Ансарлар
Ансарлар (араб. ансар — көмекшілер, қолдаушылар) — Мұхаммед пайғамбарды қолдап, 622 ж. Меккеден Мәдинаға көшіп барған мұсылмандарға жәрдем берген аус және хазраж тайпалары. А. Меккеден көшіп келген муһажирлермен бірге алғаш рет мұсылмандар қоғамын ұйымдастырған. Бадр соғысында Мұхаммед қолының негізгі бөлігін құрады. Әскери олжаны бөліскенде олар сыбағаға муһажирлерден соң екінші кезекке ие болған. Пайғамбар дүниеден өткен соң А. халифалыққа өз тайпаластарын ұсынуға күш салды. Бірақ тайпаластар арасындағы бақталастық бұған кедергі келтірді. Омар халифа А-ларға өте жоғары жалақы тағайындады. Нәтижесінде олардың көпшілігі ірі жер иеленушісіне айналды. Үлкен қалаларда А. әмір сарайлары жанынан қоныс тепті. Мәдинада олар Араб халифатының саяси өмірінде ұзақ мерзімдер бойы үлкен рөл атқарды. А. 683 ж. Мәдинада көтеріліске шығып, жеңіліске ұшырады. 270-тен астам А. өлтірілді. А. Мұхаммед хадистерін жеткізушілердің алдыңғы қатарындағылар болып саналады. Олардың көпшілігі дін жолындағы жорықтар барысында халифат иеліктеріне шашырап кеткен.
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|