Дипломатиялық иммунитет
Дипломатиялық иммунитет — шетелдік дипломатиялық өкілдіктерге, олардың келген еліндегі басшыларына және қызметкерлеріне берілетін ерекше құқықтар мен пұрсаттылықтар. Бұл иммунитеттің мақсаты – дипломатиялық өкілдіктердің міндеттерін жүзеге асыруы үшін барынша қолайлы жағдай жасау. Оның заңи табиғаты мынаған негізделеді: бір егеменді мемлекет екінші егеменді мемлекеттің билігіне бағына алмайды, ал дипломатиялық өкілдіктер мен оның дипломатиялық қызметкерлері сол мемлекеттің бет-бейнесі болып табылады. Дипломатиялық иммунитетті беру тәртібі мен көлемі “Дипломатиялық қатынастар туралы” Вена конвенциясында (1961) айқындалған. Бұл Конвенцияда дипломатиялық иммунитеттер дипломатиялық өкілдіктердің иммунитеттері мен дипломатиялық қызметкерлердің және олардың отбасы мүшелерінің жеке иммунитеттеріне бөлінеді. Алғашқысына мыналар жатады:
- дипломатиялық өкілдіктің үй-жайларына қол сұғылмайтындық, мүлік және жүріп-тұру құралдарының, хат-хабар мен мұрағаттардың иммунитеті;
- қазыналық (салықтық) иммунитет;
- өкілдіктің өз орталығымен және өз мемлекетінің басқа да өкілдіктерімен қарым-қатынас жасау құқығы.
Өкілдіктің үй-жайларына, олардың жиһаз-мүліктеріне, сондай-ақ өкілдіктің жүріп-тұру көлігін тінтуден, реквизициялаудан, қамауға алудан, т.б. қорғалу иммунитеті қолданылады. Қабылдаушы мемлекеттің өкімет орындары дипломатиялық өкілдік басшысының келісімінсіз осы өкілдік аумағына кіре алмайды. Дипломатиялық пошта шексіз тиіспеушілікті пайдаланады және оның салмағына немесе орын санына шек қойылмаған. Дипломатиялық қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің жеке иммунитетне мыналар жатады:
- жеке басқа, тұрғын-жайға тиіспеушілік;
- келген мемлекетінің қылмыстық заңи хұкімінен, сондай-ақ атқарушылық әрекетке қатысты тұрғыда азаматтық және әкімшілік заңи хұкімінен толық қорғалу иммунитеті;
- қазыналық (салықтық) иммунитет.
Бұл орайда азаматтық заңи хұкіметтен қорғалу иммунитеті туралы ережеден үш нәрсеге айрықшалық белгіленген: дипломат немесе оның отбасы мүшесі жеке иеленетін жылжымайтын мүлік жөнінде сот тәртібімен талап қоюына, осы адамдар мұрагерлер болып табылатын мұралану ісі жөнінде талап қоюына, сондай-ақ олар жеке бастың пайдасын көздеп айналысып жүрген кәсіптік немесе коммерциялық қызмет жөнінде талап қоюына болады. Дипломатиялық қызметкердің немесе оның отбасы мүшесінің жеке қолжүгіне тиіспеушілік қолданылады. Алайда онда әкелуге немесе әкетуге тыйым салынған заттар бар деп жорамалдауға елеулі негіз болса, Вена конвенциясында (2-бөлім, 36-бап) мүдделі тұлғалардың немесе оның өкілінің қатысуымен оның тексерілуі мүмкін екендігі көзделген.
Әкімшілік-техникалық қызметкерлер де, егер олар келген мемлекетінің азаматтары болмаса немесе онда тұрақты тұрмаса, өздерімен бірге тұратын отбасы мүшелерімен бірге дипломатиялық иммунитетті пайдаланады. Қызмет көрсетуші қызметкерлер иммунитетті қызмет бабындағы міндеттерін орындағанда пайдаланады, сонымен қатар олар қызмет бойынша алатын жалақысына салынатын салықтардан, алымдардан, баждардан босатылады. Бұл иммунитет келген мемлекетінің азаматы болып табылмайтын немесе онда тұрақты тұрмайтын қызметкерлерге беріледі.
Дипломатиялық өкілдікке және оның қызметкерлеріне келген елі дипломатиялық иммунитетпен қатар кедендік сипаттағы артықшылықтар да береді, яғни дипломатиялық қолжүктер кеден алымын, баж, т.б. салудан босатылады. Дипломаттар мен олардың отбасы мүшелеріне келген мемлекеті белгілеген жабық аймақтар туралы ережелерді ескере отырып, осы мемлекеттің аумағында еркін жүріп-тұру құқығын құрайтын артықшылық та беріледі.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ энциклопедиясы, 4-том