Мазмұнға өту

Кесірткелер

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(Кесіртке бетінен бағытталды)
Кесіртке

Кесіртке (Saurіa) – қабыршақтылардың бір отряд тармағы.


Қазба қалдықтары триас кезеңінен сақталған, жыландардың арғы тегі болып саналады. Кесіртке Жер шарының суық аймақтарынан басқа жерінің бәріне дерлік таралған. Бұлардың қазіргі кезде 20 тұқымдасқа, 350 туысқа бірігетін 4000-нан астам түрі бар.

Қазақстанда 6 тұқымдасы (жармасқылар, ешкіемерлер, кеселдер, Ұршықсап, жабысқақ, нағыз кесірткелер), 13 туысы, 30 түрі кең таралған. Кәдімгі кесіртке тұқымдасының республикамызда 2 туысы бар:

  1. к��сіртке (Lacerta), оған тән белгі – құрсағындағы қабыршақтар ұзынынан қатарласа орналасқан. Танау тесігінің қалқаны жоғары көтерілмеген. Маңдай қалқанында ұзын, терең ойысы болмайды;
  2. кесірт (Eremіas), олардың құрсақ қабыршағы қиғаш қатпарласып орналасқан. Танау тесігі жоғары көтеріңкі келеді, маңдай қалқанында ұзынша ойысы болады.

Бұлардың Қазақстанда 11 түрі кездеседі. Мысалы, секіргіш кесіртке (Lacerta agіlіs, тұрқы 12 см-дей) республиканың солтүстік бөлігінде, Сауыр, Жетісу (Жоңғар) Алатауы, Тарбағатай, Күнгей Алатауында; тірі туатын кесіртке (Lacerta vіvіpara, тұрқы 7,5 см-дей) Батыс Қазақстан, Ақмола облысында; жүгіргіш кесіртке (Eremіas velox, тұрқы 8,5 см-дей) мен орташа кесіртке (Eremіas іntermedіa, тұрқы 7 см-дей) республиканың оңтүстік аймақтарында; жолақты кесіртке (Eremіas scrіpta, тұрқы 6 см-дей) Каспий маңындағы құмнан бастап, Алакөлге дейін; торлы кесіртке (Eremіas grammіca, тұрқы 10 см-дей) Арал теңізінен Алакөлге дейін таралған.

Кесірткелердің көптеген түрі жерде жүреді, ағашқа, бұтаға өрмелей алады, құмға батып кететін түрлері де бар (бат-бат кесіртке). Галапагос игуанасы мұхит жиегіне жақын жердегі суда кездеседі. Денесі жалпақ, қысқа не ұзынша келеді. Денесінің тұрқы 3,5 см-ден 4 м-ге (қ. Кесел) жетеді. Тері қабыршағының пішіні, құрылысы, үлкендігі әркелкі, оның түрлік жіктелімге бөлгенде үлкен мәні бар. Аяғы кейбір түрінде өте жақсы жетілген, кейбіреуінде редукцияға ұшыраған (тек қалдығы қалған). Тісі бірқырлы кейде көпқырлы болады. Тілінің құрылысы да әр түрлі. Мысалы, жармасқы мен ешкіемерде – жалпақ, қалың етті; кеселде – ұзын, ұшы екіге айрылған; хамелеонда – өте ұзын, түп жағына қарай жуандайды. Көздерінің қабағы қозғалмалы, ойнақшып тұрады. Қауіп төнгенде көбі құйрығын үзіп тастап қашады, бірақ көп кешікпей жаңадан құйрық пайда болып бұрынғы қалпына келеді. Сарлан, аяғы болмағандықтан, кесірткеден гөрі жыланға көбірек ұқсайды.


Кесірткелер – ауыл шаруашылығына зиянды жәндіктерді жеп, негізінен, пайда келтіретін жануарлар, бірақ Кесірткелердің арасында денелерінде жәндіктердің, кененің қансорғыш түрлері тіршілік етіп, адамға, жануарларға, малға қауіпті ауру қоздырғыштарын тарататын түрлері де бар. Кесірткелердің терісінен түрлі бұйымдар жасалады. Кейбір түрлері улы келеді.


Кесірткелер көп ауланған, олардың санының жылдан-жылға азаюына байланысты қорғауға алынып, 36 түрі мен түр тармағы Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына»,19-ы бұрынғы КСРО-ның Қызыл кітабына, ал республикадағы 3 түрі (жұмырбас шұбар кесіртке, Зайсан жұмырбас кесірткесі және кесел) Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Жұп копулятивті органдар (жыныстық мүшелер) болады. Кесірткелердің көпшілігі жұмыртқалайды, кейбіреуі жұмыртқадан тірі туу немесе тірілей туу арқылы көбейеді. Кесіртке жұмыртқалаған бойда баласының жұмыртқаны жарып шығуы жұмыртқадан тірі туу деп аталады. Ұсақ түрлері 1 – 2, орташалары 8 – 20, ірілері оннан астам жұмыртқа салады.

Қоректенуі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Кесірткелердің арасында жемін күндіз де, түнде де аулайтын түрлері бар. Түрлі жәндіктер мен олардың дернәсілдерімен, өрмекшілер, моллюскілер, құрттармен, ұсақ кемірушілермен, құстар және олардың жұмыртқасымен, бақа, жыландармен, аздаған түрі өсімдіктің жұмсақ бөліктерімен, жемісімен және тұқымымен қоректенеді.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қ.Қайым,Б.Муханов,Р.Сәтімбекұлы,М.Шаймарданқызы, "Жануартану"(1998), 167 б., ISBN 5-625-03599-7