Футболдан 1950 жылғы әлем біріншілігі (финал)
Футболдан 1950 жылғы әлем біріншілігі (финал) | |||||||
Maracanaço | |||||||
Турнир | |||||||
---|---|---|---|---|---|---|---|
| |||||||
Дата | |||||||
Стадион | |||||||
Көрермендер |
199854 | ||||||
1950 жылғы Футболдан әлем чемпионатының шешуші матчы. 1950 жылы 16 шілдеде Рио-де-Жанейродағы "Маракана" стадионында Бразилия және Уругвай құрамаларының арасында өткен кездесуде алаң иелері 1:2 есебімен жеңіліп қалды да, бұл матч бразилиялықтар үшін "Мараканa қасіреті" боп тарихта қалды.
Матч
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Матчқа дейін
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Алғашқы топтық турнирден соң "Финалдық пулькаға" (екінші топтық кезең) Бразилия, Уругвай, Швеция, Испания құрамалары жолдама алды. Бұл кезеңде командалардың ұпай саны ғана есептеліп, кімнің ұпайы көп болса, сол чемпион атанады. Яғни, 1950 жылғы Әлем чемпионатында плей-офф деген болған жоқ.
Алғашқы екі турдан соң қарсыластарын ірі есептермен ұтқан Бразилия құрамасы топ бастап тұрды. Ал, олардан бір ұпай кем жинаған Уругвай футболшылары екінші орында еді. Сондықтан да, соңғы, шешуші үшінші турдағы Бразилия — Уругвай кездесуінде алаң иелеріне тең ойын да жеткілікті еді. Бүкіл Бразилия халқы мен Ұлттық Құраманың футболшылары, бапкері өздерінің жеңісіне қапысыз сенді. Тіпті, матчқа дейін бір-бірін құттықтап та қойыпты дейді сенімді дереккөздер. Ал матчқа дейін-ақ Бразилия футбол федерациясы арнайы Бразилия футболшыларының аты жазылған 22 дана алтын медальді дайындап қойғаны рас. Ол кезде алтын алқалар ФИФА тарапынан берілмейтін еді.
Шолу
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Матч алаң иелерінің дүлей шабуылымен басталды. Бірақ тас-түйін дайын тұрған уругвайлықтар алғашқы таймда өз қақпаларына доп жібермеді. Екінші тайм бастала сала Фриаса Бразилия құрамасын алға шығарды — 1:0. Мұнан соң да алаң иелері есепті ұлғайтуға тырысқанымен, әрекеттері нәтиже бермеді.
Уругвай құрамасы тізе бүге қоймады. 66-минутта Хоан Скьяффино есепті теңестірді. Бірақ бұл есептің өзі бразилиялықтар үшін молынан жеткілікті еді. Есеп теңескеннен алаңды жайт өзгерді. Енді уругвайлықтар басымдық таныта бастады. Бұл басымдық 79-минутта өз нәтижесін берді. Алсидес Хиггия Уругвайды алға шығарған сәтте 177 772 адам жиналған "Маракана" стадионында өлі тыныштық орнады.
Ойын бітуге әлі де 10 минуттай бар еді. Уругвай футболшылары жанталаса қоғанысқа көшті де, алтын кубок қолдарынан сусып бара жатқан алаң иелері алға лап қойды. Статистиктердің айтуынша, соңғы он минутта Бразилия футболшылары 8 соққы бағыттапты. Бірақ матч нәтижесі 2:1 есебімен Уругвайдың пайдасына шешілді. Араға 20 жыл салып, Уругвай құрамасы екінші рет Әлем Чемпионы атанды.
Осы матч жайлы журналист Сәкен Сыбанбай өзінің кітабында былай деп жазған екен.
“ | ...Соңғы турдың қос кездесуінің бірі үшінші орын үшін таласқа ұласса, екіншісі нағыз финалдық матчқа айналды. Одан жалғыз айырмашылығы: қарсыласынан бір ұпай артық жинаған алаң иелеріне әлем чемпионы атану үшін тең ойын да жеткілікті еді.
Бүкіл Бразилия ұлттық құрамадан жеңіс күтті. Жеңіс болғанда да анау-мынау емес, өте ірі ұтыс! Күтіп қана қойған жоқ, солай болатынына сенді де. Сенгені сонша, команданы таң атпай оятып алып, шіркеуге апарып, құттықтау сөз тыңдатып қойыпты. Олар түскі астарын да дұрыстап іше алмаған: елдің танымал саясаткерлері «болашақ чемпиондарды» алдағы «жеңістерімен» шын жүректен құттықтауға асыққан екен. Ал «Мундо» газеті сол күнгі санының 1-бетіне Бразилияның 11 футболшысының суреттерін тұтас басып, «Бұлар – әлем чемпиондары!» деген тақырыппен шығыпты! Мұның бәрі Уругвай құрамасы ойыншыларының намысына тиеді. Расында да, ойын әлі басталған жоқ, ал бразилиялықтар бұларды адам құрлы көретін емес! Алаңға шықпай жатып алдағы жеңісті тойлап кеткен! Уругвайлықтардың капитаны Обдулио Вареланың тіпті ызасы келеді. Ол әлгі газеттердің біразын сатып алып, өз командасы орналасқан қонақ үйдегі… әжетхананың писсуарларына жапсырып тастайды. Түскі астан соң, әдеттегідей осында бас сұққан футболшылардың бәрі де… кіші дәретін газеттегі әлгі «чемпиондарға» бағыттайды… Финалдық ойын, жұрт күткендей, бразилиялықтардың шабуылымен басталған. Уругвай командасының әуелде қорғанудан қолы босамай, анда-санда ғана алға жылжып отырған. Бірінші таймның орта шенінде, куәлер жазып қалдырған суреттеулерге сүйенсек, екі жаққа да психологиялық тұрғыдан қатты әсер еткен бір оқиға болыпты. Ойын сәл саябырсыған сәтте әлгі Варела төрешінің көзін ала бере, әй-шәй жоқ, бразилиялық қорғаушы Бигодеге тиісіп, оны кеудесімен қағып жіберіп, жалпасынан түсірген. Шамасы, ол «болашақ чемпиондардың» өршеленген өр мінезін солай басып тастайын десе керек. Ағылшын төрешісі оны байқамаған. Ал Бигоде «бұзақыға» қарымта қайтаруға тырыспаған да. Өйткені, ойын алдында бразилиялық бапкер Флавио Коста өз жігіттеріне: «Дөрекілікке дөрекілікпен жауап беруші болмаңдар!» – деп қатаң ескерткен екен. Мұның өзі, бас-көз жоқ, баса-көктеп ойнайтын ұрдажық Бигоденің аяқ-қолын матап тастағанмен бірдей еді. Мамандардың пікірінше, Костаның осы қате тапсырмасы финалдың тағдырын шешіп берген сияқты: еріксіз тәртіпті ойнауға тиіс болған Бигоде осы сәттен бастап Уругвайдың оң қапталдағы шабуылшысы Хиггияның ашса алақанында, жұмса жұдырығында болды. Дегенмен есепті алаң иелері ашты. Екінші тайм бастала бере Фриаса Адемирден әдемі пас алып, қарсыластың айып алаңына енді де, сол аяқпен солқ еткізді – 1:0! Торсида өре түрегеліп, өршеленгенде «Маракана» дірілдеп, шытынап сынып кетердей еді… Гол таза соғылса да, Варела өзінің капитандығын пайдаланып бас төрешіге де, қапталдағы қазыға да қайта-қайта наразылық білдірумен болды. «Шынымды айтсам, голдың ешқандай ереже бұзылмастан, заңды соғылғаны рас еді, – деп еске алды кейін уругвайлық. – Мен тек қарсыластар осыдан кейін одан сайын жігерленіп кете ме деп қорықтым. Сөйттім де, олардың сол аптығын біраз баса тұрмақ мақсатпен қасақана төрешілермен тәжікелестім…» Бразилия өзінің әсем ойынын әрі қарай жалғастыра берді. Бірақ о баста ойда болған «6-7 голдың» ыңғайы келер емес. 61-минутта уругвайлық қорғаушы Матиас Гонсалес өз айып алаңында Адемирді шалып жықты. Ағылшын төрешісі Ридер мұны көрмей қалды ма, әлде көрсе де, шұғыл шешім қабылдауға жүрегі дауаламады ма, әйтеуір 11 метрлік айып добын белгілеген жоқ. Бұдан соң уругвайлықтар тіпті жанын салып ойнады, барған сайын батылдана түсті. Флавио Коста жігіттерінің екінші допты енгізу қиындай түскен соң жүйкелері сыр бере бастағандай… ӨЗІН-ӨЗІ ӨЛТІРГЕНДЕР САНЫ 30-ҒА ЖЕТІПТІ! Бүкіл Бразилия халқы екінші голды күтіп отырғанда, 66-минутта доп ойламаған жерден Барбоза қорғаған қақпаға қойып кетті! Бәз-баяғы Бигоденің қателігінен. Ол өзін алдап өтіп, айып алаңына еркін енген Хиггияға еш кедергі жасай алмаған. Хиггия допты ортадан ұмтылған Скьяффиноға дәл берген. Орталық қорғаушы Жувенал да уругвайлық шабуылшының жолын бөгей алмаған. Ал Барбоза байғұстың мұнда айыбы жоқ: қарсы алдынан, небәрі жеті-ақ метр жерден қатты тебілген допқа ол қалай тосқауыл бола алады?.. Доп қақпа торын бүлк еткізген замат Уругвайдың бүкіл ойыншысы құшақтап сүю үшін Скьяффиноның соңынан ұмтылды. Алаң ортасында тек… команда капитаны Варела ғана қалды. Ол көгілдір футболкасын шешіп алып, басынан асыра айналдырып, «тез орындарыңа оралыңдар!» деп жігіттеріне айғайлаумен болды. Бұл гол онсыз да сеніміне селкеу түскен алаң иелерінің аяғын шідерлеп тастағандай әсер етті. Енді олардың «ұтылып қалмаймыз ба осы?» деп мазасыздана бастағаны анық сезілді. Бразилия футболшыларының әр екінші пасы қарсыласқа жем болып жатты. Ойын ырғағы бұзылды… Міне, ойынның шарықтау шегі! 79-минут. Радиодан кәнігі комментатор Жоржи Кури қылғына қырылдайды: «Біздің Данило доптан айрылып қалды. Оны Хулио Перес іліп әкетті… Ол алға, Хиггияға тастады! Хиггия оң қапталмен зулап келеді! Бразилияның қақпасына жақындап қалды! Тепті! Гол! Хиггия екінші допты соқты. 2:1! Алда – өкінішке қарай, Уругвай». Фотодеректер мен кинокадрлар мынаны көрсетеді: Хиггия бұл жолы да Бигодені сан соқтырып кеткен. Қақпашы Барбоза тағы да ортадағы Скьяффиноға пас беріледі деп ойласа керек, сәл алға ұмсына бастапты. Қақпаның бергі бұрышы ашық қалғанын көрген Хиггия қиғаштап тұрып өзі тепкен ғой. Соққы әлсіздеу болғанымен, ортаға ойыса бастаған Барбоза жандәрмен қайта ұмтылса да, допқа жете алмаған… Осы қасіретті өз көзімен көрген журналист Жоао Максимо: «Хиггияның голы онсыз да мүлгіген стадионда өлі тыныштық орнатты, – деп еске алады. – Бірақ мұның әсерінің күшті болғаны сондай, осы гол, қарапайым ғана гол әрбір бразилиялықтың өмірін екіге қақ бөлді: голға дейінгі өмір және одан кейінгі өмір». Елдің әр өңірінен жанкүйерлердің өзін-өзі өлтіргені туралы ақпараттар келіп түсе бастап, ақыры құрбан болғандардың саны 300-ге жетіп жығылған! Сірә, бұл – бір ғана голдың бүтін халыққа ұлттық трагедия боп тиген, бүкіл ел өмірінің ағысын күрт өзгерткен тарихтағы алғашқы да, бәлкім, соңғы оқиға болар. …Әрине, ойынның аяқталуына әлі он шақты минут бар болатын. Осы мерзім ішінде бразилиялықтар қарсылас қақпасын сегіз рет нысанаға алды: оның үшеуін Масполи кері қайтарса, бесеуі қисық кетті. Соңғы минутта Фриаса бұрыштан доп беретін болды. Бразилия футболшылары түгелдей Уругвайдың айып алаңына жиналды. Осы сәтте, футбол тарихшысы Висенте Мариньо жазғандай, «бүкіл Бразилия елі сол айып алаңында еді». Бірақ Фриасаның әуелетіп берген добын Жаир баспен қиыс ұрған сәтте-ақ төреші ысқырып қалды. ��йын бітті. 1950 жылдың 16 шілдесі, сөйтіп, Бразилия халқының санасында мәңгі із қалдырды. Әлі күнге дейін комментаторлар Уругвайдың екінші голы соғылған қақпаны «Хиггия қақпасы» деп атайды. Енді Уругваймен болатын әрбір ойын бітіспес «кек қайтару құралына» айналды. Бас бапкер Флавио Коста болса, шешуші ойын біткен соң Португалиядан «саяси баспана» сұрап, біраз уақытқа елден кете тұруға мәжбүр болды. Әйтпесе қаны қарайған торсиданың не істейтінін бір Құдайдың өзі білер еді… Ал бұл күн – қазір Уругвайда ұлттық мейрам саналады. Бас бапкер Хуан Лопес пен Обдулио Варела бастаған футболшылар үш миллиондай халқы бар ұлтарақтай елге екінші рет әлем чемпионы атағын алып берді. |
” |
Протокол
[өңдеу | қайнарын өңдеу]16 шілде 1950 |
|
Маракана (Рио-де-Жанейро) Көрермендер саны: 199 854 Төреші: Ридер |
||||||
|
|
|
|
Матчтан соң
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Осы кездесуден соң Бразилия құрамасының көптеген мүшелері құрамамен мәңгі қоштасты.
Бразилия құрамасы ұлттық құрама жейдесінің түсін алмастырғанды жөн деп тапты. Ақ жейде сәтсіздік шақырады деп ырымдап, сарыға ауыстырылды. Ал қонақта ойнайтын ақ-көк жейделері сол күйі қалдырылды.
Арада 64 жыл өткен соң
[өңдеу | қайнарын өңдеу]2014 жылғы Әлем Чемпионаты Бразилияда өтті. Бұл жолы Бразилия футболшылары баяғы Мараканадағы қасіретті жанкүйер санасынан біржола өшіріп тастау үшін әрекет жасады. Бірақ "Мараканасоны" бірнеше есе орап алатын қасіретке душар болды. Жартылай финалда Бразилия футболшылары турнирдің болашақ чемпионы — Германиядан 1:7 есебімен ойсырай жеңілді.
Қызықты деректер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Осы матчтағы шешуші голды соққан Алсидес Хиггия арада 65 жыл өткен соң, дәл сол датада, 2015 жылы 16 шілдеде 89 жасында өмірден өткен екен.
Тағы қараңыз
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Бразилия — Германия — 1:7, 2014
|