Мазмұнға өту

Сарыарқа (Солтүстік Қазақ жазығы)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(Сарыарқа бетінен бағытталды)
 Басқа мағыналар үшін Сарыарқа (айрық) деген бетті қараңыз.
Сарыарқа — Солтүстік Қазақстан қыры мен көлдері*
UNESCO World Heritage Site

Сарыарқа.
State Party Қазақстан
Type Natural
Criteria vii
Reference 1102
Region**
Inscription history
Inscription 2008  (34-ші Session)
* Name as inscribed on World Heritage List.
** Region as classified by UNESCO.

Сарыарқа — Қазақстанның ірі физикалық-географиялық және табиғи-тарихи аймағының бірі. Сарыарқа – халықтық атау. Сарыарқаға Қарағанды, Ақмола облыстарының жері толықтай, бұрынғы Торғай, Семей, Павлодар облысының біраз жері кіреді. Қарағанды облысының территориясы, негізінен, Сарыарқаның орта бөлігінде орналасқан. Сондықтан да жергілікті халық осы өңірді ежелден Сарыарқа, Арқа даласы деп атаған. Сарыарқа атауы «жер бетіндегі өсімдіктері күйгендіктен сарғайып жататын кең де үлкен жон, жалпақ үстірт, сансыз адырлы қырқа» ұғымын білдіреді.

Сарыарқа – қазақтың байлығының көзі ғана емес, сонымен қатар өнердің, мәдениеттің және тарихтың кеніші. Сарыарқаның асыл тумалары, сонау Абылай заманындағы Бұқар жырау, Қаз дауысты Қазыбек, ақындар Шөже, Шашубай, Доскей, жазушы С.Сейфуллин және ақын Қ.Аманжолов, композиторлар Тәттімбет, Мәди, Ұлы Отан соғысының қаһарманы Н.Әбдіров ғалымдар А.Чижевский және Е.Бөкетов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Т.Әубәкіров сияқты атақты адамдар Сарыарқаның атын шығарған. Көмірлі өңірдің халқы Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаевты да өзінің бел баласы деп есептейді. Өйткені ол жас күнінен бастап Теміртаудағы атақты Қазақстан Магниткасында тау-кенші болып еңбек жолын бастаған. Еліміздің тарихынан орын алған «адамзат ажалының аралындай» КарЛАГ-та жас ғұмырларын «тар жол, тайғақ кешумен» өткізген небір совет және шет елдің жүздеген оқымыстылары, зиялы қауым өкілдері тар қапаста жүрсе де Қарағандыда тұңғыш өнер ошақтарын ашқан «алғашқы қарлығаштар» болып табылады. Бұл өнер қайраткерлерінің артынан ызғарлы, қайғылы сұмдыққа толы жылдары туындаған өнер мұралары қалды. Қазіргі кезде бұл мұралар әлем жұртшылығының қызығушылығын тудырып отыр.

Географиясы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сарыарқа – «Қазақтың ұсақ шоқысы» деп те аталады (Орталық Қазақстан ұсақ шоқысы). Батыстан шығысқа дейін ұзындығы 1200 км, оңтүстіктен солтүстікке дейін 950 км. Батыс жағы біршама тегістеу, Ұлытаудың таулы жерлері (1133 м) және Көкшетау үстірті (947 м, Көкше тауы) салыстырмалы биіктігімен ерекшеленеді. Шығыс жағы 1403 метр (Қарқаралы таулары), 1469 метр (Шыңғыстау жотасы) және 1566 метрге жететін ең биік шоқысына (Ақсораң тауы) дейін биіктеп отырып, шоқылы жер бедерімен айрықшаланады. Сарыарқа геологиялық жас жағынан тым көне тауға жатады, яғни жылдар бойы мүжіліп бірте-бірте шөгіп бара жатқан кəрі тау. Салыстыру үшін айтқанда еліміздің шығысындағы Алтай тауы жас тауға жатады.

Геологиясы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сарыарқа каледон (батыс жағы) және герцин (шығыс жағы) қатпарлы кезеңінде қалыптасты. Неотектоникалық қозғалыстың сонымен бірге желге мүжілу үдерісі салдарынан Сарыарқаның жер бедерінің осы қазіргі бейнесі қалыптасты. Негізінен метаморфтық және магмалық тау жыныстарынан түзілген.

Өсімдіктері мен жануарлары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сарыарқа жері дала, шөлейт және шөл зоналарына кіреді. Көкшетау, Атбасар өңірінде, Есіл өзенінің бойында қара топыракқа тән өсімдік жамылғылары қалыптасқан. Ол жерлерде егіндік өсіріледі. Даланың аласа таулары мен ұсақ шоқыларында шоқ-шоқ қарағай, биші қайың ормандары өседі. Дала зонасының оңтүстігін ала Теңіз бен Сарысу жазықтары, Ұлытау, Қарқаралы, Шыңғыстау бойлары шөлейт зонаға кіреді. Бұл зонаның климаты қуаң, қошқыл қызыл коңыр топырақ жамылғысында жусанды, бетегелі, көделі, боз өсімдіктер жамылғысы таралған. Өзен бойында, тау баурайларында шабындық шалғындар, терек, қайың, карағай, арша, тал өседі. Шөлейт зона мал жайылымына колайлы. Шөл зонасы Ұлытаудың оңтүстігі мен Жезказған маңын, Солтүстік Балқаш жағалауын қамтиды. Мұндағы шөлдің қоңыр топырақ жамылғысында шөл өсімдіктері - тобылғы, қараған, боз, бетеге, ақселеу бұйырғын, қара жусан, көкпек өседі. Жануарлар дүниесі де дала, шөлейт, шөл зоналарының ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан. Қарағайлы ормандарда бұғы, елік кездессе, дала мен шөлейт жерлерді ақбөкен, қасқыр, түлкі мекендейді. Көлдерінде құстар көп.

Экономикасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қарағанды облысының даму тарихына үңілер болсақ, қадау - қадау іргелі істердің куәсі боласың. Аймақтың шапшаң игерілуіне бірден-бір себепкер болған оның мол табиғи байлықтары еді. Сонау жиырмасыншы-отызыншы жылдарда А.А.Гапеев, Н.Г.Кассин, Н.И.Наковник, М.П.Русаков, Қ.И.Сәтбаев тәрізді есімдері бүгінде кеңінен танымал геологтар Орталық Қазақстан аймағының кен байлықтарын зерттеді. Жиырмасыншы жылдардың басында-ақ Қоңырат, Жезқазған, Семізбұғы, Өспен және басқа жерлерде түсті металдардың мол қорының бары анықталған. Соғысқа дейінгі кезең ішінде жаңадан ашылған көмір және түсті металл кен орындарының негізінде Орталық Қазақстанда Қарсақбай, Балқаш мыс қорыту зауыттары салынды. Жезқазған, Қоңырат рудниктері, Қарағанды көмір бассейні игерілді. Еліміздің экономикасындағы Орталық Қазақстанның алатын орны ерекше екендігі сол кезде-ақ белгілі болған.

Қазба байлықтары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сарыарқа - пайдалы қазбаларға бай өлке. Қарағанды мен Екібастұз көмір өндірудің ірі ошақтарына жатады. Жезқазған, Қарсақпай, Атасу, Саяқ, Қоңырат кен орындары мыс, темір, марганец кендеріне бай. Жәйремде сирек металл өндіріледі. Осыларды қорытып, байыту мақсатында Қарағанды, Жезқазған, Балқаш және Теміртау қалаларында ірі металлургиялық комбинаттар жұмыс істейді.

Халқының қоныстануы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазіргі уақытта Қарағанды облысы 429 мың шаршы шақырым жерді алып жатыр. Бұл республикадағы ең үлкен аймақ. Әкімшілік-аумақтық құрылым өзгертілгеннен кейін, бұл аумақта 9 селолық аудан мен 11 қала, 39 жұмысшы кенті мен 171 селолық округ болды. Халық саны 1 миллион 700 мыңнан асты, яғни республика халқының 10 пайызын құрайды.

Дәстүрлі шаруашылығы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]


Дәстүрлі шаруашылығы егіншілік болып келеді. Онда көптеген егіншілік орындар орналасқан.

Ежелгі заман

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Батысы Торғай ойпатына тіреліп, шығысы Қара Ертіске еңкейіп барып тоқтайтын, түстігін Балқаштың көгілдір толқындары шайып жатса, терістігі көк Есілмен көмкерілген ұлан-ғайыр Сарыарқа сан ғасырлардан бері қазақ деген бұла халықтың құтты қонысы болып келеді. Тарихқа жүгінсек, осынау далада адамзат дамуының ұлы көшіне ықпалын тигізген талай оқиға мен құбылыстың өткеніне куә боламыз.

Орталық Азияға, соның ішінде Сарыарқа жеріне, адам баласының қоныстана бастағаны шамамен 1,5-1 млн. жылдар бұрын болған. Ең көне ескерткіштер: адамдардың тұрақ қоныстары, тас қару-жарақтары, жартасқа қашап салған суреттері осы межені көрсетеді.Балқаш көлінің солтүстік жағасы, Бетпақ шөлінен бері қарайғы аймақ Қарқаралы, Бұғылы мен Тағылы, Нұра-Сарысудың бойы, одан әрі Баянауылға, тіпті Көкшетауға дейінгі Сарыарқаның тұла бойы тас ғасырының айғақтарына толы.

Ортаңғы қола дәуірінің қыш бұйымдары

Ежелгі палеолиттің адамдары Орталық Қазақстан өңірінде, байтақ жатқан Сарыарқада шель-ашель дәуірінің соңын ала пайда болды. Оның археологиялық айғақтары Қарағанды облысының Обалысай, Мұзбел, Талдысай, Жаман Айбат, Қосмола Қызылжар деп аталатын жерлерден табылған. Көптеген зерттеушілеріміз бұл айғақтарды осыдан 100-40 мың жыл бұрынғы орталық палеолит немесе мустьер дәуірінің адамдары тұтынған дейді. Ғалым тілінде неандерталь адамы деп аталатын адамдар. Археологиялық ескерткіштер Орталық Қазақстан жерін, соның ішінде Қарағанды аймағын палеолит дәуірінде-ақ адам мекен еткеннін аңғартады. Олар аң, балық аулап, қоректік өсімдіктермен күнелткен. Садақ пен жебені, сондай-ақ найзаны қолданған. Неолит дәуірінде егіншілік негіздері пайда болған. Бұл кезеңнің жұрты Бұқпа өзені бойынан, кейінгі неолит қоныстары. Зеленая Балка (қазіргі Доскей ауылы) тұрағынан табылды. Қола дәуірінде аймақтың ежелгі халқы негізінен мал бағумен айналысқан, егін де салған. Бұл Суықбұлақ (Қарқаралы) қонысы мен ежелгі жер суару жүйесінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарынан көрінеді. Б. э. д. II-ші мыңжылдықтың басында Сарыарқаны қоныстанған тайпалар ішінде металлургиямен айналысатындары шықты. Жер бетіне жақын орналасқан түсті металдың бай қоры – алтын, мыс, қалайы адам қаракетіне жарады. Орталық Қазақстанда қола өндірісі өмірге келді. Қазақстан тарихының б. э. д. II-ші мыңжылдығын қола дәуірі деп атау тікелей осыған байланысты. Ол дәуірдегі адамдардың тіршілік салтын комплексті деп атауға дәл келеді, себебі бір жерде мал шаруашылығы да, егіншілігі де, сонымен бірге кен өндірісі де қатар дамыды. Бегазы (Ақтоғай ауданы), Дәндібай (Топар поселкесінің маңайы) зираттық кешендер атымен аталған, б. з. б. X–VIII ғасырларда осы күнгі облыс жерінде бірегей Бегазы–Дәндібай мәдениеті өркендеген. Малшылықпен қатар бұл өңірде кен қазу және металл қорыту тайпалардың өндіргіш күштерін дамытуда аса маңызды роль атқарды. Жалпы Бегазы – Дәндібай заманындағы тайпалар мәдениетінің басты ерекшілігі ескі қола мәдениетінің түрлері құлпыра өзгеріп, соның негізінде оған ешбір ұқсамайтын мәдениет қалыптасқан. Қазақ халқы ертеде көшпелі өмір сүрген. Орта жүз қазақ рулары қыста Сырдарияның арғы жағасында өткізсе, жаз жайлауға Сарыарқа деп, аңсап-сағынып Орталық Қазақстанға асыққан. Бұл шаруашылық-мәдени үрдіс Бегазы-Дәндібай заманында пайда болды.

Орталық Қазақстанды мекен еткен алғашқы тайпалар мен тайпалық одақтар жалпылама түрде «сақ» деп аталды. Тарихи дамудың барысында көне тайпалар мен тайпалық одақтар орнына жаңа тайпалар пайда болып, олардың аттары да өзгеріп отырды. Өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың дамуы алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауына және феодалдық қатынастардың қалыптасуына жеткізді. Біздің заманымыздың VIII-XI ғасырларында бұл өңірде көне сақтар мен көк түріктердің ізін басып қимақтар мен қыпшақтардың қуатты бірлестігі – Қимақ қағанаты ғұмыр сүрген. Ұлы әкімшіханның ордасы Орта Ертіс өңірінде тігілген. Қағандық құлағаннан кейін, II ғасырдың 1-жартысында оның орнына Дешті Қыпшақ мемлекеті құрылды.

Жошы хан мазары (XIII ғ.)

Орта ғасырлар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

XIII ғасырдың басында Орталық Қазақстан өңірі моңғол шапқыншылығына ұшырап, Алтын Орда құрылғаннан бері Қарағанды облысының аумағы Жошы хан ұлысының құрамына енген, одан XIV ғасырда Ақ-Орда (оған солтүстік-шығыс, Орталық және оңтүстік Қазақстан аумағы енген) бөлек кеткен. XIII-XV ғасырлар архитектурасының ескерткіші Қызыл кеніш сарайы осы кезенің ірі археологиялық ескерткіші болып саналады, жұрнағы Қарағандыдан 260 км, Қарқаралы ауданының Қырғызстан ауылының Кент тауының шығыс бөлігіндегі Қызылсу өзенінің жағалауында жатыр. Жергілікті тайпалардың экономикалық және саяси жағдайы күрт құлдырап, өндіргіш күштер әлсіреді, мұның өзі қазақ ұлысының қалыптасу процесін тежеді. Елдің аумақтық-саяси тұтастығы бұзылды, түрлі түркі топтары бөлшектеніп, араласып кетті, дегенмен олар өздерінің тілі мен әдет-ғұрпын сақтап қалды. Алтын Орданың мемлекеттік бірлестігінің бытыраңқы сипаты, феодалдық алауыздық, бағынышты, басыбайлы болған халықтардың азаттық күресі XV ғасырдың бас кезінде Алтын Орданың ыдырауына әкеліп соқты. Сол кезде бірқатар мемлекеттік бірлестіктер құрылып, соның біріне енді. XVI ғасырдың басында Орталық Қазақстан өңірі жергілікті экономикалық және этникалық негізде туындаған мемлекеттік құрылым кең байтақ Қазақ хандығының құрамында болды. Қазақ халықтарының құрылуы қазақ ұлысының қалыптасу процесіне жәрдемдесті. XVII ғасырдың бірінші жартысында Орталық Қазақстан жеріне ойрат (жоңғар) тайпалары басып кірді. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі жүз жылдан астам уақытқа созылды. Халық бұқарасының қаһармандық күресі нәтижесінде XVIII ғасырдың орта шенінде Қазақстан жоңғар басқыншыларынан азат етілді.

Ресей құрамында

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Аймақтың одан кейінгі тарихы Қазақстанның Ресейге қосылуымен тығыз байланысты. 1822 жылы 22 маусымда патша өкіметі өзінің отаршыл саясатын нығайту мақсатымен Указ шығарып, «Сібір қырғыздарының (қазақтарының) уставын бекітті». Осы Указ бойынша қазақ даласындағы хандық өкімет билігі тоқтатылып, патша өкіметі ұсынған жаңа әкімшілік жүйе пайда болды. Осы күнгі Қарағанды облысының жері – Баянауыл, Ақмола және Қарқаралы округтарының құрамына енді. Сөйтіп, осыдан 200 жылдай бұрын Сарыарқада Ресей империясының алғашқы бекіністері – Қарқаралы (1824), Ақтау (1937), Ұлытау (1841), т.б. қазақ-орыс станицалары пайда болды. Карқаралы округі ең ірі округтің бірі болған. Орталығы Қарқаралы шатқалында орналасқан (қазіргі Қарқаралы қаласы). Онда негізінен арғындар көп тарап, солар мекендеді. Округте 18 болыс құрылып, оның 16 болысы арғын руларына тән болса, екеуінде қоңырат пен наймандар ғана болды. Бұл Қарқаралы округіндегі арғындар негізінен 136 ауыл, 15022 түтін, 101251 адамнан тұрған. Бұлардың негізгі кәсібі мал және жер шаруашылығы болды. Олар ен даланы жайлап, қыс қыстауға, жаз жайлауға көшіп-қонып тіршілік етті. Осында қалың арғынның ортасында керей тайпасының 4960 адамы бар 10 ауылдан (1143 шаңырақ) тұратын бір болысы мен 359 адамы бар уақ тайпасының 52 шаңырағы бірге көшіп жүрді. Қарқаралы округінің қазақтары жазда Кіші және Үлкен Нұра, Шідерті, Талды, Өлеңті, Ащысу т. б. өзеңдер төңіректерін, Батағор, Ерейментау бөктерлерін, Баянауыл тауының оңтүстік бөктерлерін жайлады. Олар Қазанғап, Түндік өзендерінің бойындағы қаптаған шатқалдары, Балқаштың солтүстік жағалауларын, Қарқаралы тауларын т. б. қыстады. Көшпелі Қарқаралы округінің шекаралары қазіргі Қарқаралы ауданының шекараларына сай келді. Қазыналы Қарағанды өңірінің Қазан революциясына дейінгі жағдайын сөз еткенде, бұл өлкенің әкімшілік жүйесіне тоқтала кету қажет. Қазақстанның орталық бөлігін алып жатқан осынау байтақ өңірді 1867-1868 жылдары патша өкіметі үш облысқа бөлді. Ол кезде Қазақстандағы облыстар саны алтау-ақ болатын. Жаңағы орталық өңірдің үш облысы Ақмола, Семей және Торғай еді. Әр облыс бірнеше уезден құралып, уездер болыстарға бөлінген. Қарағандының өнеркәсіпті ауданы бұл кезде Ақмола уезіне қарайтын. Ал уезд құрамында 20 болыс болған. XIX ғасырдың 2-ші жартысында «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлығының далалық аймақтарын басқару жөніндегі уақытша ереже» бойынша Орталық Қазақстан жері Ақмола және Семей облыстарына енді. 1860 жылы крепостнойлық құқықты жойған соң Ресейдің орталық губерниялары мен Украинадан қоныс аудару ісі басталды. XX ғасырда біздің облыстың аумағына шетелдік капитал келе бастады. 1-Дүниежүзілік империалистік соғыс кезінде патша өкіметі еңбекші халықты езуді күшейтті. Бұл 1916 ж. ұлт-азаттық көтерілісін туғызды. Оған Қарағанды, Жезқазған, Спасск кеншілері, Өспен руднигінің жұмысшылары, т.б. қатысты. Патша өкіметінің жазалаушы әскерлері бұл өңірдегі көтерілісті аяусыз басып-жанышты, алайда көтерілісшілердің бір бөлігі Торғай аймағындағы Амангелді Иманов жасағына барып қосылды, ал кейбір топтар Байқоңыр көмір кені ауданында 1917 жылға дейін дербес қимыл жасады. 1917 жылы қазан айында Ұлы Қазан социалистік революциясының жаңғырығы кешікпей-ақ Қарағандыдағы далалық айқаптарына да жетті. Қарағанды далалық айқаптары екі жылдай қырғын және қан төгілген азамат соғысының алаңы болды. Мұнда, Қарағандыда Анненков, Дутов және олардың көмекшілері қаһарланды.

Сарыарқа саяхатшылар жазуларында (17-19 ғғ.)

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Шығысын шөлге беріп, төрт құбылысын желге беріп керіле созылып Сарыарқаның жер асты байлығы Ресей патшасына да, тегін пайда іздеп дүниенің төрт бұрышына бірдей көз тіккен шетел алпауыттарына да, табиғат сырын білуге құмар жиһанкез саяхатшыларға да көп уақыт бойы жұмбақ болып келді. Орталық Қазақстаннің бай археологиялық ескерткіштері ежелден-ақ саяхатшылардың мұқиятын туғызған. Патша өкіметі бұл далаға талай-талай әскери экспедициялар жасақтап жіберіп отырды. Қазақ даласының қойнауында тұнып жатқан байлықтарға орыс елшілері Ф.Скинин мен М.Трошин да кезінде көңіл бөлген. XVII ғасырдың соңында олардың Тобольскіден Түркістанға дейін жүріп өткен жолы картаға түсірілді. Бұдан сөң Сібірді зерттеуші географ-картограф әрі тарихшы С.У.Ремезов та XVII ғасырдағы орыстың географиялық ғылымында жаңалықтар аша түсті. Ол жаңағы картаның белгілерін негізге алып, 1701 жылы «Сібірдің сурет кітабын» жасады. Бұл күрделі еңбегінде ғалым Қазақстан жерінің солтүстік және орталық аудандарын дұрыс көрсетті, әрі табиғат пен кен байлықтарына да баса назар аударды. Қазақстанға аттандырылған алғашқы экспедиция I Петрдің тікелей нұсқауымен ұйымдастырылды. Бұл экспедициялар геологиялық барлауларын Ертіс өзенінің бойымен Зайсан көліне дейін, Тарбағатай және Жоңғар таулы сілемдерін шолып өтіп, көптеген геологиялық материалдар жинады. Ресейдің Ғылым академиясы қазақ даласының батысы мен шығысын, сондай-ақ орта бөлігін зерттеуде бірталай тыңғылықты істер атқарды. Түкпір-түкпірге жөнелтілген экспедицияларға белгілі ғалымдар да қатыстырылды. Солардың бірі – Орынбордың губерниялық канцеляриясында ұзақ қызмет істеген, белгілі саяхатшы П.И.Рычков өз еңбегінде Кіші жүз бен Орта жүздің де мекендерін географиялық жағынан тұңғыш рет таныстырып шықты. Кейін оның баласы әскери топограф, капитан Н.П.Рычков та әкесі жүрген жерлерді шарлап, тіпті кен көздерін тапты. 1771 жылы ол әскери экспедиция құрамына қосылып, Сарыарқа даласына жол шекті. Экспедиция Ұлытау, Жезқазған өңіріне келіп тоқтағанда, көне дәуірдегі кеншілердің іздерін зерттей отырып Н.Рычков «1771 жылы Қырғыз-қайсақ даласына жасаған саяхаттың күнделік жазбалары» деп аталатын еңбегінде: «Ұлытау қойнауынан басталатын әйгілі өзендер: Ұлықарағай, Ж��ланшық, Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Жездікеңгір бойында ертедегі адамдардың қазған кендерінен алтын мен күмістің белгілері табылды» деп жазды. Н.П.Рычковтан кейін қазақ жерінің кен байлығын зерттеуде Ресей Ғылым академиясы тарапынан ұйымдастырылған арнаулы экспедицияларға белгілі ғалымдар П.К.Паллас, И.Георги, И.П.Фальк жетекшілік етті. Орталық Қазақстанның табиғи байлығын зерттеп, анықтауда 1814 жылғы майор Набоковтың, 1815 жылғы маркшейдер М.Германның, 1816 жылғы маркшейдер И.Шангиннің экспедицияларының маңызы үлкен болды. Жалпы тек XVIII ғ. соңғы ширегі – XIX ғ. басында Қазақстанда онға жуық экспедиция болды. Олардың көпшілігі Жезқазған өңірінің байлығын анықтауда үлкен роль атқарды. Осы кезеңнен бастап мысты өлкені жүйелі жан-жақты зерттеу басталды, ал ол қазақ жеріне алғашқы кәсіпкерлердің сенімімен келуіне негіз болды. Қазақстанның көне қалаларының бірі Қарқаралы – табиғат мол байлық сыйлаған Сарыарқаның шағын ғана бір бөлігі. Тарихи деректердің мәлімдеуінше Қарқаралының ақ қайың мен жасыл терек зерлеген шұрайлы өлкесі ерте кезден-ақ оқымысты - ғалымдардың, саяхатшы – зерттеушілердің көңіліне ұялап, көзін қызықтырған. Бұл өлкені алғаш ашушылар тізімі едәуір. Көгілдір таулар етегімен капитан И.ГАндрееев (1785 ж.), атаман Телятников (1796 ж.), тау-кен чиновниктері М.Поспелов пен Т.Бурнашов (1800 ж.), Сібір корпусының тілмашы Ф.Назаров (1833 ж.) және басқа қызмет адамдары жүріп өткен. Сондай-ақ бұл өңірге Алтай тауы аймағының маркшейдері И.П.Шангин де саяхат жасаған. Ол 1816 жылы Көрпетай және Бесшоқы мекендерінен көне қорғасын, мыс орындарын көптеп тапқан. 1826 жылы К.А.Мейердің жетекшілігімен ғылыми экспедиция келді. Экспедиция Қарқаралы тауларында бірнеше апта болып, өсімдіктерді жинаумен және зерттеумен айналысты. К.А.Мейер ғалым-географтардың жаңа буынын бастады. Оның ізін баса шыққан А.И.Левшин, Г.С.Карелин (1841), А.И.Шренк (1843), А.К.Гейнс (1865) Қарқаралыда болған. Қазақ халқының тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов Қарқаралы округінде екі рет 1855 және 1863 жылдары болды. Қызмет бабындағы сапарын ол халықтың ауызеке аңыз-әңгімелерін, ән-жырларымен танысуға арнады. Ш.Уәлиханов мал шаруашылығы жөнінде бірсыпыра қызықты материалдар жинады. Оның “Қарқаралының сыртқы округтері болыстарының қысқы көші-қоны” деген еңбегі осы тақырыпқа арналады. Орыс саяхатшысы Семенов – Тянь Шанскийдің жетекшілігемен 1865 жылы жарық көрген “Ресей империясының географиялық – статистикалық сөздігінің” екінші томында Қарқаралының ғажайып табиғаты, алғашқы адамдар мекендеген жұмбақ үңгірлері мен құпиялы қорғандары жайлы кеңінен баяндалып, бұл өлкенің атақ-даңқын әлемге таратады. Соның бірі – атақты “Қалмақ қорғаны” десек, ені мен биіктігі үш метр, ұзындығы бес шақырымға жететін осынау өзгеше бір “Қытай қорғанын” тұрғызуда мыңдаған адам талай жыл бойы тер төгіп, еңбек еткен деседі. Поляк революционері, демократ Адольф Янушкевич Сібірде айдауда жүргенде жиі-жиі әрі ұзақ уақыт қазақ даласында болып халқымыздың өмірін, дәстүрін және мәдениетін зерттеген. Ол 1846 жылы қыркүйегінде Қарқаралы уезінде болған әсерлері туралы “Күнделіктер мен хаттар” немесе “Қазақ даласына жасалған саяхат туралы жазбалар” атты кітабында былай деп жазған: “Ақтау жолына дейін жолымыз әуелі тастақты еді. Одан Жарлы өзеніне шейін жол қойнауымен өтеді, содан соң қарағай орман жапқан таулы-тасты жерлерден асып, Қарқаралының өзеніне жетеді. Бас аяғы – тоқсан шақырым…Қарқаралы тауының көрінісі ғажап. Қарқаралының өзі де айналасы тау, іргесінде өзен ағып жатқан бір әдемі жерге орналасқан.” Бұл өлкеде 1909 жылы болған орыстың танымал жазушысы М.Пришвин “Русские ведомости” газетінің тілшісі ретінде қоныс аударушылардың тұрмасын зерттеу мақсатында Қарқаралы қаласында болып қайтқан. Осы сапарында ол Кент, Қызылтау тауларын аралап жүріп, Қарқаралы уезінің этнографиялық материалдарын, қырғыз (қазақ) аңыздары мен ертегілерінің жазбаларын жинастырды. Жазушы 1909 жылғы Қазақстанға саяхаттың әсері негізінде жазған шығармаларының бәрінде дерлік табиғаттың әртүрлі құбылыстарына тарихи деректер мен түрлі нанымдар негізінде жасалған тұжырымдарға үлкен орын береді. Қазақтың халықтық фольклорын пайдалана отырып, өз кейіпкерлерінің қазақтың ежелгі ертегілерімен өзектес дүниетанымын оқырмандар алдына жайып салады. Ол осында жүріп “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырын алғаш тыңдаған. Қарқаралы басына шығып, Шайтанқөлдің көз сұқтандырар сұлулығын өз шығармасына арқау етекен. Қазір М.Пришвиннің Сарыарқа қазақтарының өмірінен бір емес, бірнеше мақалалар мен очерктер жазғаны белгілі болып отыр. Олар “Шайтанкөлде”, “Қара араб”, “Адам және Ева”, “Тұзды көл” және тағы да басқа шығармалар. Ұлы Ш.Уәлихановтың сүйікті досы, белгілі саяхатшы – этнограф Г.Потанин Қарқаралы уезіне, 1913 жылы аңыз-жырлардың алуан нұсқаларын жинап, қазақ фольклорын зерттеуге келеді. Бұл сапарда Г.Потанин баяғыдан танитын Томск университеінің студенті Ә.Ермеков жанында еріп жүрді. Олар Қарқаралы қаласында, Қоянды жәрмеңкесінде, Бүйіртас мекенінде болды. Қарқаралы уезінің халықтың ауыз әдебиетіне бай екендігіне ғалым бұдан бірнеше жыл бұрын білген. 1895 жылы ғалым Ш.Уәлихановтың әкесі Шыңғыстың ауылына барғанда оны Петербург университетінің студенті Сұлтанғазин бастап жүрген. Сұлтанғазин ғалымның өтінішімен көптеген ертегілер жазып алады. Бұл ертегілердің қолжазбалары «Живая старина» редакциясының қоржынында көп жылдар жатып қалады да, тек 1916 жылы Г.Потанинің алғы сөзімен және редакциялауымен жарық көрді. Г.Потанин қазақ халқының мәдениеті, тұрмысы, фольклоры жөнінде материалдар жинап, соның негізінде «Тоқырау өзенінің сағасында» мақаласы 1914 жылы «Сибирьская жизнь» газетінде жарияланды. Қазақтың мың әнін жинаумен тарихта теңдессіз тәлі қалдырған атақты музыка зерттеушісі А.В.Затаевич Қарқаралы өңіріндегі құйма құлақ, зерделі де зерек жыраулар ауызынан 154 ән жазып алған. Ол даңқты француз жазушысы Р.Ролланға жазған хатында Карқаралы табиғатының қайталанбас сұлу келбетін сүйсіне суреттеп, бұл аймақтың әншілерін әлемдік деңгейдегі өнер жұлдыздарымен қатар қояды.

  • Қазақстанньң физикалық географиясы, Алматы: Атамұра, 2008. ISBN 9965-34-809-Х
  • Артықбаев Ж.О., Жакин М.С. Шет өңірінің тарихы.- Қарағанды ҚарМУ баспасы, 1998.-275 б.
  • Аршабеков Т. Қарқаралы күмбездері.- Қарағанды: «Арко» ЖШС, 1997.- 96 б.
  • Аршабеков Т. Тасқа жазылған тарих // Сана.- 2000.- 7 желтоқсан (№46).- 5 б.
  • Аршабеков Т. Туған жер төсіндегі жәдігерлер: /Қазына: тарихқа шолу/ // Орт. Қазақстан.- 1994.- 29 желт.
  • Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы (ерте дәуірден бүгінге дейін). Оқу құралы.- Алматы: РБК, 1997.- 404 б.
  • Әзиев Ә. Қазыналы Сарыарқа.- Алматы: «Қазақстан», 1978.- 119 б.
  • Балташұлы Е. Қазыналы құтты өлке // Орт. Қазақстан.- 2002.- 9 қаңтар
  • Бекбалақ Қ. Сарыарқаның рухани қазынасы: Этнографтың жолжазбасы // Орт. Қазақстан.- 1998.- 23 желт.
  • Бұланты шайқасы / Жауп. Ред. Ж.О.Артықбаев.- Қарағанды: РМҚ «Полиграфия» ӨБ, 1998.- 64 б.
  • Дәулетбектегі С. Теміршедегі таңбалы тас: /Қарқаралы маңындағы ескерткіштер туралы/ // Қарқаралы.- 1995.- 9 қыркүйек
  • Жанысбай С. Бегазыда көп сыр бар: Ескерткіш – елдігіміздің белгісі // Орт. Қазақстан.- 1999.- 2 қазан
  • Қадыров М., Нұрмұқамбетов Б. Ертедегі Орталық Қазақстан тайпаларының мәдениеті мен өнері // Ежелгі мәдениет куәлары.- Алматы, 1966.- 68-78 б.
  • Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия / Бас ред. Р.Н.Нұрғалиев.- Алматы: Қаз. сов. энцикл. Бас ред., 1990.- 632 б.
  • Қарқаралы округтік приказының ашылуы // Қарқаралы.- 1991.- №3.- 86-91 б.
  • Марғұлан Ә. Ұлытау төңірегіндегі тас мүсіндер // Ежелгі мәдениет куәлары.- Алматы, 1966.- 8-52 б.
  • Мұқанов М.С. Қазақ жерінің тарихы.- Алматы: Атамұра – Қазақстан, 1994.- 80 б.
  • Омарбекова М. Қарқаралының тарихи ескерткіштері және саяхат маршруттары // *Қарқаралы.- 1999.- 10, 17, 24 сәуір // Орт. Қазақстан.- 2000.- 13-31 мамыр, 3 маусым
  • Попов Ю. Өлкеміздің тарихи беттері: Тастар сыр шертеді // Шұғыла.- 1981.- Наурыздың 28
  • Сапарұлы Б. Көне тарих отаны боған өлке немесе Бегазы-Дәндібай мәдениеті туралы // Қазақстан әйелдері.- 1992.- №3.- 8,9 б.
  • Сейдімбеков А. Күңгір-күңгір күмбездер: Сұлулық туралы сырлар.- Алматы: Жалын, 1981.- 240 б.
  • Сейдімбеков А. Қарқаралы // Кеніш: Қарағанды облысы туралы кітап.- Алматы, 1978.- 93-109 б.
  • Смағұл С. Ескерткіштер ел мұрасы: Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясына – 55 жыл // Сарыарқа.- 2001.- 2 қараша
  • Смайылов Ж., Бейсенов А. Қызылкеніш сарайы // Білім және еңбек.- №6.- 28-31 б.
  • Сұлтанов К. Шапқан төбенің құпиясы: /Қарқаралы ауданы Қаз. экспедициясының зерттеулері бойынша табылған қола дәуірінің соңғы кезімен көшпелі тұрмысқа ауысудың алғашқы дәуірін көрсететін материалдар жайында/ // Қазақ әдебиеті.- 1969.- 23 авг.
  • Уәлиханов Ш. Қарқаралы сыртқы округіндегі болыстардың қыстақтары: Қарқаралы құжаттары.- 1991.- №4.- 89 б.
  • Ісләмұлы І. Шежірелі өлке – Жаңаарқа // Азия Транзит.- 2000.- №6.- 28-37 б.

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]