Мазмұнға өту

Доғал шайқасы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Доғал Шайқасы, Доғал–Үрпек соғысы – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезіндегі А. Иманов бастаған Торғай көтерілісшілерінің Ресей үкіметінің жазалаушы отрядына қарсы соңғы соғысы. Шайқас 1917 жылы 22-23 ақпан күндері Доғал қопасы мен Үрпек қонысы аралығында болған. Бұл кезеңде көтерілісшілердің негізгі күші Торғай қаласынан 150 шақырым қашықтықтағы Батпаққара елді мекенінің маңындағы Жалдама, Торғай өзендерінің бойына орналасқан еді. Ал екінші бөлігі Торғай қаласынан 140 шақырым жердегі Жыланшық өзенінің бойына, үшіншісі қаладан 80 шақырым қашықтықтағы Перовск жолының бойында топтастырылған. Сөйтіп Перовск-Ақмола аймағының аумағы 150 шақырымдық жерін камтыған. Торғайдағы көтерілісті біржолата басу мақсаты мен арнайы ұйымдастырылған генерал-лейтенант Лаврентьев басқарған жазалаушы отряд құрамындағы полк. Тургенев басқарған 13-орынборлық казак полкі Торғай-Жыланшық өзендерінің бойындағы көтерілісшілерді жоюды мақсат етті. Полк кұрамында 6 казак жүздігі, 1 атты батарея взводы, 1 жаяу әскер батареясы взводы, 6 пулемет, 4 зеңбірек болды. Бұл қарулы полк 18 ақпанда Қарақоға болысының 6-ауылын, 21 ақпанда Құмкешуді басып алып, Батпаққараға жетті. 22 ақпанда Доғал аңғарында көтерілісшілерге қарсы соғыс басталды. Амангелді Иманов бастаған көтерілісшілер полкі Тургеневтің осы қарулы полкіне 20 мың сарбазбен қарсы тұрды. Олардың қатарында білтелі мылтық, бердеңкелермен қаруланған 171 мерген болды, қалғандары айбалта, қылыш, найза, шоқпар ұстаған атты сарбаздар еді. Шайқас қарсаңында өткізілген соғыс кеңесінің ұйғаруы бойынша, қолына қару ұстамаған ел түгел дерлік қырдағы қопаларға көшірілді. Арнайы соғыс жоспарына сай Жалдама, Сымтас өзендері бойын - Қараторғай, Көртоғай, Сарыторғай болыстарының, Сарықопа, Мұқырды - Сарықопа, 1-Науырзым, 11-Науырзым болыстарының, Қарасу, Доғал, Сорбұлақты - Қараторғай, Қайдауыл, Аққұм болыстарының сарбаздары мен Көкшетау, Әулиеата, Түркістан, Ақтөбе, Байқоңыр, Қарсақпай, Атбасар, Жаңақала, Ақмешіттен келген көтерілісшілер қорғауға тиісті болды. Сорқұдық, Кемер, Тоқанай бойын - Қарақоға, Тосын, Шүбалак болыстарының сарбаздары қорғады. Күші басым жазалаушылар отрядына қарсы екі күнге созылған ауыр айқаста Амангелді батырдың колбасшылық қабілеті айрықша көрінді. Дұшпан шебіне оқыстан шабуыл жасау, күтпеген жерден тосқауыл қою, жазалаушыларды оппа карға, жылымға түсіріп, тез ш��гініп кету сияқты тапқыр айла-әрекеттер жасап бақты. Ақыры 23 ақпан күні ымырт үйіріле екі жақтан да атыс тоқтатылды. 24-25 ақпанда Тургенев полкі қайтыс болғандар мен жаралы жауынгерлерін 45 шанаға тиеп, Торғайға шегініп кетті. Доғал Шайқасы Торғай көтерілісшілерінің ұйымдық жағынан бекіп, соғыс шеберлігін меңгерген қарулы күшке айналғанын, сарбаздардың бостандық жолындағы күрестегі табандылығы мен жеңіске деген жігерін танытты. Көп ұзамай Ресейде Ақпан төңкерісі жүзеге асырылды да, Торғайдағы жазалаушы отрядтардың шапқыншылықтары тоқтатылды. Сөйтіп Торғай көтерілісшілері өздерінің алға қойған мақсатын орындап шықты. Қазір Доғал Шайқасы болған жерлерге ескерткіш тақталар орнатылған.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Айбын. Энциклопедия. / Бас редакторы Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. ISBN 9965-893-73-Х