Мазмұнға өту

Халықаралық еңбек бөлінісі

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Халықаралық географиялық еңбек бөлінісі — қоғамдық еңбек бөлінісі дамуының жоғары сатысы; әлемдік өндірістің даму сатысы.

Ол бір ел шеңберінде ғана емес, сонымен бірге мемлекетаралық, аумақтық еңбек бөлінісіне негізделеді. Еңбек бөлінісінің бұл сатысында мемлекеттер шикізаттың, тауарлардың жекелеген түрлерін өндіруге, қызметтердің жекелеген түрлерін көрсетуге, яғни жекелеген елдер өнімнің осы елдер айырбастайтын белгілі бір түрлерін өндіруге маманданады. Халықаралық еңбек бөлінісі халықарлық сауда мен әлемдік нарықтың белсенді түрі және тұрақты дамуының аса маңызды факторы болып табылады. Халықаралық еңбек бөлінісінің даму дәрежесі әлемдік қоғамдастықтың жекелеген елдерінің өндіргіш күштерінің дамуымен айқындалады. Жекелеген елдердің табиғат және климат жағдайларындағы айырмашылық, олардың аумақтарында түрлі пайдалы қазбалардың, өсімдіктер дүниесі мен жануарлар дүниесінің болуы, тауарлардың белгілі бір түрлерін жергілікті шикізатты пайдалану негізінде өндіру Халықаралық еңбек бөлінісінің пайда болып, дамуы үшін объективті негіз болып табылады. Халықаралық капитал еңбек бөлінісі халықаралық нарықтың және елдер арасындағы экономикалық қатынастардың басқа да нысандарының негізіне алынады, олардың ұлттық шаруашылықтарын дүниежүзілік шаруашылыққа біріктіру факторы ретінде пайдалынылады. Фирмааралық кооперация, осы елдердің біріктірілген топтарының құрылуы да елдер арасындағы еңбек бөлінісінің тереңдеуіне септігін тигізеді. Қазіргі елдердің, әдетте толып жатқан халықаралық мамандану бағыттары болады, олар осы бағыттар үшін бір-бірімен жиі бәсекеге түседі. Мыс., дамыған бірқатар елдер радио, бейне, аудиотехниканы өткізу нарығы үшін өзара күресуде (АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, т.б.). Кейбір шағын елдер өз тауарларын барынша жетілдіріп, халықар. нарықтардан өзіне кішкене саңылау табады. Мәселен, кішкентай елге жататын Люксембург жоғары сапалы жасанды тіс өндіруге маманданған, Швейцария ұзақ уақыт бойына сағат өндіруге маманданды. Нарық үшін, әсіресе, өтімді немесе қымбат тауарлар нарығы үшін күрес барысында халықар. монополиялар мен ұлтаралық корпорациялар құрылады, олар нарыққа ықпал ету аясын бір-бірімен бөліседі, өз талаптарын әлсіздеу елдерге және елдер тобына күштеп таңып, олардың дамуын тежейді.[1][2]

ХГЕБ-тің қалыптасуы мен дамуына әсер еткен жағдайлар:

  • табиғи - географиялық
  • экономикалық-географиялық
  • ғылыми-техникалық
  • әлеуметтік-экономикалық
  • саяси-әлеуметтік жағдайлар

ХГЕБ мануфактуралық капитализм кезеңінде пайда болды (XVII-XVIII ғғ.). Өнеркәсіптік революцияға дейін (ХІХ ғ. аяғы - ХХ ғ. бірінші жартысы) еңбек бөлінісі табиғи-климаттық және географиялық жағдайларға негізделген болатын, жекелеген елдер шикізат қоры, энергия көздері және басқа да географиялық факторлармен айырмашылық жасайды.

Халықаралық географиялық еңбек бөлінісі туралы ұғымға академик Н.Н.Баранский анықтама берген. Н.Н.Баранский ХГЕБ-ті дүниежүзілік шаруашылықтың қозғалыс күші деп атаған. Осы немесе басқа бір ел қарабидай, зығыр, күріш немесе мақта өндіруі мүмкін, бұл тек алуантүрлілікті көрсетеді, бірақ халықаралық географиялық еңбек бөлінісіне қатысы бар екендігін білдірмейді, ол әртүрлі елдер бірі-бірі үшін жұмыс істегенде және еңбектің нәтижесі бір елден басқа елге тасымалданғанда ғана пайда болады. Бұл өз кезегінде халықаралық сауданың өсуіне, жүк айналымдарының көбеюіне алып келеді. ХГЕБ-тің негізі халықаралық мамандану болып табылады.

Халықаралық мамандану. Тәуелді емес елдер немесе кәсіпорындағы жеке тауар түрлерінің шоғырлануы халықаралық мамандану деп аталады. Оған келесідей жағдайлар қажет:

  • халықаралық еңбек бөлінісіне қатысатын өнімнің сапасының басымдылығы басқа елдермен салыстырғанда жоғары болуы немесе бір таиғат ресурс түрінің мол қорына ие болуы керек;
  • бұл өнімге міндетті түрде сұраныс болу керек;
  • басқа елге өнімді шығару міндетті түрде тиімді болу керек.

Елдің халықаралық мамандануы дүниежүзінде салалардың дамуы үшін қажетті, пайдалы қазбалардың қорына, табиғи жағдайы мен сапалы еңбек ресурстарының бар болуына негізделеді (біліктілік деңгейі, дәстүрлі кәсіптер және т.б.). Кейбір елдердің өнім көлемін шамадан тыс өндіріп, сол өнімін толығымен пайдалана алмайтын жағдайда ХГЕБ туындайды. Кейде бір елге өнімді өзінде өндіргеннен гөрі сатып алу әлдеқайда тиімді болса, ол ел халықаралық саудаға қатыса алады. Парсы шығанағы елдерінің халықаралық мамандануы мұнай өндіру, Замбия үшін мыс кендері, Жаңа Зеландия үшін қойшаруашылығы болып саналады. Жапония елде шығатын автокөліктің жартысын басқа елдерге экспорттайды, сол үшін автокөлік өнеркәсібі Жапонияның халықаралық маманданған саласына; бидайшаруашылығы Канаданың маманданған саласына жатады. Дамыған елдер, негізінен, машина жасауда ғылымды көп қажет ететін өнім өндірісіне маманданады (электроника,робот жасау, қарулану және т.б.). Біртекті өнім өндірудің үлкен көлемі елдіәлемдік нарықта бағаның ауытқуына тәуелді етіп қояды. Әсіресе ол тасымалдауда көп шығынды қажет етеін шикізат шығаратын елдерге қатысты айтылады. ХГЕБ дамуында маңызды фактор көілк шығындарын азайту, ол үшін қазіргі заманғы құралдармен жабдықталған қосымша жолдар салынып жатыр. Экологиялық таза көліктердің рөлі ерекше артып жатыр.

Осылайша, халықаралық маманданудың нығаюы халықаралық географиялық еңбек бөлінісінің жоғары сатысы - халықаралық экономикалық интеграцияның пайда болуына алып келді.


Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. "Қазақ Энциклопедиясы" 9 том
  2. Қаржы-экономика сөздігі. — Алматы: ҚР Білім және ғылым министрлігінің Экономика институты, «Зияткер» ЖШС, 2007. ISBN 978-601-215-003-2