Мазмұнға өту

Ер Тарғын

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

«Ер Тарғын» – батырлық жыры.

Ноғайлы дәуірінің тарихи оқиғаларын бейнелейтін жырдың негізгі идеясы – ерлік пен батырлықты дәріптеу, ел бірлігін сақтау, кіршіксіз махаббат. Жырдың негізгі кейіпкерлері – Тарғын мен Ақжүніс.

"Тарғын" – бес қаруды шебер меңгерген батыр, "Ақжүніс"– ару қыз. Тарғын хандармен араз болса да, халықпен бірге. Оның басына іс түскенде ханға деген өкпесін ұмытып, жау елін жайратып жібереді. Ақжүніс сұлу ғана емес, ақылды жан, батырдың жәрдемшісі. Ол әрдайым батырмен бірге жүреді.

«Ер Тарғын» жырының композициясы шымыр әрі шебер құрылған. Жырдың тілі өте көркем. Онда классик эпосқа тән белгілер толық сақталған. «Ер Тарғын» жыры башқұрт халқына да жақсы таныс. Қазақ – башқұрт нұсқаларының сюжетінде елеулі айырмашылық байқалмайды. Ерекшелік негізгі кейіпкерлер, оларға берілген бағасы тұсында ғана кездеседі. Жыр сюжеті қазаққа етене жақын. Бұл тақырыпқа композитор Е.Г.Брусиловский «Ер Тарғын» (1937) операсын жазған.

«Ер Тарғын» жырының нұсқалары көп. Алғаш Н.И.Ильминский (1859), В.В.Радлов (1870), Н.Саркин (1904), Ә.Диваев (1922) жинақтарында жарияланған. Алматы қаласындағы Орт. ғыл. кітапхана мен Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар қорында жырдың 8 түрлі нұсқасы сақтаулы. Жинаушылары – Саркин, Диваев, І.Иманов, Ә.Ыспанұлы, Б.Адамбаев, З.Бекарыстанов, М.Құсниұлы, айтушылары – Марабай, О.Қисықов, Н.Нұрғалиұлы, М.Бекетұлы. Ел арасына кең тарағаны – Марабай нұсқасы. Ильминский оны 1862 жылы Қазанда жариялаған.

"Диваев жинағындағы нұсқа" да Марабай нұсқасына негізделген. Бұл нұсқада Тарғын Қаратаудан шыққан батыр болса, Нұрғалиұлы нұсқасында Тарғын Астрахан ханының қарамағындағы батыр, оған Ғайнижамал есімді қыз ғашық болып, тартыс Тарғын мен Шорман арасында өрбиді. Бекарыстанов нұсқасында Тарғынның әкесі – Қосы. Бекетұлы нұсқасында Тарғын Созақтан Қырым ханына кеткен батыр. Жырдағы Сыпыра жырау – Тоқтамыс хан тұсында өмір сүрген (15 ғасыр), қыпшақ тайпасынан шыққан тарихи тұлға. «Бұлғыр, бұлғыр, бұлғыр тау, бұлдырап тұрған құрғыр тау» деген жолдар 15–17 ғасырлардағы жыраулық поэзияға тән өрнектер. Шаған – қалмақ жеріндегі су атауы, гидроним. Ол б��рде ақ түске қатысты болса, бірде дінбасы атауын білдіреді. «Тарғын» сөзінің мағынасы анықталған жоқ. Жырда Тарғынның тегіне қатысты мынадай мәлімет сақталған: Тарғын – Ардаби – Әжікерей, Айқожа. Мұндағы Айқожа бес қалаға хан болған. Онысы тарихи Бесбалық болуы мүмкін. Батырдың генеалогиясы қазақ шежіресін толықтыратын мәліметтер қатарында арнайы зерттелуге тиіс. Жырдағы этнонимдік атауларды екіге бөлуге болады: бірі – қырғыз, ноғайлы, қара ноғай, екіншісі – он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт. Осы мәліметтер жырдың туған дәуіріне де анықтық енгізеді. Оймауыт, торғауыт, хойт, хошоут, дөрбет – ойраттардың іргелі одағына кірген тайпалардың атауы. Олар Қыпшақ даласына 1452–1455 жылдары еніп, Сырдарияның бойымен Ташкентке дейін барған. «Ер Тарғын» жырын ноғайлы дәуірінен соң, 17–18 ғасырларда туған деген пікір дәл емес. Тарғынның ноғайлы дәуірінің батыры екені шындыққа сай келеді. Ноғайлы ұлысы ыдырағаннан кейінгі Қазан, Астрахан, Қырым хандықтары құрылған тарихи-этн. оқиға ізі жырдан анық байқалады. Тарғынның өз елінен Қырым ханына кетуі, Ақшаханның қол астында да тұрақталмай, Еділдегі ноғайлы ханзадасына баруы соның дәлелі. «Ер Тарғын» жырының көркемдік ерекшеліктері, сюжеттік желісі, образдары хақында М.О.Әуезов, М.Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Х.Марғұлан, С.Мұқанов, т.б. ғалымдар зерттеулер жазды.
[1]

"Ер Тарғын" операсы. Тарғын - Қ.Байсейітов, Ақжұніс - К. Байсейітова

Ер Тарғын - опера.

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

""Либретто"" - Сағыр Камалов
""Музыка"" - Брусиловский Е.Г.
Премьерасы 1937 жылы 15 қаңтарда Қазақ музыка театрында (қазіргі Қазақ академиялық опера және балет театры) қойылды. Операның негізгі жетістігі - прозалық мәтін араласпаған, бастанаяқ музыка үнімен орындалатын сахналық бейнелердің сомдалуында.
Ер Тарғын - халық ән-күйлерін операда шебер қолдануға құрылған туынды. Композитор онда 60-тан астам халық ән-күйлерін пайдаланған. Операны алғаш қойған реж. Қ. Жандарбеков, басты рольдерді Күләш Жасынқызы Байсейітова, Қ. Байсейітов ойнады. Операда ��ұңғыш рет көп дауысты хорлар мен вокалдық ансамбілдер бой көрсетті. Ал 1969 жылы К. Кенжетаев операны Абай атындағы опера және балет театырында жаңартып қойды. Мұнда Е. Серкебаев және Р. Жаманова партияларын орындады. Опера Өзбекстан мен Башқұртстанның театрларында да қойылған.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. “ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6
  2. “Қазақстан”: Ұлттық энциклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9