Мазмұнға өту

Мұқан Төлебаевтың мемориалды мұражайы (Алматы облысы)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Мұқан Төлебаевтың мемориалды мұражайы

[1] Қазақ опера мұрасының алтын қорын байытып, әлемдік опера деңгейімен теңестірген алғашқы ұлттық сазгерлеріміздің бірі – Мұқан Төлебаев. М.Төлебаев КСРО-ның халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аса көрнекті композитор, қазақ музыкасының классигі, Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұраны авторларының бірі. М.Төлебаев 1913 жылдың 13 наурызында қарт Балқаштың жағалауындағы Қарашыған атты ауылда, Бөрлітөбе ауданына (қазіргі Сарқан ауданы) қарасты «Үлгі» колхозында дүниеге келген. Композитордың әкесі - Төлебай Үйсінбайұлы революцияға дейін мал бағу, егін салуды кәсіп еткен, «Үлгі» колхозын ұйымдастыруға ат салып қатысқандардың бірі болған, анасы – Тәжібала Ақшалқызы бетіне ешкімді келтірмеген адуынды, бірбеткей кісі болыпты. Сондықтан да ол ескі әдет-ғұрыптың шеңберіне сыймай, өнер жолына өз тірлігімен, өз талабымен мүмкіндік алған дарынды ана. Қай адамның болмасын қалыптасуына, азаматтық қасиеттерінің айқындалуына оның айналасы әсер етпей қоймайды. Бұл ретте Мұқанның бала жастан бастап ауыз әдебиетінің бай үлгілерінен сусындайтынын атай өткеніміз орынды. Көкірегі ояу айтыскер ретінде танылған өз анасы Тәжібала мен сүйегіне сөз сіңген әкесінің інісі Апырбайдан талай жыр-хиссаларды, есімі елге белгілі салқам сері Құл ақынның өлеңдерін ұзақ түнге тыңдап өскен. Жас Мұқанның өнерге деген құштарлығын ұштауына, кейіннен ұлы композитор болып қалыптасуына осы адамдардың ықпалы тигені сөзсіз.

Мұражайдың құрылуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Осындай дарынды, ұлы композитордың құрметіне ашылған мұражай ғимаратының іргетасы 1941 жылы қаланды. Сол кезден бастап 1983 жылға дейін тұрмыстық комбинат мекемесі ретінде қолданыста болды. Кейіннен 1983-1993 жылдар аралығында ғимарат әскери комиссариаттың қолданысына берілді. Ал 1993 жылдан бастап М.Төлебаевтың мемориалды мұражайы ретінде қызмет атқара бастады. Мұражай даңқты композитордың 80 жылдық мерейтойына орай ашылған. Мұражайдың ашылуына композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Е.Рахмадиев, сол кездердегі Талдықорған облысының әкімі С.Ақымбеков, Бөрлітөбе ауданының әкімі А.Тұрғанбеков, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Р.Есдәулетов, М.Тынышпаев тарихи-өлкетану мұражайының директоры К.Нұртаев және мұражайдың алғашқы директорлары болған Г.Төлеубаева, Мұқан Төлебаевтың немере інісі, марқұм Қ. Дүйсембековтер зор үлес қосты. Ал 1994 жылы мұражайдың алдына аса көрнекті композитор Мұқан Төлебаевты мәңгі есте қалдыру мақсатында ескерткіш қойылды. Мыстан құйылған мүсіннің авторы Едіге Рахмадиев.


Мұражайда музейлік маңызы бар материалдар саны - 1422 болса, оның 673-і негізгі қорды, 749-ы көмекші қорды құрайды. М.Төлебаев аз ғана ғұмырында өнер көгінде өшпес ізін салып үлгерген құйрықты жұлдыз іспетті. Кең құлашты, мол тынысты, шалқар шабытты образға беріле отырып, өнер әлеміне көптеген классикалық шығармалар әкелді. Соның бірі әлемдік деңгейде жазылған «Біржан-Сара» операсы. Ол саз мектебінің алғашқы іргетасын қалаушылардың бірі болып тарихқа енген. Мұражайда М.Төлебаевтың 500-ден аса құжаттары мен пайдаланған заттары бар. Киген киімдері, ғылыми құндылығы жоғары еңбектері «Біржан-Сара» операсының, «Кестелі орамал», «Тос, мені тос», «Жеңіске» әндерінің түпнұсқасы, өз қолымен жазған классикалық, симфониялық шығармалары, әндері мен романс¬тары, қолтаңбасын қалдырған музыкалық аспаптары, т.б. заттары аса ұқыптылықпен сақталған.

Мұражайдың ішкі бөліктері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Мұражайдың әр залы композитор өмірінің, яғни өмір есігін ашқан кезеңнен бастап жарық дүниеден озғанға дейінгі бағындырған белестерін бейнелеп тұратын үш экспозициялық залдан тұрады. Ондағы құжаттар арқылы сазгердің кешегі Одақ көлемінде аты мәшһүр болғанын көруге болады. Сонымен қатар композитордың 1942-1944 жылдары Қазақтың халық аспаптар оркестрінің дирижері қызметін атқарған кезеңінен сыр шертетін естеліктер де қызықтырмай қоймайды. Қазір қолданыста жоқ, сол заманның ұлттық аспаптары, сахна¬лық киім үлгілері жайлы мол түсі¬нік қалыптастыруға болады. Ал бүгінгі күнде біртуар қазақтың маңдайалды жұлдызынан қалған шаңырақ өз мекенінің мақтанышына айналған. Мұражай экспозициясынан композитордың шеберлікті шыңдау жолындағы ізденістері, азаматтық, адамгершілік бітім-болмысы, үлкен өнерге деген ынта-жігері кеңінен көрініс береді.

М.Төлебаев мемориалды мұражайының экспозициясының тақырыптары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. М.Төлебаевтың отбасы мен балалық шағы
  2. М.Төлебаевтың отбасына тиесілі тұрмыстық заттар.
  3. Өлкеден шыққан ақын-сазгерлер
  4. М.Төлебаевтың өнер жолының басталуы.
  5. Әлемдік деңгейдегі классиктер
  6. Қазақ сазгерлері
  7. Мұқан Төлебаевтың өмірінің соңғы жылдары және оның есімін мәңгі есте қалдыру.

Мұражайдың алға қойған басты мақсаттарының бірі – Мұқанның кейінгі ұрпаққа қалдырған асыл қазына, құнды еңбектерін жинақтап, өмірі мен қызметін зерттеу, оның еңбектері, жазған шығармаларының терең сырлары мен көркемдік ерекшеліктерін көпшілікке таныстыру. Композитор М.Төлебаевтың 100 жылдық мерейтойының қарсаңында мұражай қызметкрлері ғылыми-зерттеу және жинау жұмыстарын жүргізуде. Мұражайда жыл сайын даңқты композитор құрметіне әдеби-сазды кештер ұйымдастырылып, өмірі мен шығармашылығына байланысты лекциялар оқылып, әңгіме-сұхбаттар жүргізіліп, көрмелер ұйымдастырылып отырады. Олардың қатарында Балқаш көліне келген демалушылар, шетелден келген қонақтар, ақын-жазушы, композиторлар да бар. Көпшілік бұл мұражайды сазгеріміздің «Қара шаңырағы» деп атайды.

Келген көрермендерге музейде өткен экскурсиялар М.Төлебаев өмір сүрген ғасырдан сыр шертіп, бір ғасыр кейінге шегінгендей үлкен әсер қалдырады.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Мұражайдың жеке ақпараты