Мазмұнға өту

Атырау облыстық өлкетану мұражайы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Атырау облыстық өлкетану мұражайы
Құрылған уақыты 1939
Орналасқан жері Атырау
Директоры Кипиев Мұхамбетқали Қуанышқалиұлы[1]
Ашылу уақыты 1940
https://atyrau-museum.kz

Атырау облыстық өлкетану мұражайы — мәдени-ағарту мекемесі. Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының Гурьев облысы бойынша ұйымдастыру комитетінің 1939 жылғы 22 шілдедегі № 23 «Облыстық музейді ашу туралы» қаулысымен ашылған. Ал 1940 жылы 5 қарашада жалпы көлемі 240 шаршы метрлік орыстың бұрынғы шіркеу үйі (1886 жылы негізі қаланған, қазіргі Әйтеке би, бұрынғы Орджоникидзе көшесіндегі №14 үй) орнында ресми түрде ашылып, барлығы 300-дей жәдігермен алғашқы көрерменін қабылдады.[2]

Алғашқы ашылған (1939-1940ж.ж.) музей директоры болған Якупов деген азамат. Музей лайықты жаңа ғимаратқа 1999 жылы көшірілді. Музей ашылған жылы жалпы қорда 242 жәдігер болған, ал 2010 жылға жиналған жәдігер саны 90 мыңнан астам. Алғашқы құрылу кезінде музей 1423 ш.м. көлемін алған.Ал қазіргі музей көлемі 2027 ш.м. құрайды.

Алғаш 300-дей жәдігермен ашылған музей жылдан – жылға аса құнды көненің көзіндей өлкенің минерология, пилеонтология, археология, этнография, флорасы мен фаунасынан мол мағұлмат беретін тарихи деректермен толығып, қазіргі таңда 50 мыңнан астам жәдігер жинақталған. Қандай да болмасын музейдің негізгі құндылығы қор байлығымен анықталады.

Мұражай жинақтары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Мұражай қорында оның облысы бөлімшелеріндегі (Исатай, Құрманғазы, Қызылқоға, Индер аудандары орталықтары мен Сарайшық кентіндегі) тарихи-мәдени мұраны қосып есептегенде 30000-нан астам материалдық-рухани ескерткіштер бар. Мұражай экспонаттары палеолит дәуірінен қазіргі заманға дейінгі Атырау өңірінің бай тарихын қамтиды. Олардың ішінде Алтын Орда заманындағы ірі мәдени және сауда орталығы болған Сарайшық қаласынан табылған теңгелер, қыш бұйымдар, монша, мешіт, шеберхана қалдықтары бар. 1996 - 97 ж. Археология институты жүргізген зерттеулер (жетекшісі З.Самашев) мұражай қорын Алтын Орданың саяси-экономикалық, мәдени өмірі жайлы құнды деректермен толықтыра түсті. Мұражайда Исатай - Махамбет бастаған халық көтерілістеріне қатысты құжаттар, қару-жарақ, өнер туындылары жинақталған. Атырау өңірінің мәдени өміріне арналған бөлімдерінде күйші, композитор Құрманғазы, оның ұстаздары мен шәкірттері жөнінде деректер, халық қолөнерінің туындылары, күмістен жасалған зергерлік әшекей бұйымдар қойылған.[3]

Соңғы жылдары музейге қазақтын белгілі өнер шеберлеріне тікелей қатысты жәдігрлер көптеп жинақталды. Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының ұстаған қаруы, яғни 1849 жылы жасалған аңшы мылтығын айтуға болады. Оны белгілі күйші, халық әртісі Қаршыға Ахмедияровтың ағасы Қырғи Ахмедияров тапсырған болатын. Күй анасы – Дина Нұрпейісованың өмірінің ақырына дейін тартқан қара домбырасын Құрманғазы атындағы академиялық оркестрының домбырашысы ҚР халық әртісі Тұяқ Шәмілов тапсырады.

Қазіргі Астана қаласының әкімі И.Н.Тасмағамбетов (мемлекеттік хатшы кезінде) өзінің ресми сапары барысында музей қорына Египеттен алған екі жағында арабша «Оллаһ Мұхамад Алланың Елшісі» деген жазуы бар алтын монетаны, 16 ғ.басында Каирде жасалынған мамлюктердің пайдаланған күмістелген 2-тапаншаны, Бейбарыс Сұлтан қабірінің басынан алынған тас бөліктерін, фотосуреттерін табыстап музейіміздің қорын тағы мұралармен байытты.

Батыр баба М.Өтемісұлының 200 жылдық тойы қарсаңында Ықылас атындағы Республикалық музыкалық халық аспаптары музейінде сақталған Махамбет домбрасының көшірмесін Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваториясының саз аспаптар жасау шебері Мұса Әділұлы жасап тапсырып, қорымыздағы тағы бір саңлағының мұрасымен толықтырды.

Бөлімдері және ғылыми-зерттеу жұмыстары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Музейдің 9 бөлімшесі, оның ішінде 3 аудандық, 1 қалалық, 4 ауылдық музей және 1 тарихи-қорық жұмыс жасайды. Музейде ғылыми қор, жалпы және қазіргі кезең тарихын ғылыми-зерттеу, археология ғылыми-зерттеу, этнография және өлке табиғатын ғылыми-зерттеу, экспозициялық-көрмелік жұмыс, экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімдері жұмыс жасайды. Бүгінде музейдің құнды жәдігерлері «Тылсым дәуір», «Этнография», «Археология», «Өлке табиғаты», «Өлке тарихы ХІІ-ХХ ғ.І – ші жартысы», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы», «Өлке мәдениеті мен әдебиеті», «Қазақстан Тәуелсіздігі» экспозициялық залдары арқылы көрермен назарына ұсынылған.

Музей ғылыми қызметкерлері облыс көлемінде аудандарға ғылыми – зерттеу, жинақтау бағытында экспедицияға шығып, ел арасында болып, шешіре, тарих жазып, көненің көзіндей сақталған ата-баба мұраларын жинақтап, зерттеп келеді. Музей тек ғылыми-зерттеу орталығы ғана емес , мәдени көпшілік, ағарту шараларын ұйымдастыратын бірден – бір тарихи орын. Әр түрлі тақырыптағы кездесу кешері, тарихи-танымдық сабақтар, тақырыптық көрмелер өткізу дәстүрге айналған.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне жаңа директор тағайындалды (1 қыркүйек 2022).
  2. https://atyrau-museum.kz/index.php/kz/murazhaj-turaly/tarikhy Мұрағатталған 2 шілденің 2020 жылы. Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі
  3. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8