Мазмұнға өту

Санталдар тұқымдасы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Santalum album

Санталдар тұқымдас (лат. Santalaceae) — қос жарнақты, көп жылдық (өте сирек жағдайларда бір жылдық) шөптесін өсімдіктер және ағаштар мен бұталар. Тропиктік(қолжетпейтін сілтеме), субтропиктік және қоңыржай аймақтарда өсетін 400-ден аса түрі 35 туысқа біріккен. Қазақстанда аса биік тау баурайларында, шабындықтарда, өзен аңғарларында және жазық жерлерде өсетін жалғыз туысы — кендірше (лат. Thesіum), оның 8 түрі бар. Санталдар тұқымдасына жататын түрлердің жапырақтары тұтас және өркенге қарама-қарсы не кезектесе орналасады. Көпшілік түрлерінде тамырында сорғыштары (гаусторийлары) болады, сол арқылы басқа өсімдіктің тамырына, сабағына жабысып паразиттік тіршілік етеді. Мұндай түрлерінде жапырақтары қабыршаққа айналған. Гүлдері өте ұсақ, әдемі емес, қос жынысты, бір (кейде екі, көп) үйлі. Гүлтабанының ортасы сәл ойыстау, бір ұялы аналық жатыны сол ойысқа бекінеді. Тостағанша жапырақшаларының, аталықтарының саны — 4 не 5. Аналығы 3 не 5 жеміс жапырақшаларынан тұрады. Гүлдері жәндіктермен айқас тозаңданады. Мамыршілде айларында гүлдеп, маусым — қыркүйекте жеміс салады. Жемісі — қақырап ашылмайтын жаңғақ. Жемістерін құстар, құмырсқалар, кемірушілер таратады. Ұрығы эндосперммен (ұрықтың қоректенуіне қажетті ұлпа) қоршалған. Санталдар тұқымдасның көптеген түрінің сүрегі өте құнды болып саналады. Олардан үй жиһаздарын, сәндік заттар жасайды. Діңі мен тамырынан алынған хош иісті майы парфюмерия мен медицинада қолданылады. Кейбір түрінің жемісі жеуге жарамды. Санталдар тұқымдасның Қазақстанда өсетін — Минквиц кендіршесі (лат. Thesіum mіnkwіtzіanum) Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. [1]

Пайдаланылған cілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ Энциклопедиясы, 7 том