Мазмұнға өту

Шәміл

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Шәміл

Шәміл (құм. Шамил, авар. Шамил; 1797, Дағыстан, Гимры ауылы — 1871, Сауд Арабиясы, Медине) — имам, Кавказ халықтарының Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі. Авар отбасында дүниеге келген. Мұсылман діни мектебінде тәрбиеленіп, араб әдебиетін жақсы меңгерді. Жас кезінде діни ұстазы Қазы-Магомедпен бірге Ресей отаршыларына қарсы тау халықтарын ғазауат соғысын жүргізуге уағыздады. Кейіннен Ғамзатбек екеуі патша әскеріне қарсы күресуші таулықтарға басшылық етті. 1834 жылы Ғамзатбек жау қолынан қаза тапқаннан кейін, имам болып тағайындалып, 25 жыл бойы Солтүстік Кавказды мекендеген тау халықтарының (аварлар, чешендер, тағы басқа) азаттық күресін басқарды (қ. Кавказ соғысы). Абайдың баласы Туралдың естеліктерінде Абайдың қазақтан басқа, өзге ел адамдарымен танысуы туралы былай баяндалады: «Патша үкіметімен алысып, каторгіге айдалып, Сібірден қашқан кавказдықтардың бірнешеуі Абайды табады. Бұлардың ішіңде Ш-дің баласы, Таштемірдің баласы деген адамдардың да Абай қолына келіп, ат мініп, жолдарына кіре пұл алып кетіп жүргендері болған. Абай Таштемірдің баласын бір жаз бойы қонақ етіп, аттандырған деседі. Бұл естеліктер М. О. Әуезовтің мұражай қорында сақтаулы. Ол патша әскерлерімен соғыста ірі-ірі жеңістерге қол жеткізді. Дегенмен, күш тең болмады. Патша әскерінің тынымсыз қудалауы, ішкі әлеуметтік жағдайдың шиеленісуі, халықтың соғыс пен қайыршылық тұрмыстан шаршауы, азық-түлік дағдарысы, жергілікті билеушілердің сатқындық жолға түсуі азаттық қозғалысын әлсіретті. 1859 жылы Шамиль Гуниб ауылында қоршауда қалып, 26 тамызда тұтқынға алынды. Шамиль отбасымен Калугаға жер аударылды. Сөйтіп, Ресей империясы орасан зор әскери және экономикалық күш жұмсаудың арқасында Солтүстік Кавказ халықтарын бағындыруға қол жеткізді. 1870 жылы Шамильге Меккеге баруға рұқсат берілді. Шамильдің өмірі мен ерлік күресі тек тау халықтарына ғана емес, дүние жүзіне аңыз болып тарады. Ол жөнінде көптеген ғылыми-зерттеу еңбектер, әдеби шығармалар жазылған. Соның ішінде қазақ ақыны Абайдың ұлы Мағауия да “Шәміл” атты поэма жазды. [1]

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ Энциклопедиясы, 9 том 18 бөлім