Этногенез
Этногенез (грек. ethnos – тайпа, халық және genozіs – шығу, тегі) – әр түрлі қауымдық топтар негізінде жаңа құрамдағы туыстас тайпаның немесе халықтың қалыптасуы.
Этногенез – қандай болса да халықтар тарихының бастамасы. Ол үнемі даму үстінде болады. Бірде оған жаңа этн. топтар қосылып, онымен біте қайнасып, араласып кетсе, енді бірде одан кейбір топтар ерекшеленіп, бөлініп те жатады. Мыс., Қазақстан аумағындағы көптеген түркі тектес көшпелі тайпалар бірігіп, біте қайнасып, араласу нәтижесінде қазақ халқы қалыптасқан (қ. Қазақтар). Этногенез үрдісінің негізгі екі түрі болады: 1) жергілікті бірнеше көне тайпалық топтардың биол. жолмен жаппай араласуы арқылы қалыптасу; 2) жаңа заманда басқа жерге қоныс аударған бірнеше халықтар өкілдерінің тікелей ықпалының нәтижесінде болатын қалыптасу. Осыған орай, отандық тарихнамадағы қазақ халқының қалыптасуына қатысты ой-пікірін айтқан ғалымдарды автохтондық және миграц. бағыттарды қолдаушылар деп екіге бөлген жөн. Қазақ халқының Этногенез үрдісі әр түрлі миграц. жолмен, яғни басқа жерден қоныс аударып келгендердің бір-біріне әсер етуі нәтижесінде қалыптасты деген ғалымдардың (Н.Масанов, Б.Ермұханов, т.б.) ізденістері кездеседі. Бұған қарсы тұжырымдама жасаған зерттеушілер (Ә.Марғұлан, М.Қозыбаев, К.Ақышев, О.Смағұлов, Б.Көмеков, т.б.) қазақ халқының тарихы бірнеше мыңжылдықты қамтитындығын дәлелдейді. Олар Этногенез үрдісін әрдайым кешенді түрде қалыптасатын күрделі үрдіс ретінде қарастырды, әрі өз зерттеулерінде бірнеше ғылымдардың (археология, антропология, лингвистика, этнология, тарих, деректану, т.б.) дерек көздерін пайдалана отырып, қазақ халқының Этногенез жайында салиқалы қорытындылар, дәйекті тұжырымдар жасаған.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, X том