Мазмұнға өту

Қостөбе қалашығы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Қостөбе
Мәртебесі

Әлемдік мұра (ЮНЕСКО),
Республикалық маңызы бар ескерткіш

Мемлекет

Соғдылықтар

Қазіргі жері

 Қазақстан, Жамбыл облысы

Қалануы

VI ғасыр

Басқаша атаулары

Жамукат, Хамукат

Қиралды

XII ғасыр

Орналасуы

42°59′21″ с. е. 71°31′17″ ш. б. / 42.98917° с. е. 71.52139° ш. б. / 42.98917; 71.52139 (G) (O) (Я)Координаттар: 42°59′21″ с. е. 71°31′17″ ш. б. / 42.98917° с. е. 71.52139° ш. б. / 42.98917; 71.52139 (G) (O) (Я) (T)

Қостөбе (Қазақстан)
Қостөбе
 Басқа мағыналар үшін Қостөбе деген бетті қараңыз.
Қостөбе қаласының қабырғалары

Қостөбе — 6–12 ғасырлардағы көне қала орны. Байзақ ауданындағы Сарыкемер аулының шығыс жағында, Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан.

Алғаш А.Н.Бернштам 1938 ж. зерттеген. 1985 – 87 ж. К.М.Байпақов бастаған Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының Тараз археологиялық экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізді. Қостөбе 6 ғ-да қоныс аударған соғдылықтар негізін қалаған Жамукат қаласының орны болса керек деп болжанады. Қостөбе қаласынының орталық бөлігі дөңес болып келген. Көл. 420×450 м. Кезінде қала биік қабырғамен айнала қоршалып тұрған. Сақталып қалған қабырғалардың биіктігі 3 м-ге жетеді. Қабырғалардың бұрыштарындағы мұнаралар биіктігі 16 – 18 м болған. Қаланың төрт қақпасы болған. Қазіргі кезде қақпалардың қабырғалардан ажырап қалған бөліктері ғана сақталып қалған. Қазба жұмыстарының жүргізілуі барысында Қостөбедегі сарайдың орны анықталды. Сарайдың қабырғалары шикі кірпіштен қаланған, тек бір қабырғасы ғана пахсадан тұрғызылған. Сарай 20-дан астам бөлмелерден тұрады. Оның орталық залының көлемі 9,5×8,2 м, салтанатты бөлмесінің көлемі 8×14 м, бөлмелердің біразында ошақтардың орны сақталып қалған. Қазба жұмыстары кезінде керамикадан жасалған ыдыстар, сүйектен жасалған бұйымдар табылды. Сондай-ақ, табылған бұйымдардың ішінде сырғалар, белдіктің тоғалары да бар. Белдік тоғаларына тауысқұсының және қораздың суреттері ойылып безендірілген.[1]

Цитаделінің аумағы 150x150 метр. Қала іргесінде үлкен зираттар бар. Айнала радиусы 5 қм жерде түрлі кішігірім бекіністер көптеп орналасқан. Қала орнында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде 8 - 9 ғасыр кезіндегі отқа табынушылар ғибадатханасының орны табылды. Ғимараттардың көпшілігі безендірілген панелдермен көмкерілген. Олардың ою-өрнектері Варахша, Афрасиаб қалаларға ұқсас болып келеді. Мұның өзі Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Талас өңірі қалалары Орта Азиямен тығыз мәдени байланыста болғанын айқындай түседі.[2]

2014 жылы Қостөбе қалашығы «Жібек жолының ескерткіштері: Тянь-Шань дәлізі» аталымы бойынша ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне қосылды.[3]

2017 жылы Қостөбе республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілді.[4]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Әдеб.: Байпаков К.М., Шарденова З.Ж., Перегудова С.Я., Раннесредневековая архитектура Семиречья и Южного Казахстана на Великом Шелковом пути, А., 2001. К. Байпақов
  2. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8
  3. Жамбыл облысының 5 тарихи ескерткіші ЮНЕСКО тізіміне қосылды
  4. Мәдениет және спорт министрінің бұйрығы