Постмодернизм
Постмодернизм (ағылш. postmodernism) — әуелде сәулет өнері саласында қолданыс тапқан атау болып, хатжүзіндік тіке мағынасы — "модерннен кейінгі", яғни "осызаманнан былайғы", "соны соңғы", "ең жаңа заман" деген секілді мағыналарды білдіреді. Бұл сөздің қазақша баламасы тұрақтанбаған, ортақ келісілмеген, кейбіреулер оны "соңғы-осызаманшылдық" деп атап көрді.
Сәулетте бұл ағым модернизмнен де көркем дегенді білдіреді. Ол көптүрлі өзге ағымдардың ерекшелігін өз бойына сіңірген, бір бойына барлық ерекшелікті қамтыған бес аспап ағым есептеледі. Кейіннен бұл ағым модернизімге қарсылық ретінде сурет, музыка, философия салаларында да қолданыла бастады және әсіресе философияда ықпалды "Постмодернизм" ағымы қалыптасты.
Постмодернизм түптеп келгенде модернизмге қарсылықтан туындаған. Ол Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Батыс Еуропалық ұлы қиялдың быт-шыт болуы себепті өз бойында тұрақтылық, заңдылық, ереже атаулыдан арылған жаңа ағымның пайда болуына түрткі болды.
Негізгі мазмұны
өңдеуПостмодернизм ағымына бірлікке келген біртұтас анықтама беру қиын. Тек бұл ағымнан кез келген қалыптасып қатып қалған түрлі өмір пішіндеріне қарсы тұрудай ортақ ерекшелік байқалады. Бұл ағымның жалғасу уақыты жөнінде де біркелкі пікір жоқ. Негізінен, 1970-1990 жылдар аралығы олардың дәурендеген мезгілі есептеледі. Кезекте, архитектура, әдеби сын, психоанализ, заңгерлік, педагогика, әлеуметтану, антропология, саясаттану қатарлы салалар өздерінің постмодернизмдік күйі туралы біршама жүйелі тұжырымдар жасады. Безендіру мен құрылымға қарата сыни көзғараспен қарау және қатып-семушілік пен табынушылыққа мазақтау мәмілесін ұстанатын олар арнаулы әдіспен белгілі бір идея мен жүйеге тастай бекінуге түбегейлі қарсылық көрсетеді. Бұл мағынада оны "Измсіздік" деп те атауға болады.
Олар көп түрлі өнердің тоғысуынан қалыптасқан ағым ретінде ең алғаш философияда және архитектурада көрініс тапты. Әсіресе 60 жылдардың архитекторлары адами мағынасы солғын халықаралық үлгі (International Style) атаулыға қарсы шығып, жүректілікпен жаңалық жасап, мағынасы ерекше, мазмұны көп өлшемді постмодеризмдік құрылыс жобасын сынақ етті.
Ал, философия саласында адами күйдің жаттанды үлгісінен босап, бәріне құрылымдық тұрғыда еркін қарайтын постмодернизмдік философиялық бейнелеу мәтінін сынақ етті. Олардың ең басты өкілдері Францияда өркендеген структурализм (құрылымшылдық) болды. Бүтіндікті бөлшектеп, қабықты сыдырып, жүйені ыдыратып, өзгешелікке, айқындыққа, бірегейлікке ие жаңа бүтіндік, жаңа жүйе сынақ етілді.
Әдеби сын саласындағыларға салыстырғанда қатал философтар постмодернизм терминіне келісе бермейді. Өйткені бұл ұғым тым бұлдыр, тым шұбалаңқы мағынаға ие. Мысалы, постмодернизмді феминизм, структурализм, кейінгі колониализм секілділермен шатастыратындар да бар.
Астары
өңдеуМодернизмді қабылдау дүниежүзілік ІІ соғыстан кейінгі қоғамдық тағдырға айналды. Адамзат өз қайсарлығымен мәдениетті қайта жалғап, индустрия (өнеркәсіп) төңкерісінен кейінгі ең үлкен қоғамдық өркендеуді бастан кешірсе де бәрібір қырғи қабақ соғысының саяси дағдарысқа толы абыржулы көңіл күйі адамзаттың жанын жаралады. Ал, постмодернизм мәдениеті заманның негізгі беталысына, сол беталыстарды туғызған негізгі ағымдарға қарсы тұрып, бір түрлі идеологияға тастай бекінген жалаң рационализмге төзбеді, дүниені Гегельдік жүйе бойынша қайшылықты екі бастамаға бөліп, қарама-қайшылық санасымен (біз және біздің жауларымыз) өмір сүруді құп көрмеді. Олар Советтік Марксизмге ғана емес, функционализм мен прагматизмге негізделген американдық мәдени тұрмыс үлгісіне де келіспеді.
Олар модернизмнің (замнауилық) алдындағы көне қоғамдық өмір тәсілдеріне қарата адамзаттық сағынышты көңіл күйді бейнеледі. Архитектурлар қала мәдениеті мен ауыл мәдениеті тұрмысын санасында салмақтап көріп, қазіргі индустриалды қоғам мен капитализм режимінің адамзатқа әкелген жақсы және нашар ықпалы туралы қайта ойлауға кірісті. Әрине, қазіргі заманауи тұрмыс дағдысының шеңберінен шыға алмайтынымыз анық, өткен заманның аталмыш «алтын ғасырларына» қайта алмайтынымыз белгілі. Ал, жаһандану көптеген жам��ндықтар туғызғанымен, бәрібір заманауи мәдениеттің алғабасар, ыңғайлы, мәнді тұстарын көнеге сағынышпен түгел теріске шығару мүмкін емес. Ойшылдар мен өнер иелері өз тараптарынан қазіргі заман мәдениетіне деген құштарлықтың сырын ашып көрсетуге тырысты.
Қазіргі адамзаттың көңіл ауанына жінтікті талдау жасап, құштарлықтың сырын анықтау әдісін ашқан және соны өзінше сынақ еткен -деконструкция ағымы болды. Дегенмен, деконструкция ағымының әрқандай пішінге тіл арқылы өтіп, идеялық тұрғыда деконструция жасауы ойдың тұрақсыздығына, білімнің баянсыздығына, әрқандай идеяны жүйелеу мен біркелкілеудің мүмкінсіздігіне апаратыны белгілі. Бірақ бұл парасатқа қарсылық емес, білімді күйрету үшін де емес, тіпті нигилизм секілді құндылықты жоққа шығару да емес, әңгіме түпнұсқаны табу үшін. Өйткені Жак Деррида идея мен білімнің өзіне қарсы шыққан жоқ, ол оның қалыбына, жүйесінің тар шанағына қарсы шықты. Әсіресе ұйымдасқан саяси күшке (идеологияға) айналып адамзатқа қарсы қылмыс жасаған идеяны "жәркемдеу" негізгі ұстаным болды. Ол біздің классикалық деген идеяларымыздың өзекті мағынасына фундаментализмдiк синтез жасап, мағынаның сыртқа кеңеюіне мүмкіндік ашты.
Сондай-ақ, деконструкциядағы құрылымсыздандыру, құрылымды сөгу дегеніміз герменевтиканың (болмысты тіл арқылы тану) тағы бір өзгерген түрі деуге болады. Тілді қолдану философиялық сөйлеудің міндетті тәсілі болған соң деконструкция мазмұны мен пішіні қабаттасқан тілді сөз мәтіні айтпақшы болған негізгі ойға ие болу үшін әсіре жіңішкелікпен құрылымдық бөлшектейді. Негізінен постмодернизм ағымы дәріптейтін сөз мәтінін оқу амалын Жак Деррида тапқырлаған жеке тапқырлық емес. 1970 жылдары деконструция ағымы АҚШ-қа тарақалған соң, Йель университетінің бірнеше ғалымы, Арасында Harold Bloom бар, еврей халқының сырлы кітабы Каббаланы зерттеуде арнайы бір мәтінді оқып түсіну амалы ретінде қолданылған. Әрине, постмодернизм бағытында деконструкция ағымы біршама күрделі бөлігі есептеледі. Деконструкция ілімінің қайнарында феноменология, Мартин Хайдеггер және шығыс философиясы жатыр. Әсіресе Хайдеггердің кейінгі философиялық ізденісінде көне қытай ойшылы Лао-цзы мен Чжуан-цзының ықпалы байқалады. Шығыстың сырлы ілімдеріне жеттіктер үшін деконструкция құпиясын ашу соншылық қиын болмайды.
Философияның беталыссыз күтуі
өңдеуНегізінен, постмодернизм философиясы логикалық ұғымдар мен құрылымдық пайымдауларға сене салмау/күдіктену позициясын ұстанады. Бұл позиция идея мен затқа және сыртқы түйсікке үміт арытпайды, өйткені олардың пікірінше ойлауда сыртқы жәрдем жоқ, тарихи тәжірибелерге сену қиын, мағынаның қайнары мен растығын да түсініп, анықтап тұрғанымыз шамалы, болашақта соны түсінеміз деген үміт те жоқ, ендеше сырттан алынған білімдерге сенімсіздік - табиғи нәрсе. Күдіктен басқа, олардың ойы рационалды ойлауды тоқтатқан, өзінде барға қанағаттанған күйде. Сондықтан олардың миында қазіргі заман ағартушылық идеяларының сөздері негізгі орында тұрғанымен, соны пайдаланып қарсы мағынада түсіндірулер жасаумен айналысады. Постмодернистер кейбір тұрақты ұғымдарға, мысалы, аудару, сатқындық, терістеу, тойтару, тосу, қарсы, бей..., жоқ..., секілді сөздерге жаңа мағына берумен айналысады.
Постмодернизмнің философиядағы бұзғыншылығы мен қарсы шығуы жұрт жағынан солай болуға тиіс құсап қабылданған. Дегенмен, Жак Деррида (1967, Of Grammatology) ескерткеніндей бұл әрине тілдік тұйық айналысқа ұрыну, логоцентризм мен дуализм жетегінде орындалатын тілдік құрылымды құрастыратын күшті ұмыту, постмодернизмді анық мақсатқа құрылған иммунитет ретінде елестету қателігі. Біз постмодернизмді шашыраңқы, кері кеткен күштердің өкілі ретінде таныған кезде, соған ілесе өзіміз де ой тепе-теңдігінен айырылып, ақылдың қарсы жағына өтіп, бүтіндікті постмодернизм дуализміне айналдырамыз. Бұл постмодернизмнің қателікке ұрынуы. Өкініштісі, өзіміздің әділетсіздігімізді таныған күнде де, бұл шындықты өзгертуге қабілетсізбіз және біздің тіліміз тарихи дәстүр тұрғысынан да, немесе әдеттегі біртұтастығы тұрғысынан да асып өтуге болмайтын шектемеге ие. Қолымыздан келері даралық еркіндігі көңілімен нақ майданда болмаудан туатын күдікті мәмілемен посмодерн дүниесіне талдау жасау, ештеңені арнайы күтпеген күйде өмір сүру.
Ағартушылықтан күдіктену жолы
өңдеуРене Декарт, Фрэнсис Бэконнан басталған ағартушылық (қазақта ол Абайдан басталды,) бойынша ақыл философиядағы ең құрметті орынға жайғасты. Ағартушылық алғаш басталған кезде эмпиристер (тәжірибешілдер) мен рационалистер (ақылшылдар) ортасында толассыз пікірталас өрбігені мәлім. Кейін Иммануил Кант бірбүтін желіге құрылған ақылдық ұғыну жүйесін жасады және өзі де ағартушылдардың тәжірибе мен ақыл бәрін белгілейді деген идеясына сын көзбен қарады, адамның априорлы (тумал) білу қуатының кемелсіздігін атап көрсетті. Гегельдің білу тарихының шектемесіне жасаған талдаулары мен білімнің бөгделенуі (білімнің адамды тізгіндеп, құл етуі) мәселесі туралы алғашқы пайымдары ақылдың құрметіне селкеу түсірудің басталуы болды. Ал, ақылға күдікпен қарау постмодернизмнің негізгі ерекшелігі болатын.
ХІХғ. соңында Фридрих Ницше көтерген иррационалды (бейақылдық) жүйенің ақылға шабуылы және содан кейін туындаған ақылға, дәстүрге, жүйеге, бүтіндікке қарсылығы постмодернизм ағымына жол ашты. Кейінгі бірер ғасыр бойы бұл әуеннің дауысы күшейіп, бәрі бірдей шырқайтын топтық хорға айналып үлгірді. Гегельді мұра еткен Франкфурт ағымы білімнің бөгделенуі мәселесін ары қарай қузады. Мұның нәтижесінде Герберт Маркузе секілді солшылдар найзасының ұшын өнеркәсіп қоғамы мен ғылым-техникалық алғабасарлықтан туған мәселелерге қаратса, Фуко секілді оңшылдар найзасының ұшын сөйлесу құқына қаратты. Кейін Гадамер жаңа герменевтикада тұрып тарих пен тілдегі ақиқат пен тәжірибені қайта түсіндірді. Сосын Хабермас осы аталған салаларда компромисстік ымыраластыру жолын сынақ етті. Ницшенің иррационализміне мұрагерлік етуге келгенде Делез, Фуко және неоницшеандық ағымдар бір бағытта тұрса, келесі бағытта Жак Деррида басталған Деконструкциялау ағымы тұрды.
Бөгделенуге қарсылық
өңдеуXX ғасырдың 40 жылдары франкфурт ағымы мүшелері Макс Хоркхаймер мен Теодор Адорноның айтуынша, ағартушылық дәуірінің алғашқы кезінен бастап ақыл екіге бөлінген екен: бірі адамзатқа көмектесіп надандық пен үрейді жеңетін гуманитарлық ақыл, енді бірі табиғат құбылыстарының сырын түсініп, өндіріске пайдасы тиетін құралдық ақыл. Екеуі каптитализм дамуының алғашқы кезінде біртұтас, өзара сәйкес болыпты. Бірақ ХІХ ғасырдағы өнеркәсіп төңкерісінің күшті серпінінде ғылым-терхникалық ақыл құралдық ақылдың орнын басып, гуманитарлық ақылмен бірге үстемдікке шығыпты, гуманитарлық ақылдағы еркіндік пен ғылым-техника біртіндеп кері айналып адам идеясы мен әрекетін, тіпті мәдени тұрмысын тізгіндеуге, адамды құралға айналдыруға қарай өтіпті. Сонымен, адам баласы рухани азғындау арқылы материалдық байлыққа берілетін болыпты да, бөгделену басталыпты. Бұл мәселеге қарата XX ғасырдың 60 жылдары іркес-тіркес екі философиялық ағым шыққан болатын. Бірі Маркузе дәріптеген, өнеркәсіп қоғамын аяусыз сынаған, ғылым-техникалық алғабасарлықтан пәле-қаза көрген солшыл ағым. Екіншісі Фуко қатарлылардың постструктуралистік ағымы. Олар оңшыл байсалдылықты дәріптеді, мәдениеттің тілдік құрылымын билеп төстеген қалыпсыз жағдайды бейбіт жолмен өзгерту үмітіне салынды. Бұларды постмодернизм аңсаған сол бір алғашқы арман деп түсіндіретіндер де бар.
Әсіресе бөгделену кино саласында айқын көрініс тапты. Кино саласында олар өздеріне үш міндет жүктеді: адам баласының бөгделенуін, рухани жұтаңдануын, құбыжықтануын көрсетіп, өнеркәсіп мәдениетінің адамның еркін рухын шіріткенін айыптау; сосын екіншіден, солшыл әсірешіл бағыттардың романтизмін мазақтап, жұртшылықты Қайта Ойлануға жетелеу; үшіншісі, бүтіндікті, ортақтықты терістеп, киноның дәстүрлі үлгісі мен қалыбын, тілі мен құрылымына өзгеріс сынағын жасап, киноның өзекті сөйлеу құқын тарқақтастырып, ойды шашыратып, жұртшылықтың рухани субъективтілігіне еркіндік беру.
Жаңа герменевтиканың ақиқат көзғарасы
өңдеуГерменевтикада Ханс-Георг Гадамердің көздегені ғылым-техникалық ақыл мен ғылыми әдістен асып түскен ақиқатты тәжірибеден өткізу болды. Ол ақиқат туралы білімді эстетикалық, тарихи және тілдік деп үш салада өрістетті. Тарих саласында Гадамер ақиқатты танудың екі маңызды ұғымын дәріптеді: бірі сыңаржақты пікір. Оның айтуынша біз дәстүр ішінде өмір сүреміз, уақыт-кеңістіктің еске сақтаумен өзара байланысына орай, біз қашанда болмыс дәстүріне (тарихилыққа) сыңаржақты пікір қалыптастырамыз, сыңаржақты пікір біздің бүкіл кешірмеміз бен бағамызды құрайды. Ал, түсіну өзін дәстүрлер легіне қойып, кеше мен бүгінді тоғыстырады, сондықтан түсіну сыңаржақты пікірді негіз етіп қалмастан, түсінудің өзі түрлі сыңаржақты пікірлерді толассыз тудыратын болады. Демек тарих бізді белгілеп қана қоймай, біз де (қалай түсінуіміз бойынша) тарихтың қалай болуын белгілейміз. Тағы бір маңызды ұғым көзаяның тоғысуы. Ханс-Георг Гадамер мәтін бойындағы автордың алғашқы көзаясы мен мәтінді оқуға кіріскен оқырманның қазіргі көзаясы ортасында үлкен айырмашылық болады деп есептеді. Уақыт, қашықтық, тарихи артқы көріністің ұқсамастығы туғызған айырмашылықты жою мүмкін емес. Демек, түсіну барысында екі түрлі көзая тоғысып, "тоғысқан көзаяны" қалыптастырады. Тарихтың қатысуы мен өз көзаясынан озуға негізделген талпыныс мәтінді оқу сынды ашылуға апарады. Ханс-Георг Гадамер бойынша тарих толық субъективті, не толық объективті нәрсе емес, өзімен басқаның бірлігі ретінде ол бір байланыстар жүйесі. Бұл байланыс тарихтың шындығы мен тарихты танудың шындығын қамтиды. Тарихтың шындығы постмодернизмдік кинода жұртшылық сезімі мен объективті тарихтың ұшырасуы болады. ... (жалғасы бар)
Тарихы
өңдеуПостмодернизм атауын тұңғыш рет 1914 ж. Хиберт Журналында (маусымдық Пәлсапалық талқы журналы) Ж.М. Томсон қолданған. Бұл мақалада постмодернизм атауы замандық Христан қоғамындағы нанымдар мен көзқарастардың өзгерісін көрсету үшін қолданылды. Кейіннен атау көркем өнер, саз, әдебиет қатарлы салаларда қолданыла бастады.[1]
Философия
өңдеуПостмодернизмдік майданға қатысқан философиялық пайымдар:
- Карл Маркстің капитализм тарихы және философияның ақырласуы туралы ойлары;
- Фридрих Ницшенің «Жаратушының өлімі» және Асқанадам идеясы;
- Мартин Хайдеггердің «постмодернизм декларациясы»;
- Ханс-Георг Гадамердің герменевтикасы
- Фуконың «адамның өлуі» туралы ілімі;
- Жак Дерриданың деконструкция ілімі;
- Ф.Лиотардың постмодернизм және метадискурсы»;
- Жан Бодрияр «Асқын симуляция»;
- Джеймсонның «посткапитализм мәдениетінің ішкі логикасы»;
- Юрген Хабермастың «модернизм мәңгі ақырласпайды» ілімі;
- Жиль Делез / Гваттаридің «капитализм және шизофрения»;
- Пол Фейерабендтің «Білім анархиясы»;
- Ричард Рортидің «шабыттандыру және тәрбиелеу философиясы»;
- Терри Иглтонның «көркемөнер теориясы»;
- Энтони Гидденстің жершарылану және постмодернизм туралы талдаулары;
- Людвиг Витгенштейннің «Үнсіздік» теориясы.
Дереккөздер
өңдеу- ↑ Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет. ISBN 9965-822-10-7
- George Ritzer, The Theories of Postmodernism, 2003. Постмодернизм теориясы
- Habermas, 1971, Knowledge & Human Interests, p4-14 Білім және адам құштарлығы
- Gadamer, 1975, Truth and Method. Ақиқат және әдіс
- Heidegger, 1962, Being and Time, Болмыс және уақыт