғана береді:

« Сол күндері Цезарь Августтан бүкіл жер бетінде халық санағы жүргізу туралы бұйрық келді. Бұл санақ Кириниус Сирияның. Сондай-ақ Жүсіп Ғалилеядан, Назарет қаласынан Яһудеяға, Дәуіттің Бетлехем деп аталатын қаласына барды, өйткені ол Дәуіттің үйі мен әулетінен болғандықтан, өзінің күйеу балалы әйелі Мәриямға жазылды. Олар сонда болғанда, оның босанатын уақыты келді; Ол өзінің тұңғыш Ұлын босанып, оны орап, ақырға жатқызды, өйткені қонақ үйде оларға орын жоқ еді.

- Лұқа. 2:4—7

»

Императордың жарлығы бойынша, санақ жүргізуді жеңілдету үшін империяның әрбір тұрғыны өз руының шежіресі бойынша «өз қаласына» келуі керек еді. Жүсіп Дәуіттің ұрпағы болғандықтан және Мәриям Жүсіпке құда болғандықтан, олар Бетлехемге бет алды.

Иса туылғаннан кейін, оған ғибадат етуге келгендердің ішінде бірінші болып бақташылар періштенің пайда болуы арқылы бұл оқиға туралы хабардар болды.

Евангелист Матайдың айтуынша, аспанда ғажайып жұлдыз пайда болды, ол Магилерді нәресте Исаға алып келді. Олар сыйлықтар ұсынды - алтын, ладан және мирра; сәби ретінде емес, Патша ретінде (Матай 2:1-3). Осы уақытқа дейін Қасиетті отбасы «үйде» баспана тапты (екі жыл өткеннен кейін олар Назаретке қайтып оралған болуы мүмкін) және «бала» сөзі грек тілінде Исаға қатысты қолданылған. нәресте (Матай 2: 1-11).

Мәсіхтің дүниеге келгенін магиялардан біліп, оны құртқысы келген Яһудея патшасы Ирод екі жасқа дейінгі барлық нәрестелерді өлтіруді бұйырды. Алайда Мәсіх керемет түрде өлімнен құтқарылды, өйткені періште Жүсіпке отбасымен бірге Мысырға қашуды бұйырды, олар Ирод қайтыс болғанға дейін сонда тұрды (Матай 2:16).

Шамасы, алдымен Иса туылғаннан кейін 8-ші күні сүндеттелді (Лұқа 2:21), ал 40-шы күні Иерусалимдегі ғибадатханада құрбандық шалды (Лұқа 2:22-38), содан кейін ғана шамамен екі жылдан кейін магилерге табыну, содан кейін Мысырға ұшу, нәрестелерді қыру.

Пайғамбарлық келуі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Алла Тағала Мәриямұлы Исаға отыз жасында киелі төрт кітаптың бірі Інжілді түсіріп, оны Израиль ұрпақтарына ақырғы пайғамбар етіп жіберді. Исаның пайғамбар ретінде бір Аллаға сенуге шақырғаны Құранның Мәида сүресінде айтылады[2]:

« 72. Негізінде Мәсих: “Әй, Израиль ұрпақтары! Аллаға құлшылық қылыңдар! Менің Раббым; әрі сендердің Раббыларың! Өйткені, кім Аллаға ортақ қосса, расында Алла оған жаннатты арам етеді. Оның орны тозақ оты. Сондай-ақ залымдар үшін жәрдемші жоқ” деген. »

Бір деректе хазіреті Исаға бар-жоғы он екі-ақ адамның ергені айтылады. Құранда олар «хауарилер» деп аталған. Хауари сөзі «ақ», «ізгі» және «адал дос» деген мағыналарға саяды. Иса пайғамбардың хауарилері оған шын берілген аса сенімді әрі иманы берік жандар еді. Хақ пайғамбар оларды жан-жаққа жіберіп халықты хақ дінге шақырып отырған. Иса мен оның хауарилері арасында бір әңгіме Құранның Мәида сүресінде баяндалды[3]:

« 112. Сол уақытта Хауарилер: “Әй, Мәриямұлы Иса! Раббың бізге көктен бір дастархан түсіре ала ма?” деген еді. “Егер сенсеңдер, Алладан қорқыңдар” деді.
113. Хауарилер: “Біздің одан жегіміз келеді. Жүректеріміз орнықсын әрі сенің бізге шын айтқаныңды білейік. Сондай-ақ оған куә болушылардан болайық” десті.
114. Мәриямұлы Иса: “Я, Алла, Раббымыз! Бізге аспаннан дастархан түсір! Бұрыңғы, соңғымызға мереке әрі Сенен бір белгі болсын. Бізді ризықтандыр! Сен ризықтандырушылардың ең жақсысың” деді.
115. Алла: “Күдіксіз Мен, ол дастарханды түсіремін. Сонда, егер одан кейін сендерден кім қарсы келсе, шынайы түрде Мен оны дүниеде ешкімді азаптамаған азаппен азаптаймын” деді.
»

Бір деректе дастарқанның түскен күні жексенбі күні еді делінген. Кейіннен христиандар осы күнді мереке күні етіп жариялайды. Иса пайғамбардан кейін оның дінін әу баста осы хауарилер уағыздады. Алайда уақыт өте келе бұл діннің негізгі қағидалары кейінгі ұрпақтың қолымен барынша бұрмаланып, қатты өзгеріске ұшырады.

Мінез-құлқы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Мәриямұлы Иса Мәсіх

Мәриямұлы Исаның түр-тұлғасы жайлы Құранда еш нәрсе айтылмаған. Оның түр-тұлғасы әрі мінез-құлқы жайлы мәліметтер бізге Мұхаммед пайғамбардың хадистері арқылы жеткен. Онда Иса пайғамбар Мұхаммед пайғамбар секілді толық та емес, тым арық та емес, қысқа да емес, тым ұзын да емес орта бойлы, кең иықты, мығым денелі болғандығы айтылған. Сондай-ақ, оның көз-қарасы өткір болған. Шашы да Мұхаммедтің шашына ұқсаған тым қысқа да, өте бұйра да емес, тым ұзын да, өте жұмсақ та емес, сәл ғана бұйрасы бар, ұзындығы құлағының сырғалығын жауып тұратындай өте келісті болған. Саусақтары салалы еді. Өңі қызыл шырайлы аққұба, сондай келісті жан еді делінген. Ал оның басқа да қасиеттеріне келсек, Құранның Әли Имран сүресінде былай делінеді[4]:

« 45. Сол уақытта періштелер: «Әй, Мәриям! Расында Алла сені өз тарапынан бір сөзбен қуантады; оның аты Мәриямұлы Иса Мәсіх, дүние мен ақыретте беделді сондай-ақ Аллаға жақындардан болады» деді.
46. Бесікте және ержеткенде адамдарға сөйлейді. Әрі игілерден болады.
»

Кереметтері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ал кереметтері жайлы айтатын болсақ, негізі Мәриямұлы Исаның өмірге келуі де, көкке көтерілуі де керемет. Ол өзінің хақ пайғамбар екенін дәлелдеу үшін қауымына көптеген кереметтер көрсетті. Құранның Бақара сүресінде бұл жайлы былай айтылады[5]:

« 87. Және Мәриямұлы Исаға да мұғжизалар беріп, Жебрейіл арқылы қуаттадық. »

Мысалы, ол балшықтан құс жасап, сосын оған Алланың рұқсатымен дем үрлеп жан бітіретін. Сондай-ақ, оның заманы медицинаның өте күшті дамыған шағы еді. Ол өз заманындағы дамыған медицинаның шамасы келмеген дерттерге шалдыққан жандарды дертінен құлан таза айықтыра білді. Атап айтқанда, тумысынан зағип жандардың көзін ашатын. Алапестерді бір сипағаннан-ақ емдеп жазатын. Тіпті, Алланың қалауымен өлген адамның өзін қайта тірілтетін. Сондай-ақ, ол адамдарға ғайыптан хабар беретін. Адамдардың үйлерінде не ішіп, не жеп жүргендерін және жиған-терген мал-дүниелерін өз көзімен көргендей дөп басып айтып беретін болған.

Көкке көтерілуі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Мәриямұлы Иса Исрайыл ұрпақтарын үш жыл қатарынан ақиқатқа шақырып, хақ дінге үндегенде, оған бар болғаны ат төбеліндей бір топ адам ғана иман келтірді. Сондықтан да Исрайыл ұрпақтарының ішінде оның досынан дұшпаны әлдеқайда көп болды. Ақиқатқа жаны қас арам пиғылды дұшпандары оған үнемі қастандық жасаудың айла-амалын іздеді. Олар өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін Иса Мәсіхтің басына дүние тігіп, тұс-тұстан іздеу салғанда, хауарилердің бірі екіжүзділік танытып оны сатып кетті. Ол: «Ұстап бергенім үшін мұншама мал-пұл бересіңдер»,– деп, ақшасын алған соң, оларды пайғамбар отырған үйге бастап келеді. Есікті ашып: «Іздеген Исаларың осында»,– деп, босағадан бірінші болып аттап ішке кіреді. Иса олардың келетінін Хақ Тағаланың өзіне берген аяны арқылы алдын-ала білген-ді. Сол себепті ол дұға оқып Раббысына жалбарынып отырды. Раббысы оның дұғасын қабыл етіп: «Уа, Иса! Шүбәсіз сені бақиға аттандыратын олар емес, мына Менмін. Сені (жан-тәніңмен) Өз құзырыма көтеріп әкетемін және сені күпірлік қылғандардан құтқарып, пәк екеніңді айқындаймын. Сондай-ақ, қиямет-қайымға дейін соңыңнан ергендерді күпірлік қылғандардан үстем етемін. Содан кейін барлығың Маған қайтасыңдар. Сол кезде пәниде бір-біріңмен таласып-тартысқан мәселелеріңе қатысты араларыңда билік айтып, үкім шығарамын»,– дейді.

Әлгі екіжүзді ішке кіргенде, Жәбірейіл періште пайғамбарды өзімен бірге көкке көтеріп әкетеді де, әлгі сатқын Алла Тағаланың құдіретімен Иса пайғамбардың бейнесіне еніп, одан аумай қалады. Сөйтіп қандықол жауыздар үйге кіріп Исаның өзін емес, әлгі екіжүзді сатқынды бас салып ұстап әкетеді. Сонда ол жан дауысы шыға: «Мен Иса емеспін, мен сіздерді бастап келген адаммын ғой!»,– деп қанша жерден ақталса да, оның сөзіне ешкім құлақ аспайды. Осылайша олардың айқышқа керіп, әбден азаптап өлтірдік дегендері анығында Иса пайғамбар емес, оның бейнесіне енген екіжүзді сатқын еді.

Кейбір деректерде бұл екіжүздінің аты Яһуда, ал басқа деректерде Тайтанос еді. Олар Тайтаносты айқыш ағашқа керіп байлап өлтіргелі жатқанда, ол соңғы сөзін айтып: «Маған сенбесеңдер, қалтамды қараңдар. Берген ақшаларыңды көресіңдер»,– деп жалынады. Қандары қарайған топ оның сөзін елемейді де. Алайда, әбден қинап өлтіргеннен кейін, қалтасын қарағанда, расында да, өздерінің ұстатқан ақшаларын көріп қатты таңғалады. Сол кезде ғана істің мән-жайы-ның басқаша болғанын аңғарады. Дереу Тайтаносты іздей бастайды. «Ең алдымен үйге сол бастап кірді. Біз үйді тінтіп шыққанда, Исадан өзге ешкімді көрмедік. Егер ол анық Иса болғанда, бізге оны ұстап берген Тайтанос қайда кетті? Ал бұл Тайтанос болса, онда Иса қайда кетті? Ақша дар ағашына шегелеп өлтірген адамның қалтасынан шыққанына қа-рағанда ол Иса болмағаны ма? Сонда ол көкке ұшып кетті ме?», – деп, бастары қатады.

Құранның Ниса сүресінде бұл оқиға былай баяндалады[6]:

« 157. Тағы да; Алланың елшісі, Мәриямұлы Иса Мәсіхті өлтірдік!,- дегендіктері негізінде олар оны өлтірмеді де, аспады. Бірақ оларға ұқсатылды (Олар Исаға ұқсатылған біреуді өлтірді.) Расында, ол жайында қайшылықтағылар, әрине одан күдіктенуде. Олардың оған байланысты мәліметтері жоқ. Бірақ күмәннің ғана соңында. Олар оны анық өлтірмеді.
158. Олай емес, Алла оны өз тарапына көтерді. Алла өте үстем, хикмет иесі.
159. Кітап иелері, Исаға өлуінен бұрын әлбетте иман келтіреді. Және қиямет күнінде ол оларға куә болады.
»

Иса пайғамбардың дүниеге әкесіз келуі қандай таңғажайып болса, оның жан-тәнімен көкке көтерілуі де дәл сондай керемет. Мұсылмандардың сенімі бойынша көкке көтерілген пайғамбар күндердің күнінде Хақ тағаланың қалауымен жерге түсіп, жер-жаһанда бұрын-соңды болмаған лаң салып, бүлік шығарған бұзғыншы Дәжжәлге қарсы тұрып, тойтарыс береді. Бұған қоса бұзылған христиандарды тура жолға салады. Шоқынған айқыштарын сындырып, доңыз етін жеуге тыйым салып, оларды иманға, хақ дінге келтіреді. Бұл жайлы біраз сахих хадистер бар.

Алла Тағала Исрайыл ұрпақтарына жіберген соңғы елшісі Мәриямұлы Исаға Інжілді түсірді. Інжіл де әу баста ақиқатты жар салып, Исрайыл ұрпақтарын тура жолға үндеген иләһи кітап болатын. Алайда ол да Тәурат сияқты уақыт өте келе адам баласының қолымен бұрмаланып, көптеген өзгерістерге ұшырады. Бұған дәлел бүгінгі таңдағы христиандардың қолындағы Інжілдің алуан түрлі болып, бір-біріне ұқсамайтындығы.

Құранда сол әуелгі саф Інжілдің мынадай бес түрлі ерекшелігі баяндалған:

  • Ол тура жолдың қайнар көзі болған. Інжіл түскен шақта Исрайыл ұрпақтарының арасында ақида-сенім мәселесінде адасушылықтар, ауытқушылықтар көп кездесетін. Сондықтан да қасиетті Інжіл нағыз хақ сенімнің негізгі қағидаларын қамтыды;
  • Інжіл тұнып тұрған нұр еді. Өйткені ол адамдарды қараңғы зұлматтардан жарыққа шығарып, жүректерді иман нұрымен нұрландыратын;
  • Інжіл өзіне дейінгі иләһи кітаптарды, соның ішінде Тәуратты растады;
  • Інжіл күллі адамзатқа жіберілетін Алланың ақырғы елшісі хазіреті Мұхаммедтің келетінін сүйіншіледі;
  • Сондай-ақ, Інжіл тақуа жандарға насихатшы болды, онда адамдар үшін көптеген насихаттар мен өнегелер бар еді.

Құранның Ниса сүресінде Исаның дәрежесі жайлы былай айтылады:[7]

« 171. Әй, Кітап иелері! Діндеріңде артық кетпеңдер. Аллаға байланысты шындықты айтыңдар. Шынайы түрде Мәриямұлы Иса Мәсіх, Алланың елшісі әрі Мәриямға жалғастырған сөзі және Алла тарапынан бір рух. Ендеше Аллаға және елшілеріне сеніңдер. Әрі (Алланы) “үшеу” демеңдер, (одан) тыйылыңдар. Сендер үшін жақсы. Шынайы түрде Алла бір-ақ Тәңір. Ол – баласы болудан пәк. Көктердегі және жердегі нәрселер оған тән. Алла уәкілдікте жетік. »

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]