Мазмұнға өту

Көкшетау қыраты

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Көкшетау қыраты

Бурабай тау массиві
Сипаттамасы
Тау жүйесі

Сарыарқа

Пайда болған кезеңі

Архей, протерозой, палеозой

Ұзындығы

400-450 км

Ені

200-250 км

Ең биік шыңы

Көкше

Биіктігі

947 м

Орналасуы

53°00′00″ с. е. 69°00′00″ ш. б. / 53.00000° с. е. 69.00000° ш. б. / 53.00000; 69.00000 (G) (O) (Я)Координаттар: 53°00′00″ с. е. 69°00′00″ ш. б. / 53.00000° с. е. 69.00000° ш. б. / 53.00000; 69.00000 (G) (O) (Я) (T)

Елдер

 Қазақстан, Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан облысы

Көкшетау қыраты (Ақмола облысы)
Көкшетау қыраты
Көкшетау қыраты (Солтүстік Қазақстан облысы)
Көкшетау қыраты

Көкшетау қыратыСарыарқаның солтүстігіндегі аласа таулы белесті жүйе.

Географиялық орны

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ол солтүстігінде Солтүстік Қазақстан жазығымен, шығысында Сілеті жазығымен, оңтүстігінде Атбасар жазығымен және Есіл өзенінің аңғарымен, батысында Торғай Үстіртімен шектеседі. Батыстан шығысқа қарай 400 – 450 км-ге, солтүстіктен оңтүстікке қарай 200 – 250 км-ге созылған. Орташа биіктігі 350 – 400 м, ең биік жері – Көкше тауы (947 м).

Жер бедері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қырат көптеген жеке аласа таулар мен шоқылардан, төбелерден тұрады. Олардың бастылары: Көкше тауы (947 м), Жақсы Жалғызтау (729 м), Зеренді (653 м), Имантау (621 м), Сандықтау (626 м), Жыланды (609 м), Жақсытүкті (593 м), Байөтер (551 м), Айыртау (555 м), Елікті (502 м), Домбыралы (471 м), т.б.

Геологиялық құрылымы мен пайдалы қазбалары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қырат архей мен протерозойдың көне жыныстарынан (гнейс, кварцит, филлит, кристалды тақтатастар, т.б.) түзілген. Шығыс жағы төмен палеозойдың эффузивтік шөгінді қатпарлы қабаттарымен көмкерілген. Көкшетау қыраты аумағында кварцтық-желілік алтын, темір, таскөмір және қоңыр көмір кен орындары бар.

Климаты континенттік. Қаңтардың орташа температурарасы –18°С, шілденікі 19°С. Жылдық жауын-шашын мөлшері 400 мм.

Қыраттан Есілдің көптеген оң салалары: Қалқұтан, Боқсық, Аршалы, Жабай, Қызылсу, Аққанбұрлық, Иманбұрлық, солтүстікке қарай Қамысақты, Шағалалы, шығысқа қарай Сілеті өзендері бастау алады. Көкшетау қыратының тауаралық ойыстары көлге бай. Тұщы көлдер: Имантау, Жақсы Жалғызтау, Зеренді, Айдабол, Бурабай, Шортан, Үлкен және Кіші Шабақты, Қатаркөл, Итемген, Шошқалы, т.б. Ащы көлдер: Қалмақкөл, Мамай, Салқынкөл, т.б.

Көбінесе аласатаулы-орманды және аласатаулы қаратопырақты болып келеді. Қарағай, қайың, терек, тал, т.б. бұталар аралас орман, дала белдеміне тән әр түрлі шөп өседі. Өзен жайылмаларын, көл жағаларын шалғындық өсімдік жапқан. Көкшетау қыратында ұлттық-табиғи саябақ ұйымдастырылған. Одан басқа қорықшалар, аң аулау шаруашылығы жұмыс істейді.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, V том