Мазмұнға өту

Берел қорымы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Берел қорымы.

Берел қорымы (б.з.д. IV ғ. - б.з. VII ғ.) – Шығыс Қазақстан облысының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген сақ дәуірінен сақталған тарихи археология ескерткіші. Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандар тізбесі қатарында.

Орналасқан жері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы, Берел ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 7–8 км жерде. Қорым солтүстігінде Берел және Бұқтырма өзендерінің қосылған жерімен, оңтүстігінде Қансу өзенімен, ал батысы мен шығысында таулармен шектелген Бұқтырма өзенінің оң жағасындағы алаңда, теңіз деңгейінен 1120 м биіктіктегі үшінші жайылма үсті терассасында орналасқан.

Тарихи деректер, қорым сипаты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сақ және түркі кезеңдерімен мерзімделетін жетпістен астам обалардан құралған қорым 4000х1000 шаршы метр жерді алып жатыр. Берел қорымындағы обалар мен ғұрыптық ескерткіштер оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа созылып жатқан бірнеше тізбекке және жеке топтарға шоғырланған. Әрбір тізбекте бұл өңірді б.з.б. 1 мыңжылдыңтың екінші жартысында мекендеген тайпалық одақтардың өкілдері жерленген болуы мүмкін. Тізбектердегі үлкен, орташа жєне кішігірім обалар сол замандағы әлеуметтік жіктің болғандығының көрінісі болып табылады.
Қорымдағы ең ерте обалар б.з.б. 4-3 ғасырларда үйілген (2400-2300 жылдары бұрын), ал кейінгілері көне түркілер дәуірімен мерзімделеді - б.з. 7-8 ғасырларда (1200-1300 жылдары бұрын).

Алғаш 1865 жылы В.В. Радлов, 1959 жылы С.С. Сорокин зерттеді. 1998 жылы Халықаралық қазақ-француз экспедиция (жетекшісі З. Самашев) қорымның жаңа жобасын болжап, бірнеше қорғанды зерттеді. Қорым 3 қорғандар тобынан тұрады. Бірінші топтағылары таудағы кертпеш ортасына орналасқан. Ол солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа созылған 6 қорғаннан тұрады. Екінші топ солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай тізбектеліп созылған 12 қорғаннан тұрады. Ол кертпештің батыс жағында орналасқан. Үшінші топты 9 қорған құрайды. Ол кертпештің шығысында орналасқан. Осы топтағы ең үлкен қорған ғылымға Үлкен Берел қорғаны деген атпен белгілі. Обалар таудың жақпар тастарымен араласқан өзеннің ұсақ малта тастарынан үйілген. Шұңқырда ағаш қимасы бар, оның сыртында әлеуметтік мәртебесі жоғары адамдардың қабіріне бірге қосып көметін жылқы қаңқаларының жатуы, қарағайдың жуан діңгегінен қақ жарып қашап жасаған астау – табыт ертедегі Алтай көшпелілерінің ескерткіштеріне тән. Қазба кезінде қорғандардың ішінен 2–3 м тереңдікте ағаштан жасалған қима, оның бет жағынан бірнеше жылқының қаңқасы мен әбзелдерімен тоңда сақталған жылқы мумиясы, сыртына алтын жалатылған ағаш әшекейлер, адамның қаңқасы мен адам мумиясы алынды. Заттай деректер Берел қорымы Пазырық мәдениетінің орта (б.з.б. 5 ғасыр) және соңғы (б.з.б. 5–4 ғасырлар) кезеңінде салынғанын дәлелдейді.

Берел қорымында 1997 жылдан қазіргі кезге дейін 20 ескерткіш зерттелді, солардың ішінде №4, 9, 10, 11 обаларынан тоң басқан қабірлер аршылды. Берел қорымы обалардан табылған ақсүйектер мен скиф-сібір аң стилінде жасалған заттарының нәтижесінде әлемге әйгілі болды. Берел қорымындағы тоң басқан обалардың беретін мәліметтері де ерекше. Берел қорымындағы үлкен обаларда табиғат пен климаттың және обаны үйген материалдар мен ескерткіш құрылысының үйлесімінен пайда болған тоңың нәтижесінде органика, яғни киім, ат әбзелдері, ағаш бұйымдары, ер тоқым, тері мен киізден жасалған заттар шірімей жақсы сақталған.

Берел қорымынан табылған заттарды зерттеуде алғаш рет жаратылыстану ғылымдарының әдістері пайдаланылды. Бұл зерттеулердің нәтижесінде ерте көшпелілердің Д��Қ-ын анықтауға болатын, сонымен қатар Берел даласының палеоэкологиясы, палеозоологиясы мен антропологиясы бойынша құнды мәліметтер алынды.

Қорық-мұражай мақсаты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

«Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы 2008 жылғы 4 шілде Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 674 Қаулысымен «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып ашылды.
Мұражай-қорықтың құрылу мақсаты оның құрамына кіретін тарих және мәдениеттің археологиялық ескерткіштерін олардың ішкі көріністерімен, тарихи қалпында және онымен байланысты аумақтарды қол тимеген түрде сақтау және қатаң ғылыми негізде қайта қалпына келтіру, аса көркем, мәнерлі ғылыми экспозициялардың түпнұсқалық мұражай жинақтары негізінде жылжымайтын ескерткіштер жасау болып табылады.

Қойылған мақсаттарды іске асыру үшін төмендегідей міндеттер орындалады.

  1. Кәсіпорын аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтау, есепке алу, қорғау, зерделеу, консервациялау және пайдалану.
  2. Кәсіпорын аумағындағы және қорларындағы мұражай құндылықтарын және тарихи-мәдени мұра объектілерін есепке алу, сақтау, қалпына келтіру және сақталуын қамтамасыз ету.
  3. Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу қызметі.
  4. Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану саласындағы ғылыми-әдістемелік және ғылыми-ағарту жұмыстары.
  5. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жылжымайтын ескерткіштер мен мұражай жинағын көпшілікке әйгілеу, ғылыми-ақпараттық және жарнамалық басылымдар дайындау.
  6. Белгіленген тәртіппен тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану саласындағы бағдарламаларды, жобаларды әзірлеу және жүзеге асыруға қатысу.
  7. Ескерткіштердің, тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау айм��қтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтары мен қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының және мұражай заттарының заңдық қорғалуын қамтамасыз ету.
  8. Өңірдің тарихы мен мәдениеті бойынша білімді мақсатты бағытта беру жөніндегі ағартушылық-тәрбиелік қызмет.
  9. Ғылыми қор жұмысы, мұражай қызметінің негізгі бағыттарын, ғылыми тұжырымдамаларын әзірлеу.
  10. Отандық және шетелдік ұйымдар өткізетін ғылыми және мәдениеттану бағдарламаларын әзірлеуге және іске асыруға қатысу.
  11. Тарих және мәдениет мәселелері жөніндегі ғылыми және ғылыми-тәжірибелік конференциялар семинарлар дайындауға және өткізуге қатысу.
  12. Мұражайлық маңызы бар заттарды жинау мақсатында тарихи-археологиялық экспедициялар, ғылыми іссапарлар ұйымдастыру және өткізуге қатысу.
  13. Тақырыптық эскпозициялық жоспарларды әзірлеу, мұражай экспозициялары мен көрмелерді жобалау және құру.
  14. Келушілердің түрлі санаттарымен экскурсиялар, дәрістер, тақырыптық кештер мен басқа шаралар өткізу.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]