Ақсүйек (ойын)
Ақсүйек ойыны[1] — қазақтың ұлттық ойындарының бірі.
Ойын барысы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Жігіттер мен қыздар жиналып, жаздың айлы түнінде ашық далада ойнайды. Ақсүйек ойнына малдың ақсөңкелеп қураған жілігі немесе қабығы аршылған, ұзындығы екі қарыстай жұмыр ақ таяқша пайдаланылады. Жиналғандар екі топқа бөлінеді. Ойынды бастау жеребе тастау арқылы анықталады. Содан кейін ойын бастаушы ақсүйекті бар пәрменімен алысқа лақтырады. Жастар таяқты іздеуге кіріседі. Оны тапқан ойыншы өз серіктеріне дыбыс беріп, сөреге қарай жүгіре жөнеледі. Серіктері оның тосқауылға тап болмауына көмектеседі. Қарсыластары қалайда ақсүйекті тартып алудың амалын жасап бағады. Ақсүйекті тартып алса, өздері де біріне-бірі қол жалғап, сөреге жетуге ұмтылады. Бұл тартыста ақсүйекті сөреге жеткізген топ жеңген саналады. Ойын шапшаңдыққа, ұйымшылдыққа баулиды. Ақсүйек бірін-бірі ұнатқан жастардың оңаша кездесуіне дәнекер де болған. Ертеде «Ақсүйек» ойынын той-томалақ жасаған үй иелері ұйымдастыратын. Ондай кезде алдымен айтыс, ән-жырға кезек тиеді. Үлкендер жағы жастарға тәлім айтып, қисса-дастандар оқитын болған. Соңында, тықыршып тұрған жастардың ойынына кезек тиеді. Ақан сері Ақтоқтысымен, Абай Әйгеріммен, Біржан Ләйлімен ақсүйек арқылы табысқан дес��ді.
Ал заманымыздың белгілі композиторы Алтынбек Қоразбаев ұлттық ойын жайлы ән де шығарды:
Қызыл бешпент үстінде,
Қынама бел шашбаулым.
Алтыбақан тебуге
Сұранайын мақтаулым, шашбаулым.
Ай толықсып аспанда
Туған кезде, шашбаулым.
Ойнаймын деп Ақсүйек
Қуана бер мақтаулым, шашбаулым.
Ақсүйек айлы түндерде ойналатын жастардың кен, таралған дәстүрлі ойыны. Ақсүйек ойынында лақтырылатып сүйектің өзі «ақсүйек» деп аталады. Бұл ойынды ай жарық түндері, көбінесе жаздыгүні қыз бен жігіт, бозбалалар ауыл сыртында ойнайды. Мал келіп, қораланып болғаннан кейін күзеттүнінде ауыл шетінде ойын басталады. Ойынға ертеде ірі қараның жілігі пайдаланылған.
Ақсүйек ойынының бірінші нұсқасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ойыншылар екі жақтан жарты шеңбер жасап жиналады. Ойыншылар саны алты адамнан кем болмауы керек (И.И.Ибрагимов). Кейде суйек орнына сиырдын қылшығынан құмға езіліп жасалған жүн доп қолданған. Келісім бойынша бір ойын жүргізуші таңдалып алынады. Ол бір таяқты кезектесіп «ұстасу» арқылы ойыншылар екі топқа бөлінеді де ойынды бастайды. Екі топтың да ойыншылары киімдерін шешіп, екі жаққа үйіп кояды. Содан кейін ойын бастаушы ақсүйекті немесе жүн допты алады да, барынша алысқа лақтырады. Сүйек лақтырылған соң оны іздеп жан-жаққа жүгіреді. Ойынға қатысушылар Ақсүйекті лақтыруға оны ұстап алуға немесе түскен жерінен тауып алып, үюлі тұрған қарсыластарының киімдеріне барып бір-бір заттан алып кетуге тырысады. Ал, қарсыластары болса, оларға кедергі жасап сүйекті немесе допты тартып алып, оз қарсыластарының киімдеріне қарай умтылады. Қарсыластары сүйекті немесе шарды бір-бірлеріне лақтырып беру арқылы қарсыластарының тымақ немесе аяқкиім сияқты заттарын алып өз жақтарына қашып келуге тырысады. Осылай ойын бір жақ жеңгенше жалғаса береді. Сөйтіп А.-ті қай топтың ойыншысы сөреге жеткізсе, қарсы топтағыларға жеңілген есебінде айып салынады. Ойын кезінде басқа сүйекті пайдалануға болмайды.
Ақсүйек ойынының екінші нұсқасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Екі топқа бөлінген ойыншылар өз араларынан бір адамды «қарақшы» ретінде сайлап алады. Ойын басшысының біреуі ақсүйекті алады да, оны барынша алысқа лақтырады. Екі топтың ойыншылары теріс қарап тұрады да, лақтырылған сүйектің жерге түскен дыбысы естілгенге дейін орындарынан қозғалмай турады. Сүйек жерге түсе салысымен, сол жакка қарай екі топтың да ойыншылары түгел іздеп тауып әкелуге кіріседі. Сүйекті тауып алған адам үш рет «Ақсүйек» деп айқайлайды да «қарақшыга» қарай жүгіреді. Басқалары болса, А.-ті тауып алған адамға қарай жүгіріп, онан тартып алмаққа умтылады. Егер ала алмай қалса, онда ол өзі барып «царацшыга» тапсырады. Содан кейін екінші топтың ойын басшысы сүйекті лақтырады. Қайсы топ сүйекті көп лақтырса, сол топ жеңген болып саналады. Алдын ала ақсүйекті қанша рет лактырулары керек екендігін келісіліп алынады. Жеңгендер жеңілген топты мазақтап, «Алай аттым, бұлай аттым, ақсүйекті жалат- тым» деп қолдарын соға мазақтайды. Ақсүйек ойынында отқа табыну, табиғаттың жандануы және табиғат мезгілдерінің ауысуы, осыған орай, шаруашылық маусымның ауысуы көрініс тапты.[3]
Тағы қараңыз
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» - Атамұра ,2010
- ↑ Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8
- ↑ Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. - ISBN 978-601-7026-17-2