Мазмұнға өту

Кезқұйрықты субүркіт

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Кезқұйрықты субүркіт

Амандық күйі

Vulnerable (IUCN3.1) [1]
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Жануарлар
Жамағаты: Хордалылар
Табы: Құстар
Сабы: Сұңқартәрізділер
(немесе Қаршығатәрізділер, q.v.)

Тұқымдасы: Қаршыға тұқымдасы
Тегі: Haliaeetus
Түрі: H. leucoryphus
Екі-есімді атауы
Haliaeetus leucoryphus
(Pallas, 1771)
Синонимдері

Aquila leucorypha Pallas, 1771

Haliaeetus leucoryphus

Кезқұйрықты субүркіт (лат. Haliaeetus leucoryphus) – сұңқартәрізділер отряды қаршыға тұқымдасына жататын жыртқыш құс.


Кезқұйрықты субүркіт тоғайлы, орманды жерлердегі қамысты суқоймаларын мекендейді. Шәулісінің қанатының ұзындығы 52 – 59 см, ұябасары ірілеу. Салмағы 2,1 – 3,2 кг. Шәулісінің арқасы қара бурыл түсті, жаңа шыққан қанаттары – көгілдір, басы мен тамағы ақшыл, құйрық қанаты – ақ, оның ұшы қара болып келеді. Бауыр жағы қоңыр бурыл түсті. Ұябасары реңсіз. Кезқұйрықты субүркіт – жыл құсы. Ақпанның аяғы наурыздың басында Қазақстан аумағына ұшып келіп, ағаш басына, құлаған қамыс үстіне ұя салады. Онда наурызсәуірде ұябасары 1 – 2 жұмыртқа басады. Маусымшілде айларында балапандары ұядан ұшады. Негізгі қорегі – балық және су құстары; қоян, құмтышқан, ондатрды да ұстап жейді. 19601970 жылдары Қазақстанда Маңғыстау облысында, Сырдария және Іле өзендерінің бойында, Марқакөлде ұялаған. 19851986 жылдары Іле өзінің жағалауынан 5 жұбының ұя салғаны белгілі болса, Еділ, Жайық, Жем, Торғай, Ертіс, Шу өзендерінің бойынан, Қорғалжын қорығынан өтпелі құстар байқалған. Кезқұйрықты субүркіт – өте сирек кездесетін, жылдан-жылға таралу аймағы азайып, жойылып бара жатқан құс. Сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.[2]

1-ші санат. Жойылып кету қаупінде тұрған түр. КСРО Қызыл кітабына (1984) енгізілген.

Генофондысын сақтау үшін таксонның маңызы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Туыстың әлемдік фаунадағы сегіз түрінің және Қазақстандағы екі түрінің бірі.

Оңтүстік және Орталық Азия, Қазақстан. XIX ғасырдың аяғында және XX ғасырдың бірінші жартысында ұясын Марқакөлден (1876 ж.), Жаркент қаласының маңынан (1900 ж.), Сырдария өзенінің бойындағы Қара өзек станциясының жанынан (1927 ж.), Іле өзеніндегі Қапшағай шатқалынан (1934 ж.) және Маңғыстау түбегінен (1947 ж.) тапқан [3][4]. Соңғы онжылдықтарда оны Батыс Қазақстаннан жиі байқаған, жекеленген кездесулер Қорғалжын және Торғай өзенінің төменгі сағасынан, Шу және Қара Ертістен белгілі [5][6][7]. Іле өзенінің төменгі сағасындағы Малайсары жотасында ұялауы толықтай мүмкін, өйткені екі жыл қатарынан мамырда бір жұбы есепке алынған. Оңтүстік Алтайда, 1966 жылы кезқұйрық субүркіті ауланған, 1978-1986 жылдары бірде-бір рет кездеспеген [7].

Мекендейтін жерлері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қамысы қалың суқоймалары жағалауларында тоғай және терек-тал өскен ормандары бар өзен жайылмалары, жағалауы жартасты әрі ағаш-бұталы тау өзендері мен көлдері.

30-50-ші жылдары 20-30 құстан тұратын шоғырлары сирек емес-ті [3][4]. Жыртқыш құстарды жою науқаны жүргізілген 50-60-жылдардан соң Қазақстанда өте сирек кездесетін болды. Соңғы 25 жылда 50-ге жуық кездесу болған[4][8][9][10], олардың тек 5-і ғана ұялау кезінде есепке алынған[4].

Негізгі әсер ететін факторлар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тікелей жою, ұясын бұзу, мекендеуге қолайлы жерлердің азаюы, аздапта болса ЭТЖ-де өлім-жітімге ұшырауы, уланған шақыртқылар мен қақпанға түсіп өлуі.

Биологиялық ерекшеліктері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жыл құсы, Қазақстанда тек оңтүстікте (Іле, Сырдария өзендері) ғана қыстайды. Ұялайтын жерлеріне ақпанның аяғында – наурыздың басында пайда болады, лағып жүрген құстар сәуір-мамыр және жазда кездеседі. Ұясын қамыс құламаларына және ағаштарға салады. Наурыз-сәуірде жұмыртқалайды. Ұяда 1-2 жұмыртқа болады. Балапандарының қанатына қонуы – маусым-шілде. Қыркүйек-қазанда ұшып кетеді[3].

Қолда өсіру

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақстанның хайуанаттар парктерінде өсірілмейді.

Қабылданған қорғау шаралары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

«Жабайы фауна мен флора түрлерін сату жайындағы халықаралық Конвенцияның» II Қосымшасына енгізілген. Қазақстанда Алакөл қорығы мен Алтынемел ұлттық паркінде қорғалады.

Қажетті қорғау шаралары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сақталып қалған ұяларын анықтау және қатал қорғауға алу, жергілікті тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын күшейту.

Зерттеу жөніндегі ұсыныстар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Іле, Шу және Сырдария өзендерінің бойынан ұясын іздеуді қолға алу. Қолда өсіру жайында эксперименттер жүргізу.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. IUCN redlist
  2. ”Қазақстан Энциклопедиясы”
  3. a b c Корелов, 1962
  4. a b c d Варшавский, 1983
  5. Э. М. Ауэзов, личн. сообщ
  6. Н. Н. Андрусенко, личн. сообщ
  7. a b Березовиков, 1987
  8. Г. В. Линдеман, личн. сообщ
  9. А. С. Левин, Б. М. Губин, личн. сообщ
  10. В. В. Неручев, личн. сообщ