А. П. Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театры
А. П. Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театры | |
---|---|
Орналасуы | Қазақстан Павлодар |
Негізделгені | 1945 |
Директоры | Виктор Аввакумов |
А. П. Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театры Ортаққорда |
А. П. Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театры – Павлодар қаласындағы мәдени-сахналық ұжым.
Тарихы
Павлодарда кәсіби деңгейдегі театр ашылғанға дейін әуесқойлар бас қосқан труппа жұмыс істеп тұрды. 1893 жылы шыққан афишалардан мадам Плотникова ұйымдастырған әуесқой қойылымдар белгілі. Сондай-ақ, көрермен сүйіп көретін спектакльдер жайында "Омбы телеграфы" газетінде де жазылды.
1920-30-жылдары қалаға арнайы келген труппалар "Шеңбердің төртбұрышы", "Анна Каренина", "Аюдың үйлену тойы", "Доллар мен тоқ", "Тотығу", "Күйреу" сынды қойылымдарды қойды. Осы кезде жергілікті әуесқой актерлер Павлодар облыстық қазақ драма театры ашылғаннан кейін де көрерменді қуантуын жалғастырды. Олардың қатарына арнайы шақырылған әртістер қосылып, облыстық қазақ театрында орыс труппасы құрылды. 1940 жылы өнер ордасының атауы орыс драма театры болып өзгерді.
Алайда Павлодар облыстық орыс драма театрының туған күні 1945 жылдың 6 қарашасы деп есептеледі. Сахна шымылдығы театрдың көркемдік жетекшісі И.Р. Райский қойған А.Е. Корнейчуктың “Платон Кречет” спектаклімен ашылды.
Театрдың алғашқы шығармашылық ұжымында 7 актер мен 13 актриса жұмыс істеді. Театр труппасында ҚазКСР халық әртісі К. Струнина, ҚазССР еңбек сіңірген қайраткері З. Поджио сынды танымалдар өнер көрсетеді. Театрдың бас суретшісі С. Морозов болды.
1947 жылдың 1 қаңтарында орыс ұжым барлық одақ театрларының қатарына қосылып, жеке мекемеге айналды. Директор болып Л. С. Жуков, көркемдік жетекші болып А. П. Струнин тағайындалды. Осы кезде театрға 513 адам сиятын ғимарат берілді. Бұл қалалық бақтағы жасыл эстрада ғимараты болатын.
1959 жылы театрға орыс жазушысы А.П. Чеховтың есімі берілді.
1960-1972 жылдардың аралығы театр үшін тың өзгеріске толы болды. Бұл кезде театрды ГИТИС түлегі В. Ермаков басқарған болатын. Ол ешбір кәсіби театр жасай алмаған идеяларға жан бітірді. Сондай-ақ, театрда Владимир Кузенков, Олег Афанасьев, Дариан және Татьяна Дралюки, Леонид Монастырский, Светлана Степанова, Анатолий Пискунов сынды өз ісінің шеберлері жұмыс істеді.
2000 жылы театрда экспериментальды қойылымдар қойылған кіші сахна ашылды. 2002 жылы театр сахнасында алғашқы қазақстандық мюзикл – Теодор Драйзер романы бойынша сахналанған "Керри әпке" қойылды.
Қойылымдары
Театр тарихы жарқын және есте қаларлық оқиғаларға толы, соның ең маңыздысы – театрдың 1967 жылы Мәскеу қаласындағы триумфальды гастролі. Орыс жазушылары К.М. Симоновтың, А.Н. Арбузовтың, Б.А. Лавреневтің, А.Д. Салынскийдің, В.В. Вишневскийдің, Н.Ф. Погодиннің, И.И. Назаровтың шығармаларын, сондай-ақ Қазақстан жазушылары Ә.Әлімжанов пен М.Д. Симашконың "Төтенше комиссар" (1979), Ә. Тәжібаевтың "Майра" (1983) секілді шығармаларын сахнаға шығарды. Бұл спектакльдерді қоюда режиссерлер В. Васильев, Е.И. Еникеев, Н.Л. Козлов, В.Н. Кузенков, Б. Омаров, А.П. Струнин, М.И. Федосимов елеулі еңбек сіңірді.
Театр труппасы Чехов драматургиясы бойынша спектакльдер қоюға ерекше назар аударды. Театр тарихи-әлеуметтік тақырыптағы шығармаларды (А.П. Штейн, М.Ф. Шатров, т.б.) сонымен қатар орыс және шетел классикалық драматургиясы (Л.Н. Толстой, М.Ю. Лермонтов, А.М. Горький, В.В. Маяковский; У.Шекспир, Ф.Шиллер, К.Гольдони, т.б.) бойынша да спектакльдер қойып отырды. Мұнда реж. О.А. Афанасьев, П.И. Шияновский, актерлер К.А. Струнина, В.И. Ермаков, Г.Т. Калашников, Ф.А. Миронова, В.И. Кожевников, В.И. Ломакин, В.В. Мельников, И.Г. Чистяков, театр суретшілері Л.Г. Столярова, т.б. қызмет етті.[1][2]
Театрдың белсенді, қызықты да өнімді жұмысының жарты ғасырдан астам тарихында 600-ден аса пьеса қойылып, 30 мыңнан аса спектакль ойналды, оны шамамен 20 миллион адам тамашалаған.
Бүгінде театр репертуарын ерекше қойылымдармен, ауқымды театр жобаларымен, жаңа жұмыс әдістерімен байытуда.Театр репертуарында классикалық және заманауи драматургиялық пьесалардан құралған 30-дан астам спектакль бар, мәселен, Ғ. Мүсіреповтің "Махаббат дастаны", Ж.Б. Мольердің "Тартюф", А.П. Чеховтің "Шие бағы", "Шағала", М. Булгаковтың "Мастер мен Маргарита", А. Островскийдің "Банкрот", "Бальзаминовтің үйленуі", А. Рыбниковтің "Юнона и Авось", Н. Гогольдің "Ойыншылар", сондай-ақ балалар мен жастарға арналған қойылымдар.[3]
Дереккөздер
- ↑ Қазақ энциклопедиясы, 7 том
- ↑ Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8
- ↑ Қазақстанның мәдени ошақтары. Культурные центры Казахстана: Фотоальбом. – Алматы:«АСА» Баспа үйі» ЖШС, 2012. – 288 б. (қазақ, орыс, тілдерінде) ISBN 978-601-80325-0-9