Балқашмыс
Балқашмыс[1] — Қазақстанның түсті металлургия саласындағы ірі кәсіпорын. Балқаш көлінің солтүстік жағалауындағы Бертіс шығанағында (Балқаш қаласынан 2 — 3 км) орналасқан. Ол алғаш (1938) Балқаш мыс және түсті металл өңдеу зауыттары мен Қоңырат мыс және Гүлшат қорғасын-мырыш кеніштерін біріктіру нәтижесінде Балқаш кен-металлургия комбинаты болып құрылған. 1997 жылы “Балқашмыс” акционерлік қоғамы болды. “Балқашмыс” негізінен тазартылған мыс, асыл және сирек кездесетін металл үгінділерін, қорғасын мен мырыш өнімдерін, никельді және оттексіз вайербарс тотияйындарын, молибден мен темір концентраттарын, селен, теллур, кадмий, рений тұздары мен қышқылдарын, аммоний перренаты мен күкірт қышқылын шығарады. “Балқашмыс” кен өндіруден бастап түсті металл прокатын шығаруға дейінгі технологиялық процестер толық атқарылатын және түгелдей автоматтандырылған бірден-бір өндіріс орны. Кәсіпорын ұзақ жылдар (1940 — 1980жж) бойы Қазақстан ауыр өнеркәсібінің көшбасында болды. Еңбекті ұйымдастыру мен жаңа технологияны енгізуде үлкен жетістіктерге жетті. 20 ғасырдың 70-жылдары кәсіпорынның шикізатты кешенді пайдалану жөніндегі тәжірибесі республиканың барлық түсті металлургия кәсіпорындарына енгізілді. Мұнда мыспен қоса кен құрамында болатын алтын және күміс өндіру көлемі ұлғайды, мысты және онымен бірге жүретін шикізатты өңдейтін технологиялық жүйе, эмальсым шығаратын зауыт іске қосылды. Нәтижесінде өнімнің сапасы артып, Балқаштың шақпақ мысы сапа эталоны ретінде Лондонның түсті металл биржасында тіркелді (1967). 1990 жылдан бастап қалыптасқан жұмыс ырғағы бұзыла бастады. Мыстың өзіндік құны өсіп, сыртқы рыноктегі сату бағасы төмендегендіктен кәсіпорынның өзін-өзі қаржыландыруға мүмкіндігі болмады. Осыған байланысты 1998 жылы “Балқашмыс” Корея республикасының “Самсунг” корпорациясының басқаруына берілген “Жезқазғантүстіметтің” құрамына кірді. “Балқашмыстың” афинаж зауытында платина және сирек кездесетін металдар алу көзделген. “Балқашмыстың” өнімдері, негізінен, Батыс Еуропа мен Қытайға сатылуда. Кәсіпорында 12 мың адам жұмыс істейді (1998).[2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006. ІSBN 9965-34-515-5
- ↑ "Қазақ Энциклопедиясы"
Сыртқы сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- "Балқашмыс" АҚ жайлы(қолжетпейтін сілтеме)
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |