Мазмұнға өту

Игорь жасағы туралы жыр

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Игорь жасағы туралы жыр (орыс. Слово о полку Иговоре) – ежелгі орыс әдебиетінің ескерткіші. Орыс тілінің ең ежелгі ескерткіші болып саналады. Жыр орыс кінәзі Игорь Святославович бастаған әскердің 1185 жылы жасаған сәтсіз жорығы туралы әңгімелейді.

Жырдың сюжетіне – 12 ғасырда Игорь Святославовичтің Киев Русінде билік үшін талас кезінде өзіне қолдау көрсеткен қыпшақтарға опасыз қарсы жорығы, жасағының ойсырап жеңіліске ұшырауы, өзінің тұтқынға түсуі арқау болған. Сондай-ақ, жырда өзара қырқысып береке таппаған Киев Русі князьдерінің тарихы, қыпшақтардың үстемдігі баяндалады. Жыр – эпикалық шығарма болғанымен, онда лирикалық шегіністер, фольклорлық (жоқтау, жұбату, мадақ, т.б.) элементтер кездеседі. Жырдың поэтикалық, көркемдік қуатын байқататын әсірелеу, теңеу, ұлғайту сияқты бейнелеуіш құралдар мол. Жырдың түпнұсқа қолжазбасы жоқ. Ал көшірме қолжазбасын тұңғыш рет граф А.И. Мусин-Пушкин діни ғимараттардың архивтері мен кітапханаларындағы көне қолжазбаларды жинау барысында кездестіріп, қайта көшірткен. Жырдың түпнұсқасы болып есептелетін алғашқы көшірме нұсқасы – 1812 жылғы Мәскеудегі өрт кезінде Мусин-Пушкин үйімен қоса өртеніп кеткен. Түпнұсқа көшірменің осылайша жоғалуы ғалымдардың жырға күмәнмен қарауына негіз болды. Сондай-ақ, көптеген ғалымдар жырда түркі тілінің ықпалы зор екенін, қайсыбір христиан дініне қатысты мәліметтердің қондырма екенін, жырды айтушы әрі оның кейіпкері Баян жыраудың бейнесі бұл шығарманы тудыруға түркі халықтарының да қатысы барлығын байқатады. “Игорь жасағы туралы жыр” туралы көптеген зерттеу еңбектер жазылған. Жыр ақын Б.Аманшиннің аудармасы бойынша қазақ тілінде жарық көрді (1951, 1985).[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том