Мазмұнға өту

Қазақойл

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

ҚазақойлҚазақстанның мұнай-газ өндіруші кәсіпорны. 1997 жылы наурызда құрылған. Өндірістік тізбектің барлық сатыларында: кеніштерді барлаудан және мұнай-газ өндіруден бастап, ұқсатуға, түпкілікті өнімнің маркетингіне дейін мұнай операцияларын жүргізу; көмірсутектерді барлауды, өндіруді, тасымалдауды, ұқсатуды жүзеге асыратын бірлескен жобаларда мемлекеттің мүддесін қолдау және осындай жаңа жобаларды дайындап іске асыру мақсатын көздейді. Мұнай-газ кешенінен түсетін барлық салықтың 25%-дан астамы және экспорттық түсімнің 14%-ы “Қазақойлдың” үлесінде болды (2001). Компания дүние жүзінің жетекші мұнай-газ компанияларымен тығыз серіктестік қатынас орнатты. Ұлттық компанияның қарамағында мұнай өндіретін екі еншілес кәсіпорын – “Өзенмұнайгаз” және “Қазақойл-Ембі” ашық акционерлік қоғамдары жұмыс істеді. Олар 2001 жылы тиісінше 4,0 және 2,35 млн. т мұнай өндірді. Компания “Арман”, “Қазақтүрікмұнай”, “Қазақойл-Тельф” және “Матин”, бірлескен кәсіпорындарында жиыны 1 млн. т мұнай өндірді. Мұнай ұқсату секторында ішкі рынокты мұнай өнімдерімен молықтыру мәселесін шешуге үлес қосты.

A.
"Мұнай"

2000 жылы еншілес Атырау мұнай айыру зауытында 2,2 млн. т мұнай ұқсатылды, оның 80%-дан астамы “Қазақойлдың” меншікті қорларынан жеткізілді. Маркетинг аясында компания еншілес кәсіпорын – “Казахойл-Продактс” ЖШС-н құрды, ол мұнай және мұнай өнімдерін өткізумен, Қазақстан аумағында фирмалық авто- және газ құю станцияларының желісін құрумен айналысады. Қазақстанның батыс аймағында және Астана қаласында осындай станциялар ашылды. Экспорттан алынған табысты ұлғайту үшін ТМД елдерінің рыноктарын игере бастады. 1999 жылдың аяғынан бастап компания Херсон мұнай айыру зауытын басқарады.

Жекешелендіру тендерінің нәтижесінде зауыт акциясының 90%-ынан астамын иеленді. Компания әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға, демеушілік көмек көрсетуге баса ден қойып келеді. Жаңа Өзен қаласында көп пәтерлі тұрғын үй, Теңге қыстағында перзентхана, мектеп пайдалануға берілді, Каспий теңізінің жағалауында екі тұрғын үй, мейманхана, демалыс базасы салынды. Мұнайшыларды экологиялық қолайсыз аймақтардан көшіру бағдарламасы шеңберінде Жаңа Қаратон қыстағында мектеп, сауда орталығы салынды, инженерлік коммуникация кешені бар үйлер құрылысы жүргізілді. Мұнайгаз кешенін басқарудың тиімділігін арттыру мақсатымен 2002 жылы 20 ақпанда “Қазақойл” ұлттық мұнай компаниясы мен “Мұнай және газ көлігі” ұлттық компаниясы қосылып, “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясына айналды.

Қазақойл-Ембі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
A.
"Доссор кәсіпорны"

“Қазақойл-Ембі” – мұнай-газ өндірісі кәсіпорны. Ембі кәсіпорындарының іске қосылу тарихы 1911 жылы Доссор кәсіпорнының құрылуынан басталады. “Ембімұнайгаз” және “Теңізмұнайгаз” ААҚ-дары бірігіп, 1999 жылы “Қазақойл-Ембі” ААҚ болып қайта құрылды. 2002 жылдан “Қазмұнайгаз” ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорнына айналды. “Қазақойл-Ембі“ құрамындағы 21 бөлімшенің алтауы негізінен мұнай өндіретін басқармалар. Олар: “Жайықмұнай”, “Доссормұнай”, “Мақатмұнай”, “Қайнармұнай”, “Құлсарымұнай”, “Прорвамұнаймұнай-газ өндіру басқармалары. Ал 15 бөлімше тікелей өндірісті қамтамасыз етумен айналысады. Бұған қоса ААҚ-ның 100% жарғылық қорымен 16 ЖШС құрылған. Олар өндіріске, құрылысқа, саудаға, т.б. бейімделген. Жалпы саны 11500 адам жұмыс істейді. Қоғам еншісінде 45 кен орны, физикалық-химиялық құрамында күкірттігі аз, тұтқырлығы жоғары топтағы мұнай өндірісі. 1999 жылы мұнай өндіру деңгейі 102,4%-ға жетіп, 2289,7 мың т мұнай өндірілді. Түскен пайда 4 млрд. теңге. 12 жаңа мұнай ұңғысы іске қосылды, 52 ұңғы қайта жөнделді. 2000 жылы мұнай өндіру көл. 22,91 мың тоннаға жеткізілді. Жалға алынған бұрынғы ядролық сынақ алаңы – Тайсойған өңірінде ААҚ-ның өз күшімен жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде Қондыбай, Қазанғап, Уаз мұнай алаңдары ашылды. Забұрын-Мартыши мұнай құбыры (80 км) іске қосылды. Жаңа Қаратон кенті салынып, 420 орындық мектеп, тұрғын үйлер бой көтерді.

Қазақойл-Тельф

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

“Қазақойл-Тельф” – мұнай өндірісі кәсіпорны. 1991 жылы құрылған. Негізгі қызметі – мұнай өндіру, мұнай мен өңделген мұнай өнімдерін ішкі және сыртқы рыноктарға өткізу. 1999 жылы жалпы өнім көлемі бір миллиард теңгеден асып, салық пен бюджетке, басқа да ��өлем мөлшері 270 млн. теңгеге жетті. Шығыс Көкарна сияқты кен орнын игеру қолға алынды. 1999 жылы 260 млн. теңгеден аса қаржы жұмсады. Өткен жылдар ішінде Жылыой ауданының әлеуметтік саласына 25 млн. АҚШ доллары бөлінді. Бұл қаржыға 64 тұрғын үй, дүкен, инж. жүйелер мен басқа да қажетті нысандар бой көтерді. Серіктестіктің қаржысы есебінен жоғары және арнаулы техникалық оқу орындарында 40 студент оқиды, бұл мақсатқа жыл сайын 4 млн. теңге бөлінеді.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, V том