Герб

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Герб–мемлекеттің, әулеттің, әкімшілік бөліністің, т.б. дәстүрлі ерекшеліктерін бейнелейтін, оларды әлеуметтік-тарихи тұрғыдан даралау мақсатында жасалатын айырымдық белгі, рәміз, таңба. [1]. Қолданылу аясы мен ерекшелеу денгейіне орай гербтер әулеттік, топтық, жергілікті (қалалық, облыстық, аймақтық) гербтер және мемлекеттік гербтер болып бөлінеді.

Қазақ тілінде мемлекеттік гербті "Елтаңба" деп те атайды. Гербтердің пішімі мен мазмұны, сипаттамасы патша жарлығымен бекітілген. 1649- 1900 жылдар аралығында шыққан заңдар жинағында Қазақстан қалаларының ертедегі гербтері туралы деректер де бар. Мәселен, уездік қалалардың - Петропавл (7.9.1842), Верный, Орал, Семей мен Торғайдың (1.7.1878) патша жарлығымен бекітілген гербтерінің кескіні, ресми сипаттамасы берілген.

Қазақстанның алғашқы Мемлекеттік Гербтері Қазан төңкерісінен кейін жасалды. 1923 жылы 6 маусымда БОАК біртұтас КСРО-ның бірінші мемлекеттік гербін бекітті, оның сипаттамасы 1924 жылы Конституцияда мазмұндалған. Соған сәйкес әрбір одақтас республиканың өз Мемлекеттік гербі болу қажеттігі туралы мәселе көтерілген.

1936 жылы қабылданған Қазақстанның Мемлекеттік гербінде республиканың этно-мәдени болмысы мен дәстүрлі ерекшеліктерін бейнелейтін нышандардан гөрі Кеңес Одағындағы идеолог, біркелкілікті, таптық айырымды ғана әспеттейтін нышандарға басымдық берілді.

ҚР дербес ел ретіндегі айбының бейнелейтін Мемлекеттік гербі 1992 жылы 4 маусымда ресми түрде бекітілген. Оның жобасын - белгілі сәулетші Шота Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков жасаған. Мемлекеттік гербімізде көгілдір түс аясында шаңырақ бейнеленген, оны айнала, күн шапағындай тарап, уықтар шаншылған. Осы нышандарды халық ертегілеріндегі пырақтардың алып қанаты көмкеріп түр. Гербтің жоғарғы жағында көне түркі заманынан қастер тұтылған белгі - бес бұрышты жұлдыз жарқырайды, ал төменгі бөлігінде "Қазақстан" деген жазу бар.

ҚР Президентінің "Қазақстан Республикасының мемлекеттік рэміздері туралы" конституциялық заң күші бар жарлығына (24.1.1996) сәйкес Мемлекеттік гербтің көшірме бейнесін орналастырудың жалпы тәртібі мен реттері жөнінде ереже белгіленген. Осы құжаттың 7-бабында "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гербінің көшірме бейнесі, көлеміне қарамастан, Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясында сақтаулы тұрған Мемлекеттік герб эталонының түрлі түсті немесе ақ-қара бейнесіне дәлме-дәл сәйкес келуге тиіс" делінген.

Елімізде аймақтық (қалалық, облыстық) гербтерді де жасау үрдісі де берік орныққан. Әсіресе, Астана, Алматы қалаларының гербтері бірегей нышандық сипаттарымен ерекшеленеді.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. "Қазақ телевизиясы", Энциклопедия, "ҚазАқпарат" Алматы, 2009 1-т, ISBN 978-601-03-0070-5