Халықаралық қазақ-түрік университеті
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті | |
Университет атауы | |
---|---|
Бұрынғы атауы | Қожа Ахмет Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті |
Жалпы сипаттамасы | |
Құрылған жылы | 1991 |
Орналасуы | |
Орналасқан жері | Қазақстан, Түркістан қаласы |
Мекенжайы | Қазақстан, Түркістан облысы, Түркістан қаласы, 161200, Бекзат Саттарханов даңғылы, 29 |
Әкімшілік | |
Президенті | Темірбекова Жанар Амангелдіқызы |
Негізгі көрсеткіштер | |
Студенттер | 10 000-ға жуық |
Сайты | http://ayu.edu.kz/ |
өңдеу |
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті — Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ (түр. Hoca Ahmet Yesevi Uluslar arası Türk-Kazak Üniversitesi) — Қазақстан Республикасы, Түркістан облысы, Түркістан қаласында орналасқан жоғары оқу орны.
ХҚТУ құрылуы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – Қазақстанның озық көп салалы университеттерінің бірі. Ахмет Ясауи университеті жыл сайын университеттердің ұлттық рейтингісінде ондықтың қатарынан (2018 ж. 6-шы орын) көрініп жүрген, заманауи білім және ғылым саясатын жүзеге асыратын, тұрақты кәсіби және тұлғалық дамуды басшылыққа алатын инновациялық университет. Университет классикалық профильдегі университеттердің арасында ең алғашқысы, мұнда тұңғыш рет сонау 1992 жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық мамандар даярлығы ашылған болатын.
Университет құрамында медициналық факультеті бар халықаралық «full university» жоғары оқу орындарының категориясына кіреді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде бакалавриат, интернатура, магистратура, резидентура және докторантура сияқты көп деңгейлі бағдарламалар жүйесі негізінде жоғары базалық білім беруді қамтамасыз етеді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қабылдау мемлекеттік білім беру гранттары, келісімшарт (ақылы) және Түркия квотасы негізінде 105 мамандық бойынша білікті мамандарды даярлауды жүзеге асырады.
Университет құрамында 10 факультет, Мемлекеттік басқару және экономика жоғары мектебі, кәсіби колледж, 6 ғылыми-зерттеу институты, докторлық диссертацияларды қорғау бойынша мамандандырылған диссертациялық кеңес қызмет көрсетуде. Университетте 10 мыңға жуық студент, интерндер, магистранттар, резиденттер мен докторанттар білім алуда.
Тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылу және қалыптасу тарихы түркі өркениетінде ерекше орын алған Түркістан қаласының 1500 жылдық тарихымен байланысты. Көне қаланың айрықша геосаяси орналасуы мен оның түркі халықтарының мойындалған рухани орталығы ретіндегі маңызын ескере отырып университетті заманауи жоғары білікті мамандарды даярлаумен қатар құрудың негізгі мақсаты түркі халықтарының ғылыми және мәдени көне орталығы, түркі әлемінің заманауи рухани астанасы – Түркістан қаласын жандандыру және дамыту болып табылады.
Университет Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың жеке бастамасымен 1991 жылы 6 маусымда ашылған болатын (1991 жылғы 06 маусымдағы 329 жарлық, Алматы).
Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың және Түркия Республикасының премьер-министрі Сүлейман Демирелдің ресми кездесуі кезінде 1992 жылдың 1 мамырында «халықаралық университетті» құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілген болатын.
1992 жылы 31 қазанда Анкарада Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының Үкіметтері арасында осы оқу орнын «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті етіп қайта құру туралы» келісімге қол қойылды. Келісім Қазақстан және Түркия Парламенттері ратификациялағаннан кейін күшіне енді.
Университеттің Қазақстан үшін бірыңғай корпоративті басқару жүйесі бар. Қазақстан және Түркия үкіметтері бекіткен Жарғыға сәйкес Үкіметаралық Өкілетті Кеңес (Анкара) Жоғары басқару органы болып табылады, ол университеттің жалпы басшылығын паритеттік бастамада қамтамасыз етеді және он кеңес мүшесінен тұрады, оның ішінде бес мүшесін Қазақстан Республикасы Үкіметі, қалған бес мүшесін Түркия Республикасы Үкіметі тағайындайды. Қаржыландыру республикалық бюджеттен және Түркия Республикасы бюджетінен жүргізіледі.
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ құрылған күннен бастап әрдайым екі бауырлас түркі тілдес мемлекет басшыларының назарында, олар университетке бірнеше рет ресми сапармен келіп, түркі тілдес мемлекеттердің студент жастары арасынан қазіргі заманға сай мамандарға интернационалды тәрбие беру және сапалы даярлау орталығы ретінде оған әрдайым айрықша көңіл бөлді.
Ахмет Ясауи университеті — түркі әлеміндегі бірегей университет, ЖОО-да әлемнің 17 елінің жастары мен 30 ұлт пен ұлыс өкілдері арасында мәдениетаралық диалогы мен ұлтаралық толерантты тәрбие жүріп жатыр. Қазіргі жаһандану жағдайында Түркі тілдес әлемді рухани біріктіруші білім беру орталығы ретінде Ахмет Ясауи университетінің идеологиялық маңызы зор.
2018 жылдан бастап ХҚТУ түркі тілдес мемлекет университеттер Кеңесінің төрағасы болып табылады, оған Түркияның, Қазақстанның, Қырғызстанның, Әзербайжанның 19 университеті кіреді.
Университет миссиясы – түркі тілдес мемлекеттер мен қауымдастықтардан келген жастар үшін сапалы білім ұсыну, инновациялық білім мен ғылыми зерттеулер саласында көшбасшы болу.
Мақсаты – инновациялық ғылыми және білім беру технологияларын белсенді ендіретін, қарқынды түрде дамушы университет құру.
Басты құндылықтар: Рухани жаңғыру. Достық, теңдік және толеранттылық, Ашықтық, Өнегелілік, Кәсіпқойлық, Инновациялылық.
Университет 2007 жылдың мамырында Болон декларациясына қосылу туралы Меморандумға қол қойды және 2010 жылғы қыркүйекте Болон декларациясының негізі болып табылатын Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды.
Егер 1991 жылы бірінші іріктеу нәтижесінде университетке 332 студент қабылданса, онда қазіргі студенттер контингенті 10 мыңға жуық студентті, интерндерді, магистранттар мен докторанттарды құрайды, оның ішінде 1,5 мыңға жуық студент (контингенттен 15%) алыс және таяу шетелдің түркі тілдес мемлекеттерінен келген.
Үкіметаралық келісімшарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ үшін алыс және таяу шетелдің түркі тілдес мемлекеттерінің студент жастарын оқытуға 200 арнаулы мемлекеттік білім беру грантын бөледі.
Университетке ең дарынды және талантты жастарды тарту мақсатында Үкіметаралық Өкілетті Кенестің шешімімен (Анкара) Түркия бюджетінен жыл сайын ҰБТ қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай алған, бірақ мемлекеттік білім беру грантын алу конкурсынан өтпеген қазақстандық талапкерлер үшін 500 білім беру гранты бөлінеді.
Білім беру қызметі бакалавриаттың 54, магистратураның 30, PhD докторантураның 11, резидентураның 3, интернатураның 7 мамандықтары бойынша жаратылыстану, гуманитарлық, экономикалық, заң, әлеуметтік, медициналық, техникалық ғылымдар, білім беру, бизнес, қызмет көрсету және өнер бағыттары бойынша жүзеге асырылады.
2018-2019 оқу жылы университетте 71 доктор, 282 ғылым кандидаты, 67 РhD доктор жұмыс істейді. Оның ішінде 5 % - Түркия мен басқа мемлекеттерден келген шетелдік оқытушылар.
Оқу қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.
Оқу үдерісі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Университетте үш деңгейлі оқыту жүйесі: Болон үдерісі талаптарына сәйкес бакалавриат-магистратура-докторантура (резидентура) ендірілген.
2018-2019 оқу жылы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- алдыңғы қатардағы ЖОО-ның озық әлемдік тәжірибесіне бағдарланған білім беру бағдарламалары, сондай-ақ «Зауыт-Университет» және «Major and Minor» үлгісі бойынша тәжірибеге бағдарланған заманауи оқыту қағидалары түрлендірілді және үйлестірілді;
- шетел профессорлары мен мамандар арқылы еуропалық тәжірибемен және әдістермен алмасу, оларды оқу үдерісіне жаңа инновациялық технологияларды трансляциялау мақсатында университетке шақыру тұрақты негізде жүзеге асырылады;
- бакалавриат деңгейінде техникалық мамандықтар мен экономика үшін «Кентау трансформатор зауытымен» дуалды оқыту жүйесі бойынша білім беру бағдарламалары әзірленді;
- педагогикалық мамандықтар бойынша оқу бағдарламаларына орта мектептің инновациялары (Назарбаев интеллектуалды мектеп тәжірибесі бойынша жаңартылған мазмұн, критерийлік бағалау, сыни ойлау және т.б.) ендірілуде;
- ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Назарбаев университетінің жобалық тәсілі мен тәжірибесі негізінде Мемлекеттік басқару және экономика жоғары мектебі Мұрағатталған 26 ақпанның 2019 жылы. құрылды;
- студенттердің шетелдік жоғары оқу орындарымен академиялық ұтқырлық бағдарламалары кеңейтілген;
- 3+1, Эразмус + білім беру бағдарламаларын, қос диплом бағдарламаларын, шетелде білім алушылардың тәжірибесін батыстық ЖОО-на бағыттар бойынша ендіру;
- университетті басқару жүйесіне Болашақ, Мевлана, Эразмус т.с.с. бағдарламалар аясында шетелдік оқу орындарында менеджмент саласында кәсіби біліктілікті жетілдіру арқылы әлемдік тәжірибе енгізілді;
- Түркияда магистратура және PhD докторантура бағдарламалары бойынша арнаулы оқу арқылы дәрежелі оқытушылардың үлесі артты;
- Инновациялық инфрақұрылымды дамыту элементтері (технологияларды коммерциализациялау оффисі, технопарк, стартаптар т.б.) құрылуда;
- тренингтік Кәсіби даму орталығы құрылды (университеттің ОПҚ мен қызметкерлер үшін), мұнда оқытушылардың кәсіби шеберлігі мен біліктілігі арттырылады, озық университеттердің (Назарбаев Унтиверситет, Мармара, Гази университеттері т.б.) тәжірибесін трансляциялау арқылы олардың кәсіби дағдылары жетілдіріледі;
- жаңа Түркістан облысының экономика және әлеуметтік сала қажеттіліктеріне сәйкес агрономия, ветеринарлық медицина, құрылыс, сәулет, жобалық менеджмент сияқты жаңа перспективті мамандықтарды ашу бойынша жұмыс жүргізілуде;
- «Атамакен» ҰКП Түркістан филиалымен, жұмыс берушілермен оқу бағдарламаларын жаңарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде;
- Университетте зертхана, интернет-кластар, спутниктік бейнеконференция жүйесі (онлайн режимінде озық шетел ғалымдарының лекциялары), жаңа бағыттағы компьютерлер, оқу кабинеттері бар, онда оқу үдерісін қарқындатуға және ғылыми зерттеулер өткізуге мүмкіндік беретін зертханалық жабдықтар, макеттер бар;
- Назарбаев Университеті тәжірибесі негізінде Үкіметаралық Өкілетті Кенестің шешімімен дайындық факультетінде «Foundation» бағдарламасы ашылды, оның мақсаты тыңдаушыларды ағылшын және түрік тілдеріне көп деңгейлі тереңдетіп оқыту. Аталмыш бағдарламаға республикалық конкурс қорытындысы бойынша Түркия грантын алған Қазақстан азаматтары және Қазақстан Үкіметінің грантына түскен шетелдіктер қабылданады. «Foundation» бағдарламасы бойынша оқуын сәтті аяқтағандар өздерінің таңдаған бакалавриат мамандығының 1 курсына қабылданып, одан кейін арнайы көптілді топтарда оқиды;
- жыл сайын Республикалық «Ясауи» пәндік олимпиадасы (іріктеу онлайн режимінде, қорытынды сынақ және бағалау тікелей университетте) өткізіледі. Олимпиада жеңімпаздарына университетте тегін білім беру сертификаты табысталады.
Факультеттер/мектептер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Мемлекеттік басқару және экономика жоғары мектебі Мұрағатталған 26 ақпанның 2019 жылы.
- Жаратылыстану факультеті
- Инженерия факультеті
- Әлеуметтік ғылымдар факультеті
- Гуманитарлық ғылымдар факультеті
- Филология факультеті
- Өнер факультеті
- Медицина факультеті
- Стоматология факультеті
- Университеттен кейінгі медициналық білім беру факультеті Мұрағатталған 31 қазанның 2019 жылы.
- Дайындық факультеті («Foundation») Мұрағатталған 19 қаңтардың 2019 жылы..
Институттар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- «Түркология» ғылыми-зерттеу институты
- «Археология» ғылыми-зерттеу институты
- «Ясауи» ғылыми-зерттеу институты
- «Еуразия» ғылыми-зерттеу институты Мұрағатталған 7 ақпанның 2019 жылы.
- «Жаратылыстану» ғылыми-зерттеу институты
- «Экология» ғылыми-зерттеу институты
Университетке қарасты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Студенттер кәсіподағы
- Ғылыми кітапхана
- Ясауи колледжі
- ХҚТУ тарих мұражайы
- Түркі халықтарының тарихи панорамалық мұражайы
- «Ясауи» мұражайы
- ХҚТУ КТК командасы
- «Би султан» би ансамблі
- Халық аспаптары фольклорлық ансамблі
- Студенттік драма театры
- Түркі жастарының мюзикл театры
- Университет студенттерінің вокалды-аспап ансамблі
- Ақпараттық орталық
- ХҚТУ Хабарлары
- «Ясауи» газеті
- Қызметкерлер кәсіподағы
- Түлектер ассоциациясы
- Жұмыс берушілер кеңесі
- «Тұран» баспасы
- ХҚТУ дебаттық клубы
- ХҚТУ интеллектуалды клубы
- Студенттер дискуссиялық клубы
- 50- ге жуық өзге де студенттер бірлестігі, клубтар мен ұйымдар
- «Ясауи» интернет-радио
Медициналық клиникалар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – медицина факультеті студенттерінің теориялық білімі мен іс-тәжірибесін үйлестіретін 120 науқас орынға арналған Клинико-диагностикалық орталық пен Стоматологиялық поликлиникасы бар Қазақстандағы жалғыз университет.
Клинико-диагностикалық орталық (Клиника) университеттің медицина факультетінің әлеуеті өте зор тәжірибе базасына ие, стандарттарға толық жауап беретін, заманауи диагностикалық құрал-жабдықтармен жабдықталған озық денсаулық сақтау мекемесі ретінде құрылған.
Клинико-диагностикалық орталықтың құрылысы Түркия Республикасымен қаржыландырылып, 2006 жылы аяқталды. Қазіргі таңда клиника Түркістан қаласы мен аймақ тұрғындарына сапалы медициналық қызметтер ұсынуда.
Клиниканың қызметі үш негізгі бағытта жүзеге асырылады: медициналық көмек көрсету, денсаулық сақтау саласында мамандар әзірлеу және дәрігерлерді дипломнан кейінгі даярлау бағыты. Университеттің Клиника-диагностикалық орталығы стационарлық мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек, мамандандырылған жедел медициналық көмек көрсетеді, бір ауысымда 50-60 адам қабылдау мүмкіндігі бар травматологиялық пункт жұмыс істейді.
Жыл сайын клиникаға медициналық көмекке 65 мың адам жүгінеді, 7 мыңға жуық науқас стационарлық емдеуден өтеді, 1500-ге жуық науқасқа аса күрделі ота жасалады.
2019 жылдан бастап заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған стоматологиялық клиника өз жұмысын бастайды.
Қашықтан білім беру технологиялары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]2001 жылы Анкарада орналасқан және Еуропадан, Түркиядан, ТМД-дан, Қазақстаннан 7 000-ға жуық білім алушы, Түркияның озық университеттерінің 120 астам ОПҚ орта, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің 16 мамандығы бойынша колледж – бакалавриат – магистратура бағдарламаларын жүзеге асыратын ТҮРТЕП халықаралық қашықтықтан оқыту институты құрылды. Бүгінде ТҮРТЕП онлайн білім беру саласындағы көшбасшы, оның тәжірибесін Түркияның озық ЖОО қабылдауда.
ТҮРТЕП-тің оң тәжірибесі негізінде 2016 жылдың қаңтарында Үкіметаралық Өкілетті Кенестің шешімімен Түркістанда пилоттық режимде магистратураның 5 мамандығы бойынша ҚазТеп (қазақ тілінде қашықтықтан білім беру технологиясы) қашықтықтан білім беру институты ашылды. ҚазТЕП-те қашықтықтан оқытудың озық тәжірибесі 2019 жылдан бастап бакалавриаттың 20 мамандығы және магистратураның 8 мамандығы бойынша жүзеге асырылатын болады.
ҚазТЕП-тің мақсатты аудиториясы – бұл оқу кестесі мен білім беру траекториясы қолайлы, қазіргі заманға сай озық білім беру тәжірибесі негізінде өзінің тұрғылықты орны мен уақытына қарамастан қашықтықтан екінші жоғары білімді немесе колледжден кейінгі білімді, сондай-ақ магистрлік дәреже алғысы келетін өндірісте жұмыс істейтін тұлғалар.
Қазіргі таңда ҚазТЕП өзінің білім алушыларына төмендегілер негізінде сапалы білім бере алады:
- авторлық қашықтықтан оқыту курстарын әзірлеу үшін Қазақстан Республикасының озық ғалымдары мен профессорларын тарту;
- заманауи ІТ технологияларды тиімді пайдалану;
- барлық ЖОО мен өндірістен озық ғалымдар мен мамандардың мүмкіндіктерін жинау;
- тьютор-мықты тәжірибешілердің өз саласында өткізетін практикалық вебинарлары;
- ыңғайлы төлем формасымен дербес оқу кестесі.
Білім беру бағдарламаларын әзірлеуде өз саласында беделге ие бағыттар бойынша ірі мамандар тартылған болатын, сондай-ақ өзге ЖОО-ның мамандар даярлаудың ерекшелігі мен еңбек нарығы жан-жақты зерттелген болатын.
ҚазТЕП-тің мақсаты – халықаралық тәжірибе негізінде Қазақстан Республикасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында қашықтықтан білім берудің жаңа тармағын құру.
Ғылым
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметі негізінде білімді, ғылым мен инновациялық қызметті одан әрі біріктіру үдерісі қамтылған. Университет ғалымдары түркология, археология, дінтану, тарих, экономика, математика, физика, ақпараттық технологиялар, электроэнергетика, биотехнология, медицина т.с.с. салада зерттеулер жүргізуде.
Жалпы зерттеулер ҚР-да ғылымды дамытудың 7 басым бағытының ішінде 5 бағыт аясында жүргізіледі: табиғи, оның ішінде су ресурстары, геология, қайта өңдеу, жаңа материалдар мен технологиялар, қауіпсіз бұйымдар мен конструкцияларды тиімді пайдалану; энергетика және машина құрылысы, ақпараттық, телекоммуникациялық және ғарыштық технологиялар, жаратылыстану ғылымдары аясында ғылыми зерттеулер; өмір және денсаулық туралы ғылым; елдің экономикалық өсуі, қауіпсіздігі мен бәсекеге қабілеттілігін нығайту үшін «Мәңгілік елдің» қажетті ғылыми негіздері.
Университет қазіргі таңда перспективті және ұзақ мерзімді сипаттағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің орындаушысы болып табылады. Университеттің өз ғылыми мектептері құрылды, аймақты әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық дамытудың өзекті мәселелерін шешу мүмкіндіктері мен ғылыми дайындамалары бар.
Университеттің ғылыми-зерттеу жұмысы білім алушыларды ҒЗЖ мемлекетік бюджеттік бағдарламалар мен түрлі келісімшарттар бойынша орындау үшін білім беру қызметімен өзара байланыстырыла отырып тарту арқылы жүргізіледі. Университетте:
- «ҚР Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-да бекітілген, университеттің Үкіметаралық Өкілетті Кенесінің 150,0 млн. теңгеге қаржыландыратын ҒЗЖ-ның 12 бастамашы бағыттары;
- 11 ЖОО ішілік жобалар;
- 13 шаруашылық келісімшарт жобалары;
- ҚР Ғылым комитеті қаржыландыратын 11 гранттық жоба бар (2018-2020 ж.ж.);
- коммерциаландыру бойынша ғылыми гранттар – университет ғылымын дамытудың жаңа бағыты: республикалық конкурс қорытындылары бойынша Коммерциаландыру бойынша ғылым қорынан 4 ірі грант алынды.
Түркияда шығарылатын «Bilig» университет журналы Clarivate Analytics (Tomson Reuters) және Scopus озық халықаралық ғылыми базаларда индексацияланған, ХҚТУ «Хабаршы» журналы ҚР БҒМ Бақылау комитетінің ұсынылған басылымдар тізіміне 2018 жылдың желтоқсан айында қосылған.
Технологияларды коммерциализациялау кеңсесі ашылды, ол университетте құрылатын инновациялық инфрақұрылымның негізгі базалық элементі болып табылады.
2018 жылдың қарашасында Кентау қаласында Кентау трансформатор зауытымен (КТЗ) энергетика, сандық ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында Технопарктің негізі қаланды. Оның дамуы ODTÜ, BILKENT КИБЕРПАРК, Мармара, Гази, Йылдыз университеттері сияқты Түркия университеттерінің озық технопарктерін құру тәжірибесі негізінде жүзеге асырылатын болады.
Студенттер технопаркте әзірленген: «КТЗ мамандары үшін виртуалды жұмыс кеңістігі», «КТЗ үшін электронды құжатайналым жүйесі», «Түркістан аймағы тарихи-мәдени ескерткіштерінің 3D тур» Стартап жобаларын жүзеге асырды.
Түркістан экономикалық еркін аймақта (Түркістан облысы әкімшілігімен бірлесе) ХҚТУ Технопаркін құру жоспарланған.
Университетте «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан қаласында ендіруге «Smart campus» және «Smart қала» концепциялары әзірленді.
Екі талантты жас ғалым, «Дене тәрбиесі және спорт» кафедрасының PhD докторлары Омаров Бақытжан және Баймуханбетов Бағдат ең ірі әлемдік Scopus (ELSEVIER) компаниясы ұйымдастырған Орталық Азия үшін «BestResearcherinHumanities» категориясында Scopus Award-2018 конкурсында жеңіске жетті.
Үкіметаралық Өкілетті Кенестің шешімімен университет құрылымына Түркістан аймағының әлеуметтік саласын, экономиканы дамыту мәселелерімен айналысатын «Еуразия» ҒЗИ қосылды.
Университеттің археолог-ғалымдары осы жылдың күзінде ежелгі Сығанақ қалашығында ауқымды жұмыстар кешенін жүргізді, бұл осы нысанды ЮНЕСКО мәдени мұра тізіміне қосу бойынша мәселені көтеруге септігін тигізді.
Университеттің археолог-ғалымдары: «Орта түрік жазбаша ескерткіштер тілінде этномәдени атаулар және олардың заманауи түркі тілдерінде көрінісі», «Мұрағатта және қолжазба орталықтарында Түркістан өлкесінің аңыз әңгімелері мен ертегілері: археографиялық зерттеу, жарияланым, пікірлер» (жүз томға кірмеген материалдар), «Орыс дерек көздерінде Түркістан өлкесінің тарихы бойынша тарихи- -этнолингвистикалық көздер», «Түркістан өлкесінен шыққан шығыс әлемінің танымал тұлғалары мен ойшылдары», «Ежелгі Қаңлы халқының жазба мұрасы» жобаларын белсенділікпен әзірлеуде.
«Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы» президиумымен инновациялық биотехнология әдістерін пайдалану және және Оңтүстік Қазақстанның қола дәуірінен бастап бүгінге дейінгі мәдени және генетикалық басымдығын зерттеу негізінде аймақтың ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған екі жоба мақұлданды.
Университеттің ғылыми жұмыстарын қаржыландырудың жалпы сомасы шамамен 1 млрд. теңгені құрайды (университеттің тартылған бюджетінің 15% -ы).
ҚР БҒМ Ұлттық биотехнология орталығы, ҚР БҒМ Ақпараттық және есептеу технологиясы институты, ҚР БҒМ Тарих және этнология институты сияқты мемлекеттің озық ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық туралы меморандумдар мен келісімшарттарға қол қойылды.
ХҚТУ-нің ғылыми басылымдары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Clarivate Analytics, Scopus (http://ayu.edu.kz/scientific-publications мәліметтер базасына кіретін «Bilig» (Түркияда шығарылады);
- «Ясауи университетінің хабаршысы» (философия, тарих, педагогика, филология бағыттары ҚР БҒМ БҒСБК басылымдар тізіміне қосылды;
- «Түркология»;
- «Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің хабарлары (математика, физика, информатика сериясы)»;
- «Ayhaber», «Азия-Европа», «Е-бюллетень» ғылыми-танымал және ақпараттық-сараптама журналдары (http://eurasian- research.org/kk/research/asya-avrupa;
- «Ясауи университеті» университет газеті.
Ботаникалық бақ
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Университеттің Арал-Сырдария экологиялық қолайсыз аймақта құрылған және ЮНЕСКО халықаралық сыйлығын алған Ботаникалық бағы бар. Ботаникалық бақтың жалпы алаңы 88 га. Бақтың құрылуын 1992 жылы ҚР ҰҒА Ботаникалық ғылыми-зерттеу институты қарап бекітті. Қазақстан, Ресей және Өзбекстан ғалым-ботаниктерінің ойынша Түркістан ботаникалық бағы биологиялық және экологиялық мәселелерді шешу бойынша интродуктивті ғылым орталығы болып табылады.
Ботаникалық бақ университеттің жаратылыстану және медицина факультеттері үшін оқу полигоны болып саналады, мұнда оқу-әдістемелік және ғылыми-өндірістік қызмет жүзеге асырылады.
Қазақстанда мұндай бақ тек ХҚТУ аймағында ғана бар.
Ботаникалық бақта декоративті және жеміс ағаштарының 150 түрі мен сорты кездеседі.
Ботаникалық бақ негізінде «Ғылым қоры» грантының қолдауымен ҒЗИ нәтижелерін коммерциализациялау бойынша 282 млн. теңге мөлшерінде ірі жобаны жүзеге асыру басталды, оның нәтижелері Түркістан қаласы аумағында «жасыл белбеуді» орналастыруға бағытталатын болады.
Сапа менеджменті
[өңдеу | қайнарын өңдеу]2018 жылдың желтоқсанында ХҚТУ Түрік стандарттау институтымен TSE (Türk Standardlari Enstitüsü) ISO 9001:2015 талаптарына сәйкес сапа менеджменті жүйесін сертификациялау процедурасынан өтті.
Рейтинг
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз қазақстандық агенттіктің 2018 жылғы рейтингісіне сәйкес ХҚТУ республиканың көп салалы университеттерінің арасында 6-шы орынды иеленеді. БСҚТҚА (Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз қазақстандық агенттік) жасаған рейтингке сәйкес 2018 жылы ХҚТУ-нің білім беру бағдарламалары келесідей орынды иеленеді:
1-ші орын – 5В050700 – Менеджмент, 6М050700 – Менеджмент, 5В011400 – Тарих.
2-ші орын – 5В050600 – Экономика, 5В010900 – Математика, 5В011200 – Химия. 5В090200 –Туризм.
3-ші орын – 5В060800 – Экология.
2018 жылы «Атамекен» ҰКП рейтинг қорытындысы бойынша университеттің 5В060800 – Экология білім беру бағдарламасы ҚР 40 ЖОО білім беру бағдарламалары арасында 2-ші орынды иеленді.
Университет 2018 жылы Academic Ranking of World Universities-European Standard ARES-2018 (ARES-2018) Халықаралық жоғары оқу орындар рейтингісінде Қазақстанның 96 ЖОО арасында 11-ші орынды иеленді. Рейтингті Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палата жүргізді.
ARES-2018 рейтингісіне Жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша еуропалық ассоциация мен Жоғары білім сапасын қамтамасыз етудің еуропалық тіркелімнің қабылдаған және Еурокомиссияның мақұлдаған Еуропалық университеттік білім беру стандартының жаңа ережелері қосылды.
Аккредитация
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Университет Қазақстанның екі негізгі аккредитациялық агенттіктерінде БСҚТҚА (Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз қазақстандық агенттік), АРТА (Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі) институционалды және мамандандырылған аккредитациядан өтті. АРТА Білім беру сапасы кепілдігі бойынша агенттіктердің Еуропалық тізіліміне (EQAR) қосылған және ТМД елдерінің ішіндегі Бүкіләлемдік Медициналық Білім Федерациясы (WFME) мойындаған жалғыз ұйым болып табылады.
Даму стратегиясы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]2018 жылдың қарашасында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Үкіметаралық Өкілетті Кенестің шешімімен университеттің 2023 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары мақұлданды, ол келесідей стратегиялық басымдықтарды қарастырады: оқыту сапасы мен кәсіби білімді дамыту, тәжірибелік-бағдарланған озық зерттеулерді ұйымдастыру, тиімді серіктестік және халықаралық серіктестікті дамыту, тиімді корпоративтік басқару және инфрақұрылым мен ресурстарды дамыту.
2015 жылдың қыркүйегінде түркі тілдес мемлекет басшыларының V Саммитінде Қазақстан Республикасының президенті Н.А.Назарбаев «ортақ білім беру кеңістігін қалыптастыруды жылдамдату мақсатында Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бүкіл түркі әлемінің оқу орнына айналдыру қажет» деген маңызды бастаманы алға тартты.
Серіктес-университеттер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]ХҚТУ 50-ден астам университеттермен ынтымақтастық етеді. Орташа есеппен, 100-ге жуық студент жыл сайын шетелге оқуға жіберіледі. Серіктес-университеттер қатарында:
Мемлекет | Университет |
Түркия | Gazi University, Middle East Technical University, Hacettepe University, Marmara University, Yildiz Technical University |
Ұлыбритания | Coventry University, Middlesex University, Brunel University |
АҚШ | University of Nebraska, Ohio University |
Франция | University of Lille |
Италия | University of Florence |
Испания | Technical University of Valencia |
Польша | University Of Lodz |
Ресей | Санкт-Петербор мемлекеттік политехникалық университет |
ХҚТУ университет кешені
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Материалдық-техникалық базаның жабдықталу деңгейі бойынша университет Қазақстанның озық ЖОО-ның бірі болып саналады. Университеттің студенттер қалашығы (кампус) ауданы 227 гектар территорияны алуда. Оның ішінде 88 гектары - ботаникалық баққа, 80 гектары оқытушы-профессорлар құрамына арналған екі қабатты коттедждердің тұрғын үй кешеніне бөлінген, ал 59 гектарға оқу ғимараттары, спорт кешені, 800 орынға арналған Мәдениет орталығы мен басқа да ғимараттар орналасқан. Ашық және жабық спорт алаңдарының жалпы ауданы – 50 000 шаршы м. жоғары. Қалашық аумағында 1 500 орынға арналған жатақханалар кешені, «Тұран» қонақүйі, 400 орынға арналған студенттер асханасы орналасқан. Университет құрамына Түркістан, Кентау, Шымкент қалаларындағы оқу корпустары мен жатақханалар кешені, 84 орындық үш жұлдызды «Яссы» қонақүйі, жабық жүзу бассейні кіреді.
Университет қалашығын салу үшін Түркиядан 100 млн долларға жуық қайырымдылық қаржы құралдары тартылған болатын. Кампус құрылысы Түркістан қаласының өзіне де оң әсерін тигізді: ол тарихи ғана емес, заманауи студенттер қалашығына айналды.
Университет кешені (кампус) Б.Саттарханов 29 даңғылы бойынша орналасқан. Кешен құрылысы 1996 жылы басталған болатын. Жобаны озық қазақстандық және түркиялық мамандардың авторлық ұжымы әзірледі.
Құрылыс екі кезекпен жүзеге асырылды: бірінші кезек гуманитарлық, жаратылыстану, медицина факультеттерінің оқу корпустарын, ректорат және ғылыми-зерттеу мақсатындағы ғимараттарды, Мәдениет орталығын, жатақханаларды, спорт кешенін, поликлиниканы, шаруашылық құрылғыларды салудан тұрды; екінші кезек жаратылыстану ғылымдары, инженерия, ғылыми-зерттеу институттары, зертханалар мен 400 мың дана кітапқа арналған кітапхана, жатақханалар т.б. құрылысын салуды көздеді.
2018 жылдың қарашасында Үкіметаралық Өкілетті Кенеспен ХҚТУ дамытудың жаңа Бас жоспары бекітілді, ол алдағы 5 жылда жаңа корпустар мен жатақханалар салуды қарастырады: 1-ші кезең – 2500 орынға арналған оқу корпусы, 500 орындық студенттер жатақханасы, ОПҚ үшін 6 сегізпәтерлі екіқабатты коттедж, Ботаникалық бақта оқу-практикалық дәрістер өткізуге арналған ғимарат, Студенттерге қызмет көрсету орталығының кешенді ғимараты. 2-ші кезең – 500 орындық ОПҚ арналған ғимарат, 600 орынға арналған студенттер жатақханасы, автотехника паркі. 3-ші кезең – 500 орындық оқу корпусы, колледж үшін 1000 орынға арналған оқу корпусы, колледж үшін 600 орынға арналған студенттер жатақханасы, 60 орынға арналған балалар бақшасы, әскери кафедраға арналған ғимараттар кешені, Ғылыми-зерттеу орталығының, Интеллектуалды мектептің, Орталық кітапхананың, әлеуметтік-мәдени нысандардың, сауда орталығының ғимараттар кешені, қоғамдық тамақтану және банк қызметтері кешені, оқытушылар үшін отбасылық жатақхана.
ХҚТУ студенттер ректораты. Студенттік клубтар мен ұйымдар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]ХҚТУ студенттер ректораты – мүшелері студенттер контингентімен сайланатын және университет әкімшілігінде студенттердің мүдделерін танытатын ұйым. Ректорат мүшелері дауыс құқығына ие бола отырып ЖОО-ның барлық комитеттерінің жұмыстарына қатысады. 2016-2018 оқу жылы студенттер ректорының міндетін - Берікбаев Диас, 2018 жылдан бастап Тұрсынхан Уміт атқаруда.
ХҚТУ базасында 50-ге жуық студенттер клубы жұмыс істейді, оның ішінде: «ШАҢЫРАҚ», «Түркі әлемінің жастары» студенттер клубының басқармасы, «Мұра», «Medical Tokens», «Интеллектуалды ойындар», «Халықаралық қатынастар», «КТК-ХҚТУ Самұрықтары», «Кино және сурет» т.б. интеллектуалды дебаттық клубтар.
Көшбасшы қасиеттерін дамыту бағдарламасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Тұлғалық даму мен көшбасшылық туралы лекцияларды өткізу үшін көшбасшылық қасиеттерді дамыту бағдарламасына саясат, бизнес және ғылым жөнінен танымал қазақстандық және шетелдік өкілдер шақырылады. Аталмыш бағдарлама өзінің тыңдаушыларына Нобель сыйлығының лауреаты, профессор Азиз Санжар, БҰҰ Жастар және жастар саясаты ісі бойынша Департамент директоры Властемил Самек, Нобель сыйлығының ізденушісі, Орта шығыс техникалық университетінің профессоры Билге Демиргөз (Түркия), Астана қ. Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб Басқарушы комитетінің төрағасы Байменов Алихан Мухамедиұлы, Қазақстанның мемлекетік саяси қайраткері, дипломат Абықаев Нұртай Абықайұлы, Дүниежүзі қазақтарының Қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Тұрысбеков Зауытбек Қауысбекұлы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі төрғасының орынбасары Шаимова Айгүл Амантайқызы сияқты тұлғалармен, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлектерімен, блогерлер тобының көшбасшылары Нұрлан Жанайым, Абзал Досым, ғалым және қоғам қайраткері Омар Жәлел т.б. кездесуге мүмкіндік береді.
Студенттерді орналастыру
[өңдеу | қайнарын өңдеу]ХҚТУ аймақтағы ең жақсы жатақханалардың біріне ие. Университет жатақханаларында 3200-ден астам, оның ішінде таяу және алыс шетелден келген студенттер тұрады.
Студенттер асхана, кір жуатын орын, компьютер сыныптары, сымсыз Интернетпен өз бетінше сабақ оқу бөлмелерінің қызметтерін пайдалана алады. Мұнда кітапханалар, оқу залы, буфеттер, жаттығ�� залы, т.с.с. жұмыс істейді. Жатақхана жанында жазғы спорт кешендері мен футбол алаңдары, жабық жүзу бассейні жұмыс істейді. Жатақханада тәулік бойы және демалыссыз қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері кезекшілік етеді.
«Рухани жаңғыру» ғылыми-практикалық орталығы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы модернизациялау» мақаласының бағдарламалық мақсаттарын жүзеге асыру, жастардың бойынан патриоттық және азаматтық сәйкестік сезімін қалыптастыру мақсатында 2018 жылдың тамыз айында «Рухани жаңғыру» ғылыми-практикалық орталығы құрылды.
Негізгі міндеттері:
- «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани қазына», «Ақпаратты толқын» ішкі бағдарламаларына сәйкес арнайы жобаларды әзірлеу;
- ХХІ ғасырда ұлттық сананы қалыптастырудың ғылыми-практикалық әдістемесін «Бәсекелік қабілет», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» атты 6 басым бағытта әзірлеу.
Университет студенттерінің спорттық жетістіктері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Университет өзінің студенттерінің спорттық жетістіктерімен танымал. Б.Саттарханов – бокстан бірінші олимпиада чемпионы (2000 ж.), Мұхтархан Ділдәбеков – 1999 жылғы әлем чемпионы, 2000 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Таңатаров Ақжүрек –Лондон Олимпиадасының қол жүлдегері (еркін күрес), Дидар Хамза және Бағлан Ибрагимов – Джакарта қаласында өткен «Азиада – 2018» чемпиондары, Бек Нұрмағамбетов, Қайрат Ералиев – бокстан әлем чемпиондары, Аширов Меиржан – студенттер арасында еркін күрестен әлем чемпионы, Абдығани Бейбарыс – самбодан әлем чемпионы, Абдрахманов Ғалымжан және Құрымбаев Мади – қазақша күрестен әлем чемпиондары, Серікұлы Арман – таэквондодан әлемдік біріншілік жүлдегері, Паиз Жадра – самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Жылқыбаева Айжан – Азия ойындарының күміс жүлдегері – дзюдо (Джакарта), Жақып Біржан – үш Олимпиада қатысушысы (бокс), Лондон Олимпиадасының қатысушылары Ермек Байдуашев, Жұмағалиев Даурен, Ниязбеков Даулет, дзюдо, самбо, қазақша күрестен ҚР чемпионы – Малимгереев Нұрым, баскетболдан әйелдер командасы – ҚР 2-дүркін чемпионы, универсиадалардың 3-дүркін жүлдегері, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ құрама ком��ндасы – универсиаданың күміс жүлдегері (тоғызқұмалақ, армрестлинг, волейбол, жағажай футболы, таэквондо), универсиаданың қол жүлдегері (карате, еркін күрес, дзюдо, қазақша күрес, футбол, волейбол) т.б.
Ректорлар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]№ | Ректорлар | Мерзімдері | |
---|---|---|---|
1 | Жұрынов Мұрат Жұрынұлы | 1991 | 1995 |
2 | Рысулы Мустафа Рысулы | 1995 | 1997 |
3 | Жұрынов Мұрат Жұрынұлы | 1997 | 2001 |
4 | Сабденов Оразалы | 2001 | 2003 |
5 | Пралиев Серік Жайлауұлы | 2003 | 2008 |
6 | Ташимов Лесбек Тәшімұлы | 2008 | 2013 |
7 | Абдибеков Уалихан Сейділдәұлы | 2013 | 2018 |
8 | Абдрасилов Болатбек Серикбайұлы | 2018 | 2021 |
9 | Темірбекова Жанар Амангелдіқызы | 2021 | - |
Танымал түлектер мен студенттер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]№ | Аты-жөні | Жетістіктері |
Мемлекеттік басқару саласында | ||
1. | Алтай Көлгінов | Астана қаласының әкімі |
2. | Рамазан Әлімқулов | Бірыңғай ұлттық тестілеу орталығының директоры |
3. | Ибадуллаев Азамат Амалулы | «Қазақстан Ипотекалық Компания» басқарма төрағасы |
4. | Эльвира Азимова | РК Әділет министрі орынбасары |
5. | Серік Камели | Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде департамент директоры |
6. | Олжас Құдайбергенов | ҚР Ұлттық банк басшысының кеңесшісі, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры |
7. | Айгүл Сағымбай | Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі |
8. | Болат Калыков | Атырау облысы транспорт прокуроры |
9. | Исламбек Төлегенов | Қызылорда облысы Шиелі ауданының прокуроры |
10. | Дінислам Болатханұлы | Павлодар облысы білім басқармасының бастығы |
11. | Ержан Иргебаевич Сейтенов | Алматы қ. жер қатынастары басқармасының басшысы |
14. | Мадияр Балкен | Астана қ. мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы |
15. | Рахымжан Асанғазиев | Қазақстанда Бүкіләлемдік банк жобасы мен бағдарламалар үйлестірушісі |
19. | Болатбек Дүйсенбекұлы Қыстауов | Түркістан облысы Шардара ауданының әкімі |
20. | Айнұр Абдрасилқызы | ҚР МСМ Дін істері комитетінің «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры |
Бизнес және кәсіпкерлік саласында | ||
21. | Айдархан Сарсенбаев | «Азия АгроФуд» АҚ басқарма төрағасы |
22. | Ербол Шаланов | Директор компании «HEMEN KazTrade Group» компаниясының директоры және Қазақстан-Венгер бірлескен кәсіпорынның атқарушы директоры |
23. | Еркин Жакыпов | «Savoja Kazakhstan» Қазақстан-Литва бірлескен кәсіпорын директоры |
24. | Алдаш Айтжанов | «Бәсекелестік саясатты дамыту және қорғау орталығы» АҚ президенті |
25. | Талгат Тулешулы Андабай | Оңтүстік аймақтық дирекция, «Қазтелерадио» АҚ коммерциялық директоры |
26. | Мақсат Кожамбек | Жас кәсіпкерлер ассоциациясының төрағасы |
28. | Накипов Жандулла | Қазақстанда «Акгун Язылым» ЖШС (Түркия) филиалы директоры |
Білім, ғылым және өнер саласында | ||
29. | Досай Кенжетай | Философия және теология ғылымдарының докторы, «Рухани мұра» халықаралық қорының президенті, «Ясауи» ҒЗО (ХҚТУ) директоры |
30. | Алтынай Жорабаева | Әнші, халықаралық конкурстардың жеңімпазы |
31. | Бекарыс Шойбеков | Ақын, республикалық айтыстардың жүлдегері |
32. | Ғани Жапишев | «Хабар» агенттігінің жаңалықтар жүргізушісі |
33. | Серік Сейітман | «Қазақстан» республикалық РТРК бас редакторы, ақын, халықаралық ақындар мүшәйрасының жеңімпазы |
34. | Аскар Кейкіұлы Дүйсенбі | Ақын, халықаралық ақындар мүшәйрасының жеңімпазы |
35. | Ержан Нұрымбет | Қуанышбаев атындағы Мемлекетік академиялық драма театрының әртісі, Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі, мемлекеттік стипендия иегері |
36. | Нұржан Халжанов | Әнші, республикалық конкурстардың жеңімпазы |
37. | Жадыра Нармахан | «Ақжелкен» республикалық журналының бас директоры |
38. | Марат Оразметов | Түркістан облыстық Сатира театрының директор орынбасары |
39. | Уфук Тузман | «Түркия дауысы» радиосы Қазақ редакциясының редактор жүргізушісі. Аудармашы, Анкарада «Эльбурс» атындағы Білім және мәдениет орталығының директор орынбасары |
40. | Ержан Исатаев | Түркістан сазды драма театрының директоры |
41. | Нұржан Төлендиев | «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының директоры |
42. | Абпазов Айдос | Түркістан гуманитарлық-техникалық колледж директоры, қалалық мәслихат депутаты |
Спорт саласындағы жоғары жетістіктер | ||
43. | Бекзат Саттарханов | 2000 жылы бокстан Олимпиада чемпионы |
44. | Мұхтархан Дильдабеков | XXVII Жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері (2000 жыл) және 1999 ж. Хьюстон қ. өткен бокстан әлем чемпионы |
45. | Таңатаров Ақжүрек | Лондон олимпиадасының қола жүлдегері (еркін күрес), |
52. | Бек Нұрмағамбетов | Бокстан әлем чемпионы |
53. | Біржан Жақыпов | Бокстан әлем чемпионы |
57. | Дидар Хамза | Джакарта қаласында өткен «Азиада – 2018» чемпионы (дзюдо) |
58. | Бағлан Ибрагимов | Джакарта қаласында өткен «Азиада – 2018» чемпионы (самбо) |
60. | Қайрат Ералиев | Бокстан әлем чемпионы |
62. | Абдығани Бейбарыс | Әлем чемпионы (самбо) |
Тағы қараңыз
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Халықаралық түрікмен-түрік университеті
- «Манас» Қырғыз-Түрік университеті Мұрағатталған 22 ақпанның 2019 жылы.
Сыртқы сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ХҚТУ-нің ресми сайты (http://ayu.edu.kz/)
- ХҚТУ-нің электронды кітапханасы (http://lib.ayu.edu.kz/)
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |