Георг Вильгельм Фридрих Гегель
Георг Вильгельм Фридрих Гегель (нем. Georg Wilhelm Friedrich Hegel; 27 тамыз 1770, Штутгарт — 14 қараша 1831, Берлин) — неміс философы, неміс классикалық философиясының және романтизм философиясының негіздеушісі. Йоһанн Готтлиб Фихте және Фридрих Вильгельм Йозеф Шеллингпен бірге неміс идеализмінің негізін қалаушы.
Өмірдерек
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Георг Вильгельм Фридрих Гегель 1770 жылдың 27 тамызында Штутгарт қаласының, жоғары қызметтегi шенеулiк Георг Людвиг Гегель (1733 -1799 ) жанұясында дүниеге келдi. Гегельдің арғы ата тегі – контрреформация кезінде XVI ғасырда Аустриядан қуылған Каринтиилік лютерандық болған.
- 1788 - 1793 Тюбинген теологиялық университетiнің философиялық және теологиялық курстарын тыңдап, магистрлiк диссертациясын қорғады. Өз курстастарынан ішінде Шеллингпен және Гельдерлинмен тату болды. Олармен бірге Француз төңкерiсiнiң идеясымен шұғылданған студенттiк саяси клубтiң мүшесi болды.
- 1793 жылы дін ілімі кандидатының толық курсын аяқтау барысында Гегель жақсы қабілетті болғанымен, басқалардан ешқандай айырмашылығы жоқ, сөзде озат емес те, философияның мұғалімі атала алады деген аттестат алған.
- 1793 - 1796 Бернде үй мұғалiмi
- 1797 - 1800 Майндағы Франкфуртте үй мұғалiмi
- 1799 – әкесінiң өлiмiнен кейiн алған мұра мен меншiктi жинақтар, оған сабақ беруден бас тартып, академиялық қызметке кiруге мүмкiндiк бердi
- 1806 — 1816 Нюрнберг гимназиясының директоры
- Гейдельберг университетінің (1916) және
- Берлин университетінің профессоры (1818) болған.
Гегельдің философиялық ілімінің қалыптасуы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Гегелдің ілімі әртүрлі көзқарастарды ұстанатын жазушыларға әсер еткен. Солардың арасында Гегельді қолдайтындар да (Бруно Бауер, Карл Маркс Фрэнсис Герберт Бредли, Жан-Поль Сартр, Ганс Күнг), оның ілімін сынайтындар да (Фридрих Вильгельм Йозеф Шеллинг, Сөрен Киркегард, Артур Шопенгауер, Фридрих Ницше, Мартин Гайдеггер, Бертран Расселл) бар.
Гегелді философ ретінде қызықтырғаны — табиғат пен азаттықтың арасындағы қатынас, имманенттік, трансценденттік, және осы жұптардың екі бөлігінің біреуін жоймай немесе біреуін екіншісіне тәуелді етіп жібермей отырып біріктіру. Оның кең танымал және ықпалды ұғымдары: спекулятивті логика, яғни «диалектика», «абсолютті идеализм», «Рух», «Қожайын-құл» диалектикасы, «этикалық өмір» және тарихтың маңыздылығы. Гегельді кейбіреулер нацизмнің пайда болуына ықпал жасағандардың қатарына жатқызады, бірақ басқалар бұнымен келіспейді.
Мемлекет пен құқыққа көзқарасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Мемлекет пен құқық мәселелерін қарастырды. Еңбектері: "Германияның Конституциясы", "Рух философиясы", "Құқық философиясы", "Тарих философиясы", "1831 жылы реформа жайлы ағылшындық билль" және т.б. Құқық философиясы - философияның гегельдікі жүйесінің аса маңызды құрамдас бөлігі.
Гегель азаматтық қоғам мен саяси мемлекеттің ара-жігін ажыратып қарастырады. Оның ойынша, мемлекет дамудың ең жоғарғы сатысы - азаматтық қоғамда пайда болады. Азаматтық қоғам деп ол буржуазиялық қоғамды түсінеді. Азаматтық қоғам - ерекше, жеке мақсаттарды және жеке ад��м мүдделерін жүзеге асыру аясы. Гегель азаматтық қоғамды қарама-қайшы мүдделер текетіресетін антагонистік қоғам ретінде сипаттайды.
Азаматтық қоғамның үш негізгі тұсы:
- қажеттіліктер жүйесі,
- әділ сот,
- полиция және бірлестіктер.
Азаматтық қоғам құрылымында үш сословиені атап көрсетеді:
- субстанционалды (жер иеленушілер - дворяндар мен шаруалар);
- өнеркәсіптік (фабриканттар, саудагерлер, қолөнершілер);
- жалпылама (шенеуніктер).
Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді қарастыра отырып, Гегель азаматтық қоғам қанша байлыққа кенелсе де, кедейлікпен күресуге қабілетсіз екендігін мойындайды.[1]
Философиясының негізгі ұстамдары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Гегельдің ғылыми-шығармашылық қызметі Германиядағы саяси-әлеуметтік тұрмыстың елеулі өзгеріске ұшырап, елдегі ішкі қайшылықтардың күрт шиеленіскен кезеңіне тұстас келді. Сондықтан ол өзіне дейінгі ойшылдардың, әсіресе 17 — 18 ғасырлардағы ағылшын, француз ағартушыларының, дәстүрлі неміс ғылымы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің жетістіктерін мұқият зерттей отырып, дәйекті тарихилық жүйені ұсынды. Ол кез келген философиялық ілім нақты проблемаларды негіздей отырып, тарихи қажеттілікке қарай жүріп келе жатқан тұтас жүйенің даму кезеңінде белгілі рөлге ие болатынын айтты. Гегельдің бұл пікірі философия тарихында үлкен маңыз атқарды. Егер философия үнемі үздіксіз даму үстіндегі тарихи жүйе болса, онда оның аясындағы нақты проблемалар ғылыми дамудың негізгі құрамдас бөліктері саналады.
Тарихи дамудың нәтижесінде проблемалар үнемі өзгеріп, дамып, жетіліп, жаңадан туындап отырады, ескілері заман талабына сай келмей, кейін ығыстырыла береді. Мұның барлығы саяси-қоғамдық өмірмен, жаратылыстану және қоғамтану ғылымдарының дамуымен, әсіресе, философияның өзіндегі ішкі өзгерістермен тығыз байланыста көрінеді. Ал әр ұрпақ, жаңа буын философияның алдында тұрған соны мәселелерден ғана емес, сондай-ақ, өткен дәуірден ауысқан проблемалардан да өз заманының талабына оңтайлы шешім іздейді. Яғни, Гегельдің пікірінше, философия — өтіп кеткен процесті, тарихты оймен шолу. Әйтсе де, ол тарихқа өткен шақ деп қарамайды, үздіксіз жалғаса беретін процесс ретінде бағалайды.
Гегель өзінің “Рух феноменологиясы” (1807), “Логика ғылымы” (1812), “Тарих философиясы”, “Құқық философиясы” (1821), т.б. еңбектерінде тарихи даму иедясын тұтастай диалектика теориясына айналдырады. Қоғам өміріне, әсіресе, дін мен саясат мәселелеріне арналған алғашқы философиялық шығармаларының бірі — “Кім абстрактылы ойлайды” атты мақаласында, ал болашақ диалектикалық, зерделілік әдіске негіз қалады.
Таным теориясының келелі мәселелерін көтере отырып, өзіне дейін қалыптасқан “сезімділік, пайым — нақтылықтық бейнесі, ал абстрактылық — ойдың жоғарғы даму үрдісімен тығыз байланысты” деген пікірге қарсы шықты. Абстрактылы ойлау таным процесіндегі сыңаржақтылықтың нышаны екенін, тек сыртқы көрініске, одан соң сезімге ғана елігетінін сынай отырып, абстрактылы ойлаған адам өз ойына мән бермей, қаралып отырған мәселеге терең үңілмей, оның мәнін, тарихын ашып беруге дәрменсіздік танытатынын дәлелдеді. Ал таным процесі нақтылыққа ұмтылуға тиіс.
Нақтылық — көптеген анықтамалардың жиынтығы, көпжақтылықтың бірлігі, яғни, кез келген мәселеге объективті, тарихи, ішкі байланыстарды анықтау арқылы қарауды қажет етеді. Ендеше, таным процесі әуелі абстрактылықтан басталып, нақтылыққа қарай ұласу принципіне бағынады. Таным процесіндегі логика мен диалектикаға ерекше назар аударған алғашқы еңбектерінің бірі — “Рух феноменологиясында” Гегель зерде мен пайымның даму процесін тарихи негізде қарай отырып, көптеген жаңалықтар ашқанымен, негізгі мәселеге — философияға қатысты үлкен қайшылыққа ұрынды. Ғасырлар бойы қалыптасып қалған анықтамадан бас тартып, философияның мәні даналыққа ұмтылу да, даналық та емес деп, оны ғылым саласына айналдыруды көкседі. Мұның өзі кейінгі кезеңдерде философияға жалпы дүниені, қоғам мен табиғатты, ойлауды зерттейтін ғылым ретінде қарауға, ақырында оны идеологиямен қойыртпақтап, өз мәнінен айыруға жол ашты. Маркстік-лениндік философия дегеннің өзі осы жаңсақ идеяның “жемісі” еді.
Гегельдің ойынша, дүниеде бір күйде қалатын, өзгермейтін ештеңе жоқ. Қоғамның, адамның, танымның, тарихтың дамуы — объективті процесс, ешкім оны тоқтата алмайды. Табиғаттың дамуы адамға келіп тіреліп, адамзат, қоғам тарихына ұласып кетеді. Гегель дамуды сапалы, үдемелі, қайшылықты, төменнен жоғарыға, қарапайымнан күрделіге, абстрактыдан нақтыға қарай жүріп отыратын процесс деп қарайды. Яғни, даму — бар заттың ескіріп, ескінің жойылып, оның негізінде жаңаның пайда болу процесі. Сондай-ақ, дамудың себебі мен көзі қайшылықта, тұтас нәрсенің екіге — қарама-қарсылықтарға бөлінуінде, қарама-қарсылықтардың күресі мен бірлігінде екендігін дәлелдеді.
Гегельдің жан-жақты негіздеген ұғымдарының бірі — қайшылық ұғымы. Қайшылық — дамудың объективті заңы, дамудың көзі, импульсі. Қайшылықты болдырмау мүмкін емес. Қайшылық әрбір затта пайда болып, дамып, жетіліп, шешіліп отырады. Қайшылық, яғни қарама-қарсылықтардың күресі мен бірлігі арқылы зат өсіп жетіледі, дамиды, бір сатыдан екінші сатыға өрлейді. Дамудың жүзеге асу процесін түсіндіруде Гегель затта болатын үздіксіз процестердің белгілі бір шамаға дейін сандық өзгерістер болып (өсу, жетілу, азаю, көбею, т.б.) заттың болмысына елеулі ықпал етпейтіндігін анықтады. Шамадан асқан соң сандық өзгерістердің сапалық өзгерістерге айналатындығын ашты. Яғни, бұрынғы заттың орнына жаңа зат дүниеге келеді. Даму қалай қарай жүзеге асады деген мәселеде Гегель оның спиралдық бейнесін ұсынды: даму барысында бұрын болған белгілер қайталанып отырады, бірақ жаңа және жоғары деңгейде қайталанады. Сөйтіп, даму процесі терістеу және терістеуді терістеу түрінде жүзеге асады. Гегель дамудың негізін ұғымның, идеяның, рухтың даму процесінен алады.
Гегельдің ілімінше, ұғым, таным, рух — процесс. Олардың даму көзі — олардың өзінде. Даму барысында белгілі бір зат өзінің қарама-қарсылығына айналады. Идея затты, зат өзіне қарама-қарсы форманы туғызады. Біртұтас заттың қарама-қарсы жақтарында бірін-бірі жоққа шығару процесі жүреді. Бірақ олар бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Екеуінің күресі олардың жойылып, жаңа заттың пайда болуына әкеледі. Гегель түсінігінде материалдық заттардың түп негізі — идея. Гегель идея мен заттың қарым-қатынасында идеяны анықтаушы рөл атқарады деп есептейді. Идеяны зат арқылы түсіндірмек болған материалистік көзқарасты жоққа шығарады. Гегель затты (мыс., қоғамдық құбылыстарды) идеямен өлшеп, идеямен салыстырып отыру керек дейді: зат өзінің идеясына сәйкес келе ме, жоқ па? Адам өзінің адам деген атына лайық па, жоқ па? Әрбір зат идеяның жүзеге асқан түрі болып табылады. Бірақ даму барысында зат идеядан алшақтап, өз-өзіне қайшы келеді. Сондықтан танымның міндеті — жиі-жиі затты, құбылысты идеямен салыстырып отыру. Бірақ идея заттың нақты болмысымен шектеліп қалмауы керек. Затқа даму тенденциясы тұрғысынан қарап, оның қандай болуы керек деген мәселеге назар аударып отыруы тиіс.
Гегель “Рух феноменологиясында” алғаш рет жекелеген индивидтің санасының дамуы адамзат қоғамының тарихи кезеңдерімен тығыз байланысты екенін көрсетті. Яғни, жеке адамның санасы барлық тарихи кезеңдерде, әр дәуірге тән қайшылықтарды өткізе отырып, қоғамдық сана деңгейіне көтеріледі. Адам санасының қалыптасуы мен даму жолдары адамзаттың тарихымен және оның қоғамдық қарым-қатынастармен тығыз байланысты екенін терең зерттеді.
Гегель ілімінің терең мазмұнды ұғымдарының бірі — рух. Гегель рухты адам өмірінің негізі, субстанциясы деп есептейді. Адам өзін рухта ғана, рух арқылы ғана көрсете алады. Рухы биік адам — өз атына лайық адам. Рухы биік халық — өр, өжет, намысқой халық. “Тарих философиясында” Гегель халық рухы оның тілінен, ділінен, әдет-ғұрпынан, дәстүрінен, көзқарасынан, басқаларға қарым-қатынасынан көрінеді деп біледі. Гегель өзінің “Рух феноменологиясы” деген еңбегін, “жаңалықтарға саяхат” деп атады. Ол таным, ақиқат, білімді қайшылықтарға, кедергілерге толы процесс деп білді. Танымның шеті де, шегі де жоқ. Әдетте, таным процесін, ғылым дамуын ол ашқан жаңалықтармен, нәтижелермен өлшеуге тырысады. Құр нәтиже түк те бермейді. Нәтижені (мыс., ақиқатты) оған алып келген жолмен бірге тұтас қарастыру қажет. Яғни, таным процесінің мәні — сыңаржақты, абстракты анықтамалардан нақты жан-жақты, барлық анықтамаларды бойына жия білген қағидаларға қарай өрлеу.
Гегель “Рух феноменологиясы” деген еңбегінің “Әмірші және құл” деген бөлімінде осы екеуінің санасында болатын өзгерістерді түсіндіреді. Құл өз еңбегінің арқасында өседі, жетіледі, сана-сезімі, ар-намысы оянады. Қалыптасқан жағдай оны қанағаттандырмайды. Құл оны өзгертуге тырысады. Әмірші болса, алға басудың орнына кері кетеді. Адамшылығынан айырылып, азып-тоза бастайды. Ақыры әмірші мен құлдың жағдайы (статусы) өзгереді: құл әміршінің әміршісі, әмірші құлдың құлы болады. Бұл процестің негізін Гегель еңбек деп атап көрсетеді. Адамның өсіп-жетілуінде қоршаған ортаның, қоғамдық қатынастардың, мәдениеттің, тәрбиенің ықпалы зор. Осы объективті жағдайды Гегель субстанция деп атайды. “Адам ортаның — жемісі” деген француз материалистерінің қағидасын Гегель сыңаржақты деп қабылдайды. Адамның адам болуы оның өзіне байланысты, өйткені сырттан келген әсерді игеретін — адам. Адам өзін-өзі жасайды. Осы процесті Гегель субстанцияның субъектіге айналу процесі деп атайды. Осыған орай Гегель “Рух феноменологиясында” жеке адамның өсіп-жетілуі ата тектің, қоғамның дамуын қысқарған күйде қайталап отырады деген заңдылықты ашады. Гегельдің негізгі философиялық еңбегі — “Логика ғылымында” жаңа, жанды, мазмұнды әрі өмірмен, тарихпен астасып жатқан логиканың — диалектикалық логиканың негізін қалады. Гегель ілімінше, ойлау категориялары құр атау, схема емес, олардың негізінде нақты өмір, тарих жатыр. Өмірмен бірге ұғымдар да дамып, жетіліп, байи түседі. К. Маркс, Ф. Энгельс, Ленин Гегель диалектикасына ерекше мән беріп зерттеді. Қазақстандық философтар (Ж.Әбділдин, А.Қасымжанов, Л.Науменко, Ә.Нысанбаев, М.Баканидзе, Қ.Әбішев, Т.Әбжанов, М.Орынбеков, А.Хамидов, М.Сәбитов, Б.Нұржанов, т.б.) Гегельдің “Логика ғылымы” мен Маркстің “Капиталы” ізімен төрт томдық “Диалектикалық логиканы” (1985 — 89) жазып шығарды.[2]
Ғылыми шығармашылығы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ірі және жүйелі шығармалары:
- «Рух феноменологиясы» (1807) (Phänomenologie des Geistes, 1806/07)
- «Логика ғылымы» (1812—1816) - Wissenschaft der Logik
- «Философиялық ғылымдар энциклопедиясы» (Enzyklopädie der philosophischen Wissenschaften)
- «Құқық философиясы» (1821) (Grundlinien der Philosophie des Rechts, (1821)
- «Табиғат философиясы» (Naturphilosophie)
- «Рух философиясы» (Philosophie des Geistes)
- «Тарих философиясы» (Philosophie der Geschichte)
- «Эстетика» (Vorlesungen über die Ästhetik)
- «Дін философиясы» (Philosophie der Religion)
- «Философия тарихынан лекциялар» (Vorlesungen über die Geschichte der Philosophie)
Шағын шығармалары:
- «Философиялық пропедевтика»
- Die Positivität der christlichen Religion, 1795/96
- Der Geist des Christentums und sein Schicksal, 1799/1800
- Die Verfassung Deutschlands, 1800-02
- Mancherlei Formen die beim jetzigen Philosophieren vorkommen, 1801
- «Фихте және Шеллингтың философиялық жүйелерінің айырмашылығы» (Die Differenz des Fichteschen und Schellingschen Systems der Philosophie, 1801)
- «Философиялық сыншылдықтың негізі» (Über das Wesen der philosophischen Kritik, 1802)
- Wie der gemeine Menschenverstand die Philosophie nehme, 1802
- Verhältnis des Skeptizismus zur Philosophie, 1802
- «Наным және білім» (Glauben und Wissen oder Reflexionsphilosophie der Subjektivität in der Vollständigkeit ihrer Formen als Kantische, Jacobische und Fichtesche Philosophie, 1803)
- Über die wissenschaftlichen Behandlungsarten des Naturrechts, 1803
- Wer denkt abstrakt? — 1807
- «Фридрих Генрих Якобидің шығармалары» (Friedrich Heinrich Jacobis Werke, 1817)
- Verhandlungen in der Versammlung der Landstände des Königreichs Württemberg im Jahr 1815 und 1816, (1817)
- Solgers nachgelassene Schriften und Briefwechsel, 1828
- «Гаманн шығармалары» (Hamanns Schriften, 1828)
- Über Grundlage, Gliederung und Zeitenfolge der Weltgeschichte. Von J. Görres, 1830
- Über die englische Reformbill, 1831
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3
- ↑ “Қазақ Энциклопедиясы”, 2-том
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Georg Wilhelm Friedrich Hegel |