Мазмұнға өту

Сьюзен Зонтаг

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Сьюзен Зонтаг
ағылш. Susan Sontag
Туған кездегі есімі

Сьюзен Розенблатт

Туған күні

16 қаңтар 1933 (1933-01-16)

Туған жері

Нью-Йорк, Нью-Йорк, АҚШ

Қайтыс болған күні

28 желтоқсан 2004 (2004-12-28) (71 жас)

Қайтыс болған жері

Нью-Йорк, Нью-Йорк, АҚШ

Азаматтығы

 АҚШ

Мансабы

жазушы, философ, сыншы, сценарийші

Шығармашылық жылдары

1959 — 2004

Жанры

роман, эссе, әңгіме, көсемсөз

Шығармалардың тілі

ағылшын

http://www.susansontag.com/

Сьюзен Зонтаг (кейбір жерлерде Сонтаг делінеді; ағылш. Susan Sontag, шын тегі — Розенблатт; 16 қаңтар 1933, Нью-Йорк28 желтоқсан 2004, Нью-Йорк) — американдық жазушы, әдебиет, өнер, театр және кино сыншы, пәлсапашы, сценарийші, театр және кино режиссері, ұлттық және халықаралық жүлделердің иегері.

Зонтаг 1933 жылы 16 қаңтар күні Нью-Йорк қаласында дүниеге келді. Оның ата-бабасы XIX ғасырда АҚШ-қа көшіп келген Польша мен Литвадан шыққан еврей болған. Шын тегі — Розенблатт, Зонтаг деген текті анасы екінші рет үйленгеннен кейін алған. Балалық шағында тек кітаптармен дос болған.

Ол 15 жасында Беркли (Калифорния) университетіне (1948—1949) оқуға түсті. 1951 жылы Чикаго университетінде өнер бакалаврын тәмамдады (Кеннет Бёрк ұстазы болған). Мұнда жас оқытушы-әлеуметтанушы Ф.Рифпен танысып, кейін екеуі үйленді (1952). Оның жалғыз ұлы Давидтің әкесі де осы — Риф.

Отбасы Бостонға қоныс аударды. Зонтаг сондағы Гарвард университетінде ағылшын әдебиетін оқып, 1954 жылы философия магистрі атанды. Зонтаг дәл сол кездерде классикалық философтардың жұмысын оқиды. 1957 жылы Оксфордта оқып жүріп, сексизм мәселесіне тап болады. Сондықтан көп ұзамай Парижге көшті. Ол онда «Парижге шолу» (Paris Review) атты журнал төңірегінде топтасқан американ зиялыларымен танысты. Француз кинематографиясы, пәлсапаны көп оқып, көп жазды.

1958 жылы 26 жасында Америкаға оралды. Күйеуімен ажырасып, баласымен жалғыз қалды және күйеуінің қандай да қаржылай көмегінен бас тартты. 1950 жылдардың соңы мен 1960 жылдардың басында АҚШ-тағы бірқатар колледж бен университетте философия пәнінен оқытушы болды. Тіпті Колумбия университетінде оқытты. Бірақ кейінірек академиялық мансабынан бас тартты. 1960 жылдардың басында Нью-Йоркке көшіп, «Комментарий» (Commentary) деп аталатын журналда редакторлық қызметпен айналыса бастады.

Зонтагтың қалған өмірі Энни Лейбовиц есімді адаммен байланысты болды. Олар 1989 жылы түсірілім кезінде танысқан. Оларды Сьюзен Зонтагтың өлімі айырды. Ол 2004 жылы 71 жасында аққан ауруына шалдығып, дүниеден өтті. Зонтагтың бүкіл соңғы суреті, соның ішінде өлім алдындағы суреті де осы Лейбовицке тиесілі.

Әдеби шығармалары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Зонтагтың әдебиет саласындағы дебюті 1963 жылы шыққан «Жарылқаушы» (Benefactor) романы еді. Бірнеше беделді американ журналдарына мақаласы шықты. Алайда ол «Партизан Ревью» журналындағы «Кэмп туралы жазбалар» мақаласынан кейін ғана танымал бола бастады. Ол мұнда «кэмп» деп аталатын жаңа ұғым кіргізді. «Кэмп» — тұрпайы және эстетика жағынан көріксіз материалды суреттеу құралы ретінде қолдану. Одан кейінгі екі эссе жинағы Еуропа және АҚШ-тағы әдеби көші туралы. «Интерпретацияға қарсы» (Against Interpretation, 1966) және «Көз жеткісіз еріктің мысалдары» (Styles of Radical Will, 1969) деген заманауи мәдениеттегі шектің этикалық мағынасы туралы шығармалары оның беделін асқақтатты. Одан кейін оның анағұрлым танымал кітабы «Сурет туралы» кітабы (On Photography, 1977) шықты.

Зонтаг бір жылдан соң «Метафора ауру түрінде» (Illness As Metaphor, 1978) және «Мен және басқалары» атты әңгімелер жинағын шығарды. Одан кейін Иосиф Бродскийге арналған «Сатурн белгісімен» (Under the Sign of Saturn, 1980) атты тағы шығармасы шықты. Оған жауап ретінде Бродский алғашқы «Венециандық шумақтарын» Зонтагқа арнады. Кейін оның «Таңдаулы» кітабының томы, сондай-ақ «ЖИТС және оның метафоралары» (AIDS and Its Metaphor, 1989) атты еңбегі шықты.

1989 жылы Американдық ПЕН-Орталықтың президенті етіп сайланды.

Оның бұдан бөлек «Жанартау табынушысы» (The Volcano Lover, 1992), «Америкада» (In America, 1999) атты романдары, «Екпін қайда түседі» деген эссе кітабы (2001), «Өзгелердің қасіреті» (2003), «Қазір: эссе және сөз сөйлеу (2007) деген эссе кітаптары бар. «Кереуеттегі Алиса» (Alice In Bed, 1992) пьесасы ең алғаш 2000 жылы сахнаға шықты. Суретші Энни Лейбовиц екеуінің «Әйелдер» (Women) атты кітабы басып шығарылды.

Одан бөлек ол бірнеше фильмде әрі режиссер, әрі сценарийші болған: «Мейірімсіздер дуэті» (Duet For Cannibals, 1969), «Карл аға» (Brother Carl, 1971), «Уәде етілген жер» (Promised Lands, 1974) және «Жалғыз саяхат» (Unguided Tour, 1983). Бірнеше рет кино әлемінде де бой көрсетті (Вуди Алленнің «Зелиг» фильмінде). Театрда сахна қойған: 1993 жылы жазда Сэмюэль Беккеттің «Годоны күту» драмасын қоршауда тұрған Сараево сахнасында көрсетті. Кейінірек 2010 жылы осы Ұлттық театр алдындағы алаңға Зонтагтың атын берді.

Зонтагтың әдеби қызметінде әдеби сындары ерекше орын алады. Оны академиялық зерттеу кеңістігімен үнемі байланыста, бірақ ол кеңістікке кірмейтін либералды аналитиканың ең маңызды өкілі деп атауға болады. Ресми зерттеулер мен әдеби шығармалары арасындағы кеңістік Зонтаг мәтіндеріндегі аналитикалық көркем сын форматының орнығуын көрсететін құбылыс. Оның ең маңызды сыни шығармаларының қатарында «Кэмп туралы жазбалар» (1964), «Интерпретацияға қарсы» (1966), «Өзгелердің қасіреті»[1] және «Сурет туралы»[2] эсселер жинағы бар.

Екатерина Васильева[3] есімді өнертанушы Зонтагтың шығармашылығын былай бағалайды: «Зонтаг суреттің генетикалық анализін маңызды деп таппағандардың бірі: оны стилдердің даму үздіксіздігі, мектептердегі дәстүр, техникалық жаңалықтардың шығуы қызықтырмады. Ол осы ұстанымды өзге де эсселерінде қолданды: оны бәрінің назарынан тыс қалған, ұмытылған нәрселер қызықтырды». Оның сыни жұмыстарындағы ұстанымдарының сипаты — онша маңызды емес затқа классикалық өнер тарихы тұрғысынан жүгіну[4]. Оны қызықтырған мәселелер — сурет теориясы, әлі анықталмаған және әдейі анықталмаған[5] тақырыптар, көпшіліктің талғамы, этика және документал бейненің ерекшеліктері. Сюзан Зонтагтың сыни еңбектеріндегі басты тақырыптардың бірі қайғылы кейіпкер болып қала береді[6].

Жүлде мен марапат

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сьюзан Зонтаг — көптеген жүлде мен құрметті атақ иегері. «Сурет туралы» кітабы үшін Монтаг сын саласындағы әдеби сыншылар үйірмесінің Ұлттық сыйлығына ие болды (1978). Италияда Курцио Малапарте жүлдесімен марапатталды (1992). Ол екі рет Француз өнер және әдебиет орденімен марапатталды (1984, 1999). Америка өнер және әдебиет академиясына сайланды (1993). Иерусалим жүлдесі (2001) мен әлем сыйын (2003) жеңіп алды. Германиядағы ең беделді әдеби сыйлық - неміс кітап сату биржа қауымдастығының «еркін ойдың қадір-қасиетін жақтағаны» үшін сыйын алды (Майндағы Франкфурт, 2003).

Оның роман жазушы ретіндегі мансабы 2000 жылы «Америкада» (1992) тарихи романы үшін АҚШ-тың Ұлттық кітап сыйлығына ие болған кезде өркендеді. Оның өмірінің соңында алған соңғы жүлдесі — Астурия ханзадасының әдебие сыйы. Ол оны ислам феминисі Фәтима Мерниссимен жеңіп алды (2003). Оның соңғы кітабы — «Өзгелердің қасіреті» (Regarding the Pain of Others) атты зерттеуі.

Сьюзан Зонтаг экранда (таңдаулы фильмдер)

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Galaxie (1966, Грегори Маркопулос, документал)
  • Vive le cinéma (19721973, документал телесериал)
  • Town Bloody Hall (1979, Крис Хегедюш, Д. А. Пеннебейкер, документал)
  • Зелиг (1983, Вуди Аллен, камео)
  • Mauvaise conduite (1984, Нестор Альмендрос және Орландо Хименес Леаль, документал)
  • Do Not Enter: The Visa War Against Ideas (1986, Роберт Рихтер және Кэтрин Уорноу, документал)
  • Поэттің жадында/ The Poet Remembers (1989, Ян Немец, телевизиялық документал)
  • Joseph Cornell: Worlds in a Box (1991, Марк Стоукс, телевизиялық документал)
  • Campus, le magazine de l'écrit (20012006, документал телесериал, 2003 )
  • Die Liebhaberin des Vulkans — Mit Susan Sonntag in New York (2003, Бригитта Асхофф, телевизиялық документал)
  • Мінсіз Уилсон/ Absolute Wilson (2006, Катарина Отто-Бернштейн, документал)
  • Германия 09 (фильм)

Сұхбат, күнделіктер, қойын дәптері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Poague L.E. Conversations with Susan Sontag. Jackson: University Press of Mississippi, 1995
  • Reborn: journals and notebooks, 1947—1963/ David Rieff, ed. New York: Farrar, Straus and Giroux, 2008

С. Зонтагтың кітаптары (орыс тілінде)

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]