Мазмұнға өту

Коряк таулы қыраты

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Коряк таулы қыраты

Коряк таулы қыратыАзияның Тынық мұхит жағалауының солтүстігінде, Камчатка түбегі мен Анадыр ойпатының аралығында жатқан таулы өлке.

Ресейдің Камчатка және Магадан облыстары жерінде. Ұзындығы 880 км, ені 200 – 250 км. Кайнозой қатпарлығында пайда болған антиклинорий. Мезозой мен кайнозойдың шөгінді және жанартау жыныстарынан түзілген. Антиклинальдардың ядроларында палеозойдың кристалдық тақтатас, әктас, және кварциттері жер бетіне шығады. Қатпарлы құрылымдарды жас жарылымдар және лықсымалар күрделендірген. Коряк таулы қыраты антиклиналь жоталардан, ірі депрессиялардан, жанартау үстірттерінен және таулы үстірттерден тұрады. Орта тұсындағы Орталық Коряк тау массивінен (Ледяная тауы, 2562 м) жан-жағына қарай көптеген жоталар мен терең аңғарлар тарайды. Жоталардың орташа биіктігі 1000 – 1500 м. Жеке шыңдары 2000 м-ге дейін барады. Коряк таулы қыраты субарктикалық климаттық белдеуде. Климаты өте ылғалды, қоңыржай салқын, ауа температурасы төмен. Қысы ұзақ. Қаңтардың орташа температурасы шығыс жағалауда –12 – 15С, батыста –20 – 24С. Жазы салқын, тұманды, жауын-шашынды. Ең жылы айдың орташа температурасы 8 – 9С. Жылдық жауын-шашын теңіз жағалауында 350 – 450 мм, тау қыратының шығыс беткейінде 700 мм-ден асады. Қыратта 282 мұздық бар. Көп жерін суық тау шөлі мен тау тундрасы қамтиды. Таулардың 200 – 400 м биіктікке дейінгі төм. беткейінде жатаған самырсын, қандыағаш және қайың таралған. Өзен аңғарларында терек, тал және балқарағай кездеседі. Табиғат байлықтары аз зерттелген. Бұғы жайылымына кең пайдаланылады.

Пайдаланған әдебиет

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақ Энциклопедиясы, 11 - том