Май
Май — организмге қуат беретін астың жұғымы. Май ақуыздарды, минерал тұздарды, сондай-ақ майды ерітетін витаминдерді организмнің қалыпты сіңіруіне қажет. Тамақтық рационында майдың болуы әртүрлі тағамдардың дәмділігін жақсартып, тәбетті арттырады. Тамақтағы майдың біраз бөлігі адамның денесіндегі май қорын жасауға жұмсалады. Бірақ адам майлы тамақ ішкеннен ғана семірмейді, ол көмірсуларды артық қабылдаудан да болады. Мұны етжеңді тез толуға оңтайлы адамдардың есте сақтаулары қажет. Организмнің майды қажетсінуін қанағаттандыру майдың түрі мен сапасына байланысты. Мал майы мен өсімдік майының бір-бірін толықтыра түсетіні белгілі. Биологиялық жағынан алғанда тәулігіне аспен бірге қабылданатын майдың 70%-ы мал майы, 30%-ы өсімдік майы болғаны қолайлы. Тамақ рационындағы майдың нормасы кісінің /жасына, кәсібіне, ұлттық тамақтану ерекшелігіне, ауа райының жағдайына қарай белгіленеді. Тәуліктік тамақ рационындағы майдың мөлшері әр 1000 ккал-ға 35 г болуы керек. Майды артық пайдалану жүйе жүйесіне, қан айналымына кері әсер етеді, тәбетті төмендетіп, тамақты сіңіруді нашарлатады. Тамаққа әртүрлі мал майын, сүт майын (сары май немесе тортасы айырылған май), сондай-ақ өсімдік майын (күнбағыс, соя, жержаңғақ, зәйтүн т. б. майлар) пайдаланады. Май тектес заттар. Тамақ рационы құрамына май тектес заттар — холестерин және лецитин кірелі.
Организмнің тіршілік қызметі, атап айтқанда, жүйке жүйесі үшін холестерин маңызды рөл атқарады. Ол мал майында, жұмыртқаның сарыуызында, уылдырықта, бауыр, бүйрек те едәуір мөлшерде болады. Бірақ мұндай азық-түліктерді көбірек тұтыну бауырлық қызметінің нашарлауына әкеліп соғады, өтке тас байлана бастайды, атеросклероз ауруын асқындыра түседі.
Лецитин организмнің дамуына, қан құрылымына жәрдемдеседі, жүйке жүйесінің, бауырлық қызметіне пайдалы әсер етіп, организмнің уландырғыш заттарға қарсыласуын күшейтеді, майлардың сіңімділігін жақсартып атеросклероздың өріс алуына кедергі жасайды. Лецитин жұмыртқаның сарыуызыңда, балықтың уылдырығында, қарақұмық ботқасында, салатта едәуір мөлшерде болады Соя, асбұршақ, басқадай бұршақ дәнді өсімдіктерде де лецитин көп.
Өсімдік майлары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Өсімдік майлары (күнделікті тұрмыста оларды май деп атайды) өсімдіктердің тазартылып, ұнтақталған майлы дәндері мен жемістерінен еріткіштердің көмегімен немесе престеу жолымен алынады. Өсімдік майларын тазартыл (орыс. рафинированные) және тазартпай (орыс. нерафинированные) шығарады. Тазартылмаған майда әртүрлі ілеспе заттар мен қоспалар болады, олар өсімдіктердің дәндері жетіліп, пісу, сондай-ақ майып алу кезінде біртіндеп жиналады. Ал кейбір тазартылмаған майларда (мысалы, холестерин алмасуын жақсартатын фосфатидтер) физиологиялық пайдалы заттар болады. Тағамға қоспалардан ажыратылған тазартылған майды пайдаланған жөн. Кейде тағамдық тазартылған өсімдік майларын су буы мен қосымша өңдейді. Мұндай өңдеуде хош иісті заттар бөлініп шығады да, ол өзіндік иісін жоғалтады. Мұндай майды иісі кетірілген май деп атайды. Үй жағдайында өсімдік майын салқын жерде сақтау керек (сақтау мерзімі 6 айға дейін).
Күнбағыс майы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Күнбағыс майын күнбағыс дәнінен алады. Оның иісі кетірілген, қоспадан тазартылған, гидрадталған және қоспадан тазартылмаған түрлері шығарылады. Иісі кетірілген, қоспадан тазартылған, гидрадталған майлар мөлдір, сары, ашық-сары түсті болып келеді. Сонымен бірге олар тұнғанда су жиналмалы. Қоспадан тазартылмаған майдың түсі ашық-сары келеді, өзіне тән иісі болады. Тұнғанда аздап су жиналады. Ал иісі кетірілген май әйнек немесе полимерлік герметикалы ыдысқа құйылып шығарылады. Күнбағыс майының құрамында ағза үшін өте бағалы, толық қаныққан қышқыл зат (60—70%) болады. Бұл майды салаттар мен винегреттерге қосады. Күнбағыс майынан соустар, тұздықтар дайындайды, сонымен бірге ет, балық, көкөністер мен қамырдай әзірленетін кейбір тағамдарды (пирожныйлар, пончиктер т.б.) қуыруға пайдаланады.
Мақта майы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Мақта майын мақтаның тұқымынан (дәнінен) алады. Тағамға оның тазартылған (иісі кетірілген және кетірілмеген), жоғары немесе бірінші сұрыптары пайдаланылады. Оның өзіне тән дәмі мен иісі болады, түсі сары болып келеді. Мақта майы майдың сұйық (70—75%) және бөлме температура жағдайындағы қатты қоспаcынан (30—25%) тұрады. Сақтау кезінде қатты майда тұнба пайда болады. Мақта майын шамамен 0°С температураға дейін тоңазытқанда толық қатады, ал оны қыздырғанда ериді де, мөлдір түске енеді. Сондай-ақ, тоңазыту арқылы құрамындағы қатты бөліктерінен салаттық деп аталатын мақта майы шығарылады. Мақта майының құрамында 33%-тен 55%-ке дейін линоль қышқылы бар. Бұл майды аспаздықта күнбағыс майының орнына пайдаланады. Оны Орта Азия республикалары кеңінен қолданады.
Соя майы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Соя майын экстрациялық тәсілмен соя бұршағынан алады. Тағамға тек қоспасынан тазартылған түрін пайдаланады. Тазартылған соя майы ақшыл сары түсті болып келеді, оның өзіне тән дәмі мен иісі болады. Онда 50—57% линоль қышқылы бар. Кулинарияда оны күнбағыс майының орнына пайдаланады. Соя майы – дәрумендермен, фосфолипидтермен және басқа да пайдалы заттармен байытылған. Оның құрамында қанық емес май қышқылдары, әсіресе линол және линолен қышқылдары өте көп. Бұл қышқылдар жануарлар ағзасында синтезделмейді, дегенмен жасушалар мен кейбір гармондарды қалыптастыру үшін өте маңызды. Соя майының құрамында соя бұршағының жалпы санынан шамамен 60% табиғи а��тиоксиданттар бар.
Қыша майы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қыша майын (горчица) оның тұқымын (дәнін) престеу арқылы алады. Оның түсі сары, кейде көкшіл. Қыша майының өзіне тән жағымды дәмі мен иісі болады. Құрамындағы қышқылдық мөлшері (20%) біршама аз. Қыша майын нан пісіру өнеркәсібінде нан, бөлкелер, пряник т.б. нан тағамдарын әзірлеу мақсатына пайдаланады. Өзіне тән дәмі мен түсінің тым айқындығы оны кулинарияда кеңінен қолдануға мүмкіндік бермейді. Оны салат майы ретінде аздаған тағамдарға ғана (винегретке, ашыған капуста салатына) пайдалануға болады, себебі ол көптеген азықтардың дәмін бұзады немесе түсін (сарғайтып жібереді) өзгертеді.
Жүгері майы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Жүгері майын дәнінің ұрығынан алады. Сауда орындарына оның тез тазартылған түрі түседі. Жүгері майы дәмсіз, түсі мөлдір және ашық-сары. Бұл майдың құрамындағы толық қаныққан қышқылдық мөлшері 60%-ке дейін (оның ішінде линоль қышқылының мөлшері 50%) жетеді. Басқа өсімдік майында болатын пайдалы азықтың мөлшері жүгері майында мол болып келеді. Жүгері майын салаттарға, винегреттерге құюға, сондай-ақ ет, балық және көкөністерді қуыруға пайдаланады.
Зығыр майы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Зығыр майын дәнін престеу немесе экстракциялау арқылы алады. Оның майы мөлдір, сары түсті, иіссіз болады. Зығыр майының құрамындағы өте қаныққан қышқылдық мөлшері 60—80%, оның 30—60%-і линоль қышқылы. Тамақ әзірлеу үшін жас зығыр майын қыздырмай-ақ пайдалануға болады. Оны ұзақ сақтағанда және ұзақ қыздырғанда тез тотығады, тұтқырланады, сондай-ақ ондағы май қышқылдары химиялық реакцияға ұшырайды. Зығыр майынан олифа иісі шығып, дәмі күйік татитын болғандықтан оны кулинарияда пайдаланбаған жөн.
Сора майы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Сора майының тағамға арналғанын оның ұрығын престеу жолымен алады. Сора майы көкшіл реңді қызыл қоңыр түсті, оның өзіне тән ұнамды иісі болады. Құрамындағы өте қаныққан қышқылдық мөлшері 90%-ке дейін (оның ішінде линоль қышқылы 70%-ке дейін) жетелі. Жас сора майын тағамдарға қосу үшін зығыр майы сияқты қыздырмай-ақ пайдаланады. Оны қыздырғанда жеңіл тотығады және тез бұзылады.
Арахис майы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Арахис майын (қытай жаңғағы) ұрығынан алады. Арахистың майы көкшіл дақты, ашық сары түсті болады. Өзіне тән ұнамды дәмі мен иісі бар. Оның құрамындағы өте қаныққан қышқылдық мөлшері (33—35%) аз. Ал күнбағыс майы мен жүгері майына қарағанда тағамдық салаттық май ретінде онша бағалы емес.
Рапс майы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Рапс майын күздік немесе жаздық рапстың ұрығын престеу немесе экстракциялау арқылы алады. Зауралье, Сібір мен Қазақстанда өсірілетін жаздық рапстың майы күздік рапстың майына қарағанда майлы-қышқылдылығы жағынан өзгеше болып келеді. Оны қоспасынан мұқият тазартқаннан кейін ашық-сары түске енеді. Рапс майын тазартылған түрінде тағамдық өсімдік майларының бірі ретінде қолданады.
Зәйтүн майы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Зәйтүн майын жұмсағын престеу арқылы алады. Зәйтүн майының түсі көкшіл реңі бар ашық-сары болып келеді де, өзіне тән ұнамды дәмі мен иісі болады. Ол 0°С температурада қатады да, қыздырғанда еріп, мөлдір түске енеді. Құрамында өте қаныққан май қышқылы аз (4—14%), ол қызуға төзімді болып келеді. Оны аспаздықта негізінен еттен сұйық және қою тағам әзірлегенде салаттық май ретінде, сонымен бірге май мен балық консервілерін дайындағанда пайдаланады.
Мал майы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ірі қараның шыжғырылған майын оның майлы етінен алады. Бөлме температурасында бұл майдың өзіндік дәмі мен иісі болады; майының түсі күлгін сары, сары. Ірі қараның майы 34—38°С температурада қатады да, 42—52°С температурада ериді. Сауда орындарында оның жоғары және бірінші сұрпы сатылады. Жоғары сұрыпты майға қарағанда бірінші сұрыпты майдың болар-болмас иісі және қуырылған шыжық дәмі болады.
Шыжғырылған қой майында ірі қараның майын алғандағыдай әдіспен алады. Ол 34—45°С температурада қатады да, ал 44—55°С температурада ериді, онда қойға тән дәм мен иіс бар, түсі ақ, күлгін сары. Бөлме температура жағдайында тұрған құйрық майының май тәрізді консистенциясы болады. Бұл майды ұлттық кухняларда палау басу үшін кеңінен қолданады.
Шыжғырылған шел майын ірі қараның майын еріткендей ерітеді. Бөлме температура жағдайында бұл майдың өзіне тән дәмі мен иісі болады. Ол 22—32°С температура да қатады да, 28—48°С температурада ериді. Өзінің құрамы мен физикалық қасиеті жағынан шыжғырылған шел майы шыжғырылған мал майларының ішіндегі жақсысы болып табылады.
Сүйек майын мал сүйегін шағыл қайнату арқылы алады. Малдың түрі мен типіне қарай, олардың сүйектерінен алынатын тағамдық майдың да консистенциясы сұйық немесе нығыз болады. Ірі қараның сүйегінен алынған май 90-тан 38°С-ге дейінгі температурада қатады да, 16-дан 44°С-ге дейінгі температурада ериді. Жоғары және бірінші сұрыпты сүйек майы өндіріледі. Сүйек майының түсі ақ та, сары да (бірінші сұрпының реңі сұрлау, қуырған шыжық пен сорпаның дәмі бар) болады, өзіне тән дәмі мен иісі бар.
Үй жағдайында шыжғырылған майды құйрық майдан, іш майдан, етінен арылтқан шел майдан суық суға жуып, тазартыл (кейде аздап ас тұзы салынған суға жуады) дайындауға болады. Одан кейін осы майларды ет тартқыштан өткізіп, кастрөлге (эмальданғаны дұрыс) салады да, баяу жанған отқа қояды. Масса кастрөлге жабысып, күйіп кетпеуі үшін оны әлсін-әлсін араластырып отыру қажет. Сөйтіп, май еттен бөлініп шығады да, суы буға айналады, еріген мөлдір майда қызарып піскен шыжық қалады. Кастрөлдегі ма��дың бетіндегі көбік толық басылғанда кастрөлді оттан алып, майды үстіне дәке салған електен өткізеді. Май аздап салқындағаннан кейін іші таза, құрғақ ыдысқа (әйнек бәнкі болса тіпті жақсы) құнды да, аузын мықтап жабады. Ал шыжыған ботқаға, картопқа қосуға болады.
Мал майларын — ірі қараның, қойдың шел майын және сүйек майын — көбіне ет тағамдарын қуыруға, ет начинкаларын салған қамыр тағамдарға, сондай-ақ ет тағамдарына-қосу үшін пайдаланады. Ал мал майы мен өсімдік майының қосындысын көкөністерді қуыру үшін қолданады; сондай-ақ тортасы айырылған шел майы мен өсімдік майын қосып нан өнімдері — пирожок, пончиктер мен қытырлақ нан (хворост) т.б. пісіреді. Бірақ мал майының өзіне тән иісі болады да, кейбір азықтармен үйлеспе йді. Мысалы, шел майы мен мал майы тәтті начинка мен жармалан жасалған тәтті запеканка пісіруге жарамайды. Адам шыжғырылған мал майының күндік нормасының көпшілігін ет және балықпен қосып жейді. Бұл майлардың құрамында холестерин мол болатындығын ескере отырып, оны үй жағдайында тағам әзірлеу үшін шектеп (күніне орта есеппен 5 г) пайдаланған жөн.
Үй құстары майы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Үй құстары (тауық, қаз, үйрек, күрке-тауық) майының хош иісі мен жағымды дәмі болады. Оларды өнеркәсіпте өндірмейді, яғни үй шаруашылығында дайындайды. Үй құстары етінен тағам әзірлеу үшін әдетте сол құстардың өз майын пайдаланады, егер олар арық болса, онда оларға тортасы айырылған шел майын немесе аспаздық майларды қосады. Сондай-ақ үй құстарының майын паштеттерге, соустарға құяды.
Теңіз сүтқоректілері мен балық майы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Теңіз сүтқоректілері мен балық майын теңіз жәндіктерінің майлы жерлерінен дайындайды. Табиғи түрінде олардың өздеріне тән күшті иісі болады, әрі өте қаныққан май қышқылдарына бай келеді. Бұл майларды Қиыр Солтүстікте тағамға кеңінен пайдаланады. Теңіз жәндіктерінің майын өңдеп, кейбір маргарин майларына қосады.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |