Қуаңдәрі

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

ҚУАҢДӘРІ (Ononіs) – бұршақ тұқымдасына жататын көп жылдық кейде бір жылдық бұталы өсімдіктер. Қазақстанның батыс, солтүстік, шығыс аймақтарында және Алтай, Жетісу (Жоңғар) тауларында, өзен жағалауларындағы жайылымдарда, бұталар арасында, тау бөктерінің құмды, тасты беткейлерінде, сазды дымқыл жерлерде өсетін 3 түрі бар. Ең көп тараған түрі егістік Қуаңдәрісі (Ononіs arvensіs). Биіктігі 40 – 80 см, сабағы бұтақталып өседі, сыртын безді түк жапқан. Эллипс тәрізді жапырақтары үш-үштен бірігіп өседі. Оның ұзындығы 1,5 – 3 см, шеттері иректелген, екі жағы бірдей безді түктермен жабылғандықтан жағымсыз иіс шығып тұрады. Қызғылт, қарақошқыл, сары (сирек ақ) түсті гүлдері сыпырғы, масақ немесе шашақ гүлшоғырына топталған. Маусым – тамыз айларында гүлдеп, жеміс салады. Бұршағы жалпақ жұмыртқа тәрізді, екі тұқымды ұсақ бұдырлы келеді. Дәрілік өсімдік ретінде тамырынан глюкозид (ононин, ононид), сапонин, оноцерал, т.б. дәрілік заттар алынады. Онымен, негізінен, геморройды емдейді. Сабағы мен жапырағында бояуға қолданатын илік заттар бар. Мал жемейді.