Үңгірқора
Үңгірқора қорымдары [1]- үйсін дәуірінің ескерткіштері.
Алматы облысы Іле өзеннің оң жағалауында орналасқан екі қорымды 1954 жылы Жетісу археологиялық экспедиция (жетек. К.Ақышев, Г.Кушаев) ашып, 1957 жылы екеуінде де қазба жұмыстарын жүргізді.
Үңгірқора-1 қорымы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Үңгірқора-1 қорымының құрамындағы 78 оба үш үлкен топқа бөлінеді (А, Б, В топтары).
Әр топтың ішіндегі обалардың өзі көлемі жағынан шағындау келген бірнеше шоғырланған топтарға бірігеді.
Планигр. ерекшелікке обалардың меридиан сызығымен тізбектеле орналасуы жатады. Пішіні жағынан дөңгелек, кейде сопақша келген обалар тас қиыршықтар аралас топырақтан үйілген, диаметрі 2 м-ден 14 м-ге дейін, биіктігі 1 м.
Көптеген обалардың үйінді етегінен айнала өтетін дөңгелек тас қоршаулары бар. Қазылған 17 обаның астынан ұзын бойымен батыстан шығысқа созылған қарапайым шұңқыр қабірлер ашылды. Ұзындығы 2,2 — 3 м, ені 0,8 — 1 м, тереңдігі 0,8 — 1,36 м болатын тік қабырғалы қабірлердің түбінде мүрделер ұзына бойымен басы күнбатысқа қарай шалқасынан жатқызылған. Қабір жабыны — бір қатар, кейде екі қатар салынған ағаш бөренелер. Кейбір қабірлердің ішінде де ірге бойларына бөренелер салынып, мүрде осы қорапшаның ішіне қойылған да, үстінен қайтара бөренелермен жабылған (қимаға жерлеу тәсілінің тым қарапайымданған түрі).
Мүрдемен бірге қабірге салынған заттай айғақтар арасында ең көп кездесетіні — түбі дөңес келген қыш ыдыстар.
Бұдан басқа қола айна, сырғалар, темір пышақтар мен түйреуіштер, тастан, пастадан жасалған моншақтар табылған. Қабірге, мүрде жанына қойдың құйымшақ сияқты құйрық жағынан мүше салу дәстүрі жиі кездеседі.
Ғалымдардың пікірі бойынша қорым үйсін дәуірінің б.з.б. 3 — 1 ғасырларды қамтитын ер��е, яғни “Қаратал” сатысына жатады.
Үңгірқора-2 қорымы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Үңгірқора-2 қорымы Үңгірқора-1 ескерткішінен Іленің ағысына қарсы жүргенде 2 км жерде. Мұндағы аумағы 150 — 200 м жерді алып жатқан барлығы 39 обаның негізгі тобы ретсіз, шашырай орналасқан да, тек шығыс бүйірдегі бөлектенген 6 обадан ғана меридиандық тізбек тәртібі байқалады. Топырақтан үйілген, пішіні дөңгелек, диаметрі 8 — 12 м, биіктігі 0,3 — 1,3 м болатын обалардың 17-сі қазылды.
Қабір түрі мен құрылымының, жерлеу тәсілі мен заттық деректердің басты ерекшеліктері Үңгірқора-1 қорымындағы обаларға ұқсас. Сонымен бірге мұндағы бір обадан бір емес екі қабір кездескен, енді бір обада бір қабірде екі адам жерленген. Сыртқы тас қоршауы бар обалардың азаюы, обалардың ретсіз орналасуы, түбі тегістеу келген ыдыстардың көбеюі, тағы басқа айырмашылықтардың негізінде зерттеушілер Үңгірқора-2 қорымын үйсін дәуірінің соңғы, яғни “Іле” сатысына (б.з. 3 — 5 ғасырлар) жатқызды.
Дереккөздер:
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |