Мазмұнға өту

Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Кенесары Қасымұлы

Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс (1837–1847 жылдар аралығы) — қазақтардың патша үкіметіне қарсы барынша бұқаралық және ұзаққа созылған көтерілістерінің бірі болды.

Көтерілістің себептері, мақсаты және қозғаушы күштері

XIX ғасырдың 20–30 жылдарында отаршыл үкімет билігі мен қазақ халқының арасындағы қарым-қатынас елеулі түрде шиеленісе түсті. Біріншіден, Кіші жүз бен Орта жүздегі хан билігінің жойылуы сұлтандардың, билердің және батырлардың едәуір бөлігінің наразылығын туғызды. Екіншіден, патша үкіметі қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі жерлерін әскери бекіністер салу үшін жаппай тартып ала бастады. Үшіншіден, бұрын Ресейге ешқандай алым-салық төлеп көрмеген қазақтарға ендігі жерде жасақ, түтін салығы, жол салығы сияқты алым-салық түрлері көбейе түсті, қазақ өз жерін өзі жалға алып, пайдаланатын күй кеше бастады. Төртіншіден, патша үкіметінің әскери отрядтары қазақ ауылдарына шабуыл жасап, күн көрсетпеді. Осының бәрі байырғы жергілікті халықты (номадтарды) қатты күйзеліске ұшыратты, олардың күн көрісін қиындатып жіберді.

Көтерілістің басты мақсаты қазақтардың патша үкіметі тартып алған ежелгі жерлерін өздеріне қайтарып алу, округтерді тарату, отаршылар енгізген алым-салықтарды жою еді.

Көтерілістің қозғаушы күші қатардағы қарапайым көшпелілер, сондай-ақ старшындар мен би, батырлар, тіпті сұлтандар да болды. Көтерісшілердің қалың қолына үш жүздің атақты батырлары жетекшілік етті.

Көтеріліске қатысушылар негізінен қазақ халқы еді. Бірақ олардың арасында орыстар мен башқұрт, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, тіпті поляктар және басқа халық өкілдері де болды. Олардың кейбіреулері ханның ерекше сенімі мен құрметіне ие болып, жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Мәселен, Кенесарының өзінің хатшысы бұрынғы орыс солдаты болды. Наурызбай сұлтанның атқосшысы да Николай Губин есімді орыс еді. Татар Әлім Ягудин Әскери кеңестің мүшесі болатын. Дипломатиялық қызметке ханның атынан өзбеқ Сейдаққожа Оспанов басшылық етті". Бұлардың бәрі де Кенесарыға жақсы ұйымдастырылған тәртіпті әскер құруына көмектесті және көтерілісшілерге өздерінің жеке тәжірибелерін үйретті.

Кенесары Қасымұлы - аса көрнекті мемлекет қайраткері

1837 жылы Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс басталды. Ол Қазақстандағы ірі көтерілістердің бірі еді. Оған үш жүздің қазақтары түгел қатысты. Кенесары тарих сахнасына өзінің ұлы бабасы Абылай ханның ісін жалғастырып, алға алып барушы ретінде шықты.

Сұлтан Кенесары 1802 жылы дүниеге келген. Ол Қасым сұлтанның бел баласы, Абылай ханның туған немересі еді. Көтерілістің болашақ басшысы Кенесары бала кезінен-ақ ат құлағында ойнады, құралайды көзге атқан мерген болды. Қанжығасы қанды ғажайып аңшылығымен, қара қылды қақ жарған әділдігімен, ерік-жігері, қажымас қайратымен және жүрек жұтқан батылдығымен, қайтпас қайсар қаһармандығымен тaнылды. Оның бойында ұйымдастырушылық және әскери қолбасшылық таланты мол болатын. XIX ғасырдың орта кезіндегі орыс зерттеушілерінің бірі Л. Майер «Кенесарыға көзсіз ерлік тән еді» деп жазды.

Замандастарының сипаттауына қарағанда, ол ашық жүзді, орта бойлы және жауырыны қақпақтай төртпақ тұлғалы болған. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын, өзін-өзі аса байсалды ұстай білетін. Әңгімелескен адамының пікіріне әрқашан мұқият назар аударатын. Қонақжай қасиеті ерекше күшті еді. Әкесімен және ағаларымен бірге жүрген кездерінде олардан қолбасылық тәжірибесін едәуір үйреніп алған болатын.

Көтерілістің басталуы

Көтеріліс Кенесарының патша үкіметінің саясатын жарамсақтана қолдаған жексұрын сұлтандар мен билердің ауылдарын шауып алудан басталды. Ол шекара шебіндегі бекіністерге де, патша үкіметінің әскери жасақтарына да жиі-жиі шабуыл жасап тұрды. Мәселе, 1837 жылдың аяқ кезінде Кенесары хорунжий Рытовтың отрядын тас-талқан етіп жеңіп шықты. Ол отрядтың құрамында 6 урядник және 48 сібір қазағы болатын. Олар Петропавлдан Ташкентке бара жатқан сауда керуенін күзетіп бара жатқан еді.

Кенесары 1838 жылы өзінің адамдарын Батыс Сібір генерал-губернаторына жіберіп, оған арнайы хат жолдады. Хатында Ақтау бекінісі мен Ақмола приказын жоюды, Омбыда тұтқында отырған өз адамдарын түгел босатуды талап етті. Генерал-губернатор Кенесарының адамдарының барлығын да саптағы мың солдаттың арасынан өткізіп, дүре соқтырды. Олардың әскерге жарайтындары тұрақты армия қатарына алынып, қалғанд��ры Шығыс Сібірге жер аударылды. Генерал-губернатордың бұл қылығы Кенесары сұлтанның ашу-ызасын келтіріп, көтерілісті бастап жіберуін тездетті. Ол старшина Симоновтың әскери жасақтарына өлтіре соққы беріп, көптеген қару-жарағы мен оқ-дәрісін тартып алды. 1838 жылы Кенесарының сарбаздары Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының ауылдарына шабуыл жасады, оның 12 мыңға жуық жылқысын айдап әкетті. Ақмола төңірегіндегі бекіністер тұрғындарының 2,5 мың малы қоса кетті. Сұлтан Кенесарының туған қарындасы Бопай бастаған сарбаздар Көкшетау округының ауылдарына шабуыл жасады.

Кенесары жасақтарының белсенді әскери іс-қимылы 1838 жылдың тамыз айында басталды. Ол Ақмола бекінісіне таяу ірі елді мекенді алты күн бойы қоршауда ұстап, өртеп жіберді. Ақмола бекінісі мықты қорғалатын. Бекіністің төңірегіне терең ор қазылып, оған жете беріс жерлерге күшті кедергі-тосқауылдар қойылған болатын. Ақмола бекінісін аға сұлтан Қ. Құдаймендіұлы мен әскери старшина Карбышев бастаған отряд қорғады. Кенесары шабуылды 1838 жылдың 7 тамызында таң саз бере бастады. Оның сарбаздары бекіністі өрт шығаратын жебелермен атқылады. Бекініс өртке оралды. Кенесарының даңқты батырларының бірі Басықара бекіністің ішкі жағасынa баса-көктеп кіріп барып, сұрапыл ұрыс салды. Ол осы шайқаста ерлікпен қаза тапты. Бекініске Ағыбай, Иман, Бұқарбай батырлардың сарбаздары басып кірді.

Орынбор губернаторы В. Перовский мен Батыс Сібір губернаторы П. Горчаковтың арасында Кенесарыға қарсы қалай күрес жүргізу жөнінде өзара келіспеушілік пайда болды. В. Перовский Кенесарыға қарсы күресті бейбіт келіссөздер арқылы да жүргізу керек десе, П. Горчаков әскери күш қолданып, көтерілісшілерді аяусыз қырып-жою жоспарынан танбады. Орынбор губернаторы 1840 жылы патша үкіметінің Кенесарыға кешірім жасауына қол жеткізді. Кенесарының тұтқынға алынған туған-туыстарының барлығы да түрмеден босатылды. Арада уақытша бейбіт келісім кезеңі басталды

Қазақ хандығының қалпына келтірілуі

1841 жылдың қыркүйек айында үш жүздің өкілдері бас қосқан жиында Кенесары Қасымұлы хан сайланды. Сөйтіп Қазақ хандығы қалпына келтірілді. Патша үкіметі бұл жайсыз хабарды өте өкініш сезімімен естіп-білді. Ендігі жерде Кенесары бастаған көтеріліс ұйымдасқан сипат ала бастады. Ұлт-азаттық күресті табысты жүргізу үшін Кенесары хан бір орталықтан басқарылатын мемлекет құрды. Оны ханның өзі басқарды. Ханның жанынан жоғарғы кеңесші орган - өзіне барынша адал берілген батырлардан, билерден, сұлтандар мен жақын туыстарынан тұратын арнайы Кеңес құрылды. Кенесары хандықты өзінің сенімді адамдары - жасауылдар арқылы басқарды. Жасауылдар сот ісімен, шаруашылық мәселелерімен, дипломатиялық жұмыстармен, алым-салық жинаумен және әскери істермен айналысты. Жасауылдар сонымен қатар орталық өкімет билігі берген нұсқаулардың мұқият орындалуын, мал жайылымдарының дұрыс бөлініп, тиімді пайдаланылуын бақылады, халықтың көңіл күйін де қадағалады. Хан билігі қызметінің оңды нәтижелері ретінде оның қол астындағы халық арасында алауыздық пен барымта алу жойылды.

Ханның алым-салық және сауда-саттық саясаты

Кенесары ең апдымен алым-салық төлеудің тәртібін ретке келтірді. Мал өсірушілер — зекет, ал диқандар - ұшыр төлейтін болды. Патша әскерлерімен соғысты одан әрі жалғастыру қосымша материалдық және қаржы шығындарын қажет етті. Сондықтан алым-салықтың да қосымша түрі енгізілді: халықтан киім-кешек, қару-жарақ, ат әбзелдерін жинау қолға алынды. Салық жинауда халықтың жағдайы жеке-жеке ескерілді. Меншігінде малы 40 бастан аспайтындар алым-салықтан босатылды. 40-тан 100 басқа дейін малы барлар бір малдан, ал 100 бастан артық малының әрбір 40 басына бір малдан төлеп тұратын болып белгіленді.

Диқандар өздерінің өндірген өнімінің оннан бір бөлігін төлеуге міндетті болды. Көтеріліске деп жиналған астықты патша үкіметі жиі-жиі тәркілеп кетіп жүрді. Тәуекел етіп, көтерілісшілерге астық апарып сатқандар жазалаушы әскердің қаһарына ұшырады. Сондықтан да Кенесары қазақтардың егіншілікпен айналысуын қатты қолдады. Көпестердің сауда керуендерінен алынатын баж салығы едәуір табыс беретінін ескерген Кенесары ондай керуендерді тонауға тыйым салды. Сауда керуендерінің толық қорғалуын қамтамасыз етті. Керуенбасыларын жеке өзі қабылдап та отырды. Баж салығын төлеуден жалтарғандарға қосымша салық салынды. Баж салығынан түскен қаржыға Орта Азия базарынан қару-жарақтар мен оқ-дәрі сатып алынды.

Қарулы күштердің құрылуы

Кенесары 20 мың сарбаздан тұратын әрі жауынгерлік қабілеті күшті тұрақты әскер жасақтай алды. Кенесары әскері жүздіктер мен мыңдықтарға бөлінді. Ерлігімен ерекше көзге түскен сарбаздардың қатарынан жұзбасылар мен мыңбасылар тағайындалды. Кенесары құралайды көзге ататын мергендерден іріктеп, мергенбасы басқаратын ерекше жасақ құрды. Орыс армиясының үлгісі бойынша хан өз әскерлеріне ерекше айырым белгілерін енгізді.

Хан сарбаздарынан шайқас тактикасы мен әскери өнердің амал-тәсілдерін меңгеруді талап етті. Көтерілісшілерді әскери өнерге үйретумен орыстың, татардың және башқұрттардың бұрын тұрақты орыс армиясында қызмет еткен тәжірибелі солдаттары айналысты. Хан армияда қатаң тәртіп орната білді. Мәселен, сатқындық жасаған немесе әскери күзетте ұйықтап қалған сарбаздар өлім жазасына кесілді. Әскери тәртіпті бұзғандар қатаң жазаланды, қару-жарақ арнайы қоймаларда сақталды.

Кенесары барлаушылардың қызметін де шебер пайдаланды. Олар көтеріліс басшысына патша әскерлерінің қашан және қайда бет алатынын алдын ала хабарлап отырды. Кенесары әскерінің тыл қызметі де жолға қойылды. Ол көтерілісшілерді азық-түлікпен, жемшөппен қамтамасыз етті.

Патша үкіметінің жазалау әрекеттері

Отаршылдыққа қарсы күреске қазақтардың үш жүзінің бәрі бірдей белсене қатысуы патша үкіметінің зәресін үшырды. Сондықтан да ол көтерілісшілерге қарсы неғұрлым белсенді әрекеттер ұйымдастыруға көшті. 1842 жылы Орынбор губернаторы Перовскийді Обручев алмастырды. Мұның өзі Кенесарының ендігі жерде Орынбор генерал-губернаторымен қарым-қатынасының нашарлауына алып барып соқтырды. Екі арадағы бейбіт келісім бұзылды. 1842 жылы Сотниковтың отряды Кенесарының ауылына қарақшылық шабуыл жасады. Жазалаушы отряд қыруар көп малды айдап әкетті, он адамды тұтқынға алды. Тұтқынға алынғандардың қатарында Кенесарының әйелі Күнімжан да болды. Кейінірек қазақтар ханның басқа ауылдарына да шабуыл жасай бастады.

Ресей императоры Кенесары бастаған көтерілісті басу мәселесін ұдайы ерекше бақылауда ұстады. 1843 жылы ол қазақ ханына қарсы жорық ұйымдастыру жөнінде жарлық шығарды. Ханның басына 3 мың сом мөлшерінде сыйлық жарияланды. Көтерілісшілерге қарсы старшина Лебедев басқарған 300 солдаттан тұратын жазалаушы отряд жіберілді. 1843 жылдың тамыз айында сұлтандар А. Жантөреұлы мен Б. Айшуақұлы бастаған екінші әскер жабдықталды. Онымен бір мезгілде Омбыдан, Петропавлдан, Қарқаралыдан да әскерлер шықты. Патша үкіметінің әскерлері жергілікті жер жағдайын нашар білді. Оның үстіне, дала сарбаздарына қарсы ұрыс жүргізудің ерекше әдісі қажет еді. Мүның бәрі де патша үкіметі жазалаушы әскерінің сілесін қатырды.

Туған өлкенің жер жағдайын жақсы білетін Кенесары жауға қарсы шабуылды одан әрі үдетті. 1844 жылы шілденің 20-сынан 21-іне караған түні Кенесары хан Тобыл өзенінің жоғарғы ағысында Жантөре сұлтанның әскеріне күйрете соққы берді. Кескілескен шайқаста сұлтанның 44 адамы қаза тапты. Бұл кезде Дуниковскийдің әскери тобы таяу манда болған еді. Бірақ оның ұрысқа араласып, А. Жантөре сұлтанды құтқарып қалуға батылы жетпеді. Кенесарының жеңіс жігерлендірген негізгі күштері 1844 жылғы тамызда Екатерина станицасына шабуыл жасады. Бекіністің маңындағы елді мекенді өртеп жіберді, 40 адамды тұтқынға алды, қыруар малды айдап әкетті. Сонымен қатар мылтық, тапанша, қылыш, найза сияқты көптеген қару-жарақ түрлерін олжалады. Арнайы жіберілген жазалаушы отряд Кенесарының ауылына жете алған жоқ. Үкімет басындағыларды абыржушылық пен үрей биледі.

Долгов және Герн бастаған елшіліктердің Кенесары ордасына келуі

Кенесарымен болған соғыстың ұзаққа созылуы патша үкіметіне елеулі шығын келтірді. Сондықтан 1845 жылдың ақпан айында Орынбор басшылығы Кенесары ханға Долгов және Герн бастаған елшілік жіберуді қажет деп тапты. Олар Кенесарыны патша үкіметінің талабын орындауға көндіруге тиіс болды. Сонымен қатар барлау жұмыстарын жүргізуді де көздеді: біріншіден, олар Кенесары әскерлерінің қай жерлерде қаншалықты мөлшерде орналасқанын дәл білуі тиіс болды, екіншіден, Ырғыз бен Торғай өзендерінің бойында тағы қандай бекініс салуға болатынын анықтап қайту еді. Патша үкіметі мұндай шараларды жүзеге асыру арқылы көтерілістің орталық аймақтарына толық бақылау орнатуды көздеді. 1845 жылы Долгов пен Герн бастаған елшілік ханның ордасына жетті. Кенесарыға оның әйелі Күнімжан қайтарылды.

Жүргізілген келіссөздер барысында Кенесарыға қабылдауға болмайтын шарт қойылды: көтерілісшілерге үкімет белгілеген шектеулі аймақ шегінде ғана көшіп жүруге рұқсат берілді. Кенесарының Ресейге толық бағынуы және соғыс қимылдарын біржолата тоқтатуы тиіс болды. Орынбор ведомствосына қарайтын қазақтардың барлығы да Ресей империясының азаматтары ретінде әрбір үйдің 1 сом 50 тиын мөлшерінде түтін салығын төлеп тұруы тиіс екендігі, ханның Орынбор қазақтарынан зекет алуына тыйым салынатындығы айтылды. Кенесарының қылмысты істерді қарауына рұқсат етілмейтіні ескертілді. Ханның қашқын орыс пен татар және башқұрттарды жасырын ұстауына тыйым салынатыны, оларды Ресейге қайтаруы тиіс екені туралы сөз болды. Кенесарының Ресейге «ұнамайтын» шет мемлекеттермен және жеке тұлғалармен қарым-қатынастар жасауына рұқсат етілмейтіні де ескертілді.

Кенесары Долгов пен Герн елшілігінің қойған шарттарының түпкі мақсаты оның хан лауазымын иеленуге құқығы жоқтығын тұспалмен түсіндіру екенін оп-оңай ұқты.

Хан патша үкіметі қойған бұл талаптардың бірде-біреуін қабыл алған жоқ. Келіссөздер тұйыққа тірелді. Патша үкіметінің елшілігі көздеген мақсатына жете алмады. Елшілер кеткеннен кейін хан әскери кеңес шақырып, енді Жетісу аумағына қарай көшуге шешім қабылдады.

Патша үкіметі содан кейін-ақ Ырғыз өзені бойында Орал, ал Торғай өзені бойында Орынбор әскери бекіністерін салуға кірісіп кетті.

Кенесары Қасымұлының Қоқан хандығымен күресі

Кенесары мен Қоқан хандығы қарым-қатынасының шиеленісіп кетуінің өзіндік себебі де бар еді. Өйткені Қоқан хандығының билеушілері 1836 жылы оның бірге туған бауыры Саржан сұлтанды, 1840 жылы әкесі Қасым төрені өлтірген болатын. Мұның өзі оның Қоқан хандығының билеушілеріне деген ыза-кегін өршіте түсті. Қоқан хандығына қарсы күресте Кенесары Жанқожа Нұрмұхамедұлы батырдың көмегіне сүйенді. 1845 жылы Кенесары хан Қоқан хандығының Жаңақорған, Жүлек және Созақ сияқты бекіністерін тартып алды. 1846 жылы Қоқанның және бір мықты бекінісі Меркіні де қолға қаратты. Содан бастап Қоқан хандығының қазақтарға озбырлық жасауы уақытша болса да тыйылды. Бірақ Кенесары өзіне Қоқан мемлекеті сияқты және бір қатерлі дұшпан тауып алды.

Кенесары әскерлерінің Ұлы жүз аумағына қарай шегінуі

Патша үкіметі Кенесары ханды Орынбор өлкесінен қалай да ығыстырып шығаруға ұмтылды. Соның салдарынан Кенесары Сарыарқаны тастап, көтеріліс орталығын Жетісу жеріне қарай ауыстыруға мәжбүр болды. Сібірдегі өкімет билігі Омбыдан генерал Винневский басқарған елеулі әскер күшін зеңбіректерімен қоса Жетісуға жедел түрде жіберді. Азық-түліктің тапшылығы Кенесарыны егіншілікпен айналысуға мәжбүр етті. Күші басым патша үкіметінің қысым жасауымен Кенесары Іле өзенінід оң жақ бетіне өтіп, одан әрі Алатаудың етегіне көшіп барды. Ал патша үкіметі оған Кіші жүз бен Орта жүз қазақтары тарапынан көмекке келетін жолды кесіп тастады. Ұлы жүздің Сұраншы, Байсейіт, Тайшыбек сияқты батырлары Кенесарыға қолдау көрсетіп, көтерілісшілердің сиреп қалған қатарын толықтырып, едәуip күшейтті.

Кенесары Қасымұлы Қытайға барып, бой тасалай тұруды да ойлады. Бірақ оның бұл әрекетін Қытай үкіметі қолдамады. Ресей империясымен қарым-қатынасымызды бүлдіріп аламыз деген қауіппен Кенесарының өтінішін қанағаттандырудан үзілді-кесілді бас тартты. Қазақтардың арасында беделі күшті әрі жауынгер ханды қабылдаудың ешқандай да қажеті жоқ деп ойлады. Оның үстіне, бұл кезде Қытайдың өзі де қазақтармен діні бір ұйғыр және дүңгендердің көтерілістерінен мазасы кетіп, қатты аландаулы болатын.

Көтерілісшілердің Қырғызстан аумағындағы қимылдары

Көтерілісшілер қырғыз жеріне жақын келді. Бұл кезде қырғыздар Қоқан хандығының ықпалында болатын. Хан солтүстік қырғыз рулары білеуші манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Бұл талаптар патша үкіметімен және Қоқан хандығымен одан әрі күрес жүргізу үшін күш біріктіру қажеттігінен туған еді. Хан қырғыздарға арнаған үндеуінде былай деп жазды: «Менің мұнда келгенімнің мақсаты, сендермен жауласу, қан төгісу емес, қайта қазақтар мен қырғыздардың басын қосып, оларды күшейту, Қоқанның қол астынан бөліп алу, қоқандықтардың қысымынан құтқару болып табылады».

Қырғыздарда Шыңғысхан ұрпақтарына бағыну дәстүрі қалыптаспаған еді. Сондықтан да олардың ханға бағынуы, сөйтіп өздерінің тәуелсіздігінен айырылуы, әрине, қырғыз ақсүйектерінің ойына кіріп те шықпағаны әбден табиғи нәрсе еді. Оның үстіне, қырғыздар Абылай ханның қырғыз аумағына жасаған жорықтарын да ұмыта қойған жоқ болатын. Қырғыздар патша үкіметінің Сібір әкімшілігі тарапынан едәуір қолдау табатынын да сезді. Вишневский қырғыздарды Кенесарының ауылдарына шабуыл жасауға ашықтан-ашық айдап салды. Алатау қырғыздары Қоқан хандығының қолдауына сүйенді. Қырғыз манаптары ірі тайпа өкілдерін құрылтай жиналысына шақырды. Ықпалы күшті манап Орман барлық қырғыздардың билеушісі болып тағайындалды. Құрылтайға жиналған манаптар Кенесары ханның ұсынысын қабылдаудан ашықтан-ашық бас тартты. Кенесары ханның қырғыздарға қарсы аттанған екі мың сарбазы жеңіліс тапты. Оның бір мыңы қырғынға ұшырады, екінші жартысы аш-жалаңаш, қару-жарақсыз, жаяу-жалпылап кері қайтты. Қазақ сарбаздарының бірқатары тұтқынға алынды. Мұның өзі қырғыздар тарапынан бұрын-соңды болып көрмеген батылдық пен қатыгездік болып шықты. Қырғыздар жағы қолға түскен тұтқындар үшін орасан зор көлемде төлем талап етті. Кейінірек қырғыздар тарапынан келісім жасауға арнайы адамдар келді. Қазақтар мен қырғыздар арасында бейбіт келісім жасалды. Тұтқындар алмастырылды. Екі жақта бұдан былай бір-бірімен бейбіт көршілікте, тату-тәтті достықта тұруға серттесті. Бірақ қырғыздар көп ұзамай-ақ бұл келісімді бұзды, Кенесары ханның жақын серіктерінің бірі Саурық батырдың ауылына шабуыл жасады. Олардың бұл шабуылы қырғыз батыры Жаманқараның өлімі үшін кек алу мақсатымен ұйымдастырылған еді. Қырғыздар қазақтардың 700-ге жуық жылқысын айдап әкетті, Саурық батырды өлтіріп кетті. 1847 жылғы сәуірде Кенесары он мындай қолмен Қырғызстанның жеріне басып кірді. Қырғыздармен шайқас Ыстықкөл мен Шу өзенінің жоғарғы ағысы аралығында Кекілік сеңгір тауының қойнауында өтті.

Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістің жеңілу себептері мен салдары. Көтерілістің тарихи маңызы

Таныс емес таулы шатқал арасында қазақтар абайсызда қоршауда қалып қойған болатын. Соңғы шайқас қарсаңында өткізілген әскери кеңесте Кенесары ханның серіктері қоршауды бұзып өтіп, ханның аман құтылуы туралы ұсыныс жасады. Бірақ хан ол ұсыныстан біржолата бас тартты. Кенесары хан өз батырларын қоршауда қалдырып, жеке өзі қашып құтылуды ар санады.

Сұлтан Рүстем мен Ұлы жүздің ықпалды биі Сыпатай жасақтарының кенеттен шегініп кетуі көтерілісшілердің жағдайын қиындатып жіберді. Тоқмаққа таяу жерде Кенесары 30-дан астам сұлтанымен және аз ғана сарбазымен күші басым қарсыласымен ерлікпен шайқасып, тұтқынға түсті. Көтерілісшілердің шағын тобы қоршауды бұзып шығып қашып құтылды. Қырғыз манаптарының бас қосқан жиынында қолға түскен ханды, сұлтандар мен сарбаздарды өлім жазасына кесу ұйғарылды. Тұтқындағы хан манаптарды күш біріктіріп, Қоқан хандығы мен Ресей империясына қарсы күреске шақырды. Бірақ қырғыздар ханның сөзіне құлақ аспады.

Кенесары мен оның інісі Наурызбай Қасымұлы осылай қаза тапты. Ресей зерттеушісі Л.Мейер қазақ жауынгерлерінің ең соңғы күндері туралы былай деп жазды: «Олар қырғыздармен үш тәулік бойы ерлікпен шайқасты, Сібір қырғыздары көмекке келіп жетер деген үмітте болды. Бірақ патша үкіметінің жергілікті өкімет билігінің басшылары олардың келетін жолын бөгеп, тосқауыл қойып үлгерген еді. Үшінші тәулік дегенде көтерілісшілердің бір бөлігі қоршауды бұзып шығып, құтылып кете алды. Ханның көптеген сенімді серіктері түгелдей дерлік өлтірілді. Ханның өзі бірнеше сұлтандарымен бірге тұтқынға алынды және азапты ауыр жазаның салдарынан қаза тапты».

Кенесарының және оның жақын серіктерінің көзін жоюға қатысқан қырғыз манаптарының бәрі де патша үкіметінің наградаларымен марапатталды. Халықтың сүйікті ханының қапылыста қалай қаза тапқанын ақын Нысанбай Жаманқұлұлы (1812-1871) «Наурызбай-Қаншайым» дастанында қайғылы сарында баяндайды.

Әкесі Кенесарының бастаған ісін оның ұлы Сыздық сұлтан мен оған шын берілген батырлар жалғастырды. Ханның қазасы үшін кек алу мақсатымен қазақтар Қырғызстан аумағына бірнеше рет әскери жорық жасады.

Қазақтардың Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісі осылайша жеңіліс тапты. Кенесары ханның жасақтары Ресейдің жақсы қаруланған әрі күшті әзірліктен өткен тұрақты әскеріне қарсы тұра алмады. Оның үстіне, Кенесары бірнеше бағытта — патша үкіметіне, қырғыз манаптарына және Қоқан хандығына қарсы соғыс жүргізді. Мұның өзі оның негізгі күштерін едәуір шашыратты. Сұлтандар мен рубасыларының арасында ауызбірлік болмады.

Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс қазақ халқының патша үкіметіне қарсы жаппай қатысқан бұқаралық соғыстарының бірі болды. Көтерілістің жеңіліске ұшырауы патша үкіметінің қырғыз жерлерін, Жетісудың аумағын және Оңтүстік Қазақстанды басып алуына жол ашты. Сондай-ақ Бұхара, Қоқан және Хиуа хандықтарын қосып алудың алғышарттары жасалды.

Кенесары Қасымұлы қазақ халқының есінде талантты әскери қолбасшы, аса көрнекті мемлекет қайраткері ретінде қалды. Хан билігі іс жүзінде жойылған жағдайдың өзінде ол қазақтың үш жүзінің басын біріктіріп, қазақ мемлекеттілігін қайтадан қалпына келтірді.

Көптеген зерттеушілер Кенесарының ұлы Абылай заманындағы егеменді мемлекеттілікті қалпына келтіру үшін жасаған әрекеттерін жоғары бағалады. Оған патша үкіметі әкімшілігінің өкілдері де құрметтеп қарады, ресейлік ғалымдар Кенесарыны «бүлікшіл сұлтан», «Қырғыз даласының Митридаты» деп атап, оның іс-әрекеттеріне жағымды баға берді.

Кенесары Қасымұлының өмірі мен қызметі болашақ ұрпаққа өшпес өнеге. Қазақтың жүрек жұтқан батыр перзенттерінің бірнеше ұрпағы мен XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілері одан үлгі алып өсті. Кенесары Қасымұлының Астана қаласында тамаша ескерткіші, оның есімімен аталатын үлкен көше бар.

Кенесары қазақ халқын бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдырды. Кенесары көтерілісі табысқа жетпесе де, оның ұлы істері халық есінде мәңгі сақталады.[1]

Қозғалыстың алғышарттары

XIX ғасырдың 20-жылдарында бұрынғы Бөкей хан мен Уәли ханның иеліктерін біріктіріп, Қарқаралы округін құру едәуір саяси-әкімшілік жаңалықтар енгізді. Мұның өзі патша өкіметіне Орта және Ұлы жүз арасындағы жерлерді тездетіп отарлауға, оның қазақ даласындағы иеліктерін нығайта түсуге мүмкіндік берді. Патша өкіметінің бұл шаралары қазақ халқының мүддесіне қайшы келетінін, бара-бара қазақ мемлекеттілігінің жойылатынын қазақ халқының көреген қайраткерлері болжай білді.

Уәли хан өлгеннен кейін ханның жесірі, ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың әжесі ақылды, көреген, өз заманына лайықты сауаты бар Айғаным патша үкіметінің Сыртқы істер министрлігінің Сібір комитетімен және Азия департаментінің шенеуніктерімен жиі хатхабар алысып тұрды. Бірақ Айғаным қанша қабілетті болғанымен, халықтың патша өкіметіне деген қарулы наразылығына басшылық ете алмайтын еді. Осындай күрделі де қиын міндет Абылайдың отыз ұлының ең кішісі Қасым сұлтанға жүктелді. Оның бел балалары — Саржан, Есенгелді, Ағатай, Бопай, Құшақ және Кенесары бәйбішеден, ал Наурызбай тоқалдан туған еді. Бұлар патша өкіметінің Қазақстанды отарлауына қарсы жиырма жыл бойы жүргізілген ауыр да қиын күрестің белсенді қатысушылары, ал Саржан, Есенгелді, Кенесары сол күрестің ұйымдастырушысы әрі басшылары ретінде тарихта қалды. Осы ұлт-азаттық қозғалыстар патша өкіметінің режіміне аса зор моральдық-саяси апат әкелді.

Патша өкіметінің округтік тірек пункттер құру туралы шешіміне ашық қарсы шығып, Көкшетау өлкесіне беделімен белгілі болған Қасым сұлтан еді. Ол өзінің 1825 жылы 14 маусымда Орынбор генерал-губернаторына және басқа да жоғары биліктегі шенеуніктеріне жазған хаттарында патша өкіметінің, оның Омбыда отырған облыстық бастығының қазақ жерінде қазақтарды отарлау үшін салдырып жатқан тірек пункттерін жоюды талап етті. Мұндай өзгерістер жасау үшін, Абылай заманынан бері сақталып келе жатқан тәртіп бойынша, сол өлкенің сұлтандарының, старшындарының келісімін алу керек деп көрсетті. Хаттың соңында патша ағзамнан қазақтар мен оның болыстарына бұрынғыша, Абылай заманындағыдай, өз салт-дәстүрімен тыныштықта өмір сүруіне мүмкіндік беруін сұрады. Орынбор губернаторының бұл хатқа теріс жауап беруі Қасым сұлтанды алған бетінен қайтара алмады. Ол бұдан кейін де патша губернаторларына хат жазып, казак отрядтарын қазақ даласына жіберіп, әскери-тірек базалар салуды тоқтатуды талап етті. 1826 жылғы 18 сәуірдегі хатында жазалаушы отрядтың бейбіт ауылдарға шабуыл жасап, халыққа көп зардап шектіргенін жазады. Орталық және Солтүстік Қазақстанды қамтыған көтерілістің кең етек алуына сұлтандар Ғұбайдолла мен Саржан себепкер болды. Бірақ Ғұбайдулланы патшаның өкімшілік орындары қолға түсіріп, Сібірдегі бір алыс қалашыққа жер аударады. Мұның өзі бүкіл Орта жүзді қамти бастаған қозғалысты бәсеңдете алмады. Ал Қарқаралы округінің ауылдарында қозғалыс күшейе түсті, бұған әсер еткен Қарпық болысындағы көтерілістің өршуі еді. Бұл болыс Саржан сұлтанның иелігінде болатын. Саржан жасақтарының арасында жас сұлтан Кенесары да бар еді. Ол сол кездің өзінде-ақ бостандық туралы ойларымен көзге түсті, кейін Орталық Азиядағы түркі халықтарының «тәуелсіздік жолындағы күрескері» болды.

Саржан сұлтан бөлек-бөлек әрекет етіп жүрген жасақтарды біріктіріп, патша өкіметінің қазақ жерін отарлау саясатына қарсы белсене күресті. Жазалаушы отрядтың қысымынан ығысып, әрі Қоқан бектерінің Ресей отарлаушыларына қарсы бірігіп күресеміз дегеніне сеніп, ол өзін қолдаушылармен бірге Қоқан хандығының иелігіне барып қоныстанады. Алайда Қоқан бектері бұрын берген уәделерінен тайып, әрі патша өкіметіне жақсы көріну үшін, 1836 жылы Саржан сұлтан мен оның қасындағыларын жауыздықпен өлтіреді. 1840 жылы сол Қоқан билеушілерінің арандатуынан Қасым сұлтан мен оның жақындары қаза табады. Алайда Қасым сұлтан мен оның балаларының отаршылдыққа қарсы бытыраңқы сипатта жүргізген күресі тоқтап қалмады. Қайта оны әлдеқайда ұйымдасқан сипатта әрі кең көлемде Кенесары (1802—1847 жж.) сұлтан жалғастырды.

Ұлт-азаттық қозғалысының мақсаты, себептері, сипаты, қозғаушы күштері

Көтерілістің негізгі мақсаты

Қазақстанның Абылай хан кезіндегі аумақтық тұтастығын қалпына келтіру әрі Ресейдің құрамына кірмеген жерлерді сақтап қалу.

Көтерілістің басты себептері

Патша өкіметінің Қазақстандағы отаршылдық саясаты, Орта жүзде хандық билікті жойып, ресейлік әкімшілік басқарудың жүзеге асырыла бастауы, осылардың салдарынан қазақ халқының, әсіресе шаруалардың жағдайының нашарлай түсуі.

Көтерілістің ұлт-азаттық сипаты

Қазақ жерін әскери отарлаудан, яғни Ресей бодандығынан, Қоқан бектерінің озбырлығынан құтқаруға бағытталған азаттық жолындағы күрес болды.

Көтерілістің қозғауыш күштері

Қазақ шаруалары. Сонымен қатар тәуелсіздікті қалпына келтіру жолындағы күреске қатартағы егіншілер де, старшындар да, сұлтандар да ат салысты. Әрине, оған қатысқан үстем тап өкілдерінің мақсаттары бірыңғай емес еді. Жасақшыларға қолбасшылық еткендер арасында Ағыбай, Иман (Амангелді Имановтың атасы), Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жеке, Сураншы, Байсейіт, Жоламан Тіленшиев, Бұқарбай сияқты әйгілі халық батырлары болды. Көтеріліске қатысқандар арасында орыстар, өзбектер, қырғыздар, башқұрттар, татарлар да кездесетін.

Кенесары Қасымұлы —ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы

Кенесары Қасымұлы тарих сахнасына Абылай ханның ісін жалғастырушы болып енді. Патша өкіметінің отарлау саясатында 1822—1824 жылдардағы Сібір, Орынбор қазақтары туралы Жарғылар қабылданғаннан кейін, Қазақстанның қалған аудандарына қауіп төнген болатын. Сондықтан ұлт-азаттық қозғалысын басқаруға талап қылған Кенесары сұлтан қазақтың қалған жерін отарлаудан сақтап қалуға әрекет жасады. Бірақ ол бұл әрекетін әуелі бейбіт жолмен шешуді көздеді.

Үкімет әскерінің өздерінің ауылдарына бірнеше рет шабуыл жасағанына қарамастан, Кенесары патша үкіметінің Қазақстаңдағы өкілдеріне бірнеше рет хат жазып, өздеріне қоныстарын қайтаруды сұрайды.

«Біздің ата-бабамыз, — деп жазды Кенесары, — бізге мұра етіп қалдырған Есіл, Нұра, Ақтау, Өртау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Оқият, Тоғызақ төңірегі және Жайыққа дейінгі жерлер қазіргі патшаның тұсында бізден тартып алынып, оларға әскери бекіністер салынды. Енді біздің жерімізді күн сайын басып алып, оған бекіністер орнатып жатыр. Бұл әрекет халықты барынша ашындырып отыр. Мұның өзі біздің болашағымызға ғана емес, қазіргі тіршілігімізге де зор қауіп туғызып отыр». Бірақ бұған патша да, оның Қазақстандағы әкімдері де құлақ аспай, қайта отаршылдықты үдете түседі.

Орынбор генерал-губернаторына жазған хаттарында: «Мен өзімнің қазақтарым егін егу, аң аулау жөне басқа да бейбіт кәсіптермен шұғылданған кезде ғана тыныш өмір сүре аламын» десе, енді бір хатында патша әкімдерін достық-татулық қатынаста болуға шақырады: «Біз достық пен ынтымақта өмір сүрсек, қандай жақсы болар еді», — дейді.

Кенесары Қасымұлы патша өкіметімен келісу әрекетінен еш нәтиже шықпағаннан кейін, қару алып күресуге бел байлайды. Бұл туралы патшаның өкімет орындарына жазған соңғы хаттарының бірінде: «1825 жылдан 1840 жылға дейін патша өкіметінің әскерлері біздің ауылдарымызды он бес рет шауып кетті. Сондықтан біздер, қазақтар, мұндай қысымға, талан-таражға, кісі өлтірушілікке шыдай алмай, лажсыздан басымыздың ауған жағына көшіп жүрдік. Бірақ олар сөйтсек те тыныштық бермеді. Сол себепті де мен — Кенесары Қасымұлы, қаруланып алып, ұлы күресті бастауға аттандым», — дейді.

Азаттық жолындағы қозғалыстың жеңілу себептері мен тарихи маңызы

Сол тарихи кезеңде Қазақстанда қалыптасқан қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономиқалық жағдайда бұл ұлт-азаттық қозғалыстың да түпкілікті жеңіске жетуі мүмкін емес еді. Ресей империясының қуатты, тұрақты әскери күші бар екенін былай қойғанда, жеңілудің басқа да себептері болды. Көтеріліске қатысқан үстем тап өкілдері арасында ауызбіршілік болмады. Өзін қолдамаған туыстарымен, қазақтың ауқатты топтарымен, Қоқан хандығымен, ақырында қырғыз ағайындармен күресіп, Кенесары өз күшін әлсіретті. Жікке бөлінген қазақ рулары көтерілісті көбіне өз аймақтарында қолдап, басқа аймақтарға ауысқанда, әсіресе Қоқан және Қырғыз жеріне басып кіргенде, оған қосылмады. Өзін қолдамаған ауылдарды қатаң жазалауы да көтерілісті әлсіретті.

Бұл ұлт-азаттық қозғалыстың маңызы зор, ол Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының тарихында өшпес із қалдырды, кейінгілердің азаттық, тәуелсіздік жолындағы күресіне үлгі-өнеге әрі тарихи сабақ болды. Кенесарының күресі, оның өзінің халықтың мақсат-мүддесіне шын берілгендігі, қолбасшылық өнері, ақылды саясаткер ретіндегі сирек кездесетін қасиеті XIX ғасырдың өзінде-ақ халық тарапынан қадірлеушілік туғызды. Патша өкіметі тұсында бұл қозғалыстың мүлде сөз болмауы, ал бола қойса, оны бұрмалап теріс түсіндіру себептері белгілі. Кеңес өкіметі түсында да бұл қозғалыс кертартпа, хандық-феодалдық мемлекетті көксеушілік деп теріс түсіндірілді. Оны тарихи шындық тұрғысынан дұрыс бағалаған ғалымдар қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыс өзінің шын бағасына ие болды. Осы қозғалыстың басы-қасында болған Кенесары хан мен оның басқа да қаруластарының есімдері тарихтан лайықты орнын алуда.[2]

Дереккөздер

  1. Қазақстан тарихы (XVIII ғасыр — 1914 жыл). Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Қабылдинов З.Е., Қайыпбаева А.Т.Алматы: Атамүра, 2008. — 352 бет, суретті, карталы.ISBN 9965-34-816-2
  2. Қазақстан тарихы. Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика бағытындағы 11-сыныбына арналған оқулық - Алматы: "Мектеп" баспасы, ISBN 9965-36-056-1