Мазмұнға өту

Дәрумен

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(Витамин бетінен бағытталды)
A.
Дәрумен.

Дәруменадам мен жануарлардың тіршілігіне, олардың ағзасындағы зат алмасудың бірқалыпты болуы үшін аз мөлшерде өте қажетті биологиялық активті органикалық қоспалар. Дәрумен (латынша vіta – тіршілік және амин) туралы ілімнің негізін 1880 жылы орыс дәрігері Николай Лунин салды. 1912 жылы поляк дәрігері Казимеж Функ сол кезге дейін жасалған тәжірибелер нәтижесін қорытындылап, ғылымға дәрумен терминін енгізді. Дәрумен немесе витамин - салыстырмалы құрылысы күрделі емес және әртүрлі табиғаты бар төменгі молекулярлы органикалық қосылыстардың тобы. Бұл жиынды химиялық табиғаты бойынша органикада біріктіріледі, олардың ортақ қасиеті гетеротрофтылармен азық түрінде тұтынатынында. Автотрофты ағзалар да дәруменге мұқтаж болып келеді, дегенмен олар дәруменді синтез жолымен не тікелей қоршаған ортадан алады.

Тағамдар құрамында (немесе қоршаған ортада)дәрумендер саны айтарлықтай көп емес болғандытан, олар микронутриент болып табылады. Дәрумендер қатарына әдетте микроэлементтер мен алмастырылмайтын амин қышқылдары жатқызылмайды.

Дәрумендерді зерттейтін ілім витаминология деп аталады.

Дәрумендердің көбісі коферменттер болып табылады. Дәрумендердің көпшілігі ферменттерді�� негізгі құрамдас бөлігі болып табылады. Ағзада үздіксіз жүріп жататын химиялық реакциялар, мысалы, ішкен тағамның, мал азығының ыдырап, қорытылуы, ферменттердің қызметіне байланысты. Тағамның құрамында дәрумен жеткіліксіз болса, адам әр түрлі ауруға шалдығады. Ал дәруменді (әсіресе, А және D дәрумендерін) шамадан тыс көп қабылдау ағзаның улануына (гипервитаминоз) соқтырады. Ол көбінесе жас балаларда жиі кездеседі. Қазір барлық дәрумендерді суда еритін дәрумен, майда еритін дәрумен және дәрумен тектес заттар деп бөледі.

Дәруменнің мал үшін де маңызы зор. Мал азығында дәрумен жеткіліксіз болса, малдың өнімі төмендейді, олар жүдеп, әртүрлі ауруларға шалдығады. Мал азығында А, Д, Е, К дәрумендері жеткілікті мөлшерде болуы қажет. Мысалы, А дәрумені жетіспеген жағдайда сиыр не бие көз ауруына шалдығады, сүті кемиді, сондай-ақ олар қысыр қалуы, іш тастауы мүмкін. Малға қажетті дәрумен балауса шөпте, жоңышқада, сүрленген шөптерде, тағыда басқа болады. Қыста адәруменозға шалдыққан, тағыда басқа түрлі жағдайлармен жүдеген малға дәрумен концентраттарын, сәбіз, балық майы, тағыда басқа дәрумені мол азық беру керек. Мал азығындағы дәрумен мөлшерін көбейту үшін арнайы дәрумен препараттары мен құрғақ ашытқылар шығарылады.

Құнарлы тағамдар

Дәрумен жетіспеушілік, авитаминоз – күнделікті ішетін тағамда дәрумендердің жетіспеуінен, олардың бойға сіңуінің бұзылуынан не дәрумен синтезделуінің тежелуінен туатын аурулар. Егер адам үнемі дәрумені аз, бірыңғай тағаммен (консервіленген, кептірілген, рафинадталған) тамақтанса, ағзаға, негізінен көмірсулар (қант, тағы да басқа) ғана түсіп, ақуыз бен майлар аз түссе, ал көкөніс пен жеміс-жидектер мүлдем болмаса дәрумен жетіспеушілік дамиды. Сондай-ақ азық-түлік дұрыс сақталмаса немесе олардан сапасыз тағам дайындалса, азық-түлік құрамындағы дәрумендер бұзылады. Мысалы, құрамында никотин қышқылы (РР дәрумені) аз дәнді дақылдармен ғана қоректену пеллагра ауруына, ал қауызы алынған күрішпен және өте ұнтақталған бидай ұнынан жасалған нанмен ғана тамақтану бери-бери сырқатына әкелуі мүмкін.

Тағамда дәрумендердің жеткіліксіз болуы, адам ағзасын әлсіретеді. Мұндай жағдайды гиповитаминоз деп атайды. Оған ауа райының қолайсыз жағдайы, ауасы лас жерде ұзақ уақыт жұмыс істеу, сондай-ақ гастрит, асқазан ісігі, гельминтоз, лямблиоз, тағы да басқа аурулар себеп болады. Дәрумен жетіспеушілік болғанда ағзада зат алмасу процесі бұзылып, оның жұқпалы ауруларға қарсы тұру қабілеті нашарлайды. Сондай-ақ, адамның көңіл-күйі күйзеліске ұшырағанда, ауа-райының құбылмалы кезеңдерінде, әйелдердің жүктілігі не сәбиін емізуі, тағы да басқа жағдайларда ағзада дәрумен жетіспеушілік артады. Мұндай жағдайда дәрігерге қаралып, арнаулы дәрумендер қабылдап, көкөніс пен жемістерді көбірек пайдалану қажет. Дәрумен жетіспеушілік және гиповитаминоз жануарларда да болады. Мал авитаминозбен, көбінесе көктемде ауырады. Дәрумен жетіспеушіліктен аналық мал қысыр қалады, төл нашар өседі. Мысалы, В дәрумені жетіспеген жағдайда құс полиневритпен, шошқа пеллаграмен ауырады. D дәрумені жетіспесе, төл қатпа болады, ірі мал сүйек ауруына шалдығады.[1]

Дәрумендердің топтары мен түрлері

Жемістер мен көкөністер құрамында дәрумендер көп

Барлық дәрумендер майда және суда еритіндер деп екі топқа бөлінеді.

Майда еритіндерге А, D, Е, К дәрумендері жатады.

Суда еритін дәрумендерге С, РР және В тобындағы барлық дәрумендер жатады. Соңғы кезде дәрумендерді классификациялап, үлкен 4 топқа бөледі:

  • алифатты
  • алициклды
  • ароматикалық
  • гетероциклды

Майда еритін дәрумендер

А дәрумені (ретинол) ағзаның өсуіне, дамуына әсер етіп, түрлі ауруларға қарсы тұра алу әрекетін арттырады. Іңірде, түнде көруді жақсартады. А дәрумені шаштың, тырнақтың өсуі мен терідегі жасушалардың мүйізденуіне әсер етеді. Ол жетіспегенде тері құрғап жарылып, түсі күңгірттенеді. Май бездерінің құрамы өзгереді, көздің қасаң қабығы бұзылады. Адам іңірде, түнде нашар көреді. Бұл ауруды ақшам соқыр (куриная слепота) деп атайды. А дәрумені бауырда, сүтте, жұмыртканың сарысында көп болады. Өсімдіктердің қызыл, сары жемістерінде, сәбізде, қызанақта, өрікте, асқабақта кездеседі. А дәруменінің ағзаға қажет тәуліктік мөлшері 2,5-10,5 мг.

D дәрумені (кальциферол) адамның терісінде күннің ультракүлгін сәулелерінің әсерінен түзіледі. Ол кальций мен фосфордың ішектен бөлінуін жылдамдатып, сүйек ұлпасының мықтылығына әсер етеді. Адам ағзасы D дәруменін тағамның құрамынан да қабылдайды. Жас сәбилерде D дәруменінің жетіспеуінен болатын ауру мешел (рахит) деп аталады. Мешел ауруына шалдыққан балалардың қаңқасы дұрыс қалыптаспайды. Аяқ сүйектері дене салмағының әсерінен майысады, сүйек баяу дамиды, ұйқысы қашады. Жұқпалы аурулармен көп ауырады. Сондықтан жас сәбилердің мешел ауруына шалдықпауы үшін күн сәулесіне шығарып шынықтырады. D дәрумені балық майында, бауырында, уылдырығында, жұмыртқаның сарысында, жануарлардың бауырында, сүт өнімдерінде мол. D дәруменінің қажетті тәуліктік мөлшері 2,5 мг.

Суда еритін дәрумендер

С дәрумені (аскорбин қышқылы). Ағзаның жұқпалы ауруларға қарсы тұра алу әрекетін арттырады. Сүйекке және тіске беріктік қасиет береді. С дәрумені биологиялық тотығу кезінде зиянды заттардың түзілуін тежейді. Ол қарсы денелерді түзетін ферменттердің құрамына кіреді. Терідегі қантамырлардың қабырғасының бүлінуіне де кедергі жасайды. С дәрумені жетіспеген жағдайда ағза тез шаршайды, сілемейлі қабықшалар қабынады, қызылиек қанталайды. Бұл дәрумен ұзақ уақыт жетіспесе, адам кауіпті құрқұлақ (цинга) ауруына шалдығады. Адам ағзасы С дәруменін түзбейтіндіктен, тамақпен бірге қабылдануы керек. С дәрумені ағзаға қыс пен көктем айларында көбірек қажет. Жаңа піскен көкөністер, жемістер және тұздалған орамжапырақ құрамында көбірек кездеседі. Әсіресе итмұрынның, қарақаттың құрамында мол болады. Ағзаға қажетті тәуліктік мөлшері 60-100 мг.

Тағамдық өнімдеріндегі витаминдерді сақтау жолдары

Тағамдық заттарды дұрыс сақтамау және өңдеу кезінде құрамындағы дәрумендер бұзылады. Тағамдық өнімдерді жоғары температурада өңдегенде С дәрумені жойылып, В тобындағы дәрумендердің мөлшері азаяды. Тағамның құрамындағы дәрумендерді сақтау үшін, төменгі температурада, тоңазытып барып сүрлемелеу әдісін қолданады. Бұл кезде тағамдық өнімдер 0-4°С температура аралығында өңделеді. Азық-түлік өнімдерін тез арада тоңазыту әдісі кезінде олардың құрамындағы дәрумендер толығымен сақталады.

Азық-түлік өнімдерін күнге кептірген кезде де, олардың құрамындағы дәрумендер азаяды. Тұздау кезінде дәрумендер сақталады. дәрумендерді сақтау үшін эмаль, шыны ыдыстарын пайдаланады.[2][3][4]

В1 дәруменi

В1 дәруменi (тиамин ) ағзада дұрыс зат алмасуы үшін (әсіресе кеміртегінің) аса қажет. дәрумен жетіспегенде шаршағандық сезіліп, ас қорыту процесі бұзылады. ағза тиаминге зәру болған жағдайда жүйке жүйесі үлкен ауруға шалдығуы мүмкін. В1 дәруменіне әсіресе сыра ашытқысы, келтірілген және тығы зд алған наубайханалық шикізаттар анағұрлым бай. Ал тағамдық азықтардың ішінде, әсіресе жармалар (көбіне қара құмық және сұлы жармалары), құнарсыз ұн сорттарынан пісірілген нан болғаны жөн. Дене және ой еңбегімен көп шұғылданғанда және суықта ұзақ болғанда ағза В1 дәруменін көп қажет етеді.

В2 дәрумені

В2 дәрумені (рибофлавин), басқа да дәрумендер сияқты ағзаның бірқалыпты өсуіне қажетті, ол биологиялық тотығу процестеріне қатысады. Жарақаттардың тез жазылуына мүмкіндік береді, көздің жақсы көру қабілетін сақтайды. Бұл дәрумен жетіспеген жағдайда ерін құрғап, кезереді, ұшық шығады, денеге түскен жарақат баяу жазылады. Вг дәрумені нан ашытқысында, бауырда, сондай-ақ сүт пен сүт тағамдарында көбірек болады. дәрумен ыстыққа төзімді, бірақ жарықтық әсерінен тез бұзылады.

В6 дәруменi

В6 дәруменi (пиридоксин) ақуыздардың құрамдас бөлігі болып табылатын амин қышқылдарының алмасуы на қатысады. В6 дәруменінің жетіспеушілігі жас балалардың бойының өсуін тежеп, қан аздығы мен сезіміне тез қозғыштығын тудырады, ал екіқабат әйелдердің бетінде қара дақ пайда болады. В6 дәрумені мал етінде, балықта, сүтте, ірі қара малдың бауырында, ашытқыларда және көптеген өсімдік өнімдеріне бар; әдеттегідей дұрыс тамақтанып жүрген жағдайда бұл дәрумен ағзада жеткілікті болады. В6 дәруменін молырақ қажетсіну ағзаның өсуі, әйелдің екіқабат және бала емізу кезеңдерінде жиірек байқалуы мүмкін.

В12 дәрумені

В12 дәрумені (цианокобаламин ) қанның пайда болу процесіне қатысады. Бұл дәрумен жетіспеген жағдайда ағзада қан азаю процесі дамиды. Бауырда, бүйректе, балық тағамдарында (әсіресе балықтың бауыры мен уылдырығында) көбірек болады. Еттің, сүт пен ірімшіктің, жұмыртқа сары уызының құрамында В12 дәрумені анағұрлым аз.

В15 дәруменi

В15 дәруменi (кальций пангаматы). Химиялық табиғаты мен әсер ету күші әлі жеткілікті зерттелмеген. Емдік мақсатта атеросклероз, қан айналысының бұзылуы, бауыр ауруларына және басқа да сырқаттарға пайдаланылады.

Е дәруменi

Е дәруменi(токоферол) бұлшық еттердің және жыныс бездерінің қызметін жақсартады. Ол өсімдік майының, жаңғақтық, бұршақ пен жүгері тұқымдарының және көкөністің құрамында көбірек болады. Сондай-ақ малдың бауырында, жұмыртқада, сүттің құрамында бар.

К дәруменi

К дәруменi (филлохинон) қанның ұю процестеріне қатысады. Өсімдіктердің көктеп енетін бөліктерінде (жасыл жапырақты саумалдық, түбірлі және жапырақты қырықжапырақ, қалақай және т. б.), сондай-ақ сәбіз және томат құрамында болады. Малдан алынатын өнімдердің ішінде бауырдан басқа да К дәрумен жоқ.

Р дәруменi

Р дәруменi (биофлавоноидтер)—жіңішке қан тамырларының беріктігін арттырып, қызметін қалыпқа түсіріп отыратын биологиялық заттар тобы. Бұл С дәруменімен араласқанда анағұрлым тиімді. Р дәрумені шайдың (әсіресе көк шайдың) құрамында, сондай-ақ итмұрын, лимон, құрма, қара қарақат, жұзім, өрікте және қарақұмық ұнтағында өте көп.

РР дәрумені

РР дәрумені (ниацин). Табиғатта ең таралған суеріткіш топтары никотинді қышқыл және никотинамид деген атпен белгілі. Көмірсулар алмасуын жақсартады, тамырларды кеңетеді, қан ағымын жақсартады, бауыр жұмысын жақсартады, жара мен терең жаралардың жазылуына әсер етеді. РР дәрумені жетіспеген жағдайда көңіл-күйдің болмауы, еріннің құрғақтығы мен бозарыңқылығы, іш өту және бұлшық ет ауруы. Көктем мен жаз кезінде теріде қызғылт тез өсетін дақ пайда болады, зақымданған тері жуандайды да кір қызыл-қоңыр түске боялады, қабыршықтанады.

Фолий қышқылы

Фолий қышқылы (фолацин) қан құралу процестерімен тығыз байланысты. Негізінен жапырақты көкөністердің құрамында болады, сонымен бірге помидор, алма, картопта, бауыр, бүйрек, ашытқылар бар.

Пантотен қышқылы зат алмасуының маңызды реакцияларына қатысады. Мал өнімдерінен және өсімдіктен дайындалатын көптеген тағамдардың құрамында бар. Бұл дәруменнің тәулік ішінде адам ағзасына қажет мөлшері күнделікті тамақ құрамында жеткілікті болуға тиіс.[5]

Дереккөздер

  1. Балалар энциклопедиясы, III-том
  2. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том
  3. Биология:Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Алматы: Атамұра, 2008. ISВN 9965-34-812-Х
  4. Патологиялық анотомия терминдерінің орысша – латынша – қазақша түсініктеме сөздігі.- Ақтөбе. ISBN 9965-437-40-8
  5. Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9