Мазмұнға өту

Кереге

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Кереге. ҚР ҰМ қорынан.

Кереге – жас қайың мен талдан тор көздеп жасалған киіз үйдің жиналмалы қабырғасы, туырлық жабылатын бөлігінің қаңқасы.

Жасалу барысы

Кереге жасау. ҚР ҰМ қорынан.

Керегені көбінесе сәмбі талдан жасайды, себебі ол қатты және жеңіл, оңай иіледі және оңай түзетіледі. Таңдап алынған керегелік ағаштар алдымен екі тұтқалы аталғының көмегімен қабығынан аршылады. Керегеге арналған әбден кепкен ағаштардың бірнешеуін алдымен суға, содан соң қозға салып жұмсартады. Қозға салар алдында суға батырып алған мұндай ағаштың сырты күймейді. Үйші қозда жатқан ағаштарды тезге салып, қисық жерлерін түзетіп, сағанақ ұзындықтарын бірдей етіп алып, бас және аяқ жақтарын шапашотпен шабады. Шапқаннан кейін сағанақтардың бас жағы шалқақ, мойын тұсы аздап ішке еніңкі, бүйірі сыртқа қарай шығыңқы, төменгі ұшы тік болып шығады. Сағанақтың басы мен төменгі ұшы бір түзу бойында орналастындай тік болуы қажет. Киіз үй керегесі осындай қалыпқа келтірілген соң оның тор немесе жел көзді болуына байланысты көк өткізілетін көздері тесіледі. Кереге басы қанша болса, сонша көз тесіледі, бірақ іс жүзінде оның екеуі тесілмеуі қажет, тесілмей қалған көз орнын азат деп атайды. Мұндай азат орындардың керегенің жиналып-жазылуында ерекше мәні болған. Егер азат қалдырмай барлық көздерін тесіп тастаса, керегені жинап-жазу қиынға соғады. Керегенің көз аралықтары бірдей болуы керек. Кереге басы көбейген сайын көзі де артады, көзі артқан сайын азат орындар да көбірек болады және азат қалдырылған орындар саны барлық қанатында бірдей болуы керек.

Көктелуі

Кереге көздері тесіліп болғаннан кейін көктеу ісіне кіріседі. Көктелетін кереге сағанақтарын орын-орнымен жастық ағашқа орналастырып реттейді. Керге көзі алдын ала кесіліп дайындалған түйе терісінен жасалған таспалармен көктеледі. Көктеу барысында таспаның бір ұшына мүйізден жасалған ине өткізіледі, ал таспаның екінші ұшы арнайы тесіледі. Таспаның екінші ұшындағы тесіктен мүйізді ине өткізілген бас жағын тұтас өткізгенде түйін пайда болады. Екінші ұшы түйінделген таспаны мүйізді ине арқылы екі қабатталған кереге көзінен өткізгеннен соң таспаны тартып тұрып керегеге жақын жерінен тағы бір тесік жасап және сол тесік арқылы иненің басын қайта өткізіп алған соң, таспаны қырқып алады. Осындай тәсілмен екі жағы мықты түйілген түйе терісінен жасалған көк өте берік болады. Көбінесе ауқатты адамдар керегелер көктеліп, өңделгеннен кейін сырмен сырлатады, ал қайың ағашынан жасалған киіз үй сүйегіне өсімдік майын сіңіріп жағады. Мұндай киіз үй өз құндылығын көпке дейін сақтайды.
Ә. Марғұланның еңбектерінде Шоқанға әкесі Шыңғыстың сыйлаған қайыңнан жасалған он қанатты киіз үйін көрген генерал А.К. Гейнстің таң қалғандығы туралы дерек бар.

Көздері

Жел көз кереге мен тор көз кереге. Суретін салған Ж. Шәйкен.

Бір кереге бір қанат болып саналады. Киіз үйдің көлемінің үлкен-кішілігіне қарай 6, 8, 10 қанат етіп дайындалады. Кереге биіктігі 1,5 м, ені жазылғанда 2-2,5 м, жиналғанда 70-80 см болады. Кереге, негізінен, тор көзді, жел көзді деп аталатын екі түрге бөлінеді. Тор көзді керегелердің ағашы жиі орнатылып, көздері жұдырық сиятындай тар болады. Бір қанатында 20-22 керегебас (уықтың байланатын жері) болады. Киіз үйдің шаңырағы осы кереге басына сәйкестендіріліп жасалады. Жел көзді керегелердің ағашы сирек орнатылады, бір қанатында 15-18 бас болады. Жел көз керегенің көзіне қос жұдырық сиятындай кең болады. Әдеттегі керегелердің енінен екі-үш есе кіші, бірақ биіктігі бірдей – шолақ кереге аталатын түрі де кездеседі. Әр керегеде ең ұзын сағанақтар саны 20 данадан жасалып, олар оннан қиғаш орналасады. Олардың ұзындығы 210-нан 260 см аралығында болады. Сағанақтың осындай ең үлкендерін ерісі, есіктен бастап санағанда киіз үйдің кереге желісіне байланысты оң және сол босағадан 5-11-ші жерге тимей тұратын сағанақ жетім сағанақ деп аталады. Жетім сағанақтың басына ешқандай әбзел, құрал, киім-кешек ілмейді.

Кереге құрамдарының атаулары

Керегенің жерге тірелетін жағын аяғы, кереге ағаштарын көзелген жерінен бір-біріне кіріктіріп бекітетін түйенің мойын немесе өгіз терісінен дайындалған таспасын көк, көктелген керегенің тор-тор болып көрінетін тесігін көз, кереге желісінің жоғарғы, уық байлайтын жерін бас, құлақ деп атайды. Есік таңылатын керегелердің көктері ұзын болады, сондықтан есік орнатылып, таңылатын кереге көгінен белгілі болып тұрады. Керегені құраушы әрбір ағаш – керегелік желі, керегелік желінің ең кішісі – сағанақ, керегелік желінің ең ұзыны – керегелік желінің ерісі, керегелік желінің қысқалауы – балашық дейді.

Керегенің жасалуына байланысты атаулары

Кереге қанатының сағанағы өзінен кесіліп салынса – қырықпа кереге, керегелік желінің ағаштары жіңішке болса – кәукеншек кереге, керегенің ағашы жуан болса – сүйекті кереге, керегенің балашығы өз алдына кесіліп жасалған болса балашықты кереге деп аталады. Үй тіккенде екі керегенің арасын ызылған жіңішке жіптермен бірдей жалпақтықта және ұзындықта тігілген құр, таңғыш баулармен ұстатады. Кереге сағанақтары кереге таңғыштары арқылы бір-біріне қабыстырылып бекітіледі. Кереге бастары киімілгіш ретінде де пайдаланылады. Кереге мен уықтың біріккен тұсын керегенің қасы деп атайды.[1]

Сөз морфологиясы

Кереге. Қазақ тілінде бұл сөздің мағынасы — киіз үйдің ағаштан жасалған қабырғасы екені белгілі. «...Біз- ге жаңа уық, кереге керек» (Дала қырандары). Сөздің алғашқы мағынасы — «тор» екендігін сарыкөл тілінің дерегінен білеміз. Онда керган — тор (решетка) (Т. Пах.,-pyc. сл., 1971, 88). Бұл тілде осы сөзден пайда болды дерліктей, киіз үй мағынасында қолданылатын «хирги» тұлғасын да ұшыратамыз (сол сөздік, 204). Кейде бір зат атауы екінші нәрсеге ауысып отыратын жағдай тіл заңдылығында жиі ұшырасатынын жоғарыда жазылған жолдардан кездестірдіңіздер, сондай-ақ ілгеріде де сөз болмақ. Осыны дәлелдейтін тағы бір дерек киіз үйдің негізгі жабдығының бірі — тор көз, моңғол, қалмақ тілдерінде киіз үй атауына айналған. Айырмашылық тек соңғы екі-үш дыбыстың түсіріліп «гэр» не «гер» тұлғаларында көрінуі (Мон.-қаз. сөздік, 1954-, 69; Рус.-кал. сл., 1964, 794). Ал қазақ тілінде -еге жұрнағын сақтай отырып, киіз үй жабдығының бірі болып қала берген.[2]

Дереккөздер

  1. ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – (илл.) ISBN 978-601-7026-17-23-том: К – Қ – 736 бет.ISBN 978-601-7026-21-9
  2. Бес жүз бес сөз.— Алматы: Рауан, 1994 жыл. ISBN 5-625-02459-6

Әдебиеттер

  • ҚСЭ. 5-том. Алматы: Қазақ совет энциклопедиясы, 1974;
  • Муканов М.С. Казахская юрта. Алма-Ата: Қайнар, 1981;
  • Арғынбаев Х.Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Өнер, 1987;
  • Оқа А. Киіз үйге қатысты атаулардың ономасиологиялық жүйесі. Канд. дисс.авторефераты. Алматы, 2005;
  • Исаева Г.С. Киіз үйге қатысты атаулардың этномәдени негізі (қазақ, қарақалпақ, қырғыз тілдерінің материалдары бойынша). Канд. дисс. авторефераты. Алматы, 2008;
  • ҚР ҰМ – материалдарынан;
  • ОМЭЭ – материалдарынан.