Мазмұнға өту

Қазақстан темір жолы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ
суреті
Түрі

Акционерлік қоғам

Құрылды

1997

Орналасуы

Астана,  Қазақстан

Басты адамдары

Нұрлан Сауранбаев (басқарма төрағасы)

Саласы

Теміржол жүк және жолаушылар тасымалы

Өнімі

Теміржол инфрақұрылымының қызметтері

Айналым

1,019 трлн теңге (2020)[1]

Операциялық кірісі

110,8 млрд теңге (2020)[1]

Таза табыс

16,2 млрд теңге (2020)[1]

Қызметкерлер саны

116,6 мың (2023)[2]

Басшы компания

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ (100 %)

Сайты

railways.kz

«Қазақстан темір жолы» — көлік-логистикалық холдингі, Қазақстан Республикасы темір жол магистралының операторы, жүктер мен жолаушыларды ұлттық теміржол тасымалдаушы.[3]

2019 жылғы Қазақстан бойынша темір жолдардың сызбасы

Қазақстан жеріндегі тұңғыш теміржол магистралі 1894 жылдың 25 қазанында Покров слободасы (бүгінде РФ Саратов облысындағы Энгельс қ.) - Орал тар табанды темір жол телімінің құрылысы аяқталғаннан кейін ашылды. Осы жолдың 130 шақырымы қазіргі Қазақстан жері арқылы өткен. Арада 4 жыл өткеннен кейін Урбах-Астрахан тар табанды темір жол іске қосылды. Мұның да 77 шақырымы қазақ даласын басып өтті.

Солтүстік Қазақстанның дамуы үшін 1891-1896 жылдары салынған Транссібір магистралінің, дәлірек айтқанда, оның «қазақстандық» 190 шақырымының маңызы зор еді. Бұл жол қазақ пен орыс халықтарының экономикалық және мәдени жақындасуына үлкен үлесін қосты.

1901-1906 жылдары Қазақстан жерінің 1660 шақырымдық аумағын алған, Орта Азия мен Ресейдің орталығын қосатын, Орынбор-Ташкент темір жолы салынды.

1914-1917 жылдары болашақ Түрксібтің бір бөлігі Жетісу жолының Арыс-Пішпек телімі салынды.

1915 жылы Челябинскі-Троицкі-Қостанай (Қазақстан арқылы 166 км.) магистралі салынды.

1915-1917 жылдары соғылған Алтай темір жолының (Новосибирск-Семей) 122 шақырымы Қазақстан жері арқылы өтті. Бұдан басқа 1918 жылға дейін 117 шақырымдық Екібастұз-Ермак тар табанды темір жолы жұмыс істеп тұрды. 1918 жылға қарай Қазақстан аумағындағы шойын жолдың жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырымға жетті.

Кеңес заманының алғашқы темір жолы 1920-1922 жылдары салынған Петропавл-Көкшетау телімі болды. Қазақстанның түкпірдегі аймақтарын дамыту және астықты шығару қажеттілігіне байланысты 1926-1931 жылдары Бурабай-Курорты және Ақмола стансалары арқылы Қарағандыға дейін жалпы ұзындығы 700 шақырымнан асатын жол салынды. 1924 жылы Құлынды-Павлодар теміржол желісі құрылды. Ембідегі мұнай кәсіпшілігінің дамуына 1926 жылдан басталған Гурьев-Доссор тар табанды жолы ықпал етті.

1927-1930 жылдар аралығында салынған ұзындығы 1444 км Түркістан-Сібір (Түрксіб) магистралінің аяқталуы заманалық оқиға болды. Ол Қазақстанды Сібірмен байланыстырып, республиканың экономикалық дамуына және шөлді жерлердің игерілуіне әсер етті.

Орталық Қазақстан өңірінің өндірісі үшін 30-шы жылдары салынған Ақмола-Қарағанды, Қарағанды-Балқаш (490 км), ал оңтүстік үшін Шымкент-Ленгір жол телімдері зор маңызға ие болған. Алтай тау кен өндірісінің дамуында 1930 жылы салынған Локоть-Защита (235 км), сосын Лениногорскіден Зыряновскіге дейін созылған жол шешуші рөл атқарды.

1936-1939 жылдары Қазақстанды Орталық Ресеймен байланыстырған, Саратовқа шығатын жол телімі - Орал-Елек салынды.

1936-1944 жылдары соғылған, Ембінің мұнай кәсіпшілігін Оралмен байланыстырған, Ресейдің бірқатар аймақтарының арасындағы қатынасты жақсартқан Гурьев (Атырау)-Қандағаш-Орскі магистралі өзінің стратегиялық маңыздылығын Ұлы Отан соғысы кезінде дәлелдеді.

1939-1943 жылдары салынған Ақмола-Қарталы желісі Қарағандының көмірін Оңтүстік Оралға жеткізуді қамтамасыз еткен маңызды нысан болып табылады. Сол жылдары Көксу-Текелі-Талдықорған және Атасу-Қаражал телімдері іске қосылды. Қазақстандық шойын жолдың ұзындығы 10 мың шақырымға жеткізілді. Ұлы Отан соғысы кезінде теміржолдың бойында жол шаруашылығын және жылжымалы құрамды жөндеу жөніндегі өндірістік база құрылды.

1950 жылға қарай салынған Мойынты-Шу (440 км) жол телімі соғыстан кейінгі жылдардың өзекті оқиғасы болды. Осылай Транссібір магистралі Түркістан-Сібір жолымен бірігіп, еліміздің барлық жерінен өтетін Петропавл-Көкшетау-Ақмола-Қарағанды-Шу трансқазақстандық темір жолдың меридианды желісін құрайды.

Ал 1953 жылы Оңтүстік-Сібір магистралінің негізгі буынының бірі Ақмола (Астана)-Павлодар (546 км) жолы салынды. Оның іске қосылуы Екібастұз көмір бассейнінің және осы жерге жақын аймақтардың тез дамуына жағдайлар жасады. (Тек 1953-1956 жылдардың өзінде Солтүстік Қазақстандағы тасымалдың көлемі 4 есеге артты).

1950 жылдары тың жерлердің игерілуіне байланысты Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлерінде темір жол құрылысы екпінді қарқынмен жүргізіліп жатты. 1955-1961 жылдары Есіл-Арқалық (224 км), 1959 жылға қарай Қостанай-Тобыл, 1960 жылы Тобыл-Жетіқара желілері салынды. 1950 жылдары Қазақстан теміржол жүйесінің тығыздығы екі есеге артты.

1958 жылдың 1 шілдесінде КСРО-дағы ең ірі Қазақ темір жолы құрылды. Ұзындығы 11 мың шақырымнан асатын ол 15 бөлімшелерден құралды және Қазақстанды Сібір, Орал, Волга жағалауы, Қырғызстан және Орта Азиямен қосып, барлық кеңістікті және меридионалды магистральдарды біріктірді.

1960 жылы шөлді өлкенің дамуына себепші болған Мақат-Маңғышлақ және Маңғышлақ- Өзен (жалпы ұзындығы 900 км) телімдері салынды. Қазақстан мен Ресей байланысының жандануына осы кезеңде салынған Гурьев-Астрахан желісін пайдалану зор ықпал етті.

1964 жылы Қазақстанда бірінші болып жолдың Целиноград (Астана)-Қарағанды бөлігі электрлендірілді. Осы кезден бастап темір жолды электрлендіру жұмысы алға басты. Олар негізінен, республиканың солтүстік және орталық облыстарында жүргізілді. 1969-1970 жылдары Қарағанды-Магнитогорскі (1180 км) телімі электр тартымына ауыстырылды. 1980 жылдан бастап оңтүстіктегі Мойынты-Шу, Шенгелді-Арыс, Арыс-Түлкібас жолдарында электрлендіру өріс алды. Бұл жолдардың жалпы ұзындығы 4 мың шақырымға жетті.

1977 жылы Қазақ темір жолының негізінде үш жол құрылды: Тың, Алматы және Батыс-Қазақстан.

Осы жылдары ондаған жаңа вокзалдар қайта тұрғызылды. Байланыс және белгі беру жүйелерінің, жол техникасының, электровоздар мен тепловоздардың жаңа түрлері іске қосылды. 1980 жылдан бастап автоматика және ақпараттық есептеу жүйелері өндіріске белсенді енгізілді.

Қазақстан теміржол көлігі тарихының елеулі оқиғаларының бірі: 1986 жылғы 20 ақпанда, әлемде бірінші болып, жалпы салмағы 43,4 мың тонна және ұзындығы 6,5 шақырым болатын жылжымалы құрамға 440 вагон тіркеліп, Тың темір жолы арқылы өткізілді.

1950 жылдардың ортасында Қытай Халық Республикасына қатынайтын теміржолдың дамуына үлкен назар аударылды. 1959 жылы Ақтоғай-Достық телімі салынды. 1956-1960 жылдары қазақстан әрі қытай жақтан екі елдің темір жолын қосатын магистральдың құрылысы жүргізілді. Бұл жұмыстар 1988 жылы кеңес-қытай келісімінен кейін қайта жаңғырды. 1990 жылы болған темір жолдардың түйісуі қазақстандық Достық стансасы мен қытайлық Алашанькоу стансасын қосатын шекара өткелін жасады. Осы жылдан кейін онда жүк құрамдарының қозғалысы басталып, Трансазиялық теміржол магистралінің Солтүстік дәлізі іске қосылды. Сол кезеңде Достық стансасының қайта тиеу және тасымалдау қуаты артты.

Республика тәуелсіздігі мен Теміржол көлігі жөніндегі кеңес кезіндегі Қазақстан теміржол көлігінің өткен жолын шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады.

Бірінші кезең (1992-1996 жж.) – саланың КСРО-ның таралу салдарына және мүлдем жаңа экономикалық жағдайларға бейімделуі.

Екінші кезеңнің (1997-2001 жж.) маңызы үш қазақстандық магистралды өзінде біріктірген, қиыншылық кезден өте алған, саланың ары қарай дамуына негіз салған, бірінші қазақстандық теміржол кәсіпорны «Қазақстан темір жолы» РМК-нің құрылуы мен дамуы болды.

Үшінші кезеңде (2001 жылдан бастап осы уақытқа дейін) саланы қайта құрылымдау басталды. Атап айтқанда, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компания» ЖАҚ құрылуы осы реформалардың жүзеге асырылуының бастамасы болды. Олар еліміздің теміржол көлігін қазіргі заманға сай әрі жоғары тиімді салаға айналдыруға бағытталған және әлемдік тасымалдау жүйесіне үйлесімді кіріге отырып, дамыған нарықтық, бәсекелестік жағдайында тұтынушылардың талаптарына барынша сәйкес келетін кәсіпорын дәрежесіне жеткізу болды.

2004 жылы Қазақстан темір жолы өзінің айрықша межесіне – 100 жылдығы мерейтойына жетті.

Бұл жылы Қазақстан темір жолының мерейтойы 100 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Шойын жол тарихының маңызды кезеңдері аталып өтілді. Темір жолды жаңғырту, әлеуметтік саланы, теміржолшылардың еңбек жағдайын жақсарту шаралары мен ірі құрылыстар аяқталды.

2004 жылы ақпанда мерейтойлық оқиғалардың басы басталды. Ел Премьер министрі Даниал Ахметов темір жол көлігі саласының ардагерлері тобымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Премьер министр Даниал Ахметов сала жетекшілері мен теміржолға еңбегі сіңген ардагерлер құрамына кіретін "ҚТЖ" ҰК" АҚ жанынан құрылған Консультативтік кеңесінің мерейтойды өткізу жөніндегі шешімімен таныстырылды.

«ҚТЖ» ҰҚ» АҚ Консультативтік кеңесі темір жол тарихын санауды ұзындығы 1668 км Орынбор-Ташкент магистралі құрылысының аяқталу уақытынан бастау туралы шешім қабылдады. Премьер министр темір жол көлігінің 100 жылдығы мерекесін атап өту туралы шешіміне наурыздың 12-сінде қол қойды. Мұны респубулика ҚР Президенті де қолдады. Сәуірдің 30-ында Нұрсұлтан Назарбаев мерекелік датаны атап өтуге арналған медал шығару туралы Бұйрыққа қол қойды. Бұл мерекелік медаль төрт мыңнан астам теміржолшыларға бұйырды.

Бұл жыл біздің елде өткізілген Еуропа мен Азияның 25 елінің теміржол басшыларының қатысуымен болған Темір жолдар ынтымақтастығы ұйымы Бас директорлары конференциясының 19-шы отырысымен тұспа-тұс келді.

Жоғары мәртебелі қонақтардың көзінше «Қазақстан темір жолының 100-жылдығына» арналған марка салтанатты түрде пошта айналымына енгізілді.

Темір жолдың жүз жылдығы қаржылық қызметтің жоғары жетістіктерімен атап өтілді. Бұның бір дәлелі ретінде «Мудис инвесторс сервис» халықаралық рейтингтік агенттігі жүргізген «Қазақстан темір жолы» компаниясының ұзақ мерзімдік несиелік рейтингінің жоғарылауы болды. Сарапшылардың бұл шешіміне темір жол көлігін дамытудың және саладағы өндірістік, коммерциялық көрсеткіштердің тұрақты өсуі мен сапалық тұрғыдағы жоғарылауы себеп болды.

2004 жылдың 1 шілдесінде Астанадан «Отан» пойызы елімізді аралап, сапарға шықты. Екі жарым айға жуық ол шексіз жеріміздің темір жол стансалары мен разъездеріне тоқтап, мерейтойға арналған салтанатты жиындар өткізді. Пойыздың ұжымы ардагерлер мен ең жақсы жұмысшыларды ерекше назарға алды. Оларға «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мерейтойлық медальдары мен естелік сыйлықтары тапсырылды. Сапар барысында теміржолшылар және олардың жанұяларына берген әлеуметтік көмектің ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылды. Бағдарлама аясында алыс стансаларда тұратын теміржолшыларға олардың отбасыларына медициналық көмектер көрсетіліп, мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндерге оқу құралдары, сәбилерге балалар тағамдары табыс етілді. Барлық стансаларда мәдени- сауықтық, спорттық шаралар өткізіліп отырды. Мерейтойлық пойыздың сапары темір жол жұмысшыларының оңды лебізіне ие болды. Бұдан былай осындай шаралар жыл сайын ұйымдастырылатын болды.

Темір жолдың ғасырлық мерейтойын мерекелеудің шарықтау шегі Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен салтанатты жиналысымен аяқталды. Ол республика астанасында 2004 жылдың 6 тамызында өткізілді.

Елбасы өз сөзінде Қазақстан экономикасының қалыптасуында, мемлекет тәуелсіздігін, елдің территориялық тұтастығын және әлеуметтік тұрақтылығын нығайтудағы темір жолдың рөлін жоғары бағалады. Ал теміржолшылар, өз кезегінде, Президентке алдағы уақытта темір жолды салу және жетілдіру, теміржол көлігіне арналған бәсекелеске қабілетті өнімдерді шығару саласындағы бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыруға уәде берді.

Осы жылдың 9 қарашасында Ақтау портынан Құлсары стансасына дейін үлкен көлемді, биіктігі төрт қабаты үйдей жүктерді тасымалдаған қазақстандық теміржолшылар әлемдік рекордты жаңартты.

30-шы қарашада Арқа стансасында мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғаларының қатысуымен Алтынсарин-Хромтау жаңа темір жолдың ашылуы өтті. Бұл жол арқылы көршілес елдердің аумағына кірмей ел іші арқылы жүргізілетін бағдар іске қосылды. Алтынсарин-Хромтау темір жол желісі арқылы жылына 160 миллион доллар көлемінде үнемділікке қол жеткізілді. Сонымен қатар Қазақстанның ішкі жолдарымен жүк тасымалдау қашықтығы 500-ден екі мың шақырымға дейін қысқарды.

Қазақстанның Тәуелсіздік күні мерекесінде Астана вокзалы алдында тарихи экспонат – Эш 4161 сериялы паровозы орнатылды. Алғашқы бесжылдықтың белгісі, Ұлы Отан соғысының естелігі, соғыстан кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңіндегі басты рөл атқаратын Қазақстанның шойын жолы тарихындағы ерен ерліктердің куәсі іспетті мақтаулы жерден орнын алды.

Алтынсарин -Хромтау жолымен жолаушылар тасымалдаудың жаңа кестесін 10 желтоқсанда Астана-Ақтөбе пойызы ашты. Жолаушыларды жолдың 15 сағатқа дейін қысқарғандығы, билет бағасының екі есеге азайғандығы қуантты. 132 шақырымдық Павлодар - Екібастұз темір жол телімінде электрлендіру ең ірі жобалардың бірі болып отыр. Павлодар -Екібастұз жобасының жүзеге асуы тасымалдаудың үнемділігі және электровоздардың экологиялық тазалығын сақтауға әкелді. Мәселен, бұл жобаны іске қосу арқылы жылына бір жарым миллиард теңгені үнемдеуге және қоршаған ортаға артық қалдықтардың түспеуіне игі ықпал етті.

Бүгінгі таңда Қазақстан Қытай арасындағы мемлекеттік шекаралық өткелі Достық стансасының маңызы зор. 2004 жылы Достық стансасы арқылы 9,5 миллион тонна жүк тасылды. Бұл жылы станцияның әлеуетін арттыруға 3,5 миллиард теңге бөлінді. Осындай қаржы бөлу арқылы 300 метр жол, 64 көтергіш құрал, вагондарды алмастыру орыны жарақталды. Достық-Ақтоғай жол телімінде 102 шақырымдық жолдың үстіңгі қабаты жақсартылып, пойыздың жылдамдығы сағатына 80 шақырымға дейін жеткізілді. Сол жылы Достық стансасында теміржолшылар мен олардың отбасы мүшелеріне арнап 11 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

2012-2014 жылдары "Жезқазған-Бейнеу" және "Арқалық-Шұбаркөл" жолдары салынып 2014 жылы тамызда ашылды. Жолдардың басты нүктелері - Маңғыстау облысындағы Бейнеу стансасынан, Ақтөбе облысының Шалқар стансасынан, Қызылорда облысының Сексеуіл стансасынан және Жезқазған қаласынан тікелей қосатын жаңа жолдар ашылды. 500 млрд теңге жұмсалып 1200 км жол салынды.[4]

Еншілес ұйымдар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Жолаушылар тасымалы» АҚ (100%)
  2. «ҚТЖ - Жүк тасымалы» ЖШС (100%)
  3. «KTZ Express» АҚ (100%)
  4. «Қазтеміртранс» АҚ (100%)
  5. «Әскерилендірілген темір жол күзеті» ЖШС (100%)
  6. «Кедентранссервис» АҚ (100%)
  7. «Құрық порты» ЖШС (100%)
  8. «ҚТЖ - Жолаушылар локомотивтері» ЖШС (100%)
  9. «Теміржолсу» АҚ (100%)
  10. «Ақтау теңіз сауда порты» Ұлттық компаниясы» АҚ (сенімгерлік басқаруда, 100%)
  11. «Көліктік сервис орталығы» АҚ (сенімгерлік басқаруда, 100%)
  12. «Транстелеком» АҚ (25%)[5]
  1. Еркін Қалиев (1997—1998)
  2. Абылай Мырзахметов (1998—2001)
  3. Бауыржан Баймұханов (2001—2002)
  4. Ерлан Атамқұлов (2002—2007)
  5. Жақсыбек Құлекеев (2007—2008)
  6. Асқар Мамин (2008—2016)
  7. Қанат Алпысбаев (2016—2018)
  8. Сауат Мыңбаев (2018—2021)
  9. Нұрлан Сауранбаев (2021—)

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Qazaqstan Temir Zholy