Конькимен жүгіру
Мына мақаланы не бөлімін Коньки дегенмен біріктіруге ұсынылған. (Талқылауы) |
Конькимен мұз үстінде жүгірдің тарихы өте ежелде жатыр. XVІ ғасырда алғаш рет голландықтар мұз үстінде сырғанауды ойлап тапқан. ХVI ғасырда конькимен жүгіру скандинавия елдерінде жарыс түрінде қалыптасты. 1676 жылы ең алғашқы конькимен жүгіру жарысы өткізілді. Спорттың бір түрі ретінде конькимен жүгіру спорты XIX ғасырдың екінші жартысында қабылданып, дами бастады. «Христиания скейте-клуб» ұйымдастыруымен Норвегияда алғаш рет 1867 жылы конькимен жүгіруден ресми жарыс өткізілді. Бұл спорт түрі Еуропаның бір талай елдерінде кең өріс жайды және ХІХ ғасырдың 70 жылдарында халықаралық жарыстар ұйымдастырылды. 1889 жылы Амстердамда тұңғыш рет дүниежүзілік конькимен жүгірушілердің чемпионаты өтті. 1892 жылы Дүниежүзілік конькимен жүгірушілер ұйымы-ИСУ құрылды. Сол кездің чемпионаттарынан бастап төрт түрлі дистанцияда 500, 1500, 5000 және 10 000 метрге жүгіру дистанциялары болды.
XX ғасырдың бірінші-екінші онжылдығында осы спорт түрінен ең мықты дегені норвеждік Оскар Матисен болды. Ол әлем чемпионатын бес рет жеңіп алды, 1908, 1909, 1912, 1913, 1914 жылдар аралығында жеңіске жетті. Ресейлік конькимен жүгіруші Николай Струнников екі рет: 1910 және 1911 жылдары әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін 1922 жылы конькимен жүгіруден норвегиялық Харальд Стрем әлем чемпионы болды. 1923 жылы әлем чемпионы финдік конькимен жүгіруші Клас Тунберг болды, 1924 жылы норвегиялық Руальд Ларсен әлем чемпионы болды. 1926 жылға дейін Еуропада және Әлем чемпионатында жеңімпаздар әртүрлі арақашықтықтар бойынша алынған орын санымен анықталды. Ал 1926 жылдан кейін чемпиондарды және басқа да орын алушыларды төрт арақашықтықты орындауы бойынша бағалау жүйесі қабылданды.
1936 жылы конькимен жүгіру жарысы ерлердің арасында ғана емес әйелдердің де арасында өткізіле бастады. Әйелдер арасындағы конькимен жүгіру жарысынын алғашқы чемпионы АҚШ-тық Китти Клейн болды, содан кейін әлем чемпионы норвегиялық Лайла Шоу-Нильсен болды. 1937 мен 1938 жылдары финдік спортшы Верне Леше әлем чемпионы атанды. Әлем чемпиондарының арасында Кеңес Одағының да спортшылары бар. Олар: Мария Искакова 1948-1950 жылдар аралығында. Лидия Селихова 1952-1954 жылдар аралығында және Халида Шеголеева 1953 жылы , Рима Жукова 1955 жылы, Софья Кондакова 1956 жылы, Инга Артомова 1957, 1958, 1962, 1965 жылдары, Тамара Рылова 1959 жылы әлем чемпиондары атанды.
Халықаралық конькимен жүгірушілер ұйымының шешімімен конькимен жүгіру жарысынан басқа әйелдер мен ерлер арасында спринтерлік жарыс өткізілетін болды. Ерлерге де, әйелдерге де төрт дистанциядан: 500, 1000 метр бірінші күні, ал содан кейін тағы да 500, 1000 метр екінші күні жарыс өтетін болды.[1]
Техникалар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Конькишінің отырысы сырғанау кезіндегі спортшының денесін ұстау қалпы - денесі алға қарай еңкейіп, аяғы жамбас және тізе буындарынан бүгіліп ұсталады. Отыру - төменгі және жоғары қалып болып бөлінеді. Егер аяқ буындары неғұрлым көбірек иілсе, бұл төменгі; ал аз иілсе, жоғары қалып болып есептеледі. Конькишінің отырысы төмен болса мұздан итерілу екпіні күштірек жоғары отырса азырақ. Спортшы көп жаттықса, аяқтары күшті болса соғұрлым отырады. Коньки мұздан итеріліп екінші коньки сырғанағанда спортшының денесі тепе-теңдік қалпын сақтайды.
Түзу жолда сырғанау бірден жоғары шапшаңдық (әсіресе қысқа қашықтықтарда) алып кету үшін спортшы сөреден шығу сәтін дұрыс бастауы керек. Сөреге "на страт!" бұйрығы берілгеннен кейін конькиші сызығының бойына оң жағына жартылай бұрылып тұрады. Сөре сызығы мен дененің ара қатынасы 40° шамасында, сол қол алдыңғы жақта, оң қол арт жақта сермелуге дайын тұрады. "Дайындал!", "внимание!" бұйрығынан кейін тізесін тағы да бүгіңкіреп, еңкейе түседі. Қимылсыз тыныш тұрады "Марш!" бұйрығынан кейін сөре сызығынан атыла жөнеледі. Конькишілердің бойлары бір қалыпта түзеліп сырғанақ басталып кетеді. Алғашқы 5-6 қадам қыска болады, қолдар алма-кезек сермеледі.
Бұрылыста сырғанау әдісінің кейбір ерекшеліктері бар. Бұрылу басталар алдында соңғы қадам оң жақтағы конькимен жасалынады да, дененің салмағы сол қапталға ауысады, сол аяқтағы коньки мұзға сол қырымен тіреледі. Күштің негізі салмағы түскен оң аяқтағы коньки мұзға барынша итеріліп, конькиші сол аяқтағы конькиінің қырымен ұзағырақ сырғиды. Содан кейін денесін айналымның ішіне қарай еңкейте түсіп аяқтарын алмастыру үшін оң жақтағы конькиді ішке тарта түседі. Іле оң аяқ алға шығып бір цикл аяқталады да цикл қайта басталады. Қашан бұрылыс аяқталғанша сырғанау әдісі осылай қайталанып отырады.[2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ энциклопедиясы, 11 - том
- ↑ Қазақстан - спортшылар елі. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: "Сөздік-Словарь". ISBN 9965-822-57-3