Мазмұнға өту

Ақ қайың (пьеса)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

«Ақ қайың»Мұхтар Әуезовтың пьесасы, Әбділда Тәжібаевпен бірігіп жазған.

Әуезовтің мұрағатында сақталған, латын әрпімен машинкаға басылған нұсқасының беташар 1-парағында: «Бәйге алған пьеса», «Реперткомнан ұлықсат берілген, №166/39, 25 қыркүйек, 1939 жыл» деген жазулар бар. Әуезовтің 20 томдық шығармалар жинағының 10-кітабында жарияланған (1982, 255-306-беттер). 30-жылдары Әуезов фольклорлық сюжет, тарихи тақырыпты игерумен қатар, жаңа заман тақырыбын драматургияда бейнелеуге күш салды. Сөйтіп кеңес өмірінің шындығы туралы осы пьесаны жазды. Бірақ бұл кездегі шығармаларда авторлық идеялар мен ойлардың жеткілікті ашылмауы себепті төрт аяғын тең басқан туынды шықпады. «Ақ қайың» пьесасында Қазан төңкерісі жеңгеннен кейін, Қазақстанда азаттық, еркіндік үшін жүргізілген күрес кезеңін көрсетпек болған. Алайда авторлар таңдап алған тақырыбын толық шеше алмаған. «Бұрынғы шығармаларындағы тарихи шындықты көркемдік шындықпен ұластыратын тәсілден тайып, тақырып еркіндігінен айрылған жазушы бос насихат, жалған тартысқа құрылған өзін кеңестік жазушы ретінде танытуға ұмтылған», «бұрынғы дүниелерімен салыстыруға келмейтін, идеологиялық қысымнан құтылу үшін жазылған орта қол шығармалар еді» (Б. Құндақбаев. Мухтар Әуезов және театр, А., 1997, 243-бет). Осындай шығармалардың қатарына «Ақ қайың» пьесасы да жатады.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Мұхтар Әуезов энциклопедиясы — Алматы, «Атамұра» баспасы, 2011 жыл. ISBN 978-601-282-175-8