Қазан хандығы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Қазан хандығы
قزان خانلغی

Хандығы

1438 (1445) — 1552



байрақ
Астанасы Қазан
Тіл(дер)і татар тілі, ескі татар тілі
Діні ислам
Ақша бірлігі Тәңкә
Аумағы 750 000 км²
Халқы 450,000 адам
Басқару формасы монархия

Қазан хандығы (тат. قزان خانلغی ,Qazan xanlığı, Казан ханлыгы, орыс. Казанское царство) – XV ғасырда Алтын Орданың ыдырауы нәтижесінде Еділ – Кама бұлғарларының аумағында құрылған (1438 – 1552) мемлекет.

Ұлттық құрамы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Оған қазан татарлары (Еділ бұлғарларының ұрпағы), марийлер, чуваштар, удмурттар, сонымен бірге ішінара мордвалар мен башқұрттар кірген.

Шаруашылығы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазан Хандығы тұрғындарының негізгі кәсібі егіншілік болды; оған қосымша мал шаруашылығы, бау-бақша, жабайы араның балын жинау, аңшылық, балықшылық кәсіптерімен айналысты. Бұлғарлардың дамыған қолөнерін Қазан жұртының шеберлері ыждағаттылықпен қабылдай білді. Тастан салынған ғимарат сарайлар, биік мұнаралы мешіттер, кесенелер мұнда сәулет өнері мен құрылыс техникасының дамығандығын дәлелдейді. Қазанның географиялық жағдайының тиімділігі оның Русьпен, Сібір, Иран, Кавказ, Орталық Азия елдерімен сауда-саттық қарым-қатынасын жасауына мүмкіндік берді.

Әлеуметтік құрылымы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазан Хандығында жоғары өкімет билігі ханның қолында болды, бірақ оған ірі ақсүйектер кеңесі(диуан) бағыт сілтеп, бақылау жүргізіп отырды. Ақсүйектердің ең ықпалды жоғары тобы, негізінен, 4 рудан шыққандар болды. Олардан кейін сұлтандар мен әмірлер, бұлардан төменіректе мырзалар, ұландар, жауынгерлер тұрды. Аса маңызды мемлекеттік мәселелерді шешу үшін хан ақсүйектердің құрылтай жиналысын шақырды. Ислам дінінің өкілдері де Қазан Хандығында зор рөл атқарды, олар ірі жер иеліктерін пайдаланды.

Әкімшілік бөлінуі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Әкімшілік тұрғыдан Қазан Хандығы даруға (аймақ), ұлыстарға (уәлаят) бөлінді.

Толық мақаласы: Қазан хандары

Қазан хандары әулетінің алғашқы өкілі – Алтын Орданың ханы Ұлық Мұхаммед (1438–1445). Оның баласы Махмұтбек 1445 жылы Қазанға орнығып, бұл хандықтың дербес болуына негіз салды.

Русьтегі бөлшектенуді, өзара қырқысуларды пайдаланып Қазан Хандығы 15 ғасырдың бірінші жартысында Мәскеудің ұлы князі Василий ІІ қараңғы тұсында орыс жерінің шығыс бөліктеріне ықпал жүргізуге тырысты. Бір орталыққа бағынған Ресей мемлекеті біріккеннен кейін, Иван ІІІ Васильевич тұсында Қазан Хандығына қарсы күрес күшейді. Мәскеуліктердің тарапынан 1467–1469 жылы Қазан мен Вяткаға жасалған шапқыншылықтарынан соң Қазан Хандығы орыс жеріне шабуылын тоқтатты, Алтын Орда құлағаннан кейін (1480), Иван ІІІ Қазан Хандығына шабуылды қайта бастады. 1487 жылы 9 маусымда орыс әскерлері Қазанды алды. Әли хан тақтан түсіріліп, оның орнына інісі Мұхаммед Әмин (Иван ІІІ-нің қол жаулығы) хан болып тағайындалды, Қазан Хандығы Ресейге 1521 жылға дейін вассалдық тәуелділікте болды. Мұхаммед Әмин өлгеннен (1518) кейін, оның орнына Қасым хандығының ханзадасы Шаһ Әли хан болып тағайындалды. Оны 1521 жылы Қырым ханының інісі Сахиб Герей құлатып, таққа өзі отырды. Оның тұсында Қазан Хандығы Қырым, Астрахан хандықтарымен, Ноғай ордасымен одақтасып, татар жұртының ауыз бірлігін сақтауға ұмтылды. Бұл бағытты Түркия қолдады. 1521 жылы Қазан Хандығы Түрік-Қырым одағына кірді.

1524 жылы Түркияның протектораттығын қабылдады. Таққа Сафа – Герей отырды (1524–1549). Бұл одақтан қауіптеніп, одан сақтану мақсатымен Василий ІІІ Сура өзенінің сағасында Васильсурск қаласын салғызып, бекініс жасады (1523). Иван ІV нығайып алғаннан кейін Қазан Хандығына қарсы шапқыншылықты күшейтті, 1546 жылы татар ақсүйектерінің үлкен бір тобы Руське қарсы күресті тоқтатып, Иван ІV-нің жағына шықты, оның артынша Қазан Хандығынан бүкіл “тау жағы” (батыс жақтағы чуваштар) бөлініп кетті.

1545–1552 жылы Қазан жорықтары Қазан қаласын орыс әскерлерінің басып алуымен (1552) аяқталды. Қазан Хандығы жойылып, оның бүкіл жері Ресей мемлекетінің қарамағына көшті.[1]

Қазан хандары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Khanate of Kazan