Башқұрт көтерілістері
Башқұрт көтерілістері — 17–18 ғасырлардағы башқұрт халқының Ресей империясының отарлық езгісіне қарсы ұлт-азаттық қозғалыстары. Ресей бодандығына өткеннен кейін башқұрт жеріне орыс шаруалары келіп қоныстана бастады. Үкімет Уфа воеводосын құрып, башқұрттардың жерін тартып алу және зорлап шоқындыру саясатын жүргізді. Бұл жергілікті халықтың заңды наразылығын туғызып, ұлт-азаттық қозғалысы күшейді. 1662 жылы Ресей үкіметінің қалмақтарға көмектесіп, башқұрт-қалмақ қақтығыстары кезінде қолға түскен қалмақ тұтқындарын дереу босатуды талап етуі көтерілістің басталуына себепші болды. Көтеріліс қазіргі Башқортостан мен оған көршілес аймақтарды қамтып, оған башқұрт ақсүйектері Ишмухаммед, Сары Мерген, т.б. басшылық жасады. Көтерілістің ең күшейген кезі - 1662 жылдың жаз айлары болды. Олар Кунгур қаласын басып алып, Долматов шіркеуін қоршауға алды, Уфа маңайындағы орыс тұрғындардың қоныстарын талқандады. Көтеріліс басшылары Ресей үкіметіне қарсы күресте қалмақ тайшыларымен одақтасуға тырысты, бірақ олар тарапынан қолдау таппады. Үкімет көтерілісті басу үшін үлкен әскери отряд жіберді және екінші жағынан башқұрт ақсүйектерімен келіссөз жүргізді. Келіссөз барысында Ресей жағы көтерілісшілердің көптеген талаптарын орындауға мәжбүр болды. Атап айтқанда Уфа воеводосы жойылып, башқұрт рулары қоныстанған жерлерді басып алуға тыйым салынды, бұрынғы жер дауларын шешуге және оған кінәлілерді жазалауға уәде берді. Сөйтіп, бір жағынан күш көрсету, екінші жағынан халықтың кейбір талаптарын орындау арқылы үкімет 1664 жылы жазда башқұрттарды тыныштандырды. [1]
1681–1683 жылғы көтеріліске Еділ мен Жайық бойындағы халықты зорлап шоқындырып жатыр деген сыбыс себепші болды. Ресей бекіністері салынып, жергілікті халықты зорлап шоқындыру башқұрттардың наразылығын күшейтті. Көтерілісті Сейіт Саафар есімді молда басқарғандықтан, Сейіт көтерілісі деп атады. Көтерілісшілер кәпірлерге қарсы “қасиетті соғыс” жариялады. Халық жасақтарының қозғалысы 1681 жылы Башқортостанның еуропалық бөлігін, ал 1682 жылы көктемде елдің барлық аймақтарын қамтыды. 1681 жылы мамыр айында көтерілісшілер 4–5 мың адамға жетіп, Уфаны қоршауға алды, елдің солтүстігіндегі бірнеше бекіністі қиратты. Ресей үкіметі көтерілісшілерге қарсы П.В. Шереметьев және ағайынды Д.И. және П.И. Барятинскийлер басқарған арнайы әскер жіберді. Олар Ресей патшасы атынан башқұрттарды зорлап шоқындыру тоқтатылады деп үндеу жариялады. Жазалаушы әскер көтерілісшілермен Жайықтың жоғарғы жағында кездесіп, ұрыс салғанымен жеңіске жете алмады. 1683 жылы үкімет көтерілісшілерді жазалауға тағы да үлкен әскер жіберді, әрі көршілес қалмақ тайпаларын айдап салды. Көтеріліс күшпен басылып, үкімет башқұрттарға қарсы жазалау шараларын қолданды.
1705–1711 жылдардағы башқұрт көтерілісіне Ресей үкіметінің Солтүстік соғыстың (1700–1721) шығындарын жабу үшін башқұрт халқына салықтың жаңа түрлерін енгізуді әрі Ресей армиясының пайдасына арнайы жылқы салығын алуы себепші болды. Бұл көтерілістің көсемдері Алдар Исекеев пен Кушек (Кусюм) Тюлекеев болды. Олар Ресей үстемдігінен құтылып, тәуелсіз башқұрт хандығын құруға ұмтылды. Көтеріліс көсемдері бұл мақсатқа жету үшін туысқан түркі халықтарымен, соның ішінде Түрік сұлтандығымен және Қырым хандығымен одақтасуға тырысты. Көтеріліс 1705 жылы елдің оңтүстік және солтүстік - батыс аймақтарында басталды. Үкіметтің жазалау шараларынан кейін көтеріліс біраз бәсеңдеді де, 1707–1708 жылы бұрынғыдан да күшейді. Бұл жолы бүкіл башқұрт рулары көтеріліп, оларға көршілес Қазан татарлары да қосылды. Көтерілістің негізгі орталығы елдің батыс аудандары болды. Үкіметтің үздіксіз жүргізген жазалау шаралары нәтижесінде көтерілістің орталығы елдің батысынан шығысына ауысып, көтерілісшілер Сібір және Ноғай жолдарына өз бақылауларын орнатты. Үкімет көтерілісті басуға тек өз күштерінің жете қоймайтынын түсініп, башқұрттарға көршілес қалмақ руларын айдап салды. Сөйтіп қалмақтармен біріккен Ресей жасақтары 1910 жылы жазда көтерілісшілерге күйрете соққы берді. Бірақ көтеріліс 1911 жылы да жалғаса берді және үкімет башқұрттарды толық бағындыру үшін олардың кейбір талаптарын орындауға мәжбүр болды. Атап айтқанда кейбір салық түрлері жойылып, қалған салықтардың мөлшері азайтылды.
1735–1740 жылы башқұрт көтерілістеріне патша үкіметінің башқұрт жеріне әскери қамалдар тұрғызуы себепші болды. 1735 жылы Уфадан шыққан жасақ Ор өзенінің бойында әскери бекініс орнатуға кірісті. Бұған қарсылық ретінде 1735–36 жылы елдің оңтүстік-батыс және оңтүстік аудандары көтеріліп, 1737–1739 жылы елдің шығыс бөлігіне ауысты. Мұнда көтерілісшілер Сібір жолына өз бақылауларын орнатты. Көтерілісті ірі башқұрт ақсүйектері ахун Кильмяк Нурушев, Акай Кусюмов, батырлар Юсуп Арыков пен Тюлькучура Алдағұлов, молдалар Бепеня Трупбердин және Юлдаш Сюярымбетовтар басқарды. Көтерілісшілер бекіністер мен үкімет әскерлерін, орыс шаруалары қоныстанған қыстақтарды талқандады. Көтеріліс көсемдері Кіші жүз ханы Әбілқайырдың көмегіне сүйеніп, Ресей үкіметінен бөлініп шығуды армандады. Ресей өкіметі көтерілісті басуға арнайы әскер жіберді. Бірақ көтеріліс 1740 жылы Сібір жолы бойында қайтадан күшейіп кетті. Бұл жолы көтерілісшілерді өзін ханмын деп жариялаған Қарасақал (Минлигула Юлаев) басқарғандықтан көтеріліс Қарасақал көтерілісі деп аталды. Үкімет бұл көтерілісті асқан қаталдықпен басты. Көтеріліс басшылары өлім жазасына кесіліп, көтеріліске қатысушыларға көп мөлшерде айыппұл салынды. Көптеген көтерілісшілер қазақ жеріне өтіп кетті (қ. Қарасақал).
1755 жылғы Батырша көтерілісі ұлттық езгінің күшеюіне қарсылық ретінде басталды. Көтеріліс басшысы молда Абдолла Әлиев (лақап аты Батырша) барлық мұсылман халықтарын кәпірлерге қарсы “қасиетті соғыс” ашуға үндеу жолдады. Ол, әсіресе, қазақтармен одақтасуға үлкен мән берді. Көтеріліс 15 мамырда басталып, башқұрттар қатыгездігімен аты шыққан, кен орындарының басшысы Брагинді өлтірді. Көтерілісшілер болыс старшындарын өлтіріп, пошта бөлімшелерін талқандап, кен орындарына шабуыл жасады. Тамыз айында көтеріліске отырықшы болыстар тұрғындары қосылды. Көтерілісшілер қазақтармен қосылып, Жайық шебін талқандамақшы болды, бірақ үкімет шепті қорғауға 50 мың әскер алдырды. Үкімет көтерілісшілерге қарсы жазалаушы отряд жіберді. Ресей әкімшілігі, соның ішінде Орынбор губернаторы И. Неплюев көтерілісшілер арасында алауыздық туғызып, қазақтар мен башқұрттарды бір-біріне айдап салды. Мыңдаған көтерілісшілер тұтқындалып, дарға асылды, Сібірге жер аударылды. Бірақ халық қозғалысынан қаймыққан Ресей өкіметі башқұрттарды зорлап шоқындыруды тоқтатып, мешіттер салуға рұқсат етті, мұсылман дінбасыларына біршама жеңілдіктер жасады. Башқұрттар бұл жазалаулардан қатты әлсіреді. Дегенмен олар сәтті кезеңдерді пайдаланып, Ресей үстемдігінен құтылуға әрекеттенді. Башқұрттар Е.И. Пугачев бастаған шаруалар соғысына (1773–1775) өте белсенділікпен араласты (қ. Салауат Юлаев). Ресей үкіметі бұл көтерілістерді болдырмау үшін башқұрттарды мемлекетке бағындырудың басқа жолдарын іздеуге мәжбүр болды. Олардың құқығы казактармен теңестірілді. Жергілікті халықтан тұрақты әскер жасақталып, 12 кантонға бөлінді. Әр кантонды башқұрт шонжарлары басқарып, оларға офицер шені берілді. Кантондар бөлімшелер мен командаларға бөлініп, оларды башқұрт ақсақалдары (старшын) басқарды. Кантондарда башқұрт полктері жасақталып, әр полкте 1 молда ұсталды. 1812 жылы қарсаңында башқұрт полктерінің саны 30-ға жетті.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|