Мазмұнға өту

Біз де қазақпыз

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

«Біз де қазақпыз»Әбділда Тәжібаев жазған драматургиялық дастан.

Пьеса алғашқыда үлкен дауға айналып, «жарамсыз» деп танылды. Оның екінші нұсқасы «Халқым туралы аңыз» деген атпен 1964 жылы «Жүректілер» жинағының құрамында басылып шықты. Тек жарты ғасырдан астам уақыттан кейін бұл шығарма өзекті тақырыпқа айналды. Мұнда тек билікті көздейтін Бура ханның қыспағынан жәбір көрген халықтың азаттығы, келер күнге деген үміті поэтикалық сарында кестеленген. Сондай-ақ, пьесада ұлттық биік рух, халықтың арман-тілегі, дербес ел болуды көздеген мақсаты бар.[1]

Мен «Біз де қазақпызды» жазу үстінде көп күндер бойында өте бақытты сезіндім. Айтайын дегенім көп те және татымды сияқты. Ешбір халық өз құрсағынан өзі шықпай қалған емес. Сәбилік, науандық күндерін бастан кешкен халық кем-кемдеп естиярлық дәрежесіне көтеріледі. Ол «менмін!» «мен бармын!» деген сөзді айтуға жарағанда «тағы кімің барсың!» деуге де жарайды. Өзгелерге қол созып, олармен қатар жасауға ұмтылады. Мұндай тұста бір елді бурадай билеп, өз үйірінен шығарғысы келмейтін, өзіне ғана бас иіп, өзіне ғана табынуды тілеушілерге, соған зорлықпен көндірушілерге, мифке айналған жалған иелерге халықтың саналы ері қарсы тұрады. Барлық күш-қайратын ой қараңғылығына, жан дімкәстігіне, өмірге еркіндік бермейтін, шатқалаңдарға қарсы жұмсайды. Біз ондай үздік ерлердің аузынан жаңа адамның пайғамбарлық монологтарын естиміз. Ол қараңғылыққа от лақтырады, көмескі көңілдерге, көлеңкелі түкпірлерге жарық береді, жұртқа арызын шағады. Сөйтіп, жалғыз басын өлімге байлап, барлық билеуші күшпен қан майданға түседі, сондағы оның арманы:

Тауға шығам, тахтын басам тәңірінің,
Қатарында бірге тұрып,
Айналаға көз салам.
Күнді көрем тас ұядан шығатын,
Тас ұяға бататын.
Егер... егер...
Ар жағында кең дүние көрінсе,
Қалдырмаймын бәрін айтам ойымның,
— Неге өлімді тұманменен торладың?
«Өзіңді сүйген әжеме
Көп көрдің бе жарықты?
Деймін сонау тәңіріге!»[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Б.К. Нұрпейіс, З.У. Исламбаева. Көркем шығармалардағы азаттық үні
  2. Ә. Тәжібаев. Есімдегілер. — Алматы: «Жазушы», 1993.