Мазмұнға өту

Көп балалы отбасы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Көп балалы отбасы

Көп балалы отбасы [1] – төрт-бес және одан да көп баласы бар отбасы.

Өсу мөлшерінің аз не көп болу жағдайлары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жекелеген шаңырақтардағы балалар саны бірқатар жалпы және жеке себептерге, атап айтқанда, елдің экономикалық даму деңгейіне, халықтың тұрмыс деңгейіне, оның біліміне, әйелдердің өндіріске тартылуына, отбасының әлеуметтік қамсыздандырылуына байланысты аз не көп болады. Демографиялық деректер бойынша – аграрлы елдерге қарағанда өнеркәсібі дамыған елдерде адамдарының сәбилі болу деңгейі төмен; халықтың материалдық жағынан неғұрлым қамтамасыз етілген және білімді жіктеріндегі балалар саны нашар қамсыздандырылған және білімі төмен жіктеріндегіден гөрі аздау. Ұлттық құндылыққа бағдарланған дәстүрлі қоғамдар, сондай-ақ діни канондар, әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді (мысалы, ислам конфессиясын) ұстанатын этностар балаларының көп болуын қалайды. Мұнда этнографиялық ортаның да, аға ұрпақ өкілдерінің де ықпалы сезіледі.

Эволюциялық өзгеріске ұшырау салдары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Көп балалы отбасы туралы түсінік және қоғамдағы оған деген көзқарас отбасы және оның функцияларының дамуымен, әйелдің отбасы мен қоғамдағы рөлінің өзгеруімен бірге белгілі бір эволюцияға ұшырап отырады. Мысалы, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары Қазақстан мен КСРО-да дүниеге ұрпақ әкелу жасындағы ер адамдар санының күрт азаюынан туындаған елеулі демогр. мәселелерге байланысты аналар мен балаларды қорғаудың және отбасын нығайтудың маңызды мақсаттары қатарында көп бала табуды көтермелейтін арнаулы жарлық қабылданды. Осыған орай үшінші баладан бастап бір жолғы жәрдемақы төлемі, төртінші баладан бастап балаларға төрт жыл бойына ай сайын жәрдемақы төлемі белгіленді.

Көп балалы отбасыларын қолдау

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақстанда егемендік пен тәуелсіздік алғаннан кейін, 20 ғасырдың 90-жылдарынан бастап көп балаы отбасыларға (қалада – 4 баласы, ауылдық жерлерде – 6 баласы барларға), басқа да отбасыларына әр бала дүниеге келгенде бір жолғы жәрдемақы төленеді, сондай-ақ тиісті жағдайларда 1,5 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға ай сайынғы жәрдемақы тағайындалады. Жұмыс істейтін ана-әйелдерге зейнет жасына келуіне байланысты зейнетақы тағайындау кезінде басқа да жеңілдіктер беріледі, сондай-ақ, көп балалы аналар бала санына қарай “Алтын алқа”, “Күміс алқа”, т.б. орден, медальдармен марапатталады. Қазақстанда көп балалы отбасылары, негізінен, қазақтар көп тұратын оңтүстік облыстарда, сондай-ақ түркі ұлыстары немесе ислам дінін ұстанатын басқа да ұлыстар көбірек қоныстанған бірқатар басқа да дара этнографиялық. аудандардың ауылдық жерлерінде басым болып келеді.

Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қысқаша энциклопедия, 2-том. Алматы, 1987.