Енисей қырғыздары
Енисей қырғыздары , яки Енесай қырғыздары — Оңтүстік Сібірде өмір сүрген ежелгі түркі тайпасы.
Ол жөнінде ең көне мәліметтер ежелгі қытай жазбаларында (б.з.б. II — I ғасырлар) кездеседі. VII — X ғасырлардағы қытай жазбалары Минуса ойпатында тұратын Енисей қырғыздарын хягас деп атаған. Енисей қырғыздары 10 ғасырға дейін қазіргі Моңғолия территориясына билік жүргізген. Негізінен, мал (жылқы, сиыр, қой) өсірген, суармалы егін шаруашылығымен, темір қорытумен айналысқан. Көрші тайпалардан салық ретінде аң терісін жинап, Қытай мен Орталық Азияға сатып отырған. Енисей қырғыздарын тайпа ақсүйектері билеген.
Олар 1209 жылы Шыңғыс хан шапқыншылығына ұшырап, 1270 жылы империяға толық бағынышты болған. Енисей қырғыздарының Тянь-Шань өңіріне қоныс аударған рулары жергілікті түркі тайпаларымен қосылып, қазіргі қырғыз халқының қалыптасуына ұйытқы болды. Байырғы атамекенінде қалған Енисей қырғыздары XVII ғасырда, негізінен, Минуса ойпаты мен Енисейдің жоғарғы ағысының жағалауларын мекендеп, орыстар іргесін қалаған Красноярск, Ачинск, т.б. қалалар мен бекіністерге шабуыл жасап тұрды. 17 ғасырдың 2-жартысында Енисей қырғыздары Жоңғарияға бағынды, бағынбаған көпшілігі Орталық Азияға қоныс аударды. Көшпей қалған рулық топтары качиндер мен сагайлар құрамына кіріп, қазіргі хакас халқын құрады.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ ұлттық энциклопедиясы
Әдебиет
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Киселев С.В., Древняя история Южной Сибири, М., 1951.
- Потапов Л.П., Краткие очерки истории и этнографии хакасов (XVІІ — XІX вв.), Абакан, 1952.
- Малов С.Е., Енисейская письменность тюрков, М — Л., 1952.
- Карауулы ҙ., Көөнө түрктер тарыхы, Бішкек, 1994.
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|